Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. Зинақорлық деген не және ол қаншалықты үлкен күнә?
        Зинақорлық деген не және ол қаншалықты үлкен күнә?

        Зинақорлық деген не және ол қаншалықты үлкен күнә?

        С: Зинақорлық деген не және ол қаншалықты үлкен күнә?

        Ж:  ЗИНАҚОРЛЫҚ

        Зина – ауыр қылмыс, апатқа апарып соқтырушы үлкен күнә, ар-ождан мен абыройға қарсы жасалынған дұшпандық. Таза ақыл да оны құп көрмейді, шариғат та оған рұқсат бермейді және оны дін де қабыл алмайды. Бұл істің тыйым салынған харам амал екендігіне Алла Тағаланың Кітабынан да және Оның елшісінің (с.а.с.) сүннетінен де дәлелдер жеткілікті.

        Зинақорлықтың зардабының зор екендігі сондай оған мүлде жақындауға болмайды. Яғни, некесіз төсек қатынасына алып баратын кез келген әрекеттен аулақ болу керек. Бір-бірімен ешқандай туыстық, жұбайлық байланыстары жоқ әйел мен ердің, әсіресе, жастардың махаббаттың атын жамылып бір-бірімен шектен тыс көп аралас-құралас болуы сондай әрекеттерге жатады. Шариғат бойынша бөтен әйелге көп қарауға да тыйым салынған. Бұл көз зинасына жатады. Қазіргі қоғамымызда қала көшелерінде бір-бірімен құшақтасып, сүйісіп тұратын жастарды көп кездестіруге болады. Бұл азғындықтың ең бір анайы түрі. Тіпті, ондай жастар бір-бірімен үйленген жұбайлар болса да бұл нағыз имансыздыққа, рухани жүгенсіздікке жатады.

        Алла Тағала зинаның кез келген түріне, және зинақорлыққа апарытн кез келген әрекетке, қадамға қатаң тыйым салған. Бұл тұрғыда аяттардағы тыйым «зинақорлық, азғындық жасамаңдар» деген түрде емес, «зинаға, азғындыққа оған апаратын кез келген іс-әрекетке, ойға мүлде жоламаңдар, аулақ болыңдар» деген мағынада келген. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً 

        «Және зинаға жақындамаңдар! Расында ол бір азғындық және жаман жол» (Исра, 32);

        ﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ﴾

        «Азғындық істердің жариясына да жасырынына да мүлде жоламаңдар» (Әнғам, 151).

        Зинақорлықтың қауіптілігінің деңгейі осындай. Өйткені бір-бірімен жұбайлық, туыстық байланысы болмаған ер мен әйелдің арасындағы сүйіспеншілікке ыңғай таныту, шектен тыс көп жақын болу некесіз қатынасқа апарып соқтырады. Ал мұның арты талай шаңырақтың шайқалуына, адамдардың тағдырларының күйреуіне, дау-жанжалға, бейкүнә сәбидің дүниеге некесіз келуіне, ақырында бүтіндей қоғамның бұзылуына әкеледі. Қазіргі қоғамымыз тастанды балалар трагедиясына куә болып отырмыз. Аят-хадистегі тыйымдар да һәм сол тыйымдардан өрбіген «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» деген ұлттық тұжырым-қағида да  аяқ асты болды. Арын сақтамау, азғындыққа бой үйрету абыройға айналды, арлы болу, иманды ту ету ақымақтық қасиет болып санала бастады. Бұл нағыз қасірет..

        Расында Құран Кәрімдегі келтірілген мұсылмандардың сипаттары мүлде басқаша. Олар Құдайға серік қоспайды, адамды нанақтан өлтірмейді, азғындықтың ең бір лас түрі зинақорлыққа қарай бір қадам ба баспайды. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ يَلْقَ أَثَاماً * يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَاناً * إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلاً صَالِحاً فَأُوْلَئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ وَكَانَ اللَّهُ غَفُوراً رَّحِيماً﴾ 

        «Олар (мүміндер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, хұқтары болмаса Алла тыйымына қарсы кісі өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды. Ал кім соларды істесе ол жазаға жолығады. Қиямет күні оған деген азап еселене түседі де, ол сонда қор болған күйде мәңгілікке қалады. Алайда кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рахымды» (Фұрқан, 68-70).

