Тежеліп қалу (Ихсар)
Тежеліп қалу
С: Ихрамдағы кісі қоршауда қалып қойса не болады?
Ж: Егер ихрам оранған кісі дұшпанның немесе аурудың себебінен бір орыннан қозғала алмай тежеліп қалса, ихрам жағдайынан шығып, халал жағдайына кіруге болады.
С: Халал жағдайына қалай көшеді?
Ж: Харам аймағында болса бір қой сойып, шашын алады не қысқартады. Егер харам аймағына жетпеген болса бір кісіге қой немесе соның құнын беріп, харам аймағында өзінің атынан құрбан шалуға тапсырады. Тапсырылған адаммен малды соятын күнді анықтап алу керек. Сол күні харам аймағында бұл кісінің атынан қой сойылса дереу ихрам жағдайынан халал жағдайына көшеді.
С: Тежеліп қалған кісі қиран рәсімін жасаушы болса не істейді?
Ж: Харам аймағында болса екі қой шалады. Харам аймағына жетпесе алдыңғы айтылған кісі секілді харам аймағына екі малды немесе соның құнын жіберіп, өз атынан құрбан шалдырады.
С: Неліктен тек харам аймағында ғана союы керек? Өзі жүрген жерінде сойса болмай ма?
Ж: Харам аймағынан тыс жерде соймайды. Өйткені тежелуші кісінің құрбаны тек харам аймағында сойылуы тиіс.
С: Тежелісте қалған кісінің құрбандығын құрбан шалатын күн – оныншы зул-хижжадан бұрын союға бола ма?
Ж: Иә, Әбу Ханифаның айтуынша онынан бұрын союға болады. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммед тек оны күні ғана сойылуы тиіс деген шарт қойған.
С: Тежеліп қалған ұмра жасаушы құрбандығын қашан шалуы керек?
Ж: Қалаған уақытында шалады. Тек харам аймағында сойылуы тиіс.
С: Құрбан шалумен халал кісіге айналған тежелуші кісі басқа қандай амал істеуге міндетті?
Ж: Егер қажылыққа келе жатып тежелсе бір қажылық және бір ұмра жасауға міндетті болады. Ал, егер ұмра үшін келе жатып тежелсе сол ұмрасының қазасын орындауы керек.
С: Ал, тежелісте қалып, құрбандық шалуы арқылы халал кісіге айналған қиран жасаушы не істеуі керек?
Ж: Ол бір қажылық және екі ұмра жасауға міндетті.
С: Қажылыққа келе жатып тежеліп қалған кісі харамға өзінің атынан бір қой жіберген соң тежеліс себебі жойылса не істейді?
Ж: Егер құрбандық пен қажылыққа үлгеретіндей болса ихрамын шешпейді, қажылық амалдарын жасайды. Ал, егер құрбандыққа үлгеріп, қажылық амалдарын үлгермейтіндей болса ихрамын шешеді. Ал, егер керісінше құрбандық шалуға үлгермей, қажылық амалдарына үлгеретіндей болса ихрамын шешуіне рұқсат етіледі. Бірақ, қажылық амалдарын орындағаны абзалырақ.
С: Қажылыққа ихрам оранған кісі Меккеге жетіп, бірақ Арафат тауында тұру мен зиярат тауабын жасай алмайтындай болса тежелуші кісінің үкіміне кіре ме?
Ж: Иә, ол тежеліп қалған кісінің үкіміне кіреді.
С: Меккеде болып, Арафатқа немесе тек зиярат тауабына ғана шыға алмайтындай жағдайға душар болса тежеліп қалушының үкіміне кіре ме?
Ж: Ондай жағдайда тежелісте қалушының үкіміне кірмейді. Өйткені егер Арафатта тұруға үлгерсе оны орындап, сосын басқа жағдай болмаса зиярат тауабын жасайды. Егер Арафатта тұра алмаса қажылықты өткізіп алған адамның үкіміне кіреді.
С: Ал, егер тежелуден құтылған кезінде мұның атынан харамда мал шалынса халал жағдайына көшсе ме, әлде шашын алып, сосын халалдана ма?
Ж: Оның атынан мал сойылуымен ихрам жағдайынан халал жағдайына өтеді. Бұл Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің көзқарасы. Ал, Әбу Юсуф ихрамнан шығу үшін оған шашын алуы керек деген.