Аллаға серік қосқан адамның жағдайы не болмақ?
С: Аллақа серік қосқан адамның жағдайы не болмақ?
Ж:Серік қосудың қауіптілігі мен зардабы
Жаратушы Хақ Тағалаға серік қосу күнәлардың ішіндегі ең бір сорақысы, нақұрысы, ең қауіптісі. Өйткені оны істеген пенде шынайылықты мойындамай, анық ақиқатқа қарсы келеді. Күнәның ең тұрпайы түрін жасайды. Ұлы Алланың ұлы хағын көпе-көрнеу жоққа шығарып, аяқ асты етеді. Сондықтан да Құран Кәрім серік қосуды өте жағымсыз суретте көрсеткен. Алла Тағала былай дейді:
﴿وَمَن يُشْرِكْ بِاللَّهِ فَكَأَنَّمَا خَرَّ مِنَ السَّمَاء فَتَخْطَفُهُ الطَّيْرُ أَوْ تَهْوِي بِهِ الرِّيحُ فِي مَكَانٍ سَحِيقٍ﴾
«Ал Аллаға серік қосса, ол құдды аспаннан құлап, оны құс қағып әкетіп немесе оны жел ұзақ жаққа ұшырып әкеткендей» (Хаж, 31);
﴿لَوْ كَانَ فِيهِمَا آلِهَةٌ إِلَّا اللَّهُ لَفَسَدَتَا فَسُبْحَانَ اللَّهِ رَبِّ الْعَرْشِ عَمَّا يَصِفُونَ﴾
«Егер ол екеуінде (көк пен жерде) Алладан басқа құдайлар болғанда ол екеуі бұзылып кетер еді. Аршының иесі Алла олардың сипаттағандарынан пәк» (Әнбия, 22);
﴿مَا اتَّخَذَ اللَّهُ مِن وَلَدٍ وَمَا كَانَ مَعَهُ مِنْ إِلَهٍ إِذاً لَّذَهَبَ كُلُّ إِلَهٍ بِمَا خَلَقَ وَلَعَلَا بَعْضُهُمْ عَلَى بَعْضٍ سُبْحَانَ اللَّهِ عَمَّا يَصِفُونَ﴾
«Алла еш бала да иемденбеді әрі Онымен бірге басқа құдай да жоқ. Олай болғанда әрбір құдай өзінің жаратқанымен бірге кетіп, бірі бірінен үстем болар еді. Алла олардың сипаттағандарынан пәк» (Мүминун, 91).
Осы секілді ардақты аяттармен бірге шарапатты хадистерде де Құдай Тағалаға серік қосудың аса қауіпті қылмыс, ең үлкен күнә екендігі, зардабының тілмен айтып жеткізе алмайтындай зор екендігі айқындалады.
عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ أَبِي بَكْرَةَ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »أَلاَ أُنَبِّئُكُمْ بِأَكْبَرِ الْكَبَائِرِ؟ ثَلاَثاً، قَالُواْ: بَلَى يَا رَسُولَ اللهِ، قَالَ: اَلإِشْرَاكُ بِاللهِ وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ، وَجَلَسَ وَكَانَ مُتَّكِئاً فَقَالَ: أَلاَ وَقَوْلُ الزُّورِ، قَالَ: فَمَا زَالَ يُكَرِّرُهَا حَتَّى قُلْنَا: لَيْتَهُ سَكَتَ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.
Бірде Алланың елшісі (с.а.с.) үш рет: «Үлкен күнәлардың ең үлкенін айтайын ба?» – деді. Сахабалар (р.а.): «Иә, Алланың елшісі», – десті. Сонда Ол (с.а.с.): «Аллаға серік қосу, ата-ананы сыйламау», – деді. Сосын ол жантайып жатыр еді, орнынан тұрып отырды да: «Сосын жалған сөйлеу!» – деп қайталағаны соншалықты біз «қашан тоқтатар екен» деп ойладық. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
Аллаға серік қосып, тәубе жасамай дүниеден өтіп кеткен жанның жазасы – тозақ отында мәңгілік қалу. Одан ешқашан да шыға алмайды және Алла Тағала оны ешқашан кешірмейді, қандай ізгі іс істеген болса да қабыл етпейді. Алла Тағала Құран Кәрімде мынадай кесімді үкім айтқан:
﴿إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدِ افْتَرَى إِثْماً عَظِيماً﴾
«Алла Өзіне серік қосуды кешірмейді, ал одан басқаны қалағанына кешіреді» (Ниса, 48);
﴿إِنَّهُ مَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ حَرَّمَ اللّهُ عَلَيهِ الْجَنَّةَ وَمَأْوَاهُ النَّارُ وَمَا لِلظَّالِمِينَ مِنْ أَنصَارٍ﴾
«Расында кім Аллаға серік қосса, Алла оған жәннатты харам етеді әрі оның орны тозақ. Залымдар үшін еш жәрдемші жоқ» (Мәида, 72).
