Құран Кәрімнің жинақталуының қандай кезеңдері бар?
Құран Кәрімнің жинақталуы (Жамғ әл-Құран)
Құран Кәрімде Алла Тағаланың төрт кітап және бірнеше парақтар түсіргендігі айтылған. Олар: Таурат, Забур, Інжіл, Құран кітаптары және Ибраһим, Муса пайғамбарларға түсірілген парақтар. Біз Құранда келген осы хабарға да иман келтіреміз. Бұл кітаптар мен парақтардың алғашқы нұсқасы сақталмай,тіпті жойылып кеткендері де бізге адамдар тарапынан өзгеріске ұшыраған күйде жеткендері де бар. Тек Құран Кәрім кітабы ғана бізге өзгеріссіз, алғашқы нұсқасында жеткен және ол қиямет күніне дейін сақталады. Өйткені Алла Тағала:
"Расында, Зікірді Біз түсірдік және оны Біз сақтаймыз", [1] –
депҚұран Кәрімді қияметке дейін өзгеріссіз Өзі сақтайтындығына уәде берген. Міне, осы иләһи уәденің арқасында Мұхаммед пайғамбардың негізгі мұғжизасы Құран Кәрім кітабы қияметке дейін бір әрпі де өзгерместен сақталады.[2]
Бұл тарау – Құран ілімдері қамтыған тақырыптардың ішіндегі өте маңызды тақырыптардың бірі. Себебі Құран Кәрімнің жазылу мен жатталу тарихы және бізге өзгеріссіз жетуі туралы толық мәліметтерде осы тарауда қамтылған.
Жамғ әл-Құран, яғниҚұран Кәрімнің жинақталуы екі түрлі мағынаны қамтиды[3]:
1. Құран Кәрімнің жатталуы
Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) алғашқы кезде уахи келгеннен кейін Құран аяттары түсе бастағанда оларды ұмытып қаламын ба қорқып, жаттап алу үшін Жәбірейілдің артынан тілін жыбырлатып, асығыс қайталауға тырысатын болған. Сонда Алла Тағала
"(Құран уахи етілгенде) оған асығып тіліңді қозғалтпа. Расында, оның жиналуы мен оқылуы – Біздің міндет. Егер оны оқысақ, оның оқылуына ілес. Сосын оның түсіндірілуі де – Біздің міндет"[4] деген аятты түсіріп, Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) жүрегін тыныштандырған.Оған төмендегі Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят етілген «сахих» хадис дәлел болады.
Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол Алла Тағаланың: «(Ей, Мұхаммед! Құран түскенде)оған асығып, тіліңді қозғалтпа!»[5] –
деген сөзін (тәпсірлей отырып): «Алланың елшісі (ﷺ) түскен Құран аяттарының ауырлығынан еріндерін қыбырлатып қиналатын[6].
Мен еріндерімді Алланың елшісі (ﷺ) қалай қимылдатқан болса, дәл солай қимылдатып тұрмын[7].
Сол кезде Алла Тағала: «Оған асығып, тіліңді қозғалтпа. Шын мәнінде оны жинау мен оқу – Бізге міндет»[8] (деген аяттарды)[9]түсірді. (Демек), жүрегіңде жинап, оны оқуың (Бізге тән деген сөз). «Ал оны оқығанымызда[10],
оқылуына ілес»[11] (дегені) – оған құлақ салып, зейін қойып тыңда (дегенді аңдатады). (Ал): «Сосын оны түсіндіру– Біздіңміндет»[12] –
(яғни) бұдан кейін оны оқуың Бізге тән дегені. Осыдан кейін Алла елшісі (ﷺ) Жәбірейіл келгенде оны мұқият тыңдайтын болды. Жәбірейіл кеткен соң, ол қалай оқыса, Пайғамбар да (ﷺ) дәл солай оқитын еді», – деген.[13]
2. Құран Кәрімнің жазылуы
Құран Кәрімнің жинақталуы, яғни жазылуы алғаш уақытта үш кезеңнен өткен. Олар:
1. Алла елшісінің (ﷺ) заманында жазылуы.
2. Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) заманында жазылуы.
3. Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) заманында жазылуы.
1. Алла елшісінің (ﷺ) заманында жазылуы
1) Алла елшісі (ﷺ) заманында Құран Кәрімнің көкейде жатталуы
Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) әрдайым уахидің қайта келуін аңсайтын, оған аңсары ауып тұратын. Ол әрбір түскен аятты жаттап алатын және мәнін, мақсатын өте жетік түсінетін. Өйткені, Құран Кәрім – Ислам дінінің басты қайнары, шариғаттың негізгі дерек көзі. Бұл істе де ол сахабалары мен барша мұсылман үмбетіне үлгі бола білді. Мұхаммед пайғамбар әр түскен аятты сахабаларына жаттатып отыратын және олардың жаттағандарын тексеріп отыратын. Құран Кәрімді ұстаздың алдында жаттап, жаттағанын тексерту – Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) заманынан бері келе жатқан дәстүр. Сондықтан Құран Кәрімді кассетаның және де басқа құралдардың көмегімен жаттағанымен, жаттаған сүрелері мен аяттарын міндетті түрде ұстазға тапсырып, тексеріп алуы керек. Өйткені Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өзі түскен сүрелер мен аяттарды Жәбірейіл періштеге тапсырып отыратын және өзі сахабалардың(ﷺ) жаттаған Құран аяттарын уақытылы тексеріп отыратын. Сондықтан өзбетімен, ұстазсыз Құран жаттаған адам Құран жаттады деп есептелмейді.
Құран жиырма үш жыл бойы бірнеше аяттан түсіп отырып жинақталды. Әр түскен аят көкіректе жатталып, санадан орын алды. Құран түскен ғасырда араб халқы есте сақтау қабілеттіліктерінің күштілігімен танымал еді. Олар көптеген өлең жолдарын, шежірелерді хатқа түсірмей-ақ жаттап алатын болған. Осы қасиеттер олардың Құранды жаттауларына, естерінде мүлтіксіз сақтауларына көп көмектесті.
Алла елшісі (ﷺ) заманында сахабалардың арасында Құранды өте шебер жаттаған жеті сахаба танымал болған. Олар:
1. Абдулла ибн Масғуд;
2. Сәлим ибн Мағқил;
3. Муғаз ибн Жәбәл;
4. Убәйи ибн Кағб;
5. Зәйд ибн Сәбит;
6. Әбу Зәйд ибн әс-Сәкән;
7. Әбу әд-Дарда.
Алла елшісі (ﷺ)мұсылман үмбетіне аты аталған осы сахабалардан Құран үйренуді өсиет етіп қалдырған. Бізге осы сахабалардың Құран жаттаудағы иснады жеткен. Олар – Құранның барлық аяттарын Алла елшісіне (ﷺ) жатқа тапсырып, оның (ﷺ) рұқсатын алған.[14]Ол сахабалар туралы төмендегі хадистерде айтылған.
Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісінің(ﷺ): «Құран оқуды (мына) төртеуден: «Абдуллаһ ибн Масғудтан –(Пайғамбар(ﷺ) Ибн Масғудтан) бастады, Әбу Хузайфаның азат еткен құлы Сәлимнен, Убәй ибн Кағбтан және Муғаз ибн Жәбәлдан үйреніңдер», – деп, айтып жатқанын естідім», – депті.[15]
Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Пайғамбардың (ﷺ) дәуірінде Құранды барлығы ансарлардан болған төрт (кісі ғана) жинады[16]:
Убәй(ибн Кағб), Муғаз ибн Жәбәл, Әбу Зәйд және Зәйд ибн Сәбит», – деген.(Хадисті риуаят етуші): «Мен Әнәстан: «Әбу Зәйд кім?» – деп (сұраған едім): «Менің немере ағаларымның бірі», – деп айтты»(, – дейді).[17]
Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар(ﷺ) дүниеден озғанда Құранды төрт кісіден басқа ешкім жинамады: Әбу әд-Дарда, Муғаз ибн Жәбәл, Зәйд ибн Сәбит және Әбу Зәйд", – деген.[18]
Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «(Бірде) Пайғамбар (ﷺ)Убәйға: «Алла саған «Ләм йәкунил-ләзинә кәфәру мин әһлил-китәби (Кітап иелері мен мүшріктерден кәпір болғандар...)»[19](дегенді) оқып беруімді бұйырды», – деді. (Убәй): «Ол менің есімімді атады ма?» – деп сұраған еді, Пайғамбар(ﷺ):«Иә», – деді. Сонда (Убәй) жылап жіберді», – деген.[20]
Құран Кәрімді шебер оқитын жеті сахабаның аттарының аталуы басқа сахабалар Құранды нашар меңгерді дегендібілдірмейді. Өйткені сира мен сунна[21] кітаптарында келген көптеген хабарларда сахабалардың Құранды жарыса жаттағандары, отбасына, қарамағындағыларға Құранды үйреткендіктері айтылған. Сонымен қатар сахабалардың түнгі намазда Құран оқыған кезде араның шуылы секілді шуылдың естілетіндігі де сахих риуаяттарда келген.
