Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. Арақ ішу үлкен күнәлар қатарына жатады ма?
        Арақ ішу үлкен күнәлар қатарына жатады ма?

        Арақ ішу үлкен күнәлар қатарына жатады ма?

         

        Сұрақ: Арақ ішу үлкен күнәлар қатарына жатады ма?

        Жауап: АРАҚ ІШУ

        Ел арасында ең кең тараған үлкен күнәнің бірі арақ ішу. Арам нәрсені адал сияқты көріп пайдалану ақырзаман жұртының сипаты, ақырзаманның жақындағанының белгісі. Бұл туралы хадистерде айтылады.

        قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» لَيَكُونَنَّ مِنْ أُمَّتِي أَقْوَامٌ يَسْتَحِلُّونَ الْخَمْرَ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

        Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Үмбетімнен арақты халал деп есептейтіндер болады». Бұхари риуаяты риуаят еткен.

        Құран Кәрім мен хадистерге жүгінсек, арақтың нағыз харам, тыйым салынған нәрсе екендігін білеміз. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالأَنصَابُ وَالأَزْلاَمُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ*  إِنَّمَا يُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَن يُوقِعَ بَيْنَكُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاء فِي الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ وَيَصُدَّكُمْ عَن ذِكْرِ اللّهِ وَعَنِ الصَّلاَةِ فَهَلْ أَنتُم مُّنتَهُونَ * وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَاحْذَرُواْ فَإِن تَوَلَّيْتُمْ فَاعْلَمُواْ أَنَّمَا عَلَى رَسُولِنَا الْبَلاَغُ الْمُبِينُ﴾

        «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті  анық жеткізу ғана» (Мәида, 90-92).

        Пайғамбарымыз (с.а.с.) да хадистерінде арақтың харам екендігі туралы нақтылап айтып өткен.

        قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» كُلُّ مُسْكِرٍ خَمْرٌ وَكُلُّ مُسْكِرٍ حَرَامٌ. رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُد وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

        Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам». Хадисті Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези және Нәсәи риуаят еткен.

        قَالَ النَّبيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» ثَلَاثَةٌ لَا يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ: مُدْمِنُ الْخَمْرِ، وَقَاطِعُ الرَّحِمِ، وَمُصَدِّقٌ بِالسِّحْرِ، وَمَنْ مَاتَ مُدْمِنُ الْخَمْرِ سَقَاهُ اللَّهُ جَلَّ وَعَلَا مِنْ نَهْرِ الْغُوطَةِ، قِيلَ: وَمَا نَهْرُ الْغُوطَةِ؟ قَالَ: نَهْرٌ يَجْرِي مِنْ فُرُوجِ الْمُومِسَاتِ - أَيْ الزَّوَانِي - يُؤْذِي أَهْلَ النَّارِ رِيحُ فُرُوجِهِمْ«. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَأَبُو يَعْلَى وَابْنُ حِبَّانَ فِي صَحِيحِهِ وَالْحَاكِمُ.

        Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші. Кімде-кім арақ ішіп, мас болып өлсе, даңқты һәм ұлы Алла одан әл-Ғута өзенінен сусындатады», – дейді. Адамдар: «Уа, Расулалла! Әл-Ғута өзені деген не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Ол тозақтағы зинақор әйелдердің мүшелерінен ағатын өзен. Олардың мүшелерінің исінен бүкіл тозақтықтар қатты жиіркенетін болады», – деп жауап берген. Бұл хадисті Ахмет, Әбу Яғла, Ибн Хиббан, Хакимдер риуаят еткен.

        وَرَوَى ابْنُ أَبِي حَاتِمٍ فِي تَفْسِيرِهِ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: »سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ الْخَمْرِ فَقَالَ: »هِيَ أَكْبَرُ الْكَبَائِرِ وَأُمُّ الْفَوَاحِشِ، مَنْ شَرِبَ الْخَمْرَ تَرَكَ الصَّلَاةَ«.

