Құран Кәрімнің түсуі қалай болған?
Құран Кәрімнің түсуі (Нузул әл-Құран)
Ислам ғылымдарындағы, әсіресе Құран ілімдері ғылымының ең маңызды тақырыптарының бірі – Құранның түсуі. Себебі Құранның түсуі – оған "Алланың сөзі" деп, Мұхаммедті "Алланың пайғамбары" деп, Исламды "хақ дін" деп иман келтірудің негізгі ұстыны.
Алла Тағала Құран Кәрімде:
"Оны[1] шындықпен түсірдік және ол шындықпен түсті. Біз сені тек сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп қана жібердік",[2] –
деген.
Мұсылмандар осы аяттың және онымен мағыналас аяттардың негізінде "Құран Кәрім – Алланың Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) түсірген сөзі" деп иман келтіреді.
Алла Тағала Құран Кәрімді Өзі түсірген басқа кітаптар мен парақтардан үш түсумен ерекшелеген. Олар:
1. Құранның Ләух махфузға[3] түсуі. Алла Тағала бүкіл жаратылыс атаулысын жаратуды қалағанда, олардың қияметке дейінгі тағдырын Ләух махфузға жазған. Сол жазылған тағдырлардың арасында Құран Кәрім де бар.Оған Алла Тағаланың:
"Бірақ ол – данқты Құран. Ләух махфузда сақтаулы"[4] деген сөзі дәлел. Алла Тағаланың Құранды алдымен Ләух махфузға түсіруіндегі даналық әлем жаратылғаннан бастап қияметке дейінгі болатын барлық жаратылыстың тағдырын қамтыған Ләух махфуздың жаратылысымен байланысты. Ғалымдар "Құран Кәрім Ләух махфузға толықтай бір рет түскен немесе жазылған" деп есептейді. Біз Құранның бұл түсуінің жолын да, уақытын да білмейміз және біле де алмаймыз. Өйткені бұл – ақиқатын Алладан басқа ешкім білмейтін ғайыптар ғылымына жатады, оны білу бізден талап та етілмейді және білмегеніміз үшін жауапқа да тартылмаймыз. Адам өмірінде душар болған кез келген келеңсіз оқиғаның оның тағдырына әу баста Ләух махфузда жазылғанын білгенде және барша жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екендігіне иман келтіргенде, ол ешқандай психологиялық күйзелістерге жол бермей, Алланың жазған тағдырына разы болып, Одан артының қайырлы болуын сұрайды. Бұл адамның әртүрлі ауруларға ұшырамауына көмектеседі.
2. Құран Кәрімнің екінші түсуі. Құран Кәрім екінші рет Ләух махфуздан дүние көгіндегі Бәйт әл-иззаға[5] түскен. Оған төмендегі аяттар мен хадистерді дәлел ретінде келтіруге болады.
"Біз оны берекелі түнде түсірдік. Расында,Біз ескертуші едік".[6]
"Біз оны қадір түнінде түсірдік".[7]
"Адамдарға тура жол және һидаят пен ажыратушыдан баян ретінде Құран түсірілген рамазан айы".[8]
Осы үш аятта да Құран Кәрімнің рамазан айындағы берекелі қадір түні түсірілгендігі баяндалған. Ал төмендегі риуаяттарда оның дүние аспанындағы Бәйт әл-иззаға түскендігі айтылады. Осы риуаяттардан соң жоғарыдағы аяттарда келген Құранның түсуін дүние аспанындағы Бәйт әл-иззаға бір рет түскенін түсінеміз.
1. Имам ән-Нәсәи мен Хаким ән-Нәйсәбури жеткізген риуаятта Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Құран Зікірден[9] ажыратылып, дүние аспанындағы Бәйт әл-иззаға қойылды. Содан кейін Жәбірейіл оны Пайғамбарға (ﷺ) түсіре бастады және мураттал[10] етіп оқыды", – деген.[11]
2. Имам ән-Нәсәи мен Хаким ән-Нәйсәбури жеткізген екінші риуаятта Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Құран дүние аспанына қадір түні тұтастай бір рет түсірілді. Одан кейін жиырма жыл бойы түсіп отырды" – деді. Сосын:
"(Олар) саған бір мысал келтірсе, Біз саған ақиқатты және көркем түсінікті әкелеміз"[12]және
"Және Құранды адамдарға тоқтап-тоқтап оқуың үшін бөлдік және оны аз-аздап түсірдік"[13]деген аяттарды оқыған.[14]
3. Имам ән-Нәсәи мен Хаким ән-Нәйсәбури жеткізген үшінші риуаятта Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Құран қадір түні дүние аспанына тобымен бір рет түсірілді, ол жұлдыздардың орындарында болатын. Алла оны елшісіне (ﷺ) бірінен кейін бірін түсіріп отырды", – деген.
