Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. Үлкен күнәлар саны нешеу, сол жөнінде айтып бере аласыз ба?
        Үлкен күнәлар саны нешеу, сол жөнінде айтып бере аласыз ба?

        Үлкен күнәлар саны нешеу, сол жөнінде айтып бере аласыз ба?

        С: Үлкен күнәлар саны нешеу, сол жөнінде айтып бере аласыз ба?

        Ж: Үлкен күнәлардың саны туралы

        Ғұламалар күнәлардың үлкендерінің белгілі бір санмен шектеу жайында әр түрлі пікірде. Ол осы тақырыпта жеткен хабарлардың әр түрлілігіне байланысты.

        Дұрысы, үлкен күнәларды белгілі санмен шектемеу. Хафиз Ибн Хажар Фатх әл-Бари кітабында былай дейді: «Бұл тұрғыда Құран немесе сахих хадистерден қатаң ескертуді, қорқыту не қарғысты қамтығандарын қарастыру керек. Сосын оларды үлкен күнәны анықтап, белгілеген Құран мен сахих, хасан хадистерге қосу керек. Сонда айтылған күнәлардың жиынтық саны арқылы олардың нақты саны белгілі болады».

        Имам әз-Зәһәбидің айтуынша кейбір ғалымдар төмендегі хадисті алға тартып, күнәлардың санын жетеумен шектеген.  

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »اِجْتَنِبُوا السَّبْعَ المُوبِقَاتِ«، قَالُوا: » يَا رَسُولَ اللهِ، وَمَا هُنَّ؟«، قَالَ: »الشِّرْكُ بِاللهِ وَالسِّحْرُ وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللهُ إِلَّا بِالحَقِّ وَأَكْلُ الرِّبَا وَأَكْلُ مَالِ اليَتِيمِ وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ وَقَذْفُ المُحْصَنَاتِ المُؤْمِنَاتِ الغَافِلَاتِ«.

        Сахих кітаптарындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда: «Олар не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабу», – деген. Бұхари, Мүслім риуаят еткен. 

        وَرَوَى الطَّبَرَانِيُّ وَالْحَاكِمُ وَالْبَيْهَقِيُّ: » قِيلَ يَا رَسُولَ اللَّهِ كَمْ الْكَبَائِرُ؟ قَالَ: هِيَ تِسْعٌ أَعْظَمُهُنَّ الْإِشْرَاكُ بِاَللَّهِ، وَقَتْلُ الْمُؤْمِنِ بِغَيْرِ حَقٍّ، وَالْفِرَارُ مِنْ الزَّحْفِ ، وَقَذْفُ الْمُحْصَنَةِ، وَالسِّحْرُ، وَأَكْلُ مَالِ الْيَتِيمِ، وَأَكْلُ الرِّبَا، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ الْمُسْلِمَيْنِ، وَاسْتِحْلَالُ الْبَيْتِ الْحَرَامِ قِبْلَتِكُمْ أَحْيَاءً وَأَمْوَاتًا، لَا يَمُوتُ رَجُلٌ لَمْ يَعْمَلْ هَؤُلَاءِ الْكَبَائِرَ، وَيُقِيمُ الصَّلَاةَ وَيُؤْتِي الزَّكَاةَ إلَّا رَافَقَ مُحَمَّدًا صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي بُحْبُوحَةِ جَنَّةٍ، أَبْوَابُهَا مَصَارِيعُ الذَّهَبِ«.

        Табарани, Хаким және Бәйһақи риуаят еткен мынадай хадис бар. Адамдар Пайғамбарға (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Үлкен күнәлар қанша?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Олар тоғыз: ең үлкені Аллаға серік қосу, сосын мүмін адамды ешбір хақсыз өлтіру, майдан даласында артқа қашу, тұрмыс құрған мүмін әйелге жала жабу, сиқырмен айналысу, жетімнің ақысын жеу, өсімнен мал жеу, мұсылман ата-ананы құрметтемеу, Бәйтул-Харамға (Меккедегі мешітті) құбылаларыңа шабуыл жасау. Қандай да бір кісі осы үлкен күнәлардың біреуін істемей, намазын оқып, зекетін берсе, Мұхаммедпен (с.а.с.) бірге жәннаттың төрінде болады, ал оның қақпалары алтыннан», – деп жауап берген.

        Ибн Аббас (р.а.): «Олар жетпіске дейін жетеді, алайда ең дұрысы жетеу», – деген. Ибн Аббастың бұл пікірі дұрыс. Өйткені хадистерде үлкен күнәларды белгілі бір санмен шектеу жоқ.

        Әбу Талиб Әл-Мәккий былай деген: «Сахабалардың сөздеріне қарап, үлкен күнәларды былайша топтастырдым. Олардың жүрекпен жасалатыны төртеу: Аллаға серік қосу, күнәға құлшыну, Алланың рахымынан күдер үзу және өзін Алланың айла-амалынан аман-саумын деп есептеу. Тілмен жасалатыны да төртеу: өтірік куәлік беру, таза мұсылман әйелдерге жала жабу, жалған ант беру және сиқыр сөздері. Үшеуі іште болады: арақ ішу, жетімнің ақысын жеу, өсімқорлықтан түскен пайда жеу. Екеуі жыныс мүшесімен жасалады: зинақорлық және біржыныстық әуейілік. Екеуі қолмен жасалады: кісі өлтіру және ұрлық. Біреуі аяқпен жасалады, ол – майдан даласында артқа қарай қашу. Біреуі бүкіл денеге бірдей қатысты күнә, ол – ата-ананы құрметтемеу».