Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әйел
        3. Ислам діні қоғамды әйелге қамқорлық қылуға қабілетті еткен бе?
        Ислам діні қоғамды әйелге қамқорлық қылуға қабілетті еткен бе?

        Ислам діні қоғамды әйелге қамқорлық қылуға қабілетті еткен бе?

        Ислам дінінің қоғамды әйелге қамқорлық қылуға қабілетті етуі.

        Қоғамда қалыптасқан нанымдық-сенімдік қате пікірлерді түзетуде Құран Кәрімдегі нұсқаулары мән-мағынасы, күш-қуаты жағынан жаңа бір жолдарды көрсетті. Солардың арасында араб түбегі тұрғындары арасында ер мен әйелдің айырмашылықтары жайында қалыптасқан қате пікірлер де бар. Құран Кәрім өзіндік қасиеттері, рухани күші арқылы әйел баласын тауқымет-азаптан құтқарып, адамзат қоғамдары бұрын-соңды көрмеген қамқорлыққа аясына алып барды. Қоғамға әйел баласына басқаша, жанашырлық көзқараспен қарап, оған әрдайым қамқор болуы міндетін жүктеу арқылы әйелдердің мәселесін майдан қыл суырғандай шешіп берді. Бұл төмендегідей тәртіпте белгіленген.

         Туылмастан бұрын

        Құран Кәрім адамның сезімі мен ақылын қоғамда қалыптасқан әйелдің хұқықтары туралы қате түсініктен қайтару мақсатында әуелі қыз баланың да, ұл баланың да ата-анаға Алла Тағала тарапынан берілетін сый екендігіне баса назар аударады. Аятта қыз баланы бірінші айтылуының өзі оның мәртебесінің жоғары екендігін, мол қамқорлыққа ие болатындығын һәм Алланың ең алғашқы сыйы екендігін білдіреді.

        Арабтардың сөз қолданыстарында, шешендік өнерінде бірінші айтылған нәрсе ең маңызды болып есептелінеді. Алла Тағала әуелі ең маңыздыдан бастап, сосын одан кейінгі ретте тұрған маңызды нәрсені рет-ретімен айтқан. Сондықтан да кейбір тәпсіршілер әйелдің ерден бұрын тұруы оның Алла Тағаланың ер адамға тарту еткен ең алғашқы сыйы екендігінен хабар береді деп түсіндірген. Жаратушы Хақ Тағала былай дейді:

        ﴿لِلَّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ يَهَبُ لِمَنْ يَشَاءُ إِنَاثاً وَيَهَبُ لِمَن يَشَاءُ الذُّكُورَ  * أَوْ يُزَوِّجُهُمْ ذُكْرَاناً وَإِنَاثاً وَيَجْعَلُ مَن يَشَاءُ عَقِيماً إِنَّهُ عَلِيمٌ قَدِيرٌ

        «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол толық білуші әрі аса құдіретті» (Шура, 49, 50).

        Ислам діні қоғамға әйел затына қамқорлық қылу міндетін жүктегенде тек әйелдің Алла Тағала тарапынан тарту етілген алғаш сый екендігін айтып қоймай, онымен қоса адамзат ақыл-ойына әйелге жақсы, дұрыс тәрбие беру, ардақты етіп өсіру жөнінде үгіт айтып, солай етуге нұсқайды. Солай етуді ізгіліктің қатарына жатқызып, пенденің жұмаққа кіруіне себепші болатын өте абыройлы, өте бағалы қайырлы іс екендігін нақтылай түседі.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кімде үш қызы болып, оларды асырауға, қиыншылығына, қуанышына төзіп, сабыр етсе, Алла ол адамды қыздарына рахым еткені үшін жұмаққа кіргізеді», – деген. Сонда сахабалардың бірі: «Уа, Алланың елшісі! Екі қызы болса да солай бола ма?» – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.а.с.): «Екі қызы болса да солай», – деп жауап береді. Тағы бір кісі: «Бір қызы болса ше?» – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.а.с.): «Бір қызы болса да солай», – деп жауап береді. Ибн Мәже, Ахмет риуаят еткен хадис.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен басқа бір риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Кімнің үш қызы болып, оларға сабыр етіп, оларды өз еңбегімен азықтандырып, сусындандырып, киіндірсе, олар Қиямет күні оған тозақтан қалқан болады», – деген. Ибн Мәже, Ахмет риуаят еткен хадис.

