Бірінші және соңғы түскен сүрелер мен аяттар қандай?
Бірінші және соңғы түскен сүрелер мен аяттар
Құран Кәрімде ең бірінші түскен аятқа қатысты ғалымдар арасында төрт түрлі көзқарас бар. Олар:
1. Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) ең алғаш "Ғалақ" сүресінің алғашқы бес аятын уахи етіп түсірген.
«Сондай жаратқан Раббыңның есімімен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса Ардақты! Ол қаламмен үйреткен. Адамзатқа білмегенін үйреткен». Оған имам әл-Бұхаридің "Сахих хадистер жинағындағы" бұл оқиғағақатысты Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген сахих хадис дәлел. Хадисте оқиға желісі төмендегідей өрбіген:
Мүміндердің анасы[1] Айшадан (Алла оған разы болсын). Ол былай деген: «Алланың елшісіне (ﷺ) уахи ұйқыда ақиқат түс көруден[2] басталды және көрген түсі таң шапағындай анық келетін. Содан кейін оған оңашалық ұнамды боп қалды. Отбасын сағынғанға дейін жалғыз өзі Хира үңгірінде[3]үздіксіз бірнеше түн (Аллаға) құлшылық ғибадат жасайтын. Сол үшін өзімен бірге азық алып кететін. Сосын Хадишаға[4]қайта соғып, тағы да сол үшін[5] азық-ауқат қамдап алатын. Хира үңгірінде оған ақиқат келгенге дейін (осылай жалғасты). Оған періште келіп: «Оқы!» – дейді. (Алла елшісі (ﷺ)): «Мен хат танымаймын!» – деп жауап береді. (Пайғамбар (ﷺ)): «Сол кезде ол мені ұстап, бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын мені босатып: «Оқы!» – деді. Мен: «Хат танымаймын!» – дедім. Ол мені екінші рет ұстап, тағы да бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын босатып: «Оқы!» – деді. Мен: «Хат танымаймын!» – дедім. Ол үшінші мәрте ұстап, бұлқынғанымша тынысымды қысты. Сосын қоя берді де: «Сондай жаратқан Раббыңның есімімен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса Ардақты!»[6] –
деді», – деп айтты».
(Айша(Алла оған разы болсын) айтады): «Содан кейін Алла елшісі (ﷺ) жүрегі дірілдеп Хадиша бинт Хуайлидтің алдына кіре сала: «Мені орап тастаңдар, мені орап тастаңдар!» – дейді. Олар оны қорқынышы басылғанша орап қояды. Сонан соң Хадишаға: «Мен өзіме қатысты қорқып қалдым»[7],
– деп, болған уақиғадан хабардар етеді. Сонда Хадиша: «Жоқ, олай емес. Алламен ант етемін! Алла сені ешқашан қор қылмайды, өйткені сен туыстармен жақсы қатынасасың, қорғансызды сүйейсің, жоқ-жітікке қарайласасың, қонақты сыйлайсың және өзгелердің құқығының сақталуына жәрдем етесің», – деп (жауап береді).
Бұдан соң Хадиша оны өзінің немере ағасы Уарақа ибн Нәуфәл ибн Әсәд ибн Абдул-Ғұззаға ертіп барады. Ол жәһилият[8] дәуірінде христиан дінін қабылдаған кісі еді. Көне еврей тілінде жаза алатын, Алла қалағанша Інжілден көне еврей тіліне жазатын. Қартайған, көз жанарынан айрылған шал еді. Хадиша оған: «Уа, көкемнің ұлы! Туысыңның баласын тыңда», – дейді. Уарақа: «Ей, туысымның ұлы! Не көрдің?» – дейді. Алла елшісі (ﷺ) көргенін айтып береді. Сонда Уарақа: «Бұл – Алла Мұсаға (аләйһис-сәләм) жіберген періште – Намус. Шіркін, жас болғанымда ғой! Қауымың сені (елден) қуып шығарар кезде тірі болсам еді!» – дейді. Алла елшісі (ﷺ): «Олар мені қуып шығара ма?» – деп сұрайды. (Уарақа): «Иә, қашанда сен әкелген секілді нәрсемен келген кісіге дұшпандық жасалған. Егер сол күнге дейін тірі болсам, саған зор жәрдем беремін», – депті. Бірақ уахи кешікті де, көп уақыт өтпей Уарақа дүние салды».
