Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. Ұрлық жасау үлкен күнә болып саналады ма?
        Ұрлық жасау үлкен күнә болып саналады ма?

        Ұрлық жасау үлкен күнә болып саналады ма?

        С: Ұрлық жасау үлкен күнә болып саналады ма?

        Ж: ҰРЛЫҚ

        Шариғат заңы бойынша ұрлық – ауыр қылмыс. Бұл күнәны істегендерге дүниеде де, ақыретте де ауыр азап бар. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Ұрлық істеген адам иманынан айрылады.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» لَا يَزْنِي الزَّانِي حِينَ يَزْنِي وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَسْرِقُ السَّارِقُ حِينَ يَسْرِقُ وَهُوَ مُؤْمِنٌ، وَلَا يَشْرَبُ الْخَمْرَ حِينَ يَشْرَبُهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ«. رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُد وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес». Бұхари, Мүслім, Әбу Дәуіт, Термези, Нәсәилер риуаят еткен.

        Ұрының шариғаттағы жазасы қолын кесу. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

        ﴿وَالسَّارِقُ وَالسَّارِقَةُ فَاقْطَعُواْ أَيْدِيَهُمَا جَزَاء بِمَا كَسَبَا نَكَالاً مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ﴾

        «Мейлі еркек, мейлі әйел болсын, егер ол ұрлық жасаған болса, олардың қолдарын кесіңдер. Алланың жазасы сол. Алла Үстем һәм Дана» (Мәида, 38).

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لَعَنَ اللَّهُ السَّارِقَ يَسْرِقُ الْبَيْضَةَ فَتُقْطَعُ يَدُهُ وَيَسْرِقُ الْحَبْلَ فَتُقْطَعُ يَدُهُ« . قَالَ الْأَعْمَشُ: كَانُوا يَرَوْنَ أَنَّهُ بَيْضُ الْحَدِيدِ وَالْحَبْلُ كَانُوا يَرَوْنَ أَنَّهُ يُسَاوِي ثَمَنُهُ ثَلَاثَةَ دَرَاهِمَ .

        Алланың елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Алла сауыт ұрлаған ұрыға лағынет айтады һәм оның қолы кесіледі және арқан ұрлағанға да лағынет айтады һәм оның да қолы кесіледі», – деген. Ағмаш атты ғалым: «Сауыт пен арқан сол заманда үш дирхем (яғни, көп сома емес) тұратын», – дейді.

        Осылайша Пайғамбар (с.а.с.) ұрлық қылғанның қолын кесіп жазалауға, ұрының қандай адам болғанына қарамастан, шариғаттағы үкімді әділдікпен орындауға бұйырған.

        Әділдікте Пайғамбардан (с.а.с.) асқан үлгі боларлық тұлға жоқ. Қазір түрлі қоғамдарда әділдіктің сақталмауынан бассыздықтың, азғындықтың, жемқорлықтың алуан түрі кең етек жайған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, бөтенге бөтен көзбен қарап, ал өз жақынына оң көзбен қарап, жарылқайтын жандар кездеседі. Пайғамбардың (с.а.с.) қара қылды қақ жарған әділдігіне куә болу үшін мына хадиске назар аударыңыз.

        عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا أَنَّ قُرَيْشًا أَهَمَّهُمْ شَأْنُ الْمَخْزُومِيَّةِ الَّتِي سَرَقَتْ، فَقَالُوا: مَنْ يُكَلِّمُ فِيهَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالُوا: وَمَنْ يَجْتَرِئُ عَلَيْهِ إلَّا أُسَامَةُ بْنُ زَيْدٍ حِبُّ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَكَلَّمَهُ أُسَامَةُ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا أُسَامَةُ، أَتَشْفَعُ فِي حَدٍّ مِنْ حُدُودِ اللَّهِ تَعَالَى؟ ثُمَّ قَامَ فَخَطَبَ، فَقَالَ: إنَّمَا أَهْلَكَ الَّذِينَ كَانُوا مِنْ قَبْلِكُمْ أَنَّهُمْ كَانُوا إذَا سَرَقَ فِيهِمْ الشَّرِيفُ تَرَكُوهُ، وَإِذَا سَرَقَ فِيهِمْ الضَّعِيفُ أَقَامُوا عَلَيْهِ الْحَدَّ، وَأَيْمُ اللَّهِ لَوْ أَنَّ فَاطِمَةَ بِنْتَ مُحَمَّدٍ سَرَقَتْ لَقَطَعْتُ يَدَهَا .«رَوَاهُ الشَّيْخَانِ وَالْأَرْبَعَةُ.

