Аллаға серік қосу дегеніміз не?
Жауап:
АЛЛА ТАҒАЛАҒА СЕРІК ҚОСУ
«Серік қосу», яғни араб тіліндегі әш-ширк сөзі «бөлік», «бірнеше құдайлардың барлығы туралы жалған дүниетаным» деген мағыналарды білдіреді. «Әшрәкә билләһ», яғни «Аллаға серік қосты» дегеннің мағынасы оның билігіне бір серікті таңды дегенді білдіреді. Мысалы, Құран Кәрімдегі Лұқманның баласына айтқан сөзі:
﴿وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ﴾
«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте зор күнә», – деді» (Лұқман, 13).
Серік қосу сөзінің шариғаттағы мағынасы жоғарыда аталған тілдік мағынасымен тамырлас. Яғни, ол пенденің Алла Тағалаға Оның жаратқан нәрселерінің арасынан бір теңдес жасап алуы немесе Оның билігіне ортақ қосуы немесе Одан өзге пұт тасқа, не адамға, не күнге, не айға, не жұлдызға, не бір пайғамбарға, не патшаға, не ғалымға, не жынға және сол сияқты басқа да нәрселерге табынып, сыйынуы.
Алла Тағала былай дейді:
﴿وَقُلِ الْحَمْدُ لِلّهِ الَّذِي لَمْ يَتَّخِذْ وَلَداً وَلَم يَكُن لَّهُ شَرِيكٌ فِي الْمُلْكِ ﴾
«Барлық мадақ бала да жасап алмаған, билігінде серігі де Аллаға деп айт» (Исра, 111);
﴿فَلاَ تَجْعَلُواْ لِلّهِ أَندَاداً وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴾
«Өздерің біліп тұрып Аллаға ортақ жасап алмаңдар» (Бақара, 22).
Осы тұрғыдан алғанда серік қосу Ислам дінінің басты қағидасы –таухидке қарама-қарсы ұғым. Яғни, таухид дегеніміз Алланы бір деп танып, Оны жаратушылық әрі патшалық сипаттарында жеке-дара деп біліп, Оған құлшылық қылу болса, серік қосу осыларға керағар әрекет жасау.
Алланың бірлігі – таухид бұлжымас ақиқат, ал серік қосу түкке тұрғысыз алдамшы, жалған нәрсе. Барлық пайғамбарлардың, әулие-әнбиелердің сенімі бірқұдайлық сенім болатын. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ﴾
«(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрын қандай да бір пайғамбар жіберсек те Біз оған: «Алладан басқа құдай жоқ және Маған ғана табыныңдар» деп уахи еттік». (Әли Имран, 19);
﴿وَلَقَدْ بَعَثْنَا فِي كُلِّ أُمَّةٍ رَّسُولاً أَنِ اعْبُدُواْ اللّهَ وَاجْتَنِبُواْ الطَّاغُوتَ﴾
«Шынында Біз әрбір үмбетке «Аллаға ғана табынып, бұзықтықтан аулақ болыңдар» дейтін пайғамбар жібердік» (Нахыл, 36);
﴿فَاعْلَمْ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ﴾
«Алладан басқа құдай жоқ екендігін біл» (Мұхаммед, 19).
Мысалы, Құран Кәрімде Жүсіп пайғамбардың (а.с.) абақтылас жолдастарына айтқан уағызы былайша келтіріледі:
﴿يَا صَاحِبَيِ السِّجْنِ أَأَرْبَابٌ مُّتَفَرِّقُونَ خَيْرٌ أَمِ اللّهُ الْوَاحِدُ الْقَهَّارُ * مَا تَعْبُدُونَ مِن دُونِهِ إِلاَّ أَسْمَاء سَمَّيْتُمُوهَا أَنتُمْ وَآبَآؤُكُم مَّا أَنزَلَ اللّهُ بِهَا مِن سُلْطَانٍ إِنِ الْحُكْمُ إِلاَّ لِلّهِ أَمَرَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ وَلَـكِنَّ أَكْثَرَ النَّاسِ لاَ يَعْلَمُونَ﴾
«Уа, абақтылас екі жолдасым! Түрлі құдайлар жақсы ма, әлде Жалғыз Қаһарлы Алла па? Сендердің Одан өзге табынатындарың бар болғаны өздерің және аталарың атаған атаулар ғана! Алла олар жайында еш дәлел түсірмеген. Үкім Аллаға ғана тән. Ол Өзіне ғана табынуларыңды бұйырды. Міне, сол тұп-тура дін, алайда адамдардың көбі мұны білмейді» (Жүсіп, 39-40).
Ендеше бір Құдайға ғана құлшылық қылып, Соған ғана табынуға, Содан ғана жәрдем, медет сұрауға шақыру барлық пайғамбарлардың дағуаты болған.