Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Құран Кәрім кітабының анықтамасы қандай?
        Құран Кәрім кітабының анықтамасы қандай?

        Құран Кәрім кітабының анықтамасы қандай?

        С: Құран Кәрім кітабының анықтамасы қандай?

        Ж: Құран Кәрім кітабының анықтамасы

        "Құран" сөзі араб тілінде "оқылған" деген мағынада қолданылған. Мұсылмандар Аллаһтың кітабы Құран Кәрімді көп оқитын болғандықтан, ол кітап "Құран" деп аталып кеткен.[1]"Құран" сөзінің түпкі мағынасы туралы басқа да пікірлер бар. Ол пікірлер туралы үлкен Құран ілімдеріне арналған кітаптардан оқуға болады.

        Ал "Құран" сөзініңтерминдік мағынасына тоқталсақ,ғұламалар Құран Кәрім кітабына әртүрлі анықтамалар бергенімен, олардың жалпы мағыналары бірдей және олар тек сөздердің реті мен Құранның кейбір сипаттарын анықтамаға қосу не қоспаумен ғана ерекшеленеді. Біз осы анықтамалардың ішіндегі ең кең тараған және Құран Кәрімнің басты сипаттарын қамтыған анықтаманы ғана береміз.

        Құран – Аллаһ тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) муғжиза етіп түсірген, оқылуымен құлшылық етілетін, бізге мутауатир жолмен жеткен сөзі.[2]

        Енді осы анықтаманы талдасақ.

        1. Аллаһ тағаланың ... сөзі. Яғни  Құран Кәрім періштелердің, жындардың, адамдардың, тіпті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) да сөзі емес. Ол – тек Аллаһтың сөзі.

        2. Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.)түсірген. Аллаһ тағала Мұхаммед пайғамбарға(с.ғ.с.) дейін өмір сүрген Дәуіт пайғамбарға Забурды, Мұса пайғамбарға Тауратты, Иса пайғамбарға Інжілді және басқа да пайғамбарларға кітаптар түсірген және олар да Аллаһтың сөзі болып табылады. Ал Құран – Аллаһ тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) түсірген кітабы. Сондықтан Аллаһ тағаланың басқа пайғамбарларына түсірген кітаптарын Құран деп атауға болмайды.

        3. Оқылуымен құлшылық етілетін. Біз намазда және басқа да құлшылық барысында Құран аяттарын құлшылық мақсатында оқимыз. Себебі Құранның сөздері мен олардың мағыналары тек Аллаһтікі болып табылады. Сондықтан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.)хадистерін намазда Құранның орнына оқи алмаймыз.

        4. Муғжиза. Аллаһ тағала адам баласына жіберген әрбір пайғамбарға адамдар алдында өзінің пайғамбар екендігін дәлелдейтін, басқа адамдардың қолынан келмейтін және адамдардың санасында табиғат заңдарына бағынбайтын бір керемет істерді береді. Осы керемет істер "муғжиза" деп аталады. Мысалы, Аллаһ тағала Сүлеймен пайғамбарға барша жаратылыстың тілін түсіну, жел мен жындарды басқару муғжизасын берген. Мұса пайғамбарға аса таяғын жыланға айналдыру, қолын қойнына салғанда аппақ болып кететін керемет муғжиза берсе, Иса пайғамбарға адамдарды кез келген аурудан емдей алатын емшілік қасиет пен адамдарды қайта тірілту муғжизасын берген. Ал Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) айды екіге бөлу, саусақтарының арасынан судың шығуы, жеген тағамына берекенің даруы секілді көптеген муғжизалар берген. Бірақ Аллаһ тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.)берген ең үлкен муғжизасы – Құран Кәрім кітабы. Аллаһ тағала Құран Кәрім кітабының тілін керемет етіп, арабтар ғана емес, өзге тілді халықтардың да жүректерін жаулап алатын қасиет берген және бұл кітапқа ақырет күніне дейін басқа кітаптар секілді өзгертулер кіргізуді мүмкін емес еткен.

        5. Бізге мутауатир жолмен жеткен. Мутауатир –жүздеген әділ әрі өтірік айтпайтын сенімді адамдардың бір хабарды бірдей етіп өзгертпестен, басқаларға жеткізуі. Мұндай жолмен жеткен хабардың өтірік болуы мүмкін емес. Құран Кәрім кітабын Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Жәбірейіл періштеден алғаннан кейін өзінің мыңдаған сахабаларына жеткізген, ал сахабаларыболсаөздерінен сан есе көп шәкірттеріне үйреткен. Міне, Құран Кәрім кітабы жазылуымен қатар ауызша, жатқа ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға мыңдаған қарилардың жүректерінде жаттаулы күйінде,ешбір әрпі өзгерместен бізге жетті және осылайша бізден кейінгі ұрпаққа да жете бермек.

         


        [1]Мусағид ибн Сүлеймен ибн Насир әт-Тайиар. Әл-Мухаррар фи улум әл-Құран. 23-бет.

        [2]Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани. Манаһил әл-Ирфан фи улум әл-Құран. І том, 33-бет., Маннағ әл-Қаттан. Мабахис фи улум әл-Құран. 16-бет., Субхи әс-Салих. Мабахис фи улум әл-Құран. 21-бет.