Осы хадисте Алла Тағаланың Мұхаммед пайғамбарға ең алғаш "Ғалақ" сүресінің алғашқы аяттарын уахи еткендігі анық айтылған. Оған қоса, бұл хадистің мағынасын қуаттай түсетін хадистерді имам ән-Нәйсабури "Әл-Мустадрак" кітабында және имам әл-Бәйһақи "Дәләил ән-нубууа" кітабында Айша анамыздан (Алла оған разы болсын), имам әт-Табарани "Әл-Муғжәм әл-кәбир" кітабында Әбу Мусадан (Алла оған разы болсын) риуаят еткен. Сондықтан ғалымдар осы пікірді ұстанады әрі бұл ең дұрыс пікір болып табылады.
2. Екінші бір ғалымдардың пікірінше, Құраннан ең бірінші түскен –"Муддассир" сүресі. Бұл пікірді қоштаушылар имам әл-Бухари мен Муслим риуаят еткен хадистерге сүйенеді. Ол хадисте Әбу Сәләмә ибн Абдур-Рахман деген кісі Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла оған разы болсын): "Құранның қайсысы бірінші түсті?" – деп сұраған. Сонда Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын): ""Ей, бүркенуші"",[9]–
деп жауап берген. Әбу Сәләмә ибн Абдур-Рахман: ""Раббыңның атымен оқы"[10] емес пе?" – деп сұраған. Ал Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын): "Сендерге бізге Алланың елшісі (ﷺ) нені айтса соны айтамын. Алла елшісі (ﷺ): "Мен Хираға[11]бір ай көрші болдым. Көршілігім аяқталғаннан кейін, төмен түстім. Бір еңес ішінде кетіп бара жатқанымда кенеттен мені шақырған бір дауысты естідім де, алдыма, артыма, оң жағыма, сол жағыма қарадым. Содан кейін аспанға қарадым. Сөйтсем ол (яғни Жәбірейіл) аспан мен жер арасындағы тақта отыр екен. Мен қорқып кетіп, Хадижаға келдім де, оларға өзімді бүркеп тастауға бұйырдым. Сонда маған Алла Тағала "Ей, бүркенуші!" дегенді түсірді", – деген", – дейді.
Бұл хадис сахих болғанымен, біз қарастырып отырған мәселеге қатысы жоқ. Себебі бұл сүре алғашқы уахи түскеннен кейін біршама уақыт өткеннен кейінгі уахиге қатысты айтылған. Себебі имам әл-Бұхари мен Муслим келтірген екінші риуаятта ол анық айтылған. Онда: Жәбир ибн Абдуллаһ әл-Ансариден (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол уахидің кешіккенін әңгімелей отырып, (Пайғамбардың (ﷺ)): «(Бір күні) жүріп бара жатып, кенеттен аспаннан бір дауыс естідім. Жоғарыға көз салсам, Хирада келген періште аспан мен жер аралығындағы бір тақта отыр екен. Мен одан қорқып кетіп (үйге) оралдым да: «Мені орап тастаңдар, мені орап тастаңдар!» – дедім. Сол кезде Алла Тағала: «Ей, бүркенген! Тұр енді!(Адамдарға) ескерт! Раббыңды ұлықта! Киіміңді тазала! Лас істерді[12]аулақтат!»[13](деген аяттарды) түсірді. Осыдан кейін уахи көбейіп, үздіксіз жалғасты», – дегенін айтқан.Бұл риуаятта Мұхаммед пайғамбардың Жәбірейіл періштені Хира үңгірінде көргендігі анық айтылған. Сондықтан бұл сүре Құраннан бірінші түскен болып есептелмейді.
