Банктен кредит алуға болама және өсімқорлық деген не?
С: Банктен кредит алуға болама және өсімқорлық деген не?
Ж: ӨСІМҚОРЛЫҚ
Өсімқорлықты араб тілінде «риба» деп атайды, ал бұл сөздің асылы «көбею» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағаланың
﴿أَن تَكُونَ أُمَّةٌ هِيَ أَرْبَى مِنْ أُمَّةٍ﴾
«Бір топ екінші топтан көбірек болу үшін» (Нахыл, 92) және
﴿وَمَا آتَيْتُم مِّن رِّباً لِّيَرْبُوَ فِي أَمْوَالِ النَّاسِ فَلَا يَرْبُو عِندَ اللَّهِ﴾
«Адамдардың мал-мүліктері көбеюі үшін берген өсімдерің Алланың алдында өспейді» (Рум, 39) аяттарындағы «көбірек болу», «көбеюі өсімдерің», «өспейді» деген сөздер «риба» сөзінің түбірінен шыққан сөз.
Ал риба – өсімқорлықтың шариғаттағы мағынасын ғұламалар түрліше анықтаған. Олардың жай-жапсарын егжей-тегжейлі түрде әңгімелейтін болсақ, тақырыбымыздан көп ауытқып кетуіміз ықтимал. Сондықтан да бастыларын баяндаумен шектелеміз.
Әбу Ханифа мазһабының ғалымдары: «Риба – өсімқорлық: сауда келісімінде екі тараптың біріне шарт ретінде қойылған әрі шарғи өлшеммен өлшегенде қарымтасы болмаған артық үстеме», – деген анықтама берген.
Шафиғи мазһабының өкілдері: «Өсімқорлық шарғи өлшем бойынша қарымта құны белгісіз арнайы өлшемге жасалынған келісім-шарт. Аталмыш шарт келісім жасасқан кезде немесе екі баламаны, не екеуінің бірін кешіктіргенде қойылуының парқы жоқ», – деп анықтаған.
Бұл өсімнің анықтамасы туралы. Ал оның үкімі жайында әл-Мауриди және басқа ғұламалар: «Өсімқорлық ешқашан да, ешбір шариғатта да халал болмаған», – деп кесімді сөзін айтады.
Ал саф таза дінімізде өсімқорлықтың харам екендігі туралы және оның апатқа ұшыратушы үлкен күнә екендігі туралы айқын дәлелдер Құран мен хадисте молынан кездеседі. Әрі бүкіл мұсылман ғұламаларының бұл мәселе туралы ғылыми пікірі де бірауызды. Өсімқорлықты халал деп есептеген жан, Алла сақтасын, кәпір болады. Өйткені ол дініміздегі әрбір мұсылман біліп, мойындауға міндетті мәселелердің бірі. Ал өсімқорлықпен оның халал деп есептемей айналысқан жан үлкен ең күнәлардың бірін жасаған болады. Әрі сол қылмысы арқылы әділдік, куәгерлік сипаттарынан айрылады.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَأْكُلُواْ الرِّبَا أَضْعَافاً مُّضَاعَفَةً وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾
«Уа, иман келтіргендер, үсті-үстіне өсім жемеңдер! Алладан қорқыңдар, бәлкім құтыларсыңдар» (Әли Имран, 130);
﴿وَمَا آتَيْتُم مِّن رِّباً لِّيَرْبُوَ فِي أَمْوَالِ النَّاسِ فَلَا يَرْبُو عِندَ اللَّهِ وَمَا آتَيْتُم مِّن زَكَاةٍ تُرِيدُونَ وَجْهَ اللَّهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُضْعِفُونَ﴾
«Адамдардың мал-мүліктері көбеюі үшін берген өсімдерің Алланың алдында өспейді, ал Алланың разылығын қалап берген зекеттерің, міне, соларың еселенеді» (Рум, 39);
﴿الَّذِينَ يَأْكُلُونَ الرِّبَا لاَ يَقُومُونَ إِلاَّ كَمَا يَقُومُ الَّذِي يَتَخَبَّطُهُ الشَّيْطَانُ مِنَ الْمَسِّ ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُواْ إِنَّمَا الْبَيْعُ مِثْلُ الرِّبَا وَأَحَلَّ اللّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا فَمَن جَاءهُ مَوْعِظَةٌ مِّن رَّبِّهِ فَانتَهَىَ فَلَهُ مَا سَلَفَ وَأَمْرُهُ إِلَى اللّهِ وَمَنْ عَادَ فَأُوْلَـئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ * يَمْحَقُ اللّهُ الْرِّبَا وَيُرْبِي الصَّدَقَاتِ وَاللّهُ لاَ يُحِبُّ كُلَّ كَفَّارٍ أَثِيمٍ﴾
«Өсім жейтіндер шайтан басып қалған адамдай тұрады (қайта тіріледі). Бұл –– олардың «Расында сауда өсімқорлыққа ұқсас» деп айтқандары үшін. Бірақ Алла саудаға рұқсат етіп, өсімқорлыққа тыйым салды. Кімге Раббысы тарапынан үгіт-насихат жетіп, ол (өсімқорлықтан) тыйылса, оның бұрынғы істері кешіріліп, ісі Аллаға өтеді. Ал кімде-кім оған (өсімқорлыққа) қайта оралса, олар – тозақтың тұрғындарына айналып, онда мәңгілікке қалады. Алла өсімқорлықты жойып, садақаны өсіреді. Алла күллі күнәһар кәпірді жақсы көрмейді» (Бақара, 275-276);
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ وَذَرُواْ مَا بَقِيَ مِنَ الرِّبَا إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ *فَإِن لَّمْ تَفْعَلُواْ فَأْذَنُواْ بِحَرْبٍ مِّنَ اللّهِ وَرَسُولِهِ وَإِن تُبْتُمْ فَلَكُمْ رُؤُوسُ أَمْوَالِكُمْ لاَ تَظْلِمُونَ وَلاَ تُظْلَمُونَ﴾
«Уа, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар. Егер шын иман келтірген болсаңдар, өсімнің қалған бөлігін тастаңдар. Егер олай істемейтін болсаңдар, Алла пен Оның елшісінен соғыс болатынын біліңдер. Ал егер тәубе қылсаңдар, малдарың басы бүтін өздеріңдікі – зұлымдық қылмасаңдар, сендерге зұлымдық жасалмайды» (Бақара, 278, 279).
