Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Құран сүрелері мен аяттарының түсу себебін білудің қандай пайдалары бар?
        Құран сүрелері мен аяттарының түсу себебін білудің қандай пайдалары бар?

        Құран сүрелері мен аяттарының түсу себебін білудің қандай пайдалары бар?

        "Әсбәб ән-нузулді"(Құран сүрелері мен аяттарының түсу себебі) білудің пайдалары

        Кейбір дінді, шариғатты түсінбеген немесе түсінгісі келмейтін адамдар:""Әсбәб ән-нузул" өтіп кеткен тарихи оқиғалардан сыр шертетін болғандықтан, оған аса мән беріп, арнайы зерттеулер жүргізудің қажеті жоқ", деп есептейді. Бірақ бұлқате түсінік. Себебі Құран аяттарын терең түсіну үшін "Әсбәб ән-нузулді" білудің маңыздылығы өте жоғары. Осы маңыздылықты ескере отырып, бұл тараудың бірнеше пайдаларына талдасақ.

        1. Алла Тағаланың нақты бір аятты не сүрені түсірудегі даналығын, хикметін түсіну. Мүмін адам Құран аяттарының түсу себебін үйренгенде имамы күшейіп, беки түседі. Ал шындықты іздеген мұсылман емес адам Алла Тағаланың адамзаттың пайдасы үшін, олардың бұл дүниедегі істерінің тура әрі шариғатқа сай болуы үшін оларға нұсқаушы, жол көрсетуші аяттар түсіргендігіне көзі жеткенде иманға келуі мүмкін. Мысалы, Алла Тағала адам баласының денсаулығына зиянды, қоғамның ілгері дамуына қауіп төндіретін  арақ атаулы ащы суларды біртіндеп, олардан аз-аздан алшақтата отырып тыйым салған. Себебі Ислам діні келгенге дейін арабтар арақ-шарап сияқты адамды масайтатын ащы сусындарды өте көп ішетін еді. Оларға арақты бірден харам ету тым ауыр соғатындықтан Алла Тағала алдымен арақ пен шараптың пайдасынан зияны көп екендігін баян етіп, уахи түсірген.

        Алла Тағала"Сенен арақ пен құмар жайлы сұрайды. "Ол екеуінде үлкен күнә және адамдарға пайда барын, ол екеуінің күнәсінің пайдасынан үлкен екенін" айт", – деген.[1] Осы аят түскеннен кейін көптеген мұсылмандар арақ-шарап ішуді азайтқан.

        Арада біршама уақыт өтіп, адамдар масайтатын сусындарды ішуді азайта бастағанда Алла Тағала мас күйі намазға тұруға тыйым салады.

        Алла Тағала"Ей, иман келтіргендер! Намазға не айтқандарыңды білмейінше, мас күйлеріңде жақындамаңдар", – деп[2] бұйырады. Бұл аят түскенде мұсылмандарға күніне бес уақыт намаз оқу міндеттеліп қойған болатын. Алланың әміріне бойсұнатын мүміндер үшін бұл аятты орындау, оған бағыну қиындық тудырмады және оларға ішімдік ішетін уақытта қысқартылған болатын. Себебі бес уақыт намаздың аралары бір-біріне жақын. Бұл аралықта араққа тойып алып, мас күйінде намазға келуге тыйым салынып тасталды. Алладан осындай әмір келгеннен кейін арақ ішетін адамдар тіпті азая бастады. Бұрын арақты үзбей ішетіндер өздеріне шектеу қойды.

        Осылайша, мұсылмандар қоғамында араққа, ішімдікке деген сұраныс күрт төмендеді. Мұсылмандар арақсыз, ішімдіксіз күн кешуге дағдылана бастады. Сол уақытта Алла Тағала арақ атаулыға мүлдем тыйым салды, яғни оны ішуге, сатуға, өндіруге, тасуға, тіпті біреу үшін сатып алу мен тасымалдауға да қатаң тыйым салынды.

        Алла Тағала"Ей, иман келтіргендер! Расында арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтарнәжіс, шайтанның амалынан.(Сондықтан) оған жоламаңдар, мүмкін сендер құтыларсыңдар"[3] деген аят түсірді. Міне, осы аяттың түсуімен адамды масайтатын кез келген ішімдік түріне қиямет күніне дейін тыйым салынды.

        Араққа қатысты Құран аяттарының осылайша кезең-кезеңмен түскендігін білмейтін адамдар оны "бір-біріне қарама-қайшы мағынада келген" деп Құраннан мін тапқансуы мүмкін. Бірақ бұлоның тек қана білімсіздігінің дәлелі. Сондықтан Құран аяттарының түсу себебін білу ақиқатты іздеген кез келген жан үшін өте маңызды әрі пайдалы.