3. Үшінші бір ғалымдардың пікірінше, Құраннан ең алғаш "Фатиха" сүресі түскен. Бұл пікірді қолдайтындар имам әл-Бәйһақидің "Дәләил ән-нубууа" деген кітабындағы Амр ибн Шурахбилден риуаят етілген хадиске сүйенген. Ол хадисте уахидің келу қиссасы былайша баяндалған. Алла елшісі (ﷺ) Хадижаға (Алла оған разы болсын): "Мен жалғыз қалдым. Сонда шақырып жатқан бір дауысты естідім де "Бұл бір іс болмасын" деп өзім үшін қорықтым", – деген. Хадижа: "Алла сақтасын. Алла саған жамандық жасамайды. Сен аманатқа қиянат жасамайсың, туыстық қатынасты үзбейсің, жалған сөйлемейсің", – дейді. Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) кірген кезде оған Пайғамбардың(ﷺ)әңгімесін жеткізеді және: "Мұхаммедпен (ﷺ) бірге Уарақаға бар", – дейді. Сонда Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) мен Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Уарақаға келіп, оған болған оқиғаны айтып береді. Мұхаммед пайғамбар (ﷺ): "Жалғыз қалғанымда артымнан "Ей, Мұхаммед! Ей, Мұхаммед!" деп шақырған бір дауысты естідім де көкжиеккеқарата қаша жөнелдім", – деді. Уарақа: "Олай жасама. Егер ол келсе, оның не айтқанын естігенше бекем бол. Сосын маған келіп, не айтқанын хабарла", – деді. Содан Пайғамбар (ﷺ) жалғыз қалғанда, оны "Ей, Мұхаммед!" деп шақырып: "Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим. Әл-Хамду лилләһи Раббил ъаләмин... уә ләд-даллин" деп", – айт", – деген. Бірақ бұл хадис біз айтып отырған әңгімеге дәлел бола алмайды. Оның екі уәжді себебі бар. Біріншіден, бұл хадисте Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) Хира үңгірінде алғаш рет "Фатиха" сүресін естігендігі айтылмаған. Оған қоса, хадисте Пайғамбардың (ﷺ)"Фатиха" сүресін Уарақаға жолыққаннан кейін естігендігі анық айтылған. Ал Алланың елшісі (ﷺ) Уарақаға Жәбірейілмен алғаш жолыққаннан кейін, яғни бірінші уахи түсіп қойғаннан кейін жолыққандығы басқа хадистерде айқын айтылған. Екіншіден, бұл хадистің сәнәдінен[14] сахаба түсіп қалған. Сондықтан Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген жоғарыдағы хадиске қарағанда әлсіз әрі сенімсіз болып табылады. Бұл пікірді муфассир ғалымдардың арасынан тек әз-Замахшари мен бірнеше ғалымдар ғана қолдаған.
4. Енді бір ғалымдардың пікірінше, ең алғаш "Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим" аяты түскен. Оған имам әл-Уахидидің"Әсбәб ән-нузул" кітабында Икрима мен Хасаннан риуаят еткен хадисі дәлел. Бірақ бұл пікірді де екі түрлі дәлелмен жоққа шығарылады.Бірінші, бұл пікірді қолдайтындар келтірген хадис те, алдыңғы пікірде келген хадис сияқты мурсал хадис болып табылады. Себебі ол хадистің сәнәдінен сахаба түсіп қалған. Сондықтан сахих хадиспен салыстырғанда дәлел болуға жарамайды. Екінші, "Бәсмәлә" әрбір сүренің басында келетін аят болғандықтан, оны бірінші түскен аят деп есептеуге келмейді.
Құраннан ең соңғы уахи етілген аятқа қатысты да ғалымдар арасында бірнеше көзқарас бар. Олар:
1. Өсімқорлықтың (риба) кез келген түріне толығымен тыйым салған "Бақара" сүресінің 287-ші аяты.
«Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және мүмін болсаңдар, өсімнен[15] қалғанды тастаңдар (алмаңдар)». Бұл туралы имам әл-Бұхари Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте айтылған.
2. Имам ән-Нәсәи Абдуллаһ ибн Аббас пен Сағид ибн Жубайрдан (Алла оларға разы болсын) риуаят еткен хадисте Құраннан ең соңғы түскен "Бақара" сүресінің 281-аяты деп келген.
