Қабірді зиярат ету қандай амалдар қатарына жатады?
С: Қабірді зиярат ету қандай амалдар қатарына жатады?
Ж: Қабірді зиярат ету
Қабірді зиярат ету төл мазһабымыз – Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы бойынша ерлерге де, әйелдерге де мәндүб, яғни жағымды амал.
Алланың елшісі (с.а.с.) әрбір жылдың басында Ухуд шайқасында шәһид болған сахабаларының қорымына келіп: «Дүниедегі сабырлықтарың үшін сендерге сәлем болсын! Ақырғы жайларың неткен жақсы!» – дейтін.
Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) Бақиғ қорымын да зиярат етіп: «Сәлем сендерге, уа, мүмін қауым жұрты! Біздер де, Алла қаласа, сіздерге қосылармыз. Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін», – дейтін.
عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كُنْتُ نَهَيْتُكُمْ عَنْ زِيَارَةِ القُبُورِ فَزُورُوهَا». رَواهُ مُسلِمٌ.
Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Ал енді оны зиярат ете беріңдер». Мүслім риуаяты. Басқа риуаятта: «Өйткені ол зиярат ақыретті еске түсіреді», – делінген.
وَرَوَى مُسْلِمٌ فِي صَحِيحِهِ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: زَارَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَبْرَ أُمِّهِ، فَبَكَى وَأَبْكَى مَنْ حَوْلَهُ، ثُمَّ قَالَ: «إِنّي اسْتَأْذَنْتُ رَبِّي عَزَّ وَجَلَّ أَنْ أَسْتَغْفِرَ لَهَا، فَلَمْ يَأْذَنْ لِي، وَاسْتَأْذَنْتُهُ فِي أَنْ أَزُورَ قَبْرَهَا، فَأَذِنَ لِي، فَزُورُواْ الْقُبُورَ، فَإِنَّهَا تُذَكَّرُكُمُ الْمَوْتَ».
Мүслімнің Сахихында Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында былай делінген: «Алланың елшісі (с.а.с.) анасының қабірін зиярат етіп, жылады, қасындағыларды да жылатты. Сосын былай деді: «Ұлы һәм даңқты Раббымнан оған (анама) жарылқау тілеуге рұқсат сұрап едім, рұқсат бермеді. Оның қабірін зиярат етуіме рұқсат сұрап едім рұқсат етті. Қабірлерді зиярат етіңдер. Расында ол өлімді естеріңе түсіреді».