4. Имам әл-Бәйһақи Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен тағы бір хадисте Құран Кәрімнің алдымен дүние аспанына қадір түнінде бір рет түсіріліп, сосын әртүрлі айларда бөлек-бөлек түсіріліп отырғандығы баяндалған.
Бұл хадистердің барлығы Ибн Аббастан риуаят етілгенімен, оған Алла елшісінен (ﷺ)риуаят етілген хадистердің үкімі беріледі. Себебі бұл хадистер қамтыған мағына Ибн Аббастың өз ойынан айтатын хабарларға жатпайды. Имам әс-Суюти осы тақырыпқа қатысты Ибн Аббастан риуаят етілген хадистердің барлығын "сахих" деп есептеген.
Ғалымдар бұл түсудегі даналықты (хикметті) Құранды түсірушінің абыройымен, Құран ісінің маңыздылығымен және оны жеті қат аспан тұрғындарына "Құран Кәрім Алланың соңғы елшісіне түсірген соңғы кітабы екендігін және ол өзге аспаннан түсірілген кітаптар секілді тұтастай бір рет емес, бірнеше рет түсуімен де ерекшеленетінін" хабарлаумен байланыстырған.
Құран сүрелері мен аяттарының бөлек-бөлек алдымен Ләух махфузға, сосын Бәйт әл-иззаға, одан кейін жиырмадан астам жыл бойы көптеген жерлерлерде Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) жүрегіне түсуі Құранға деген күмәнді жоюға, оған деген иманның артып, сенімнің күшеюіне септігін тигізеді.
3. Құранның үшінші түсуі. Құран бұл жолы алғашқы екі түсудегідей бірден емес, Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) Жәбірейіл періште арқылы жиырма үш жыл бойы біртіндеп, бөлек-бөлек түсіріліп отырған. Құран ілімдері ғылымында бұл түсу "тәнжим" деп аталады. Ол Құран аяттарының түсуі жұлдыздардың бөлек-бөлек жарқырап түсуіне теңеу ретінде қолданылған. Құран Кәрім аяттарының Алла елшісіне (ﷺ)бөлек-бөлек түсуіне төмендегі аяттар дәлел болады.
"Және Құранды адамдарға тоқтап-тоқтап оқуың үшін бөлдік және оны аз-аздап түсірдік"[15] деген аятты оқыған.[16]
Алла Тағала:"Кәпір болғандар: "Егер оған Құран бір рет тобымен түсірілгенде", – дейді. Осылайша[17] сенің жүрегіңді онымен бекітуіміз(орнына түсіруіміз) үшін және оны мураттәл[18] етіп оқыдық", – деген.
Яһудилер мен мүшріктер: "Құран неге басқа аспаннан түскен кітаптар секілді тобымен бір рет түспейді?" – деп Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) Құранның бөлек-бөлек түскендігін сынға алатын. Сонда Алла Тағаладан оларға жауап ретінде жоғарыдағы аяттар түсірілген.
Құранның үшінші рет Мұхаммед пайғамбардың(ﷺ) жүрегіне Жәбірейіл періштенің жеткізуі арқылыбүкіл әлемге ақиқат нұры тарайды. Осылайша барша адамзат қияметке дейін өзгеріссіз сақталатын Алла сөзінің нәрімен сусындауға, бұл дүние мен ақыретте бақытқа жетуіне жол басшы болатын даналықтың қайнар көзіне қол жеткізеді. Құран Кәрім – Алла Тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) берген ең ұлы муғжизасы және барша адамзат бақытының кілті. Тек оған иман келтіріп, нұсқауларын басшылыққа алу қажет. Сонда ғана біз, яғни адам баласы бақыт пен қуанышқа кенелеміз. Алла ТағаладанМұхаммед пайғамбарға (ﷺ) Құран Кәрімді Жәбірейіл періштенің алып түскендігін төмендегі аятта және жоғарыдағы Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте анық айтылған.
