Құран ілімдері ғылымының хатқа түсірілу кезеңі қашан басталған?
С: Құран ілімдері ғылымының хатқа түсірілу кезеңі қашан басталған?
Ж: Құран ілімдері ғылымының хатқа түсірілу кезеңі
Ислам дінінің басқа ғылымдары сияқты Құран ілімі де ұзақ уақыт өтпей-ақ хатқа түсіріліп, жеке ғылым ретінде қалыптаса бастады. Ғалымдардың назары ең алдымен тәпсірге түсті. Себебі тәпсір – барлық діни ғылымдардың негізі. Ал Құран ілімдері тәпсір ғылымымен өте тығыз байланысты. Тәпсір – Құран аяттарының мағынасын зерттейтін ғылым ретінде Құран ілімдерінің бір саласы болып табылады. Сонымен қатар тәпсір ілімінде "Ғариб Құран", "Насх пен мансух", "Әсбәб ән-нузул" сияқты Құран ілімінің саласы болып табылатын тараулар да қамтылады. Өйткені бұл тарауларды білмей тәпсір ғылымын түсіну мүмкін емес. Сондықтан ерте кезде жазылған тәпсір кітаптарын Құран ілімдерінің басты дерек көзі деп есептеуге болады. Шуғба ибн әл-Хажжаж (һ.ж. 160 жылы қайтыс болған), Суфиян ибн Уайнә (һ.ж. 198 жылы қайтыс болған) және Уакиғ ибн әл-Жаррах (һ.ж. 197 жылы қайтыс болған) ең алғаш тәпсір кітаптарының авторлары. Олардың тәпсірлері сахабалар мен тәбиғиндердің Құранға жасаған тәпсірлер жиынтығынан тұратын. Олардан кейін Ислам әлеміне кеңінен тараған және Құран ілімдеріне тікелей қатысы бар мәліметтерді қамтыған имам Ибн Жәрир әт-Табаридің (һ.ж. 310 жылы қайтыс болған), әл-Қуртубидің, Әбу Хайянның, Ибн Кәсирдің және басқа да ғалымдардың өте құнды тәпсірлері жарық көрді. Бұл тәпсірлерді Құран ілімдерінің дамуы кезеңіндегі ірі еңбектерге жатқызуға болады.
Сонымен қатар, бұл кезеңде тек Құран ілімінің жекелеген тарауларына қатысты еңбектерде жарық көре бастады. Мысалы,имам әл-Бұхаридің ұстазы Әли әл-Мәдини (һ.ж. 234 жылы қайтыс болған) "Әсбәб ән-нузул" (аяттардың түсу себебі) туралы жазған. Абидул-Қасим ибн Сәләм (һ.ж. 224 жылы қайтыс болған) "Насих мен мансух" туралы жазған. Бұл екеуі де һижраның үшінші ғасырында өмір сүрген ғалымдар. Әбу Бәкір әс-Сижистәни (һ.ж. 330 жылы қайтыс болған) "Ғариб әл-Құран" туралы жазған.
Егер барлық діни және араб тіліне қатысты ғылымдардың барлығын Құран Кәрім кітабын түсінуге және оған қызмет етуге арналған деп есептейтін болсақ, бұл кезеңде жүздеген еңбектер жарық көрген және олардың барлығы Құран Кәріммен байланысты.