Ислам діні әйелді ардақтаған ба?
С:Ислам діні әйелді ардақтаған ба?
Ж: Ислам дінінің әйелді ардақтауы
Исламның ақиқат жолдау арқылы надандықтың пердесі сыпырылып, әйел заты мейірім-рахымның самал лебін сезді, өрлеу кезеңін бастады. Әлемдерге рахым ретінде жіберілген адамзат тарихындағы ең соңғы елші-пайғамбар әйелдің адамдар арасындағы рөлі мен міндетін белгілеп, мәртебесін биіктетіп берді. Әйел заты мейірімділікке тұнған мұсылман қоғамында ардақты ана, адал жұбай, жанашыр апа-қарындас, мейірімді қыз ретінде сипатталды. Тек Ислам дінінде ғана әйел баласы бұрын-соңды жетпеген биік дәрежеге, шыңына жетті. Өзінің табиғаты мен жаратылысына тән теңдік пен бостандыққа қол жеткізді. Осылайша әйел хұқығының қалпына келтірілуі арқылы жалпы адамзаттың қадір-қасиеті де арта түсті.
Әйелдің сондай ардақты тұлғаға айналуы үшін Ислам діні уахиға негізделінген жол-жоспары мен бағыт-бағдарын айқындады. Сосын сол бағдарды әрбір адамға міндетті іске айналдырды. Аталған бағыт-бағдардың жолдары төмендегідей.
Қиянатқа тыйым.
Басқа өркениеттерде әйелге лас мақұлық ретінде қарап, енді бірінде жұмаққа лайықты рухы бар адамзат санатына кіретіндігіне күмәнмен қарап жатқан заманда араб халықтарының дәстүрлерінде әйелдің халі одан да мүшкіл болатын. Араб әдет-ғұрыптарында ер баланың орны ерекше есептеліп, ал қыз бала қор саналатын. Олар отбасының ризық-несібесін табуда ер бала ерекше күшке, ал қыз бала, керісінше әлсіз – ер бала тайпасын қорғайды, ал қыз бала ондай емес, сондықтан да әйел затының құны жоқ деп ұғынатын. Сондай-ақ, ұл баланы ұрпақтың жалғасы болғандықтан да қыз баладан қасиетті деп дәріптейтін. Қызды «жат жұрттық, өзгенің жұбайы» деп түсінетін олар әйел баласын қорлықтың көрініс деп есептейтін. Егер жұбайы қыз туса, оны нағыз қорлықтың, масқаралықтың нышаны деген нанымда болды. Сондықтан да қызды болған арабтың алдында екі таңдаудың бірі тұрды. Не оны бағып-қағып басқаларға масқара болып өмір сүру керек, не оны тірідей топыраққа көміп, ондай масқарадан біржола құтылу керек. Исламға дейінгі надандық дәуіріндегі арабтар арасындағы үстемдік құрған діни наным осындай болатын. Құран Кәрімнің нәзіл болуымен ондай сорақы салттарға тыйым салынып, бұған дейін теперіш көріп келген әйел затының айы оңынан туып, жаңа дәуірі басталды.