Серік қосу мен күпірліктің ең бір азғын түрі даңқты әрі ұлық Алланың Өзін мойындамау, Оның бар екендігін жоққа шығару. Бұл барлық діни-рухани, асыл құндылықтарды түгелдей қиратумен тең. Сондай-ақ бұрын-соңды көктен түскен құдайлық шариғаттардың шегінен шығу. Құдайдың барлығын мойындамайтын атеистік азғын идеология бүкіл адамзат үшін үлкен қасірет.
Күпірліктің бұл түрі адамзат тарихының кейінгі кезеңдерінде пайда болған тосын құбылыс. Ол қазіргі заман ғасырларының жемісі. Мұндай кертартпа пікірді құндылық атаулын қиратқыш, қасақы қайраткерлер ойлап тауып, заманауи ғылымдардың дамуының өзегі етіп бекіткен. Олар күллі адамзаттың арасында ешқандай шектеумен шектелмейтін, ешбір тәртіпке бағынбайтын жүгенсіз азғындықтың жайылуын қалайды. Қасиетті Құран Кәрімде ондайлар туралы былай делінген:
﴿أَرَأَيْتَ مَنِ اتَّخَذَ إِلَهَهُ هَوَاهُ أَفَأَنتَ تَكُونُ عَلَيْهِ وَكِيلاً * أَمْ تَحْسَبُ أَنَّ أَكْثَرَهُمْ يَسْمَعُونَ أَوْ يَعْقِلُونَ إِنْ هُمْ إِلَّا كَالْأَنْعَامِ بَلْ هُمْ أَضَلُّ سَبِيلاً﴾
«Әуейілігін құдай етіп алғанды көрмедің бе? Сен сонда соған өкіл боласың ба? Әлде олардың көпшілігі естіп немесе ақылға келеді деп есептейсің бе? Олар бар болғаны хайуан сияқты. Бәлкім, олар жолдан ең қатты адасқандар» (Фұрқан, 43,44), – деген.
Алла Тағаланың барлығы туралы сенім бүкіл болмыстың темірқазығы. Бұл сенім әу баста адамның жаратылысына, санасының түкпіріне жасырылған жаратылыстық белгі, ақиқат ақпарат. Алайда атеистер сол ақиқаттан адасып, ақылдарын тас қараңғы етіп тұмшалап, бастарын құмға тығады. Ұлы Жаратушының барлығына бағыт беретін жер мен көктегі ап-анық белгілерді, айқын айғақтарды көрмеу үшін көздерін де тас қып жұмып алады.
Құран Кәрімде серік қосушылардың, иман келтірмей, күпірге кіргендердің бейне-көріністері жеккөрінішті кейіпте суреттелген. Сондай күпірлік пен серік қосудан айрылмай, ақылдарына ерік бермегендерге Алла қарғыс айтып, олардың құлақтарын керең, көкірек көздерін көр етеді. Алла Тағала былай дейді:
﴿أُوْلَئِكَ الَّذِينَ لَعَنَهُمُ اللَّهُ فَأَصَمَّهُمْ وَأَعْمَى أَبْصَارَهُمْ﴾
«Әне, солар – Алла лағынет айтқандар. Ол олардың құлақтарын керең, жанарларын көр қылды» (Мұхаммед, 23).
Мұнда адамдардың маңдайларындағы кәдуілгі көз жанарлары соқыр болмайды, көкіректеріндегі жүрек көздері көр болады. Хақ Тағала былай дейді:
﴿فَإِنَّهَا لَا تَعْمَى الْأَبْصَارُ وَلَكِن تَعْمَى الْقُلُوبُ الَّتِي فِي الصُّدُورِ﴾
«Шындығында жанарлар соқыр болмайды, бәлки, кеуделердегі жүректер соқыр болады» (Хаж, 46).
Алла Тағала бізді осы бір сұмпайы қылмыс серік қосудан аман етіп, Өз қамқорлығының шеңберінен шығармасын. Күпір-күнәлардың күллісінен аман етсін. Бұхар жырауша айтсақ:
Бірінші тілек тілеңіз –
Бір Аллаға жазбасқа!
Күпір-күнәға батып бір Алланың ашу-қаһарына қалудан үлкен сорлылық бар ма?! Сондай жағдайдан сақтасын! Өзі разы болған құлдарының қатарында қылсын!