Бір түні Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Әбу Мұса әл-Ашғаридің (Алла оған разы болсын) Құран оқып жатқан дауысын естиді. Ертеңінде Пайғамбар(ﷺ) оған: «Ей, Әбу Мұса! Ақиқатында саған Дәуіт әулеті сырнайларының бірі[22]нәсіп болған екен», – деген.[23]
Алла елшісі(ﷺ): «Шын мәнінде, мен ашғарилер[24] жамағатының түн ішінде Құран (оқыған) дауыстарын танимын және күндіз түскен кездерінде үйлерін көре алмасам да, олардың үйлерін түнде Құран оқыған дауыстарына қарап ажыратамын. Сондай-ақ олардың арасында аттыларды (немесе дұшпанды) кездестірсе, оларға: «Жолдастарым сендерге күте тұруларыңды бұйырады», – деп айтатын[25]Хаким бар», – деген.[26]
Сахабалардың (Алла оларға разы болсын) Құран жаттауға деген ынтасын Алла елшісі (ﷺ) әрқашан демеп, оларды қуаттап отырған. Ол (ﷺ) Ислам дінін жаңадан қабылдаған және Мәдинаға һижрат жасап келген адамға арнайы Құран үйрететін адамды тағайындайтын.[27]
Құранды жатқа білетін сахабалар көп болатын. Олардың қатарында Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Абдуллаһ ибн Аббас, Әбу Һурайра, Абдуллаһ ибн Омар, Пайғамбардың (ﷺ) жұбайлары Айша мен Хафса да (Алла оларға разы болсын) бар еді.
Алланың кітабын көкіректе жаттау – мұсылман үмбетіне тән ерекшелік. Өз заманында қарилардың[28] ұстазы саналған имам Ибн әл-Жәзәри: "Құранды жеткізуде кітаптар мен мусхафтарға жазуға емес, жүрек пен көкіректе жаттауға арқа сүйеу – Алла Тағаланың осы үмбетке берген ең шарапатты ерекшелігі", – деген.[29]
Осыдан кейін жоғарыда келтірілген дәлелдер мен жалпы дереккөздерде келген хабарлар негізінде Құран Кәрім кітабын Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) көзі тірісінде көптеген сахабалардың толықтай жатқа білгендігіне көзімізанық жетеді.
2) Алла елшісі (ﷺ) заманында Құран Кәрімнің жазылуы
Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) хат танымайтын адам болатын. Сондықтан ол (ﷺ) Құран аяттарын өзі жазбаған. Бірақ Алла елшісі (ﷺ) өзіне түсіп отыратын уахиды хатқа түсіріп отыратын арнайы сахабаларды таңдаған. Олардың қатарында Әли ибн Әбу Талиб, Убәй ибн Кағб, Зәйд ибн Сәбит, Муғауия ибн Суфиян тәрізді танымал сахабалар бар еді. Оларға әрбір түскен аятты хатқа түсіру міндеті жүктелген болатын. Алла елшісі (ﷺ) уахи келгеннен кейін өзінің уахидіхатқа түсіретін сахабаларын шақырып, оларға түскен аятты Құранның қай сүресінің, қай аятынан кейін жазылатындығын айтып, оларды жазып алуға бұйыратын. Бұл міндет жүктелген сахабалармен қатар, басқа да сахабалар өз еріктерімен Құран аяттарын жазумен айналысқан.
