Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. Үлкен күнә дегенді қалай түсінуге болады?
        Үлкен күнә дегенді қалай түсінуге болады?

        Үлкен күнә дегенді қалай түсінуге болады?

        С: Үлкен күнә дегенді қалай түсінуге болады?

        Ж:Үлкен күнәлардың анықтамасы

        Асылында, күнә атаулы екі түрлі болады. Ол екеуі Алланың әмірі мен тыйымына тікелей қатысты. Яғни, әмір етілген парыз амалдарын орындаудан бас тарту мен тыйым салынған істерді істеу болып табылады. Хақ Тағала осы екі нәрсе арқылы адамзат пен жынды сынайды. Бұл екеуінің де сырттай дене мүшелерімен жасалынатын және іштей жүрек арқылы жасалатын түрлері бар. Алла Тағаланың хағына қарсы және жаратылыстың хағына қарсы жасалатын болып та бөлінеді.

        Жалпы күнәны араб тілінде зәнб, маъсия деп атайды. Көбінесе маъсия сөзі жиі қолданылады. Бұл сөз ъаса – бағынбау, қарсы келу деген мағынадағы сөзтүбірден өрбиді.

        Ал шариғатта күнә (маъсия) деп пенде оны істемесе сауап жазылып, істесе жазаға тартылатын істі айтады. Оны басқаша тыйым салынған іс, харам іс деп те атайды. Алла Тағаланың әмірін орындамай, Оған бой ұсынбай, ашуы мен қаһарына лайықты болса, пенде сөзсіз жазаға тартылады. Күнә атаулы адамның бойында болатын өз жаратылысына лайық емес, керағар сипаттардан пайда болады.

        Ал үлкен күнәларды араб тілінде әл-кәбәир деп атайды. Әл-Кәбәир сөзі кәбира – «үлкен» сөзінің көпше түрі. Ол шариғат бойынша тыйым салынған үлкен күнә.

        Мұсылман ғалымдары үлкен күнәларға түрліше анықтамалар берген. Мысалы, Ибн әл-Әсир өзінің ән-Ниһая атты кітабында былай дейді: «Әл-Кәбира: шариғат бойынша тыйым салынған күнәлардың ең нақұрыс амал әрі оның салдары өте зор. Олар – кісі өлтіру, зинақорлық, майдан даласында артқа қашу т.б. күнәлар».  

        Хафиз Әбу Амр ибн ас-Салах әл-Фәтәуә атты кітабында былай дейді: «Әл-Кәбира: үлкен әрі зор болуына орай үлкен деп айтуға лайық күнәлар. Зорлығына қарай үлкен деп сипатталған».

        Ар-Рағиб әл-Асфаһани Муфрадат әлфаз әл-Қуран атты кітабында: «Әл-Кәбира: жазасы зор болатын әрбір күнәның анықтамасы. Көпше түрі әл-Кәбәир», – деген.

        Алла Тағала былай дейді:

        ﴿الَّذِينَ يَجْتَنِبُونَ كَبَائِرَ الْإِثْمِ وَالْفَوَاحِشَ إِلَّا اللَّمَمَ﴾

        «Олар аздаған істерден басқа күнәның үлкенінен және арсыздықтан сақтанады» (Нәжім, 32);

        ﴿إِن تَجْتَنِبُواْ كَبَآئِرَ مَا تُنْهَوْنَ عَنْهُ نُكَفِّرْ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَنُدْخِلْكُم مُّدْخَلاً كَرِيماً﴾

        «Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен сақтансаңдар сендерден жамандықтарыңды кетіреміз» (Ниса, 31).

        Кейбір тәпсірлерде бұл аяттарда аталған «үлкен күнәлар» Аллаға серік қосу және зинақорлық, тыйым салынған жанды өлтіру сияқты апатқа ұшыратушы күнәлар, ал «аздаған істер» мен «жамандықтар» кіші күнәлар деп түсіндірілген.

        Хафиз Ибн Хажар Фатх әл-Бари атты кітабында атақты имамдардың әл-кәбира сөзіне берген анықтамаларын келтіре отырып: «Оны нақты түрде Қуртубидің әл-Муфһим кітабындағы мына сөзінен артық кім анықтаған: «Ол – Құран немесе Сүннет мәтіні бойынша немесе ғұламалар сөздері арқылы анықталған күнәлар, не болмаса жазасының ауырлығы туралы қатты айтылған, не осы дүниеде жаза белгіленген, не оны мойындамаған жан қатты жазаланатын күллі күнәлар».

        Имам әл-Халими әл-Мәнһәж кітабында: «Қандай күнә болмасын, ол үлкен және кіші болып бөлінеді. Кейде белгілі бір салдарға байланысты кіші күнә үлкенге айналады, сол сияқты үлкен күнә азғындыққа айналуы ықтимал. Мысалы, құны нисабқа (зекет беретін мөлшерге) жетпейтін нәсені ұрлау кіші күнә. Ал егер мүлік иесінің одан өзге малы жоқ пақыр болып, сол ұрлық себебінен оның қолында ештеңе қалмаса ондай ұрлық үлкен күнә болып есептеледі. Зинақорлық, егер көрші әйелмен жасалса, үлкен күнә, не жақын әйелмен жасалса сорақы азғындық», – деген.