Құран ілімдері терминінің пайда болу кезеңі қашан басталған?
С: Құран ілімдері терминінің пайда болу кезеңі қашан басталған?
Ж: Құран ілімдері терминінің пайда болу кезеңі
Алғаш рет "Улум әл-Құран" (Құран ілімдері) деген терминді Әли ибн Ибраһим әл-Хуфи (һ.ж. 430 жылы қайтыс болған) қолданған. Ол "әл-Бурһан фи улум әл-Құран" деген кітап жазған. Ол кітапта Құран ілімдері қамтитын тақырыптар тәпсір ғылымындағы ретпен, яғни сүре мен аят ретіне қарай беріліп отырған. Сондықан имам әз-Зурқани, Субхи әс-Салих және басқа да ғалымдар ол кітапты Құран ілімдеріне қарағанда тәпсір іліміне арналған кітапқа көбірек жақын деп есептеген.[1]
Құран ілімдері тақырыптарын ғана қамтыған арнайы кітаптар осы кезеңде жазыла бастады. Мысалы, әл-Харис ибн әл-Мухасибидің (һ.ж. 243 жылы қайтыс болған) "Фаһм әл-Құран" кітабы, Ибн әл-Жәузидің (һ.ж. 597 жылы қайтыс болған) "Фунун әл-әфнән фи улум әл-Құран" және "әл-Мужтәбә фи улум татағаллақу бил-Құран" кітаптары, Әбу Шәмә әл-Мақдисидің (һ.ж. 665 жылы қайтыс болған) "әл-Муршид әл-уажиз илә улум татағаллақу бил-Китәб әл-азиз" кітабы.
Осы кезеңде Құран іліміне арналған, кейінгі кітаптарға негізгі дерек көзі болған көптеген кітаптар жарыққа шықты. Мысалы, имам Бәдруддин әз-Зәркәшидің (һ.ж. 794 жылы қайтыс болған) "әл-Бурһан фи улум әл-Құран" кітабы мен имам Жәләлуддин әс-Суютидің (һ.ж. 911 жылы қайтыс болған) "әл-Итқан фи улум әл-Құран" кітабы.[2] Имам әс-Суютидің "Итқанынан" кейін бұл кезеңде Құран ілімдеріне арналған үлкен еңбек шыққан жоқ.