Ол ғасырларда қағаз әлі пайда болмаған еді де, адамдар жазу құралы ретінде әртүрлі заттарды пайдаланатын. Мысалы, құрма ағашының жалпақ бұтағы мен қатты қабығы, тас тақтайшалары, жылқы ерінің немесе түйе жазыларының жалпақ тақтайлары, малдың жауырын сүйектері, иленген терілері жазу құралы ретінде қолданылатын. Алла елшісінің (ﷺ) Құран аяттарын жазу міндеті жүктелген сахабаларының бірі Зәйд ибн Сәбит (Алла оған разы болсын): "Алла елшісінің (ﷺ) алдында Құранды жарғаққа[30]жазатынбыз" – деген.[31]
Аталған жазу құралдары қағаз секілді жазуға жеңіл болмағандықтан, сахабалар Құран аяттарын жазғанда көп қиыншылықтар мен машақаттарды еңсеретін. Сондықтан олар жазылған Құран аяттарын есте сақталған Құранға көмекші ретінде қолданатын еді.
Алла елшісі (ﷺ) әр жылы рамазан айында сол уақытта дейін түскен сүрелер мен аяттарды Құран кітабында келген тәртібімен Жәбірейіл періштеге тапсырып отыратын болған. Сол сияқты сахабалар да жазған және жаттаған сүрелері мен аяттарын жыл бойы Пайғамбарға (ﷺ) тексертіп отыратын болған.
Алла елшісінің (ﷺ) заманында жазылған Құран аяттары бір ғана кітап болып жинақталмаған еді. Көптеген сахабалар Құранның толықтай нұсқасын жаза алмаған. Бір сахабалар жазған сүрелер мен аяттар екінші бір сахабада болмайтын. Бірақ Пайғамбардың (ﷺ)көзі тірісінде Әли ибн Әбу Талиб, Муғаз ибн Жәбәл, Убәй ибн Кағб және Зәйд ибн Сәбит (Алла оларға разы болсын) Құранды толықтай жазып шыққан.[32] Дегенмен олар да Құранды бір жинақ ретінде реттемеген. Олар теріге, тақтайға, құрма бұтағына және т.б. сол замандағы жазу құралдарына жазылған сүрелер мен аяттарды бөлек-бөлек сақтаған болатын.
Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Алла елшісі (ﷺ) өзіне бір сүре түссе, жазатын адамдардың бірнешеуін шақырып, оларға: "Бұл сүрені мына, мына айтылған жерге қойыңдар", – дейтін", – деген.
Құран сүрелері мен аяттарының бұлайша жинақталуы Алла елшісінің (ﷺ) жетекшілігімен болатын. Ал Пайғамбардың (ﷺ) өзіне қай аятты қай сүренің қай аятынан кейін келетінін және қай сүренің қай сүреден кейін келетінін Жәбірейіл періште Алланың бұйрығымен жеткізетін. Сондықтан Құран сүрелері мен аяттарының реті Алланың бұйрығымен болған. Оған Жәбірейіл періштенің де, Мұхаммед пайғамбардың да қатысы жоқ.
Ал сахабалар болса, Алла елшісінен (ﷺ) сүрелер мен аяттарды мусхафтағы ретімен жаттаған. Бірақ олар сүрелер мен аяттарды әртүрлі жазу құралдарына жазғандықтан, сүрелер мен аяттардың реті бір кітап болып сақталмаған еді.
[1]"Хижр" сүресі, 9-аят.
[2]Мусағид ибн Сүлеймен ибн Насир әт-Тайиар. Әл-Мухаррар фи улум әл-Құран. 148-бет.