        Ибн Әбу Хатим өзінің тәпсірінде Абдулла ибн Амрдан (р.а.) мынадай риуаят жеткізді: «Мен Алланың елшісінен (с.а.с.) арақ туралы сұрап едім, «Арақ – үлкен күнәлардың ең үлкені, азғындықтың басы. Кімде-кім арақ ішсе, намазын тастап қояды», – деп жауап берді».

        Арақ ішу – мұсылмандықтан шығарып, иманнан алыстататын үлкен қылмыс. Арақ ішкен кезде адамның иманы одан көтеріліп кетеді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда мүмін емес, арақ ішіп жатқан кезде мүмін емес, ұрлық істеп жатқанда мүмін емес, тонаушы адам тонап жатқанда мүмін емес».

        Арақ қоршаған ортаға тек зиян әкеледі. Оны жасаған да, ішкен де, апарған да бірдей күнәлі болып, Құдай Тағаланың қарғысына ұшырайды.

        عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ تَعَالَى عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لُعِنَتْ الْخَمْرُ عَلَى عَشَرَةِ وُجُوهٍ، لُعِنَتْ الْخَمْرُ بِعَيْنِهَا وَشَارِبِهَا وَسَاقِيهَا وَبَائِعِهَا وَمُشْتَرِيهَا وَعَاصِرِهَا وَمُعْتَصِرِهَا وَحَامِلِهَا وَالْمَحْمُولَةِ إلَيْهِ وَآكِلِ ثَمَنِهَا«. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَأَبُو دَاوُد وَابْنُ مَاجَهْ.

        Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады».

        Тағы бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) арақ ішкен адамның намазы қашан тәубе еткенше, қырық күн бойы қабыл болмайтындығын айтқан.

        عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَا مِنْ أَحَدٍ يَشْرَبُهَا فَتُقْبَلُ لَهُ صَلَاةٌ أَرْبَعِينَ لَيْلَةً، وَلَا يَمُوتُ وَفِي مَثَانَتِهِ مِنْهُ شَيْءٌ إلَّا حُرِّمَتْ بِهَا عَلَيْهِ الْجَنَّةُ فَإِنْ مَاتَ فِي أَرْبَعِينَ لَيْلَةً مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَالْحَاكِمُ.

        Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қандай да бір адам арақ ішсе, оның намазы қырық түн бойы қабыл болмайды. Ал сол күйі өліп, оның несеп жолында арақтан бірдеңе қалса, ол жәннатқа кірмейді. Сол қырық күннің ішінде өлсе, нағыз надан күйде өлген болады». Табарани мен Хаким риуаят еткен.

        Арақ басқа күнәлардың істелуіне себепкер болатын азғырушы ішімдік.

        عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إنَّ مَلِكًا مِنْ مُلُوكِ بَنِي إسْرَائِيلَ أَخَذَ رَجُلًا فَخَيَّرَهُ بَيْنَ أَنْ يَشْرَبَ الْخَمْرَ أَوْ يَقْتُلَ نَفْسًا أَوْ يَزْنِيَ أَوْ يَأْكُلَ لَحْمَ خِنْزِيرٍ أَوْ يَقْتُلُوهُ، فَاخْتَارَ الْخَمْرَ وَإِنَّهُ لَمَّا شَرِبَ الْخَمْرَ لَمْ يَمْتَنِعْ مِنْ شَيْءٍ أَرَادُوهُ مِنْهُ«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَالْحَاكِمُ.

        Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Бәни Исраил патшаларының бірі бір адамды әкелдіріп, одан не арақ ішуді, не бір адамды өлтіруді, не зина жасауды, не шошқаның етін жеп немесе оны өлтіруді талап етеді. Ол адам арақ ішуді таңдайды. Арақты ішкен соң қалған істердің бәрін де істейді». Табарани мен Хаким риуаят еткен.

