Уахидің пайғамбарларға берілу жолдары қалай болған?
Уахидің пайғамбарларға берілу жолдары
Уахидің анықтамасымен, лексикалық және терминдік мағыналарымен танысқаннан соң, пайғамбарларға уахидің қандай жолдармен жеткізілгені талдану керек. Уахи Алла елшілеріне үш жол арқылы берілетін болған.
Алла Тағала: "Адам баласына Алла тек уахи (яғни ұйқыда көрген аян), перденің артынан (тіл қату) арқылы немесе елші жіберіп, ол (елші)Оның(яғни Алланың) рұқсатымен Оның(Алланың) қалағанын уахи ету арқылы тіл қатады. Расында, Ол өте биік, Дана", – деген.[1] Осы аятта уахидің үш түрі де қамтылған. Олар:
1. Ұйықтап жатқанда аян беру арқылы.
2. Перденің артынан тіл қату арқылы.
3. Періште арқылы.
1. Ұйықтап жатқанда аян беру арқылы.
Алла Тағала ешқандай дәнекерсіз, ұйықтап жатқанда аян түс арқылы немесе ояу кезде хижабтың (перденің) артынан тіл қату арқылы уахиын жеткізетін. Пайғамбарлардың көрген түстері аян, иләһи шындық ретінде қабылданады. Себебі, Ибраһим пайғамбар өзінің ұлы Исмаилды ұйықтап жатқанда көрген түсіне сүйеніп, құрбандыққа шалуды іске асырмақшы болған. Сонда Алла Тағала оның иләһи бұйрықты дұрыс түсініп, екі етпестен іске асыруға кіріскенін көріп, оған сый ретінде құрбандыққа ұлын емес, көктен түсірілген қошқарды шалуды бұйырған. Бұл қисса туралы Құран Кәрімде "Саффат" сүресінің 101-122 аяттарында баяндалған. Сондықтан пайғамбарлардың ұйқыда көрген түстерін иләһи аян, яғни уахи деп қабылдау қажет.
Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарды(ﷺ)елші етіп таңдағанда, ең алдымен көрген түстерініңдәл келуі арқылы рухани дайындап алған. Ол туралы Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген: "Оған (ﷺ) ең алғаш уахи ұйқыда жатқанда анық түс күйінде басталды. Сонда оның (ﷺ) көрген түстері таңның атқанындай дәл келетін", – деген.[2] Бұл ояу кезінде уахиді қабылдау үшін Алла елшісін (ﷺ) дайындау болатын.
2. Перденің артынан тіл қату. Бұл періштелердің қатысуынсыз, пайғамбардың ояу кезінде берілетін уахи. Уахидің бұл түрі Мұса пайғамбарға берілгені Құранда анық айтылған.
Алла Тағала: "Мұса Біздің белгілі уәдемізде келіп, Раббысы оған тіл қатты. (Сонда) ол: "Маған көрін, Саған қарайын", – деді", –деген.[3]Екінші бір аятта
Алла Тағала: "Алла Мұсаға тіл қатты", – деген.[4]
Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға да (ﷺ) Исра мен Миғраж түні перденің артынан тіл қатқан. Ол туралы "Исра" сүресінде баяндалған.
3. Періште арқылы. Пайғамбарларға Алланың уахиын жеткізу – Жәбірейіл періштенің міндеті. Алла Тағала Құран Кәрім кітабын Мұхаммед пайғамбарға толығымен Жәбірейіл періште арқылы уахи еткен. Сондықтан Құран ілімдерінде уахидің бұл жолын зерттеу өте маңызды тақырып болып табылады.
Жәбірейіл періште Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) уахиді екі түрлі жағдайда жеткізетін болған. Олар:
1. Қоңыраудың шырылы секілді, Алла елшісіне өте ауыр халде келуі. Күшті дауыс адамның барлық зейінін өзіне аудартып, келе жатқан хабарды бар көңілімен қабылдауға әсер етеді. Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) уахи осылайша қоңыраудың қатты шырылы сияқты дауыста келгенде бар ойын жинақтай отырып, оны есте сақтау және түсіну үшін дайындалатын. Бұл дауыс төмендегі хадисте келген періштенің қанатының дауысы болуы немесе періштенің өзінің дауысы болуы да мүмкін. Алла елшісі (ﷺ): "Егер Алла көкте бұйрық шығарса, періштелер Оның сөзіне мойынсынғандарын білдіріп қанаттарын қағады...", – деген.[5]
2. Періште адамның кейпіне еніп, Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ)келеді. Бірақ бұл періштенің адамға айналып кетуін білдірмейді. Тек періште өз бейнесін адамның бейнесіне өзгертеді, алайда өз табиғатын, жаратылысын өзгертпейді. Себебі періштелердің жаратылыстарында оларға басқа бейнелерге ену қабілеті берілген. Уахидің бұлай келуі пайғамбар үшін алдыңғы жағдайға қарағанда жеңіл тиеді. Себебі бірінші жағдайда нұрдан жаратылған періште мен топырақтан жаратылған пайғамбардың (ﷺ)арасында байланыс орнайды. Ондай жағдай пайғамбарға(ﷺ) ауыр соғады. Сондықтан уахи осылай келгендеол қатты терлеп, қысылып кететін-ді. Ал адам бейнесінде келген періштемен байланысқа түсу Пайғамбарға(ﷺ)жеңілірекболатын еді.
Алланың уахиін жеткізуші Жәбірейіл періште мен Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ)арасындағы уахиді жеткізу жолының аталған екі жағдайы да Айша анамыз (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте қамтылған. Ол хадисте Харис ибн Һишам (Алла оған разы болсын) Алла елшісінен (ﷺ): "Уа, Алланың елшісі! Саған уахи қалай келеді?" – деп сұраған да, Алла елшісі (ﷺ): "Кейде уахи маған қоңыраудың шырылы сияқты келеді және бұл уахи маған ауыр тиеді. Менен ажырағанда, оның (яғни періштенің) не айтқанын ұғып аламын. Кейде періште маған адам бейнесінде көрінеді де, тіл қатады. Сонда оның не айтып жатқанын ұғып аламын", – деген.[6]
Уахидің түсуіне қатысты Айша анамыз (Алла оған разы болсын) риуаят еткен тағы бір хадисте Пайғамбардың уахиді қабылдауы төмендегіше сипатталған. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): "Мен оған (яғни Мұхаммед пайғамбардың) қатты суық күні уахи түскенін көрдім. Сонда одан ажыраған кезде оның маңдайынан тер сорғалап аққанын көрдім", – деген.[7]
[1]"Шура" сүресі, 51-аят.
[2]Әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен.
[3]"Ағраф" сүресі, 143-аят.
[4]"Ниса" сүресі, 164-аят.
[5]Әбу Һурайрадан әл-Бұхари мен әт-Тирмизи риуаят еткен.
[6]Айшадан әл-Бұхари, Муслим және басқа да мухаддистер риуаят еткен.
[7]Айшадан әл-Бұхари риуаят еткен.