        Айша анамыздың (р.а.) айтуынша Құрайыш тайпасының көсемдері текті әулет – махзумия руының ұрлық жасап қойған бір әйелі туралы көп ойласады. Бұл істің салдарынан қорыққан олар, әйелді жазадан құтқарудың жолын іздеп, өзара: «Ол туралы Алланың елшісіне кім айтып барады?» – деп кеңеседі. Сонда олар: «Ол туралы батылдықпен айта алатын біреу болса, ол – Алланың елшісінің (с.а.с.) сүйіктісі Усәма ибн Зәйд», – деп соның арашашы қылмаққа келіседі. Келісім бойынша Усәма (р.а.) әйелдің мәселесі туралы Алланың елшісіне (с.а.с.) айтады. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Уа, Усәма! Алла Тағаланың жазасына арашашы болғың келе ме?!» – деп қатты ашуланады. Сосын адамдарды мешітке жинап, алып былай деп жар салады: «Ақиқатында сендерден бұрынғы үмбеттер егер олардың арасында текті адам ұрлық қылса, оны қоя салатын, ал егер бір әлсіз адам ұрлық қылса, оны жазалайтын. Олар сондай істері арқылы жойылып кетті. Алланың атымен ант етемін, егер тіпті, менің қызым – Мұхаммедтің қызы Фатима бір ұрлық қылса, оның да қолы кесіледі!». Бұл хадисті Бұхари, Мүслім және басқа да хадисшілер жеткізген.

        Иә, Пайғамбардан (с.а.с.) ұлық, асылзатты, әділ адам бар ма, сірә? Тіпті, қандай әділ әмірші болса да, Пайғамбардың (с.а.с.) басып өткен ізіне де сай келмес.

        Ұрлық қылған адам егер тәубе жасамаған болса, өлгеннен соң қабір азабын тартады. Ол туралы Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Ол жерде ілмек таяқтың иесін көрдім, оны алқымынан іліп алып отқа тастап жатыр еді. Ол дүние тіршілігінде қажылардың нәрселерін ілмек таяқпен іліп алып ұрлайды екен. Егер біліп қалса, «Ой, ілмегіме ілініп қалыпты», – деп, ал білмесе, алып кете береді екен». Мүслім риуаяты.

        Алла Тағала мұсылмандарға ұрлық қылуға және өз араларында заңсыз түрде пайда табуға, басқаның хағына сұғанақтықпен қол сұғып, қиянат жасауға қатаң түрде тыйым салды. Хақ Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

        ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلاَّ أَن تَكُونَ تِجَارَةً عَن تَرَاضٍ مِّنكُمْ﴾

        «Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді өзара заңсыз түрде жемеңдер, тек өзара разылықпен сауда ретінде жесеңдер болады...» (Ниса, 29).

        Мұндағы заңсыз түрде пайда табу жолдарына өсімқорлық, құмар ойындарынан түсетін түсім, ұрлық, тартып алу, алдап алу сияқты қылмыстар жатады. Мына аятта қоғамды жайлаған жемқорлыққа қатаң тыйым салынады. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ﴾

        «Мал-мүліктеріңді өзара заңсыз түрде жемеңдер, және өздерің күнә екендігін біле тұра, олармен (сол заңсыз пайдамен) адамдардың мал-мүліктерінің бір бөлігін жеу мақсатында соттарды сатып алмаңдар!» (Бақара, 188).