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »اجْتَنِبُوا الْخَمْرَ فَإِنَّهُ وَاَللَّهِ لَا يَجْتَمِعُ إيمَانٌ وَإِدْمَانُ الْخَمْرِ فِي صَدْرِ رَجُلٍ أَبَدًا لَيُوشِكَنَّ أَحَدُهُمَا يُخْرِجُ صَاحِبَهُ«. رَوَاهُ ابْنُ حِبَّانَ وَالْبَيْهَقِيُّ

        Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Арақтан аулақ болыңдар! Уаллаһи, иман мен араққа мас болу бір адамның кеудесінде ешқашан қатар тұра алмайды. Ол екеуінің бірін-бірі шығарып жіберуге тырысады». Ибн Хиббан, Бәйһақи риуаят еткен.

        Мұсылман баласына арақ ішілетін орындарда, жиылыстарда отыруға да болмайды. Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне солай бұйырған.

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلَا يَشْرَبْ الْخَمْرَ، مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاَللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلَا يَجْلِسُ عَلَى مَائِدَةٍ يُشْرَبُ عَلَيْهَا الْخَمْرُ«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ.

        Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, арақ ішпесін! Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, арақ ішілетін дастарханның басында отырмасын». Табарани риуаят еткен.

        Арақ – адамдарды адастыру үшін қолданатын шайтанның құралы. Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадис: «Расулалла (с.а.с.) бірде Алланың лағынеті болғыр Ібілістен: «Менің үмбетімнен дос тұтқандарың қанша?» – деп сұрады. Сонда Ібіліс: «Олар он», – деп олардың арасында  арақ ішуші маскүнемді де қосқан.

        Арақ – нәжіс. Шариғаттағы тазалық кітабында арақ-шарап, ішімдік денеге, киімге тисе немесе төгілсе нәжіс деп қабылданады. Қашан жақсылап тазаланғанша ондай киіммен намаз оқуға болмайды.

        Арақтың азы да, көбі де харам. Хадисте: «Мас қылатын нәрсенің азы да, көбі де харам», – делінген.

        Арақты ем ретінде пайдалануға болмайды. Өйткені харам нәрседен шипа болмайды.

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إنَّ اللَّهَ لَنْ يَجْعَلَ شِفَاءَ أُمَّتِي فِيمَا حَرَّمَ عَلَيْهِمْ«.

        Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисте: «Ақиқатында Алла менің үмбетіме харам қылынған нәрселерден шипа жасамайды», – деген.

        Арақ ішкен адамның шариғаттағы жазасы сексен дүре соғу.

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إذَا شَرِبُوا الْخَمْرَ فَاجْلِدُوهُمْ، ثُمَّ إنْ شَرِبُوا فَاجْلِدُوهُمْ، ثُمَّ إنْ شَرِبُوا فَاجْلِدُوهُمْ« . رَوَاهُ وَأَبُو دَاوُد وَابْنُ حِبَّانَ.

        Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Арақ ішкенге дүре соғыңдар, тағы ішсе тағы дүре соғыңдар, сосын тағы ішсе тағы дүре соғыңдар», – деп одан кейін ауыр жазаға лайықты болатындығын айтқан. Әбу Дәуіт пен Ибн Хиббан риуаят еткен хадис.

        Сұрақ: Арақтың қандай зияндары бар?

        Жауап: Жалпы айтқанда, арақтың кем дегенде мынадай елу түрлі зияны бар:

        Арақ – Алла Тағала харам еткен нәрсе. Оны пайдалану Алланың тыйымын бұзып, әміріне қарсы шыққанмен тең.

        Арақ ішкен адам ақыл-есінен айрылады.

        Ысырап. Арақ ішушінің ақшасы да, уақыты да, ақылы да бәрі де харам жолында ысырап болады. Алла Тағала Ағраф сүресінің 31-аятында: «Адал нәрселерді жендер, ішіндер, ысырап етпендер», – деген.

        Досыңды дұшпан етеді. Жақсы көретін жандар жек көріп кетеді.

        Алланың зікірінен, намаздан қалдырады.

        Зинақорлыққа жол ашады.