        2. Әсбәб ән-нузулді білу аяттың мазмұнын түсінуге және күдікті сейілтуге көмектеседі. Әсбәб ән-нузулді терең зерттеген имам әл-Уахиди: "Аяттың түсу себебін білмей, оның қиссасына тоқталмай оған тәпсір жасау мүмкін емес", – десе, Ибн Дақиқ әл-Ид: "Түсу себебінің баянын білуҚұран мағыналарын түсінудегі күшті жол", – деген.[4] Мысалы:

        Алла Тағала"Шығыс пен батыс та Аллатыкі(Сондықтан) қайда бет бұрсаңдарда Алланың дидары (разылығы)сонда. Расында, Алла өте Кең әрі аса Білгір", – деген[5]. Осы аяттың сыртқы мағынасынан"намаздың парыз, сүннет не нәпіл екендігіне және тұрғылықты кезде және сапарда болғандығына қарамастан кез келген бағытқа қарап намаз оқуға болады, намаз оқығанда құбылаға қарау міндет емес" деген түсінік туады. Бірақ бұл аят құбыланың қай тарапта екендігін білмей, сапарда нәпіл намазын оқыған жолаушыларға және құбыланы анықтауда қателескен адамдарға жеңілдік болу үшін түскен болатын. Сондықтан сапардан басқа уақытта мүмкіндік болса, кез келген намазды құбылаға қарап оқу міндет күйінде қалады.Оған төмендегі екі хадис дәлел болады.

        Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Бұл аят кез келген бағытта кетіп бара жатқан көлік үстіндегі жолаушың намазына қатысты түскен", – деген.[6]

        Амир ибн Рабиға (Алла оған разы болсын): "Бір қараңғы түні Пайғамбармен () бірге сапарда болдық. (Сол кезде) құбыланың қайда екенін біле алмадық та, әркім өзінің тұрған жағына (алдына) қарап намаз оқыды. Таң атқаннан кейін оны Пайғамбарға () жеткіздік. Сонда (Қайда жүздеріңді бұрсаңдар Алланың жүзі сол жақта)(Бақара, 115) деген аят түсті", – деген.[7]

        Маруан ибн әл-Хәкәм "Әл Имран" сүресіндегі

        "Әкелгендері үшін қуанатындарды және істемегендері үшін мақтауды жақсы көретіндердіесепке алма. Оларды азаптан құтылады деп әсте ойлама(Өйткені) оларға күйзелтуші азап бар"[8] деген аятты оқығаннан кейін: "Егер өзіне келгенге қуанатын және өзі істемегені үшін мақтау естуді қалайтын әрбір адам азапталушы болса, онда барлығымыз азапқа душар боламыз ғой" деп аяттың мәнін терең түсіне алмай жүргенде, Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) оған бұл аяттың кітап иелеріне қатысты түскендігін түсіндіреді. Бірде Мұхаммед пайғамбар () кітап иелерінен бір нәрсе жайлы сұрайды. Сонда олар шындықты жасырып, Алла елшісіне () жалған хабар береді және сол айтқандары үшін өздерін мақтауды қалайды. Сонда Алла Тағала елшісіне () олардың арам пиғылдарын әшкере етіп, осы аятты түсіреді. Маруан ибн әл-Хәкәм аяттың түсу себебін білгеннен кейін ғана оның мақсатын түсінеді.

        Міне, аяттың түсу себебін білу оның мәнін толық әрі дұрыс түсінуге көмектесетіндігіне жоғарыдағы екі мысалдан-ақ анық көз жеткізуге болады.

        3. Аятта келген үкімді шектеулі деген ойдан арылу. Яғни аяттың сыртқы мағынасы, онда келген үкімнің шектеулі екендігіне дәлел болғанымен, ондағы үкім сол аятта келген амалдарға ғана қатысты емес, сонымен қатар басқа да амалдарды қамтуы мүмкін.

        4.Аяттар мен сүрелердің түсу себебін білу оларды оңай жаттауға, тез түсінуге де көмектеседі. Өйткені себеп пен салдарды, болған оқиғалардың үкімдерін, оқиға орын алған жерлер мен уақытты, сол оқиғаға қатысты адамдарды білу адамның миында ұзақ сақталады және тез есіне түсіруге пайдасын тигізеді.


        [1]"Бақара" сүресі, 219-аят.

        [2]"Ниса" сүресі, 43-аят.

        [3]"Мәидә" сүресі, 90-аят.

        [4]Имам Жәләлуддин әс-Суюти. Итқан фи улум әл-Құран. Баспаға әзірлеген Мұхаммед Әбу әл-Фадл Ибраһим. Каир, әл-Һәйә әл-мысрия әл-амма лил-китәб. 1974. І-том, 108-бет.

        [5]"Бақара" сүресі, 115-аят.

        [6]Имам Муслим риуаят еткен.

        [7]Имам әт-Тирмизи мен Ибн Мәжәһ риуаят еткен. Бұл хадис құбыланың қай жақта екендігін нақтылай алмаған кезде көңіліне басым түскен жаққа қарата намаз оқылатындығына және ол намазды қайта оқудың қажет еместігіне дәлел болады. Имам әт-Табарани риуаят еткен хадисте Муғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын): "Бұлтты күні сапарда болғанымызда құбыладан басқа жаққа қарата намаз оқып қойыппыз. Күн шыққаннан кейін өзіміздің қателескенімізді білгеннен кейін болған істі Алла елшісіне () жеткіздік. Сонда ол ()"Сендердің намаздарың бүкіл құқығымен (яғни шарттарымен) Аллаға көтерілді", – деп жауап берді", – деген.

        [8]"Әлі Имран" сүресі, 188-аят.