Ол аятта Алла Тағала: "Аллаға қайтарылатын сосын әркімнің еңбегі өзіне кемітілмей толық берілетін әрі олар зұлымдыққа ұшырамайдыкүннен қорқыңдар", – деген.
3. Сағид ибн әл-Мусаябтан риуаят етілген хабарда "оған (яғни Сағид ибн әл-Мусаябқа) Құраннан ең соңғы түскен аяты "Қарыз аяты"[16] екендігі жеткен" деп келген.[17]
Бірақ ғалымдар "Бұл риуаяттар бір-біріне қарама-қарсы мағынада емес, бірін-бірі толықтырады. Олар Құран Кәрім кітабындағы ретімен түскен. Себебі бұл аяттардың барлығы бір қиссаға қатысты түскен. Ал осы хабарларды бізге жеткізген рауилер соңғы түскен аяттардың бірін ғана айтқан" деген тұжырымға келген.
4. Имам Муслим Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте "Ең соңғы рет Алла елшісіне (ﷺ)"Егер Алланың жәрдемі мен жеңісі келсе"[18] деген сүре түскен" деп келген. Яғни бұл – толық сүре ретінде Құраннан соңғы түскен сүре. Бірақ бұл сүреден кейін басқа сүрелердің аяттары да түскен. Абдуллаһ ибн Аббас пен Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оларға разы болсын) бұл сүреге қатысты"Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) қайтыс болатындығын білдіретін сүре" деп тәпсір жасаған.
Құран Кәрімнің ең соңғы түскен аятына немесе сүресіне қатысты осы аталған пікірлерден басқа да бірнеше пікірлер болғанымен, олардың барлығы белгілі бір тақырыпқа немесе оқиғаға қатысты түскен соңғы аят яки сүре ретінде түсіндіріледі.
Ғалымдар ең бірінші және ең соңғы аяттарды зерттеумен қатар, тақырыпқа қатысты ең алғаш және ең соңғы түскен аяттарды да зерттеген. Мысалы, тағамға, сусынға қатысты бірінші түскен аят, үйленуге, мирасқа қатысты түскен соңғы аят.
Құран Кәрімнен бірінші және соңғы түскен аяттарды білу насих және мансух аяттарды білуге, сахабалардың және олардан кейін келген мұсылмандардың Құранға қаншалықты көңіл бөлгендігін түсінуге көмектеседі.
[1]Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) әйелдері (Алла оларға разы болсын) барша мұсылмандардың аналары болып есептеледі.
[2]Бұл жерде ақиқаттығына ешқандай күмән тумайтын түс туралы айтылған.
[3]Бұл – Жәбәл Нұр деп аталатын Меккедегі таудың басындағы үңгір.
[4]Хадиша бинт Хуайлид (Алла оған разы болсын) – Пайғамбарымыздың (ﷺ) бірінші әйелі.
[5]Яғни оңашада ғибадат ету үшін.
[6]«Ғалақ» сүресі, 1-3-аяттар.
[7]Яғни маған бірер залал тимесе жарар еді деп қорықтым.
[8]Жәһилият – надандық, Араб түбегіндегі Исламнан бұрынғы пұтқа табыну дәуіріне қатысты қолданылады.
[9]Яғни "Муддассир" сүресі.
[10]Яғни "Алақ" сүресі
[11]Хира – Мекке қаласының шетінде орналасқан Нур тауындағы Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) ең алғаш уахи түскен үңгір.
[12]Яғни пұттарды.
[13]«Муддәссир» сүресі, 1-5-аяттар.
[14]Сәнәд – хадисті риуаят еткен адамдардың тізбегі.
[15]Яғни қарызға берген ақшадан алар пайыздан.
[16]"Бақара" сүресінің 282-аяты. Бұл аятта адамдар арасындағы қарызға беру мен алудың үкімдері толығымен жазылғандықтан, ол "Қарыз аяты" деп аталады. Ол – Құран Кәрімдегі ең ұзақ аят.
[17]Абдур-Рахман ибн Мухаммад әл-Қумаш. Әл-Хауи фи тафсир әл-Қуран әл-кәрим. 2009. 268-бет.
[18]"Наср" сүресі.