        Күнәнің басы, басқаларын қозғап шығарады.

        Адамды әйелімен, жанұясымен жанжалдастырып, тез ажыратады.

        Сауап-күнәні жазатын періштелер арақ ішуден қатты азарланады.  

        Арақ ішушіге шариғат бойынша жаза ретінде 80 дүре соғылады.  

        Арақ ішкенге Алланың рахым қақпасы жабылады.

        Қияметте отпен өрілген қамшымен азап беріледі.  

        Арақ ішушінің үйінде тыныштық, береке болмайды.  

        Жұрт алдында абыройы айрандай төгіліп, арсызға айналады.  

        Егер тәубе қылмай өліп кетсе, имансыз кетеді.  

        Шайтанның қатты қуанып, табалауына себеп болады.  

        Арақтың кесапатынан елге апат, пәлекет келеді.  

        Арақтың кесапатынан берекені кетіп, ашаршылық келеді.  

        Арақтың кесапатынан ел арасында бұзғыншылық, үрей көбейеді.  

        Арақ ішкен адамның дұғасы қырық күн қабыл болмайды.  

        Арақты адал деген адам кәпір болады.  

        Арақтың кесапатынан ғалымдардын насихатының әсері болмайды.

        Арақ ішу арқылы иманнан жұрдай болып, үмбеттен шығып қалады.  

        Арақ ішуші арақты қолына алғанда оған періштелер лағынет айтады.  

        Арақ ішуді дағдыға айналдырған адам пұтқа табынушымен тең.  

        Арақ ішкенге Қияметте дене мүшелері куәлік береді.

        Еркектік қабілетті бірте-бірте әлсіретіп, мүлде жояды.

        Арақ ішу ананың ішіндегі сәбиге кері әсер етеді.  

        Арақ көздің нұрын кетіреді.

        Арақ ішушінің тістері де тез түседі. 

        Арақ ішушінің сөзінің, уәдесінің бір пәтуасы да, әсері де болмайды.  

        Арақ ішушінің ғұмыры қысқа болады.  

        Маскүнемдерді өзінің перзенттері де сыйламайды, құрмет тұтпайды.  

        Жан беруі қиын болып, о дүниеде де қатты азап шегеді.

        Қабірде қатты азап шегеді.  

        Араққа беріліп, тәубе жасамаған адам жаннатқа кірмейді.  

        Арақ ішуші өз басына келетін пайда-зиянға немқұрайлы қарайды.  

        Арақ ішуші жанұясына, ел-жұртына, ұлтына, дініне опасыз болады.  

        Қиямет күні жұрт алдында масқара болады.  

        Ұрпағы жарымжан, кемтар, соқыр, сақау, мылқау, ақылсыз, т.б. болады.  

        Арақ ішушінің арақ арқылы тапқан бөтелкелес дос-жарандары еш уақытта опа бермейді, түбінде өзіне қастық ойлап, сатып кетеді.  

        Арақ барша жаман күнәлардың анасы, арақ  ішкеннен кейін басқа да күнәлар туылып, көбейіп кетеді.  

        Арақ ішуші де, қызмет етуші де өте қатты азап шегеді.  

        Арақты сатушы да, сатып алушы да қарғысқа ие болады.  

        Басқа жұрт арақ ішушіге қыз бермейді, қызын да алмайды. Сөйтіп, зияны бала-шағасына да тиеді.

        Арақ ішушіні көрге қойғанда, жүзі құбыладан теріс бұрылып кете береді, бұл арсыздық белгісі.  

        Маскүнемдерге тозақта оттан киім кигізіледі.  Маскүнемдер жан берерде кәлима шәһадатты айта алмайды.  

        Ішкілікке салынғандарға сәлемдесуге болмайды, ауырса жағдайы сұралмайды, сол күйі өлсе жаназасы оқылмайды.  

        Егер арақ ішуші тәубесіне келмей дүниеден озса, қатты азап шегіп, тозақта мәңгі қалады.