Бірнеше аяттың бір түсу себебі болатын жағдай кездеседі ма?
Бірнеше аяттың бір түсу себебі болатын жағдай
Бір аяттың бірнеше түсуі себебі болатыны секілді екі не оданда көп аяттың бір ғана түсу себебі болуы әбден мүмкін.
Екі аяттың бір түсу себебіне мысал ретінде Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Ибн Жарир әт-Табари мен әт-Табарани риуаят еткен хадис пен Хаким ән-Нәйсабури мен Ахмад риуаят еткен хадисті келтіруге болады.
Ибн Жарир әт-Табари мен әт-Табарани риуаят еткен хадисте Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Алла елшісі (ﷺ) ағаштың саясын көлеңкелеп отырғанда: "Сендерге шайтанның көзімен қарайтын бір адам келеді. Ол келсе оған тіл қатпаңдар", – деді. Көп кешікпей көк көзді бір адам көрінді. Оны Алланың елшісі (ﷺ) шақырып: "Сен және жолдастарың мені неге балағаттайсыңдар?" – деді. Әлгі адам кетіп қалды да,жолдастарын ертіп келді. Сөйтіп оларды кешіргенше Алламен ант ішіп, өздерінің балағаттамағандықтарын айтып ақталды. Сонда Алла Тағала "Олар: "Айтпадық", – деп Алламен ант ішеді. Бірақ олар күпір сөзін айтты әрі Исламға келгеннен кейін (қайта) кәпір болды және қолдары жетпеген нәрсеге ой салды..." деген "Тәубе сүресінің аяттарын түсірді", [1] –
деген.
Осы хадистің Имам Ахмад пен Хаким келтірген риуаятында"Әлгі адамдар Алла елшісі (ﷺ) оларды кешіргенше, Алламен ант ішіп, өздерінің балағаттамағандықтарын айтып ақталғаннан кейін Алла Тағала"Алла олардың барлығын қайта тірілткен күні сендерге ант ішкендері сияқты Оған да[2] ант ішеді. Расында, олар оны пайдалы деп есептейді. Алайда, дәл солар – өтірікшілер. Шайтаннан олардан үстем келіп, Аллаты еске алуды ұмыттырды. Солар – шайтанның одақтастары. Расында, шайтанның – одақтастары құрдымға кетушілер" деген аяттарды түсірді"[3] деп келген.
Бұл екі риуаяттан Алла елшісінің(ﷺ) заманында төмендегі оқиғаның орын алғанын білеміз. Екі жүзді мұнафықтар Мұхаммед пайғамбарды (ﷺ) оның сыртынан балағаттап, тіл тигізіп жүргендігін Алла Тағала пайғамбарына (ﷺ) білдірген. Сонда Алланың елшісі (ﷺ) өзінің сыртынан балағаттап жүрген екіжүзді адамдары жинап алып, олардан істің мән-жайын сұрайды. Сонда олар өздерінің ондай іске бармағандықтарын айтып, Алламен ант етіп ақталады. Осыдан кейін Пайғамбар (ﷺ) оларды кешіреді. Сонда Алла Тағала олардың өтіріктерін әшкере етіп, екі аят түсіреді. Оның бірі "Тәубе" сүресінде келсе, екіншісі "Мужәдәлә" сүресінде келеді.
Екіден де көп аят түскен себепке мысал ретінде төмендегі риуаяттарда келген оқиғаны мысалға келтірелік:
Имам әт-Тирмизи мен Хаким риуаят еткен хадисте "Умму Сәләмә (Алла оған разы болсын): "Уа, Алланың елшісі! Алланың һижраға қатысты әйел адамдарды айтқанын естімедім?" – дейді. Сонда Алла Тағала "Раббылары: "Мен сендерден ер немесе әйелдің амалын зая етпеймін. Бір-біріңненсіңдер.Қоныс аударып, үйлерінен шығарылғандар, Алла жолында азапталғандар және соғысып мерт болғандар (Мен) олардың жаманшылықтарын міндетті түрде кешіремін және Алладан сауап ретінде астарын өзендер ағып жатқан жаннаттарға кіргіземін. Жақсы сауап – Алла құзырында" деп оларға жауап берді"[4] деген аятты түсірді" деп келген.
Хаким риуаят еткен екінші хадисте Умму Сәләмә (Алла оған разы болсын): "Уа, Алланың елшісі! Ер кісілер туралы айтылады, ал әйел адамдар туралы айтылмайды?" – деп сұрадым", – дейді. Сонда "Расында, ер мұсылмандар мен әйел мұсылмандар..."[5] және " Раббылары: "Раббылары: "Мен сендерден ер немесе әйелдің амалын зая етпеймін..." деген аяттар түсірілді.
Имам Ахмад, әт-Тирмизи және Хаким риуаят еткен үшінші хадисте Умму Сәләмә (Алла оған разы болсын): "Уа, Алланың елшісі! Ер кісілер ғазауатқа (шайқасқа) шығады, ал әйел адамдар шықпайды және бізге мұраның жартысы ғана?" – деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: "Алла біреулеріңді екіншілерінен артық еткенді көксемеңдер"[6] және "Расында, ер мұсылмандар мен әйел мұсылмандар..."[7] деген аяттарды түсірді" деп келген.
Осы хадистерде Алла Тағала Умму Сәләмәнің Пайғамбарға (ﷺ) қойған сауалына қатысты үш аят түсірген.Бұл бірнеше аяттың бір түсу себебі болатын жағдайға анық мысал болады.
[1]"Тәубе" сүресі, 74-аят.
[2]Яғни Аллаға да өздерінің балағаттамағандықтарын айтып ант ішеді.
[3]"Мужәдәлә" сүресі, 18-19-аяттар.
[4]"Әлі Имран" сүресі, 195-аят.
[5]"Ахзаб" сүресі, 35-аят. Аяттың толық мәтінінде "Расында, ер мұсылмандар мен әйел мұсылмандар, мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бойсұнушы ерлер мен бойсұнушы әйелдер, шыншыл ерлер мен шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер мен сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер мен ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер мен садақа беруші әйелдер, ораза тұтушы ерлер мен ораза тұтушы әйелдер, ұятты жерлерін қорғаушы ерлер мен әйелдер, Алла бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі " деп келген.
[6]"Ниса" сүресі, 32-аят.
[7]"Ахзаб" сүресі, 35-аят.