Меккелік және мәдиналық аяттарды білудің қандай пайдалары бар?
Меккелік
және мәдиналық аяттарды білудің пайдалары:
1.
Насих пен мансухты ажырату.[1] Құран
Кәрімде бір тақырыпта екі не одан да көп аяттар келсе
және сол аяттардың біріндегі үкім екіншісіндегі үкімге
қарама-қарсы мағынада болса, сол аяттардың біріндегі
үкімнің күші жойылғандығын білдіреді. Егер
бұл аяттардың меккелік не мәдиналық екендігін білетін
болсақ, мәдиналық аяттар меккелік аяттардан кейін
түскендіктен,мәдиналық аяттың меккелік аятта келген
үкімнің күшін жойғандығын білеміз.
2.
Ислам шариғатының тарихы және шариғаттың сатылай дамуы
туралы жалпы түсініктіқалыптастырады. Меккелік және
мәдиналық аяттарға тән ортақ мағыналармен
танысқан адам Ислам дінінің адамдарды қалай
тәрбиелейтінін, олардың рухани әлемін иләһи
үкімдерді қабылдауға дайындау тәсілдерін
үйренеді.
3.
Меккелік және мәдиналық аяттарды үйрену
мұсылмандардың Құран Кәрім кітабына
қаншалықты мән беріп, оны терең зерттегендігін
көрсетеді. Тіпті, олар аяттарды түсу уақытына байланысты
һижраға дейін, һижрадан кейін, сапарда болғанда,
тұрғылықты болғанда, күндіз түскен,
түнде түскен, жазда түскен, қыста түскен деп те
топтастырған. Мұсылмандар Құрандағы әрбір
сүрені, әрбір аятты, тіпті әрбір сөз бен әріпті
жіті қадағалап, олардың түскен уақыттары мен
жерлерін, оқылу жолдарын, грамматикалық талдауларын назардан тыс
қалдырған емес. Бұл өз кезегінде
Құранға деген сенімділікті күшейтеді, оның
өзгертулер мен түзетулерден таза екендігін дәлелдейді.
Осындай терең зерттеулерден кейін, Құранға әлдекімнің
бір сөз қосуы не одан бір сөзді жасыруы мүмкін
емес,тіпті мұндай әрекетке барғанның өзінде де
ондай адамның арамза пиғылы әшкере болып,
масқараға ұшырайды.
4.
Құран Кәрім сүрелері мен аяттарының меккелік не
мәдиналық екендігін білу оларға тәпсір жасап,
мағыналарын ашқан кезде, оларды дұрыс түсіндіруге
көмектеседі.
5.
Құран Кәрім сүрелері мен аяттарының меккелік не
мәдиналық екендігін білу Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) сирасын, яғни өмірбаянын түсінуге
көмектеседі. Уахидің түсу уақыты мен мекенін зерттей
отырып, Алла елшісінің (ﷺ)
өмірбаянынның өзін тарихи кезеңдерге бөлуге
болады. Осы арқылы Меккеде орын алған оқиғалармен
Мәдинада болған оқиғалар арасындағы
ұқсастықтар мен айырмашылықтарды зерттеуге болады.
Ендеше, Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өмірбаянына
қатысты ең бірінші дерек көз Құран Кәрім
болып табылмақ.
[1]Насих
– алғашқы үкімді жоюшы, мансух –үкімі жойылған.