        Зинақорлық, осы ең бір жиіркенішті азғындық Аллаға серік қосу, кісі өлтіру күнәларымен қатар аталып, жәһәннам отында мәңгі-бақи қалу жазасына лайықты болынды. Алла Тағала сақтасын. Сондай жазаға лайықты болуының сыры осы күнәда болатын бекзаттықты жою, ең лас күнәні тарату, ар-ождан мен абыройды бүлдіру, тектік пен шежірені жоғалту сияқты салдарларға байланысты.

        Дұрыс талғамның, тура тектіліктің, ұнамды қызғаныштың кез келген иесі, ол мейлі, ер болсын, әйел болсын, табиғи жаратылысы жағынан болсын, талғам тұрғысынан не діни тұрғыдан болсын азғындықтың бұл түріне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Ал оған азғындыққа ұшыраған ер мен әйел ғана құлшынып, разылық білдіреді. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген сөз осындайда айтылса керек-ті. Алла Тағала адамзаттың асыл негізіне балта шабатын осы ауыр азғындыққа барғандарды бір-бірлерімен қосуға бұйырған.

        ﴿الزَّانِي لَا يَنكِحُ إلَّا زَانِيَةً أَوْ مُشْرِكَةً وَالزَّانِيَةُ لَا يَنكِحُهَا إِلَّا زَانٍ أَوْ مُشْرِكٌ وَحُرِّمَ ذَلِكَ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ 

        «Зинақор ер тек зинақор әйелге не мүшрік әйелге ғана үйленеді. Әрі зинақор әйелге тек зинақор ер не мүшрік ер ғана үйленеді. Ал бұл иман келтіргендерге харам етілді» (Нұр, 3).

        Ақиқат пен жалғандық, иман мен күнә бір уақытта, бір жерде, бір жүректе болуы мүмкін емес нәрсе. Әрбір күнәні істеуші сол күнәні істегенде, сол күнәға иманын айырбастап, албасты Ібілістің азғыруына ілесіп, соның тобында кеткен болып саналады. Бұл жайында мынадай хадистер бар.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ«. رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُد وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес». Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәилер риуаят еткен.

        Нәсәидің риуаятында: «Осы күнәларды істесе ол мұсылман мойнынан Ислам дінінің жібін алып тастағандай болады. Егер күнәға қайтпайтындай болып шынай тәубе жасаса ғана Алла оны кешіреді» деген қосымша бар.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »إذَا زَنَى الرَّجُلُ أُخْرِجَ مِنْهُ الْإِيمَانُ وَكَانَ عَلَيْهِ كَالظُّلَّةِ فَإِذَا أَقْلَعَ رَجَعَ إلَيْهِ الْإِيمَانُ«.رَوَاهُ أَبُو دَاوُد.

         Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Пенде зина жасағанда одан иман шығып кетеді де (оның үстінде) шатыр сияқты болып тұрады. Ал одан (зинадан) ажырағанда, (яғни, мүлде тыйылғанда) оған иман қайтып келеді». Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен.

        Бұл күнә кез келген адам үшін шектен шыққан сорақы, үлкен күнә. Ал үлкен кісілерден, жігіт ағасынан, жасы ұлғайған кісіден шықса, тіптен сорақылық. Ондай адамдарға Құдай Тағала назарын да салмайды.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »ثَلَاثَةٌ لَا يُكَلِّمُهُمْ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلَا يُزَكِّيهِمْ وَلَا يَنْظُرُ إلَيْهِمْ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ: شَيْخٌ زَانٍ، وَمَلِكٌ كَذَّابٌ، وَعَائِلٌ - أَيْ فَقِيرٌ - مُسْتَكْبِرٌ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ وَأَحْمَدُ وَالنَّسَائِيُّ.

         Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қиямет күні Алла үш адаммен сөйлеспейді әрі оларды ақтамайды және оларға назарын да салмайды һәм оларға күйзелтуші азап болады. Олар: зинақор шал, өтірікші патша, кедейді тәкаппар-кердеңі». Мүслім риуаят еткен хадис.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »أَرْبَعَةٌ يُبْغِضُهُمْ اللَّهُ: الْبَيَّاعُ الْحَلَّافُ، وَالْفَقِيرُ الْمُخْتَالُ، وَالشَّيْخُ الزَّانِي، وَالْإِمَامُ الْجَائِرُ«. رَوَاهُ النَّسَائِيُّ وَابْنُ حِبَّانَ.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен басқа хадисте Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Алла төрт адамды жек көреді, олар: ант ішкіш саудагер, айламен пайда табуға тырысатын пақыр, зинақор шал және қатыгез әмірші». Нәсәи риуаят еткен.