"Оны[19] аманатшыл Рух[20] алып түскен. Сенің жүрегіңе ескертушілерден болуың үшін. Анық араб тілінде"[21].
Яғни Алла Тағала анық араб тілінде жазылған Құран Кәрімді Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ)жеткізу міндетін Өзінің бұйрығын еш күмәнсіз іске асыратын Жәбірейіл періштеге жүктеген.
Жәбірейіл періште тек қана Алланың сөзін Мұхаммед пайғамбарға (ﷺ) сөзбе-сөз жеткізуші елшінің қызметін атқарған, оған өз сөзінен ешнәрсе қоспаған және Алла сөзінің мағынасын ғана емес, өзіне қалай жеткізу жүктелсе, солай жеткізген. Мұхаммед пайғамбар да (ﷺ) өзіне уахи етілген Алланың сөздерін сөзбе-сөз, бір әрпін де өзгертпестен, өзі қалай қабылдаса, адамдарға да солай жеткізген. Осы ақиқатты баяндайтын Құранда бірнеше аяттар бар. Мысалы:
"Расында, сен Құранды Аса Дана Өте Білімдіден аласың"[22]
"Егер оларға Біздің аяттарымыз ашық дәлел ретінде оқылса, Бізге жолығуды қаламайтындар: "Бізге бұдан басқа Құран алып кел немесе оны ауыстыр", – деп айтады. (Сен оларға): "Оны мен өз еркімнен ауыстыра алмаймын. Мен тек өзіме уахи етілгенге ғана еремін. Расында мен егер Раббыма асылық қылсам, ұлы күннің азабынан қорқамын", – деп айт".[23]
"Егер (елші)кейбір сөзді өзі айтып, (оны) Бізге таңса, оны міндетті түрде оң жақтан қолға аламыз. Сосын одан күре тамырды кесеміз. Сонда сендерден оған кедергі болатын ешкім болмайды"[24].
Осы аяттарда Құран Кәрімнің Алланың сөзі екендігі, оған Мұхаммед пайғамбардың да (ﷺ), Жәбірейіл періштенің де ешбір сөзі араласпағандығы анық әрі нақты айтылған.
[1]Яғни Алла Тағала Құран Кәрімді тек ақиқатты баяндау үшін түсірген және онда тек шындық қамтылған. Бұл аят Құран Кәрім Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өз сөзі емес, оған Алла түсірген иләһи уахи екендігін баяндайды.
[2]"Исра" сүресі, 105-аят.
[3]Ләух – тақта, махфуз – сақтаулы. Яғни бүкіл жаратылыстың тағдыры сақталған тақта.
[4]"Буруж" сүресі, 21-22-аяттар.
[5]Бәйт әл-изза – аспан дүниесіндегі кіршіксіз таза мекен.
[6]"Духан" сүресі, 3-аят.
[7]"Қадр" сүресі, 1-аят.
[8]"Бақара" сүресі, 185-аят.
[9]Бұл жерде Зікір деп Ләух махфузды айтып отыр.
[10]Мураттал (тәртил) – Құран Кәрімді тәжуид ережелерін сақтай отырып, асықпай нышанына келтіре оқу.
[11]Бұл риуаятты Хаким мен әз-Зәһәби сынды мухаддис ғалымдар сахих деген.
[12]"Фурқан" сүресі, 33-аят.
[13]"Исра" сүресі, 106-аят.
[14]Бұл риуаятты да Хаким мен әз-Зәһәби сахих деген.
[15]"Исра" сүресі, 106-аят.
[16]Бұл риуаятты да Хаким мен әз-Зәһәби "сахих" деген.
[17]Яғни Құран аяттарын осылайша бөлек-бөлек түсірдік.
[18]Мураттал – Құран аяттарын тәжуид ілімі заңдылықтарын сақтай отырып әр әріпті талап етілгендей асықпай оқу.
[19]Яғни Құран Кәрімді.
[20]Жәбірейіл періштенің бір аты – амантшыл рух.
[21]"Шуғара" сүресі, 193-195-аяттар.
[22]"Нәмл" сүресі, 6-аят.
[23]"Юнус" 15-аят.
[24]"Хаққа" сүресі, 44-47-аяттар.