        Ақиқатында кез келген жасырылған нәрсені көретін, бәрінен хабардар Жаратушыдан қорқу ғана, Оған деген сенім ғана түрлі қылмыстарға қарсы тосқауыл бола алады. «Құдайдан қорықпаған адамнан қорық» деген халық нақылы. Қиямет күні барлық қылмыстың, жасырылған жымысқы әрекеттердің беті ашылып, күнәлілер жазаланары хақ. Ол күні ешкім ештеңе де жасыра алмайды.

        Бәрін білуші Алла Тағала мұсылмандарға бұрынғы қауымдардың қылған қылықтары мен қылмыстарын қайталамауға бұйырады. Оларың діни жетекшілерінің қайыр-садақадан түскен қоғамның мал-мүлкін қомағайлықпен асап, күнәһар болғаны сияқты түрлі заңсыз әрекеттерге бармауға шақырады. Бүкіл биліктің Иесі Хақ Тағала былай дейді:

        ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِنَّ كَثِيراً مِّنَ الأَحْبَارِ وَالرُّهْبَانِ لَيَأْكُلُونَ أَمْوَالَ النَّاسِ بِالْبَاطِلِ وَيَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ اللّهِ وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلاَ يُنفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللّهِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ*  يَوْمَ يُحْمَى عَلَيْهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ فَتُكْوَى بِهَا جِبَاهُهُمْ وَجُنوبُهُمْ وَظُهُورُهُمْ هَذَا مَا كَنَزْتُمْ لأَنفُسِكُمْ فَذُوقُواْ مَا كُنتُمْ تَكْنِزُونَ﴾

        «Уа, иман келтіргендер! Шындығында көптеген поптар және монахтар адамдардың малдарын заңсыз түрде жеп, оларды Алланың жолынан адастырады. Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Сол күні (Қиямет күні) алтын мен күмістері жәһәннам отына қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары күйдіріледі де: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін тартыңдар», – делінеді» (Тәубе, 34, 35).

        Шындығында да, «судың да сұрауы бар» дегендей, пенденің әрбір істеген жамандығы да, жақсылығы да Қиямет күні алдынан шығады. Ол күні Құдай Тағаланы ешкім де алдай алмайды. Раббымыз былай дейді:

        ﴿فَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْراً يَرَهُ * وَمَن يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرّاً يَرَهُ

        «Кімде-кім зәренің мысқалындай жақсылық қылса, оны көреді. Кімде-кім зәренің мысқалындай жамандық қылса, оны көреді» (Зілзәлә, 7, 8).

        Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына Алла жолындағы ғазауаттардан түскен олжаларды рұқсатсыз алуға қатаң тыйым салған-ды. Мемлекеттің, қоғамның, жеке адамның мүлкінен ұрлау сондай. Алла Тағала былай деп скертеді:

        ﴿وَمَن يَغْلُلْ يَأْتِ بِمَا غَلَّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ﴾

        «Ал кімде-кім олжаны алып қалса, Қиямет күні сол алып қалған нәрсесімен бірге келеді» (Әли Имран, 161).

        Алланың елшісі (с.а.с.) Алла жолында соғысып өлген, алайда кезінде соғыстан түскен олжадан рұқсатсыз бір шапан алған мұсылманның сол шапаны үшін қабірде азап тартатындығын айтқан. Ол хадис төмендегідей.

        عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ:» اِفْتَتَحْنَا خَيْبَرَ وَلَمْ نَغْنَمْ ذَهَبًا وَلاَ فِضَّةً، إِنَّمَا غَنَمْنَا الْبَقَرَ وَالإِبِلَ وَالْمَتَاعَ وَالْحَوَائِطَ ثُمَّ انْصَرَفْنَا مَعَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى وَادِي القُرَى وَمَعَهُ عَبْدٌ لَهُ يُقَالُ لَهُ مُدْعِمٌ أَهْدَاهُ لَهُ أَحَدُ بَنِي الضَّبَابِ فَبَيْنَمَا هُوَ يَحُطُّ رَحْلَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذْ جَاءَهَ سَهْمٌ عَائِرٌ حَتَّى أَصَابَ ذَلِكَ الْعَبْدَ، فَقَالَ النَّاسُ: هَنِيئًا لَهُ الشَّهَادَةُ، فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَلْ وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ، إِنَّ الشَّمْلَةَ الَّتِي أَصَابَهَا يَوْمَ خَيْبَرٍ مِنَ الْمَغَانِمِ لَمْ تُصِبْهَا الْمَقَاسِمَ لَتَشْتَعِلُ عَلَيْهِ نَارًا، فَجَاءَ رَجُلٌ حِينَ سَمِعَ ذَلِكَ مِنَ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِشِرَاكٍ أَوْ بِشِرَاكَيْنِ، فَقَالَ: هَذَا شَيْءٌ كُنْتُ أَصَبْتُهُ، فَقَالَ رَسُولُ الله صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: شِرَاكٌ أَوْ شِرَاكَانِ مِنْ نَارٍ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ فِي كِتَابِ الْمَغَازِي.

        Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Хайбарды алғанда біз алтын да, күміс те олжаламадық, бар болғаны сиырлар, түйелер, мүліктер, бақтарды олжаладық. Сосын Алланың елшісімен (с.а.с.) бірге әл-Қура аңғарына бардық. Оның (с.а.с.) қасында Мудғим атты құлы болатын. Оны Бәни Даббаб тайпасынан бір кісі Алланың елшісіне (с.а.с.) тарту еткен болатын. Сол құл Алланың елшісінің (с.а.с.) жүгін түсіріп жатқанда кездейсоқ жебе тиіп, өліп кетті. Адамдар: «Оған шәһид болу бұйырыпты», десті. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Жоқ, жаным қолында болған Алланың атымен ант етейін, мұның Хайбар күні әлі бөліске түспеген олжадан алған шапаны (қабірде) оның үстіне от болып жанатын болады», деді. Пайғамбар (с.а.с.) бұл сөзін естіген бір кісі бір-екі аяқ киімнің бауын әкеліп: «Менің алғаным осы еді», деді. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Бір-екі бау да тозақ отында», деді». Бұхари мен Мүслім риуаяты еткен.

        عَنْ أَبِي أُمَامَةَ إِيَاسَ بْنِ ثَعْلَبَةَ الْحَارِثِيّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «مَنِ اقْتَطَعَ حَقَّ امْرِئٍ مُسْلِمٍ بِيَمِينِهِ، فَقَدْ أَوْجَبَ اللهُ لَهُ النَّارَ، وَحَرَّمَ اللهُ عَلَيْهِ الْجَنَّةَ» فَقَالَ رَجُلٌ: وَإِنْ كَانَ شَيْئاً يَسِيراً يَا رَسُولَ اللهِ ؟ فَقَالَ : وَإِنْ كَانَ قَضِيباً مِنْ أَرَاكٍ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

        Әбу Умәмә Ийяс ибн Сағлаба әл-Харисиден (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кімде-кім мұсылман адамның хағын (жалған) антымен бөліп алса Алла оған тамұқты міндеттеп, жұмақты харам етеді». Бір кісі: «Уа, Расулалла! Тіпті, мардымсыз нәрсе болса да ма?» – деп сұрады. Ол (с.а.с.): «Тіпті, арак ағашының бір таяғы болса да», – деді. Мүслім риуаят еткен. Хадистегі арак – мисуак жасалынатын ағаш түрі.

        عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اِتَّقُوا دَعْوَةَ الْمَظْلُومِ فَإِنَّهُ لَيْسَ بَيْنَهَا وَبَيْنَ اللهِ حِجَابٌ». رَوَاهُ أَحْمَدُ وَأَبُو دَاوُدَ.

        Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Зұлымдық көрген (қиянат жасалынған) адамның дұғасынан қорқыңдар! (Яғни, қиянат жасамаңдар!) Өйткені оны мен Алланың арасында ешқандай перде болмайды». Ахмет пен Әбу Дәуіт риуаят еткен.

