Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Құран ілімдерінің хатқа түсірілуінің кіріспе кезеңі қашан басталды?
        Құран ілімдерінің хатқа түсірілуінің кіріспе кезеңі қашан басталды?

        Құран ілімдерінің хатқа түсірілуінің кіріспе кезеңі қашан басталды?

        С: Құран ілімдерінің хатқа түсірілуінің кіріспе кезеңі қашан басталды?

        Ж: Құран ілімдерінің хатқа түсірілуінің кіріспе кезеңі

        Осман ибн Аффанның (Аллаһ оған разы болсын) халифаттығы тұсында Ислам мемлекетінің шеңбері кеңейіп, мұсылман арабтар Ислам дінін қабылдаған араб тілін білмейтін өзге ұлт өкілдерімен етене араласа бастады. Араб тілін білмейтін мұсылмандар Аллаһтың сөзі Құран Кәрімді үйренуге, оны түсінуге мұқтаж еді. Олардың арасында Құранды қате оқитындар болғандықтан, Осман барша мұсылмандарға арнап әрбір үлкен қалаға бір-бір Құран кітабын жіберді. Османның осы амалы Құран ілімдері ғылымының іргетасы болды деп есептеуге болады.

        Әли ибн Әбу Талиб араб тілін білмейтін мұсылмандар арасынан Құранның мағынасын бұзып оқығандарды байқайды. Ол ойлана келе Құранның тілін сақтау мақсатында Әбу Әсуад әл-Дуалиге араб тілінің негізгі ережелерін түзу ісін тапсырады. Әбу Әсуад әл-Дуали тапсырылған міндетті сәтті орындап, араб тілінің негізгі ережелерін түзіп шығады. Сондықтан бұл кезеңді Құран ілімдері ғылымының хатқа түсірілуінің кіріспе кезеңі деп атауға болады.

        Құран ілімдерінің бірінші ірге тасын қалаған сахабаларға: Әбу Бәкір, Омар ибн әл-Хаттаб, Осман ибн Аффан, Әли ибн Әбу Талиб, Абдуллаһ ибн  Аббас, Абдуллаһ ибн Масғуд, Зәйд ибн Сәбит, Убәй ибн Кағб, Әбу Муса әл-Ашғари және Абдуллаһ ибн әз-Зубәйрлер (Аллаһ оларға разы болсын) кіреді. Олардың ізін Мужаһид ибн Жабр, Ата ибн Ясар, Икрима, Қатада, әл-Хасан әл-Басри, Сағид ибн Жубәйр және Зәйд ибн Әсләм сияқты табиғиндер жалғастырған. Міне, осы сахабалар мен табиғиндер тәпсір ілімінің, насх пен мансухтың, әсбәб ән-нузул (түсу себептері), меккелік және мәдиналық сияқты Құран ілімдерінің маңызды тарауларының ірге тасын қалап кеткен. Мәселен, Мужаһид ибн Жабр (һ.ж. 104 жылы қайтыс болған) өзінің ұстазы Абдуллаһ ибн Аббастың[1] (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) Құран аяттарына жасаған тәпсірлерін жинақтаған. Муқатил ибн Сүлейменнің (һ.ж. 150 жылы қайтыс болған) тәпсір кітабы бар. Сонымен қатар осы кезеңде Құран ілімдерінің жекелеген салаларына қатысты кішігірім еңбектер да жазылған еді. Мысалы, Икрима (һ.ж. 150 жылы қайтыс болған), әл-Хасан әл-Басри (һ.ж. 110 жылы қайтыс болған) меккелік және мәдиналық аяттар туралы жазса, әз-Зуһри (һ.ж. 124 жылы қайтыс болған) менҚатада (һ.ж. 117 жылы қайтыс болған) насх пен мансух туралы жазған. Бірақ бұл кезеңде Құран ілімдеріне қатысты мәліметтер сахабалардан табиғиндерге, табиғиндерден олардың шәкірттеріне көбінесе ауызша жетіп отырды.



        [1]Мұхаммед пайғамбар () Аллаһтан Абдуллаһ ибн Аббасты Құран тәпсірі мен дін білгірі болуын сұрап дұға жасаған. Сондықтан оның жастығына қарамастан Омар ибн әл-Хаттаб онымен Құранға қатысты мәселелерде ақылдасып отырған.