        Зинақор шалдың осыншалықты төмен дәрежеге, әлемдердің Иесінің ашуы мен қаһарына душар болуының себебі оның өзінің жасына лайықсыз, қалыптасқан әдетке тосын күнәға баруы. Мұның өзі оның ішкі дүниесінің азғындауға ұшырап, ниетінің бұзылғандығын және нәпсісінің соншалықты төменгі деңгейге жеткендігін көрсетеді.

        عَنْ عَبْدِ اللهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: »سَأَلْتُ أَوْ سُئِلَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الذَّنْبُ عِنْدَ اللهِ أَكْبَرُ؟ قَالَ: أَنْ تَجْعَلَ لِلَّهِ نِدًّا وَهُوَ خَلَقَكَ، قُلْتُ: ثُمَّ أَيُّ؟ قَالَ: ثُمَّ أَنْ تَقْتُلَ وَلَدَكَ خَشْيَةَ أَنْ يَطْعُمَ مَعَكَ، قُلْتُ: ثُمَّ أَيُّ؟ قَالَ: أَنْ تُزَانِي بِحَلِيلَةِ جَارِكَ، قَالَ: وَنُزِلَتْ هَذِهِ الآيَةُ تَصْدِيقًا لِقَوْلِ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ﴾«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ. 

        Абдулла (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісінен (с.а.с.): «Ең үлкен күнә қайсы?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Өзіңді жаратқан Аллаға ортақ қосуың», – деген. «Сосын қайсы?» – деп сұрақ қойғанда, ол (с.а.с.): «Асыңа ортақтасады деп балаңды өлтіруің», – деген. Тағы да: «Сосын қайсы?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Көршіңнің әйелімен зина жасауың», – деген. Сосын Алланың елшісінің (с.а.с.) сөзін растайтын мына аят түскен: «Олар (мүміндер) Алламен бірге басқа құдай шақырмайды, хұқтары болмаса Алла тыйымына қарсы кісі өлтірмейді әрі зинақорлыққа да бармайды» (Фұрқан, 68). Бұхари риуаят еткен.

        Ақиқатында шынайы мұсылмандардың сипаттары аятта айтылғандай. Ал күнәлі іс істеуге шақырып, талап еткенде одан бас тарта білу Алланың арнайы рахымына ие болуға себепкер болады.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» سَبْعَةٌ يَظِلُّهُمُ اللهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لاَ ظِلَّ إِلاَّ ظِلَّهُ: الإِمَامُ الْعَادِلُ وَشَابٌّ نَشَأَ فِي عِبَادَةِ رَبِّهِ، وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ فِي الْمَسَاجِدِ، وَرَجُلاَنِ تَحَابَّا فِي اللهِ اجْتَمَعَا عَلَيْهِ وَتَفَرَّقَا عَلَيْهِ، وَرَجُلٌ طَلَبَتْهُ امْرَأَةٌ ذَاتُ مَنْصِبٍ وَجَمَالٍ فَقَالَ إِنِّي أَخَافُ اللهَ، وَرَجُلٌ تَصَدَّقَ أََخْفَى حَتَّى لاَ تَعْلَمُ شِمَالُهُ مَا تُنْفِقُ يَمِينُهُ، وَرَجُلٌ ذَكَرَ اللهَ خَالِياً فَفَاضَتْ عَيْنَاهُ«. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ فِي كِتَابِ الْجَمَاعَةِ وَالإِمَامَةِ.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Өзінен басқа ешқандай көлеңке болмаған күні (Қиямет күні) Алла Тағала жеті адамға көлеңке береді. Олар: әділ имам (басшы да жатады), ғибадатпен есейген жас жігіт, жүрегі мешітке байланған кісі, Алла жолында бір-бірін жақсы көріп, бауырласып, Алла үшін жиналып, Алла үшін тарқасқан екі жолдас, атақты һәм сұлу әйел күнә істеуге шақырғанда, «мен Алла Тағаладан қорқамын» деп бас тартқан ер, жасырын түрде садақаны көп бергені сонша, оның санын білмейтін бай, оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам». Бұхари риуаят еткен.

