Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Құран мен хадис қудсидің және хадис нәбәуидің айырмашылығы қандай?
        Құран мен хадис қудсидің және хадис нәбәуидің айырмашылығы қандай?

        Құран мен хадис қудсидің және хадис нәбәуидің айырмашылығы қандай?

        Бізге Құранды да, хадисті де жеткізген Мұхаммед пайғамбар () екендігін білеміз. Сонда Мұхаммед пайғамбардың () аузынан шыққан сөздің қайсысы Құран, қайсысы оның өз сөзі, яғни хадисі екендігін қалай ажыратамыз? Ол үшін Құранның анықтамасын білгеніміздей хадистің де анықтамасын білуге тиіспіз. Сонда ғана ол екеуінің  айырмашылығын ажырата білетін боламыз.

        Құранның анықтамасы мен талдауына алдыңғы тақырыпта кеңінен тоқталдық. Енді Құран мен хадисті айыра білуіміз үшін хадистің анықтамасын беріп, оған талдау жасауымыз керек.

        "Хадис" сөзі араб тілінде "жаңа" және "әңгіме" деген мағыналарды береді. Хадис нәбәуи және қудси болып екіге бөлінеді.

        Шариғат бойыншанәбәуи хадис дегеніміз – Мұхаммед пайғамбарға () телінген сөз, іс және оның () құптаған амалдары.[1]"Нәбәуи" сөзі араб тілінен аударғанда "пайғамбарлық" деген мағына береді. Яғни бұл айтылған сөз не жасалған амал мен құпталған келісімнің түбі тек Пайғамбарға () ғана барып тіреледі және оларды Пайғамбар () басқа біреуге телімейді.

        Бұл анықтаманы талдасақ:

        1. Мұхаммед пайғамбар (). Яғни одан басқа адамдардың сөздері мен іс-әрекеттері және құптаған амалдары хадис деп есептелмейді екен. Сахабалардың (Алла оларға разы болсын) сөздерін кейде шартты түрде хадис деп те атайды. Хадистің түрлері жайлы үлкен хадис ілімдері кітаптарынан оқуға болады.

        2.  Мұхаммед пайғамбардың () айтқан сөзіне мысал ретінде "Амалдар ниетіне қарай. Әрбір адамға ниет еткені нәсіп болады"[2], "Ғылым талап ету – әрбір мұсылманға міндет"[3],  "Өзіне жақсы көргенді өз бауырына да жақсы көрмейінше ешкім (толық) иман келтірмейді"[4] деген сөздерін келтіруге болады.

        3. Мұхаммед пайғамбардың () істеген амалдарына мысал ретінде оның() намазды қалай оқығандығын, қажылықты қалай өтегендігін баяндайтын хадистер мен жылдам жүретіндігін, анық әрі асықпай сөйлейтіндігін, алғашқы болып амандасатындығын, адамдарға күлімсірей мейіріммен қарайтындығын, яғни оның түр-келбеті мен мінез-құлқын баяндайтын хадистерді келтіруге болады.

        4. Мұхаммед пайғамбардың () құптаған амалдарына мысал ретінде төмендегі оқиғаны келтіруге болады. Бірде бір топ сахабаларсапарға шығып, жолда бір ауылға келіп түседі. Бірақ ол ауылдың адамдары сахабаларға қонақжайлық танытпай, оларға дастархан жаймайды. Сөйтіп сахабалар ауылдың сыртына түнеуге мәжбүр болады. Сол түні әлгі ауылдың бір беделді басшыларының бірінбір жәндік шағып алып, ем таппай қиналады. Ауыл тұрғындары сахабалардан көмек сұрап келеді. Сонда сахабалар оларға "егер біз оны емдеп берсек, бізге емнің ақысын бересіңдер" деп шарт қояды. Олар сахабалардың осы шартына келіседі. Сахабалардың бірі әлгі науқасқа "Фатиха" сүресін оқып, дем салып жазады. Ауыл тұрғындары уәделерінде тұрып, сахабаларға бірнеше қойды емнің ақысы үшін береді. Сахабалар ол қойларды Пайғамбарға () айдап келіп, одан өз істерінің дұрыс я бұрыстығын сұрайды. Сонда Алланың елшісі () олардың істеген істерін құптап, олардың дұрыс шешім қабылдағандықтарын айтады және адамдар бұл істің дұрыс екендігіне күмәнданбас үшін, өзіне ол қойлардан үлес берулерін өтінеді.[5]

         


        [1]Мұхаммед Жәмәлуддин әл-Қасими. Қауағид әт-тахдис. 61-бет.

        [2]Әл-Бұхари, Муслим және басқа да мухаддис ғалымдар Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен.

        [3]Имам Ибн Мәжәһ және әт-Табарани "әл-Муғжәм әл-уаситта" Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) риуаят еткен.

        [4]Әл-Бұхари, Муслим және басқа да мухаддис ғалымдар Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) риуаят еткен..

        [5]Бұл қиссаның жалпы мағынасы, ал түпнұсқасы Сахих әл-Бұхариде Абдуллаһ ибн Аббастан және Сахих Муслимде Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етілген.