        Сондықтан да әрбір мұсылманға ризығын адалдан табу парыз. Біреудің хағына қол сұғып, ұрлап, қымқырып заңсыз, арам жолмен мал жеу адамды тозаққа лайықты етеді. Бұл тақырыпта мынадай хадистер бар.

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »طَلَبُ الْحَلَالِ فَرِيضَةٌ بَعْدَ الْفَرَائِضِ«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَالْبَيْهَقِيُّ.

        Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Халал жолмен пайда табу парыздардан кейінгі парыз». Табарани мен Бәйһақи риуаят еткен.

        قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »يَا سَعْدُ أَطِبْ مَطْعَمَك تَكُنْ مُسْتَجَابَ الدَّعْوَةِ، وَاَلَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ، إنَّ الْعَبْدَ لَيَقْذِفُ اللُّقْمَةَ الْحَرَامَ فِي جَوْفِهِ مَا يُتَقَبَّلُ مِنْهُ عَمَلٌ أَرْبَعِينَ يَوْمًا، وَأَيُّمَا عَبْدٍ نَبَتَ لَحْمُهُ مِنْ سُحْتٍ فَالنَّارُ أَوْلَى بِهِ«. رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ.

        Алланың елшісі (с.а.с.) сахабасы Сағыдқа (р.а.) былайша насихат айтқан: «Уа, Сағыд! Тамағыңды жақсы, адал қыл, сонда дұғаң қабыл болады. Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етейін, расында пенде қарнына бір түйір харам нәрсені салса, оның амалы қырық күн бойы қабыл болмайды. Қандайда бір пенденің еті харам нәрседен өссе, ол тозаққа тасталуға лайықты». Табарани риуаят еткен.

        وَفِي صَحِيحِ مُسْلِمٍ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  قَالَ: »يَا أَيُّهَا النَّاسُ، إِنَّ اللَّهَ طَيِّـبٌ، لَا يَقْبَلُ إِلَّا طَيِّـبًا، وَإِنَّ اللَّهَ أَمَرَ المُؤْمِنِينَ بِمَا أَمَرَ بِهِ المُرْسَلِينَ فَقَالَ: ﴿ يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُواْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُواْ صَالِحًا إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ  وَقَالَ: ﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ ﴾، ثُمَّ ذَكَرَ الرَّجُلَ يَطِيلُ السَّفَرَ أَشْعَثَ أَغْبَرَ، يَمُدُّ يَدَهُ إِلَى السَّمَاءِ: »يَا رَبِّ! يَا رَبِّ ! «، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ ، وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ ، وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ ، وَغَذَي بِالحَرَامِ ، فَأََنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ ؟«.

        Мүслімнің Сахихында Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Расулалла (с.а.с.) былай деген: «Уа, адамдар! Шынында Алла жақсы және тек жақсы нәрселерді қабыл алады. Алла пайғамбарларға бұйырғандарды иман келтігендерге де бұйырып былай деген: «Ей, елшілер! Жақсы нәрселерден жеңдер, ізгі істер істеңдер. Мен сендердің не істегендеріңді білушімін» (Мүминун, 51). «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық еткендердің жақсыларынан жеңдер» (Бақара, 172). Сонан соң Расулалла (с.а.с.) алыс жолдан әбден қалжырап шаршаған сақал-шашы өсіп, үсті-басы шаң болған кісінің екі қолын аспанға созып «Ия, Раббым! Ия, Раббым!» деп дұға қылғандығын мысалға келтірді. «Жегені арам. Ішкені арам. Кигені арам. Хараммен қоректендірілген. Қалайша оның дұғасы қабыл болады?».

        Алла Тағала біздерді біреудің хағына қол сұғудан, ала жібін аттаудан сақтасын! Ұрлықпен, харам жолмен пайда тауып жүрген мұсылман бауырларымызға туралық, тауфиқ берсін!