        Алла жолында жүрген мұсылманның үйінде қалған жанұясына, жұбайына басқа мұсылмандар аса құрметпен қарап, оларға тек жақсылық қылулары тиіс. Өйткені мына хадисте айтылғандай Алла жолында жүрген жанның үйінде қалған жары басқа бауырларына ана іспеттес қадірлі.

        قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »حُرْمَةُ نِسَاءِ الْمُجَاهِدِينَ عَلَى الْقَاعِدِينَ كَحُرْمَةِ أُمَّهَاتِهِمْ، مَا مِنْ رَجُلٍ مِنْ الْقَاعِدِينَ يَخْلُفُ رَجُلًا مِنْ الْمُجَاهِدِينَ فِي أَهْلِهِ فَيَخُونُهُ فِيهِمْ إلَّا وَقَفَ لَهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ فَيَأْخُذُ مِنْ حَسَنَاتِهِ مَا شَاءَ حَتَّى يَرْضَى ثُمَّ الْتَفَتَ إلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ : فَمَا ظَنُّكُمْ ؟«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

        Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Жиһадта жүргендердің әйелдерінің елде қалғандар үшін құрметтілігі олардың аналарының құрметтілігіндей. Қандай да бір адам жиһадқа кеткен адамның жанұясына бас-көз боп қалып, оған опасыздық жасаса Қиямет күні оған қарсы келіп, оның амалынан қалағанынша алады. Ендеше бұл туралы не ойлайсыңдар?». Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

         С: Зинақордың дүниедегі жазасы қандай?

        Ж: Зинақордың дүниедегі жазасы

        Зинақорлық күнәсін істеп, оған тәубе келтірмеген адам үшін екі дүниеде де жаза бар. Азғындыққа батқаны үшін екі дүниенің игілігінен де құр қалады.

        قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »يَا مَعْشَرَ النَّاسِ اتَّقُوا الزِّنَا فَإِنَّ فِيهِ سِتَّ خِصَالٍ ثَلَاثٌ فِي الدُّنْيَا وَثَلَاثٌ فِي الْآخِرَةِ، أَمَّا الَّتِي فِي الدُّنْيَا: فَيُذْهِبُ الْبَهَاءَ وَيُورِثُ الْفَقْرَ وَيَنْقُصُ الْعُمُرَ، وَأَمَّا الَّتِي فِي الْآخِرَةِ فَسَخَطُ اللَّهِ وَسُوءُ الْحِسَابِ وَعَذَابُ النَّارِ.«

        Бір хадисінде Алланың елшісі (с.а.с.) былай деп ескертеді: «Уа, адамдар! Зинақорлықтан сақтаныңдар! Расында оның алты түрлі салдары бар, үшеуі осы дүниеде, ал үшеуі ақыретте. Дүниедегісі: адамның көркін кетіреді, кедейлікке тап қылады һәм ғұмырын қысқартады. Ал ақыреттегісі: Алланың қаһарына, амал есебінің жаман болуына һәм тозақтың отына душар етеді».

        Шариғат үкімі бойынша зинақорлық күнә жасаған ер мен әйелге, егер олар үйленбеген, бойдақ болса, жүз дүре соғылады. Бұл үкім адамдардың көзінше, жария түрде жүзеге асырылады. Алла Тағала былай бұйырады:

        ﴿الزَّانِيَةُ وَالزَّانِي فَاجْلِدُوا كُلَّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا مِئَةَ جَلْدَةٍ وَلَا تَأْخُذْكُم بِهِمَا رَأْفَةٌ فِي دِينِ اللَّهِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَلْيَشْهَدْ عَذَابَهُمَا طَائِفَةٌ مِّنَ الْمُؤْمِنِينَ﴾

        «Зинақор әйел мен зинақор ердің әрқайсысына жүз дүре соғыңдар. Алланың діні, разылығы жолында сендерді оларға деген ешбір аяушылық баурап алмасын, егер Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Олардың жаза тартқандарына иман келтіргендердің бір тобы куәгер болсын» (Нұр, 2).

        Ал егер азғындыққа барғандар үйленген болса, олар тас боран етіледі. Яғни, зинақор ер мен әйел алаңқайға шығарылып, таспен атқыланып өлтіріледі. Оны имам мен куәгерлер және жиналған мұсылман жамағаты орындайды.  Зинақорлардың шариғаттағы әділ жазасы осындай.

        قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لَا يَحِلُّ دَمُ امْرِئٍ مُسْلِمٍ يَشْهَدُ أَنْ لَا إلَهَ إلَّا اللَّهُ وَأَنِّي رَسُولُ اللَّهِ إلَّا بِإِحْدَى ثَلَاثٍ : الثَّيِّبُ الزَّانِي، وَالنَّفْسُ بِالنَّفْسِ، وَالتَّارِكُ لِدِينِهِ الْمُفَارِقُ لِلْجَمَاعَةِ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُد وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. 

        Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Алладан басқа құдай жоқ екендігіне және менің Оның елшісі екендігіме куәлік берген мұсылман адамның қаны үш жағдайда ғана халал болады (яғни, өлтіріледі): зинақор ер, қарымта кек үшін және жамағаттан алыстап, дінінен безген адам». Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәи риуаят еткен.

        Аталып өткен үкімдердің ең басты шарты – куәгерлердің болуы. Ер мен әйелдің некесіз төсек қатынасына барғанын нақтылы түрде өз көздерімен көрген төрт куәгер келтірілуі тиіс. Куәгерлердің біреуі сөзінен тайқып немесе анық зинақорлықтың орын алғанына күмәнданатын болса, олардың куәліктері кер қағылады да, қалған үшеуі жала жапқан болып есептеледі. Оларға жала жабудың жазасы сексен дүре соғылады.

         С: Зинақордың ақыреттегі жазасы қандай?

        Ж: Зинақордың ақыреттегі жазасы

        Зинақордың ақыретте тартатын азабы өте ауыр. Бұда бұрын келтірілген Фұрқан сүресінің 68, 69-аяттарында былай делінеді: «Ал кім соларды істесе ол жазаға жолығады. Қиямет күні оған деген азап еселене түседі де, ол сонда қор болған күйде мәңгілікке қалады».

        Тек қылған ісінің аса үлкен күнә екендігін түйсініп, қатты өкініп, шынайы тәубе жасап, ендігәрі ол күнәға қайтып оралмауға ант еткен мұсылман ғана Алланың рахымына ие болуы мүмкін. Алла Тағала ол туралы келесі аятта былай деген: «Алайда кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп және ізгі іс істесе, міне солардың жамандықтарын Алла жақсылықтармен алмастырады. Шынында да Алла өте кешірімді әрі аса рахымды» (Фұрқан, 70).

        Сондай-ақ, азғындықтың таралуына түрткі болып, соның жолында жүргендер және ақпарат құралдарынан бұқара халықтың ақыл-ойы мен рухани, имани жақтан бұзылуына әкеп соқтыратын хабарлар, ұятсыз көрсетілімдер таратып жүргендер де тиесілі жазаларын екі дүниеде де алады. Өйткені олар, тіпті, өздері зинақорлыққа бармаса да, зинақорлықтың кең етек жаюына үлес қосқандар. Алла Тағала ондайлар туралы былай дейді:

        إِنَّ الَّذِينَ يُحِبُّونَ أَن تَشِيعَ الْفَاحِشَةُ فِي الَّذِينَ آمَنُوا لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ 

        «Ақиқатында, иман кетіргендердің арасында азғындықтың таралуын жақсы көретіндерге дүниеде де, ақыретте де күйзелтуші азап бар. Алла біледі, алайда сендер білмейсіңдер» (Нұр, 19).

        Бір ұзақ хадисте Пайғамбарға (с.а.с.) түнде ұйықтап жатқан кезінде екі періште келеді де, оны (с.а.с.) ертіп көптеген істерді көрсетеді. Сол хадисінде Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «...Әрі қарай кеттік. Біз пешке ұқсас бір нәрсенің қасына келдік. Оның ішіне үңілдік. Оның ішінде тыр жалаңаш ерлер мен әйелдер бар екен. Олардың астарынан жалындаған от лап еткенде у-шу болып, айқайлайды. Мен: «Мыналар кімдер?» – дедім. Қасымдағы екеу: «Кеттік, кеттік», – деді». Кейіннен екі періште ол көріністі: «..Ал тандыр пеш сияқтының ішіндегі ерлер мен әйелдер – зина жасаушылар», – деп түсіндірген. Пайғамбардың (с.а.с.) көрген түсі іс жүзінде жүзеге асатын оқиғалар. Сондықтан да бұл хадис зинақорлардың қабір азабын, ақырет азабын тартатындығына айқын дәлел.