[3]Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани. Манаһил әл-Ирфан фи улум әл-Құран. І том, 295-бет., Маннағ әл-Қаттан. Мабахис фи улум әл-Құран. 114-бет., Субхи әс-Салих. Мабахис фи улум әл-Құран. 65-бет.
[4]"Қияма" сүресі, 16-19-аяттар.
[5]«Қиямет» сүресі, 16-аят.
[6]Уахидің бастапқы кездерінде Пайғамбар (ﷺ) Құран аяттарын Жәбірейіл жеткізе салысымен, ұмытып қалудан қорқып аяқтамай жатып дереу қайталай бастайтын.
[7]Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) өзін тыңдап тұрған адамдарға қарата айтып жатыр.
[8]Алла Тағала Құранның мәтінін түгелдей Пайғамбардың (ﷺ) жүрегіне жинауға Өзі қамқорлық жасайтынын және оны аяттарды дұрыс оқуға үйрететінін айтқан.
[9]«Қиямет» сүресі, 16-17-аяттар.
[10]Яғни Жәбірейіл арқылы аяттар түсірген кезімізде.
[11]«Қиямет» сүресі, 18-аят.
[12]«Қиямет» сүресі, 19-аят.
[13]Әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен.
[14]Имам Мұхаммед ибн Баһадур әз-Зәркәши. Әл-Бурһан фи улум әл-Құран. Баспаға әзірлеген Мұхаммед Әбу Фадл Ибраһим. – Бейрут: 1391 һ. 1 том, 242-бет.
[15]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.
[16]Бұл жерде Құранды толығымен жаттап алу туралы айтылған.
[17]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.
[18]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.
[19]«Бәйинә» сүресі, 1-аят
[20]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.
[21]Сира – Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өмір. Сунна кітаптары – хадис жинақтары.
[22]Бұл жерде сырнай деп әдемі дауысты меңзеп отыр.
[23]Дәуіт пайғамбардың дауысы өте жақсы болған. Пайғамбарымыз (ﷺ) Әбу Мұса әл-Ашғаридің (Алла оған разы болсын) әсем даусын Дәуіт пайғамбардың даусына теңеген. Ғалымдар осы хадистің негізінде Құран оқыған кезде дауысты әдемілеу, көркемдеу мустахаб деген. Бірақ ол тажуид ілімі талап ететін, яғн Құран оқылуы ережелеріне қайшы келмеуі қажет (Имам ән-Нәуәуи). Хадисті имам әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен.
[24]Ашғарилер – йемендік тайпалардың бірінің өкілдері. Хадисті жеткізуші Әбу Мұса – (Алла оған разы болсын) осы тайпадан шыққан сахаба.
[25]Яғни жалғыз өзі дұшпанға бетпе-бет келуден қорықпайтын.
[26]Имам әл-Бұхари мен Муслим Әбу Муса әл-Ашғариден (Алла оған разы болсын) риуаят еткен.
[27]Осы мағынаны беретін хадисті имам Ахмад пен әт-Табарани риуаят еткен.
[28]Қари (қары) – Құранды иснады бар қарыға жатқа тапсырған және басқаларға үйретуге құқығы бар адам. Ал хафиз – тек Құранды жатқа білетін адам. Бұл Құран ілімдері ғылымының термині. Ал Қазақстанда Құранды жалпы жатқа білетін адамды қары (қари) деп атап кеткен.
[29]Имам Ибн әл-Жазари. Ән-Нашр фи қирағат әл-ашр. Баспаға әзірлеуге жауапты Әли Мұхаммед әд-Даббағ. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 14-бет.
[30]Жарғақ (руқға) – пергамент, теріден немесе май мен ылғал өткізбейтін заттан жасалған жазу құралы.
[31]Имам Ахмад, әт-Тимизи риуаят еткен және Имам Хаким ән-Найсабури "әл-Мустадрак" кітабында: "Бұл имам әл-Бұхари мен Муслимнің шартына сай сахих хадис. Хадис Құран Кәрімнің Аллаһ елшісі (ﷺ) заманында жазылғандығына айқын дәлел болады", – деген.
[32]Маннағ әл-Қаттан. Мабахис фи улум әл-Құран. 119-бет.