С: Өсімқорлықпен айналысқан адамнынң жазасы қалай болмақ?
Ж: Тыйым салушы аяттардың негізінде ғалым Имам ас-Сарахси мынандай тұжырым жасаған: «Алла Тағала өсім жеушінің жазасын бес түрлі болатындығын айтады.
Біріншісі: есеңгіреу, Алла Тағала: «Өсім жегендер шайтан басуымен есеңгірегендей боп қана тұрады», – деген.
Екіншісі: құртып-жою. Алла Тағала: «Алла өсімді құртып, садақаларды өсіреді», – деген. Құртудан мақсат оны жойып, түбірімен жоқ ету. Бір ғалымдардың пікірінше бұл сөздің мағынасы одан келген пайданы өзі де, өзінен кейінгі баласы да қызықтай алмауы үшін берекесі мен қызығының кетірілуі дегенді білдіреді.
Үшіншісі: Соғысқа тап болу. Алла Тағала: «Алла пен Оның елшісінен соғыс болатынын біліңдер», – деген.
Төртіншісі: күпірлікке кіру. Алла Тағала: «Егер шын иман келтірген болсаңдар өсімнің қалған бөлігін тастаңдар», – деген. Ал басқа аятта өсімқорлықты баяндағаннан соң: «Алла күллі күнәһар кәпірді жақсы көрмейді», – дейді. Яғни, өсімқорлықты халал деп санауымен кәпірге, ал оны жеумен азғын күнәһарға айналады.
Бесіншісі: тозақта мәңгі қалу. Алла Тағала: «Ал кім қайталаса, міне, солар – тозақтықтар әрі олар сонда мәңгілікке қалады», – деген».
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» اِجْتَنِبُوا السَّبْعَ المُوبِقَاتِ، قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ، وَمَا هُنَّ؟، قَالَ: الشِّرْكُ بِاللهِ وَالسِّحْرُ وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللهُ إِلَّا بِالحَقِّ وَأَكْلُ الرِّبَا وَأَكْلُ مَالِ اليَتِيمِ وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ وَقَذْفُ المُحْصَنَاتِ المُؤْمِنَاتِ الغَافِلَاتِ «. رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.
Сахих кітаптарындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда: «Олар не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабу», – деген. Бұхари, Мүслім риуаят еткен.
عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ لَعَنَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ آكِلَ الرِّبَا وَمُوَكِّلَهُ وَكَاتِبَهُ وَشَاهَدَيْهِ وَقَالَ:» هُمْ سَوَاءٌ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Жәбір (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) өсімді жеушіге де, өкіліне де, жазып алушыға да және куәгерлеріне де лағынет (қарғыс) айтып: «Олардың бәрі бір топ», – деген. Мүслім риуаят еткен.
Келесі хадисте өсімқордың өлгеннен кейін Қиямет күніне дейін барзах әлемінде де қабір азабын тартатындығы туралы мағына бар.
عَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدَبٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »رَأَيْتُ اللَّيْلَةَ رَجُلَيْنِ أَتَيَانِي، فَأَخْرَجَانِي إِلَى أَرْضٍ مُقَدَّسَةٍ، فَانْطَلَقْنَا، حَتَّى أَتَيْنَا عَلَى نَهَرٍ مِنْ دَمٍ، فِيهِ رَجُلٌ قَائِمٌ عَلَى وَسَطِ النَّهَرِ، رَجُلٌ بَيْنَ يَدَيْهِ حِجَارَةٌ، فَأَقْبَلَ الرَّجُلُ الَّذِي فِي النَّهَرِ، فَإِذَا أَرَادَ الرَّجُلُ أَنْ يَخْرُجَ، رَمَى الرَّجُلُ بِحَجَرٍ فِي فِيهِ، فَرَدَّهُ حَيْثُ كَانَ، فَجَعَلَ كُلَّمَا جَاءَ لِيَخْرُجَ رَمَى فِي فِيهِ بِحَجَرٍ فَيَرْجِعُ كَمَا كَانَ، فَقُلْتُ: مَا هَذَا؟ فَقَالَ: اَلَّذِي رَأَيْتَهُ فِي النَّهْرِ آكِلُ الرِّبَا«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.