         С: Зинақорлықтың қоғамға келтіретін зардабы қандай?

        Ж: Зинақорлықтың қоғамға келтіретін зардабы

        Жалпы зинақорлықтың, некесіз төсек қатынастарының жеке адамға да, қоршаған орта, қоғамға да тигізетін зиян-зардабы орасан зор. Оның зардаптары қазіргі заманғы түрлі ғылыми зерттеулермен де дәлелденген. Азғындықтың салдары туралы сонау алтыншы ғасырды өзінде-ақ ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтып өзінің хадистерінде баяндап өткен болатын.

        عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» لَا تَزَالُ أُمَّتِي بِخَيْرٍ مَا لَمْ يَفْشُ فِيهِمْ الزِّنَا فَإِذَا فَشَا فِيهِمْ الزِّنَا فَأَوْشَكَ أَنْ يَعُمَّهُمْ اللَّهُ بِعَذَابٍ«. رَوَاهُ أَحْمَدُ.

        Имам Ахметтен жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Менің үмбетім олардың арасында зинақорлық жайылғанға дейін амандық-саулықта болады. Ал зинақорлық жайылса, Алла Тағала олардың барлығына бірдей азап жіберуі ықтимал».

        عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» لَا تَزَالُ أُمَّتِي بِخَيْرٍ مُتَمَاسِكٌ أَمْرُهَا مَا لَمْ يَظْهَرْ فِيهِمْ وَلَدُ الزِّنَا«. رَوَاهُ أَبُو يَعْلَى.

        Әбу Яғладан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Менің үмбетім олардың арасында зинадан туған бала пайда болғанша дініне берік болады».

        عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» إذَا ظَهَرَ الزِّنَا ظَهَرَ الْفَقْرُ وَالْمَسْكَنَةُ«. رَوَاهُ الْبَزَّارُ.

        Баззардан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Егер зинақорлық жайылса кедейлік пен қаріп-қасерлік те жайлады».

        Мұсылман үмбетінің алдыңғы толқындағы тақуалары, ғұламалар осы бір азғын күнәдан дін қарындастарын қатты ескертіп кеткен.Пайғамбардың (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Бір ауылда зина мен риба жайылса, Алла Тағала ол ауылды жоюға пәрмен береді».

        Ибн Әбу Дуния Әнес ибн Мәліктен (р.а.) мынадай риуаят жеткізді: «Бірде ол қасында бір кісі бар Айша анаға (р.а.) барады. Сонда қасындағы кісі: «Уа, мұсылмандардың анасы! Зілзәлә туралы айтыңызшы», – дейді. Сонда Айша (р.а.): «Адамдар зинақорлыққа рұқсат беріп, арақ ішіп, аспаптарда ойнағанда, Алла Тағала жерге: «Сілкін! Егер олар райларынан қайтып, тәубе етсе тоқтат, әйтпесе, оларды құртқанша сілкін», – деп бұйырады. Сонда әлгі кісі: «Уа, мұсылмандардың анасы! Бұл олардың жазасы ма?» – деп сұрады. Сонда Айша (р.а.) : «Әрине. Бұл – иман келтіргендер үшін бір үгіт және рахым, ал кәпірлер үшін қорқыту, ескерту», – деген.

        Табаранидың Муғжам кітабында Сағид ибн Жубәйр және тағы басқалардың Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаяттарында Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Қандай да бір қауым өлшем мен таразыны кемітіп өлшейтін болса, Алла Тағала оларға бір тамшы да жаңбыр түсірмейді. Қандайда бір елде зина жайылса, оларда өлім де жайылады. Қандай да бір елде риба-өсімқорлық жайылатын болса, оларға жындыларын үстем қылады. Қандай да бір елде кісі өлтіру көбейсе, оларға дұшпандарын үстем етеді. Қайбір елде Лұт қауымының күнәсы көбейсе, оларда жер жарылу, тарту оқиғалары көбейеді. Қандай да бір қауым жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюды тастайтын болса, олардың ізгі амалдары қабыл болмайды, дұғалары естілмейді»