Құран Кәрімнің атаулары мен сипаттары қандай?
С: Құран Кәрімнің атаулары мен сипаттары қандай?
Ж: Құран Кәрімнің атаулары мен сипаттары
Алла тағала Құран Кәрім кітабын көптеген атаурлармен атаған. Солардың ішінде кеңтараған бірнеше атаулары бар:
1. Құран. Алла тағала:
"Расында, осы Құран ең тура жолға салады. Әрі ізгі істер істеген мүміндерді зор сауаппен сүйіншілейді", – деген[1]. Құран – Алланың Мұхаммедке түсірген кітабының ең танымал атауы. Бірақ Құран Кәрім кітабының бұдан өзге де танымал аттары бар.
2. Кітап. Алла тағала:
"Сендерге ішіндеөздеріңе үгіт бар Кітапты түсірдік. Сонда да түсінбейсіңдер ме?" – деген[2]. Араб тілінде "кітап" сөзі "жазылып жинақталған"деген мағынаны береді. Яғни қазақ тіліндегі мағынасымен үндес келеді.
3. Фурқан. Алла тағала:
"Әлемдерге ескертуші болуы үшін құлына Фурқанды түсірген (Алла)өте берекелі", – деген[3]. Араб тілінде "фурқан" сөзі "ажырату", "бөлу" деген мағыналарды береді. Жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажырататын кітап, яғни Құран "Фурқан" (Ажыратушы) деп аталады.
4. Зикр (Зікір). Алла тағала:
"Расында, Зікірді Біз түсірдік және оны Біз қорғаймыз", – деген[4]. "Зикр" сөзі араб тілінде "еске алу", "үгіт" және"құрмет" (шараф) деген мағыналарды береді. Тағы бір аятта Алла тағала:
"Бұл – мүбарак Зікір, оны Біз түсірдік. Сендер оған қарсы келушілерсіңдер ме?" – деген.[5] Яғни адамдарға Құдайға құлшылық етуді, тура жолды, ақыретті, шындықты ескертіп отыратын жолбастар Құран кітабы "Зікір" (Еске салушы) деп те аталады.
5. Тәнзил (Түсірілген). Алла тағала:
"Расында, ол – әлемдердің Раббысының Тәнзилі",– деген.[6] "Тәнзил" сөзі араб тілінен қазақ тіліне "түсірілген" деп аударылады. Ендеше бұл атаудан "Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) алып келген бұл сөздері – Алланың түсірген кітабы" деген ұғым шығады.
Осы ең танымал атаулардың ішіндегі "Құран" мен "Кітап" атаулары басқаларына қарағанда көбірек тараған. Мысырлық ғалым д.Мұхаммед Абдуллаһ Драз: "Бұл кітаптың "Құран" деп аталуында оның тілмен оқылатындығы, "Кітап" деп аталуында қаламмен жазылғандығы ескерілген", – деген.[7]
Құранның осы екі атауы оның адамдардың көкіректерінде жатталу және қағаздардың беттерінде жазылу арқылы мәңгіге сақталатындығын көрсетеді.
Құран Кәрім кітабының атауларымен қатар көптеген сипаттары да бар. Оларды ғалымдар Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінен жинақтаған. Кейбір ғалымдар Құранның жүздеген сипаттарын жинақтаған. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ. Мысалы,
1. Нұр. Алла тағала:
"Ей, адамдар! Сендерге Раббыларыңнан анық дәлел келді және сендерге ашық нұрды түсірдік",– деген.[8]
2-3-4-5. Һуда (дұрыс жол), Шифа (шипа), Рахма (мейірімділік), Мауғиза (уағыз, үгіт). Құран Кәрімнің сипаттары төмендегі аятта қамтылған.
"Ей, адамдар! Сендерге Раббыларыңнан мауғиза (үгіт, уағыз), көкіректердегіге шипа, һуда (тура жол) және мүміндер үшін рахма (мейірімділік) келді".[9]
Құранның осы аталғандардан басқа да мубарак (берекелі), мубин (анық), бушра (сүйінші), азиз (күшті, қуатты), мажид (ұлық), башир (сүйінші хабар жеткізуші), назир (ескертуші) секілді көптеген сипаттары бар. Бұл атаулардың барлығы Құран Кәрімде және Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде келген.
Құран Кәрімнің атаулары мен сипаттары оның белгілі бір мағынасын қамтиды.
[1]"Исра" сүресі, 9-аят.
[2]"Әнбия" сүресі, 10-аят.
[3]"Фурқан" сүресі, 1-аят.
[4]"Хижр" сүресі, 9-аят.
[5]"Әнбия" сүресі, 10-аят.
[6]"Шуғара" сүресі, 192-аят.
[7]Маннағ әл-Қаттан. Мабахис фи улум әл-Құран. 16-бет.
[8]"Ниса" сүресі, 174-аят.
[9]"Юнус" сүресі, 57-аят.