Сәмура ибн Жундубтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Бүгін түнде маған екі кісі (періште) келіп, мені қасиетті жерге (Бәйтул-Мақдиске) шығарды. Сосын жүріп кеттік. Бір қан өзенінің жағасына келдік. Өзеннің ортасында бір адам жүзіп жүр екен. Жағасында алдында тастары бар бір адам тұр екен. Өзендегі адам жағадағының қасына жүзіп келіп, шыққысы келгенде ол оның аузына таспен ұрады. Сөйтіп оны бұрынғы орнына қайтарады. Солайша қашан әлгі судағы адам шыққысы келгенде, тасы бар адам оның аузына тас лақтырып, ол кейін қайтады. Мен: «Бұл немене?» – дедім. Қасымдағы (періште): «Өзенде көрген адамың –– өсім жеуші», – деді». Бұхари риуаят еткен.
Бұрынғы өткен мұсылман ғұламалары, Алла оларға рахым еткей, білместіктен өсімқорлыққа тап болудан қорқып, сату мен сатып алудың, сауданың шариғаттағы үкімдерін толық меңгермейінше сауда жасамайтын болған. Өйткені ондай білместік ауыр күнә мен тозақ отына түсіп қалудан арашашы бола алмайды.
Өкінішті бір жайт, қазіргі мұсылмандардың көпшілігі тіршіліктері мен қарым-қатынастарының осы бір маңызды тұсын назарларынан тыс қалдырды. Тіпті, олардың көбі еш ойланбастан халалдығы күмәнді, харам араласқан сауда келісімдерін жасай береді. Бұл дінге деген салғырттықтың көрінісі. Үмбетіне осындай жағдайдың келетіндігін Пайғамбар (с.а.с.) көрегендікпен айтып кеткен.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: » يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ لاَ يُبَالِي الْمَرْءُ مَا أَخَذَ مِنْهُ أَ مِنَ الْحَلاَلِ أَمْ مِنَ الْحَرَامِ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Адамдарға бір заман келеді, сонда кісі малын халалдан әлде харамнан алғанына еш мән бермейтін болады». Бұхари риуаят еткен. Қазірде осы хадистің шындыққа айналғанының куәсі болып отырмыз.
Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Біздің базарымызда тек шариғатты білетін адам ғана келіп сауда жасасын. Әйтпесе, ол өсім жеп қояды», – деп ескерткен.
Әли (р.а.): «Шариғатты білмей сауда жасаған жан өсімқорлыққа тап болады, сосын тағы тап болады, сосын тағы да тап болады», – деген.
Ислам дінінің осылайша өсімқорлыққа алуан түріне қатаң тыйым салуы мұсылмандардың кәсіп етіп, пайда табуларына қарсы жасалынған бір кедергі емес. Керісінше, өсімқорлыққа тыйым салу азғындық пен бұзықтықтың жолдарына, мұсылмандардың тіршіліктеріне, өзара қарым-қатынастарына келетін түрлі зияндарға қарсы тұрғызылған тосқауыл.
Өсімқорлық – шын мәнісінде қолында байлығы, ақшасы бар бақуатты байлардың кедейлер мен мұқтаждарға жасайтын қыспағы, адамдар арасындағы имани ізгі қатынастардың үзілуі. Капиталистік жүйе құрылған заматта өсім мен өсімқорлардың негізінде езуші тап құрылады. Сонда табысы шектеулі адамдар мен ұсақ саудагерлер өсімқорлардың мыстандық мүдделерінің кесірлерінен езгіге ұшырап, таршылыққа тап болады. Коммунистік идея да осындай теңсіздіктерге қарсы, шектен шығып, қарақан басының мүддесін, пайданы көздеген және қарапайым халықтың ризық-несібелерінің жолдарын тас бекітуге бекінген өсімқорлардың әділетсіздіктеріне қарсы пайда болды да, байларды жойып, қоғам мүддесін жеке тұлғаның мүддесінен жоғары қойды.
Ал Ислам діні осы екі жүйенің де бағыттарын қолдамайды. Ислам экономикасында мұсылман қоғамының да, жеке тұлғаның да, кедейдің де, байдың да мүдделері толықтай қорғалынған. Діннің діңгегі зекет арқылы қоғамдағы әлеуметтік түйткілдерін өзінен-өзі шешіледі.
Ризық беруші Жаратушы Иеміз зекет парызын өтемеуден, мойындамаудан сақтасын. Мұсылман бауырларымызға иман, тауфиқ берсін!