        Әнес ибн Мәліктен (р.а.) Алланың елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім екі қыз тәрбиелеп өсірсе, Қиямет күні мені мен ол мынадай боламыз», – деп екі саусағын қосқан. Мүслім риуаят еткен.

         Бой жеткен шағында

        Алла Тағала қыз балаға бойы таралып, бойжеткенге айналған шағында жаратылыстық заңы бойынша жаңа бір міндет жүктейді. Бойжеткен қыз енді туып-өскен шаңырағы – ата-анасының үйінен шығып, басқа бір отаудың есігін ашады, ғұмыр бойы сол жаңа шаңырақтың ханымы болу хұқығына ие болады. Ислам дінінің мұндай үкімдері екі ұлы кітаптың негізінде: Жаратушы жаратқан жаратылыстың заңдылық кітабы мен Құран Кәрім негізінде бекітілген. Олардың екеуі де бір-бірін нақтылап, растап, түсіндіреді. Себебі екеуі де Алланың құдірет-қалауымен болған. Әуелгісі Алланың ісінің көрініс болса, екіншісі Оның сөзі. Сол қос кітаптың негізі бойынша Ислам діні тумысындағы әлсіз жаратылысына қарамастан әйел затын мұқтаждықта, тәуелділікте қалған емес, керісінше, оған мұқтаж етілген һәм қалаушы емес, қаланушы, яғни әрдайым сұраныста болатын тұлға ретінде белгілеп, мәртебесін биіктеткен үстіне биіктете берді. Әйел баласы да жаратылыстық сезімі арқылы абыройы мен ар-ожданының ерлерге оңай олжа болуға жібермейтіндігін әбден түйсінді. Осы түйсіну арқылы әйел нәзік жаратылысына қарамастан өзі үшін талай ерлерді бір-біріне бәсекелес қылып қоя алатындығын да білді. Осылайша бір әйел талай ердің басын әуреге салып, оларға қалағанын істете алды және олардың арасында өзі қалағанына ғана тұрмысқа шығу хұқығына ие болды.

         Мәһр және жазылмаған жаратылыс заңы

        Ислам діні бойынша әйел тұрмысқа шығу, үйлену үрдісінде ерге разылық танытып, келіскеннен бастап одан сый-сияпат, тарту талап етуге толық хұқылы. Содан соң мәһр ердің ниетінің шынайылығына һәм жұбайлық қатынасқа ұласатын жылы қарым-қатынасқа айқын дәлел болады. Расында осы мәселе туралы сезім әйелдің тұла бойында әу бастағы жаратылыстан бері бар нәрсе. Өйткені ол өзін ешқашан да бағасыз, арзан санағысы келмейді, керісінше, қымбат санайды. Егер керісінше ойлап көрсек, яғни, тұрмысқа шығу үшін әйелдің еңбектеніп өзі мәһр жинап, оны өзі тұрмысқа шығатын ерге беретін болады деп есептесек, онда әйел талап етілген емес, талап етуші, іздеуші, айттырылушы емес, айттырушының өзі болып шығады. Ондай болған жағдайда ерлер әйелдердің сондай төмен дәрежесіне қарап, қор санап, оларға мұқтаж болудың орнына қатыгездікпен, дұшпандықпен қарайтын болар еді.

        Осындай кері көріністердің барлығын теріске шығарған Ислам діні әйел баласын ардақтап, биікке көтерді, абыройын асқақтатты, хұқықтарының, мүдделерінің, олардың арасында мәһр алу хұқығының толық сақталуына кепіл болды. Бұл жаратылыстың жазылмаған заңы десе де болғандай. Мәһр әйелдің ар-ұяты мен абыройының негізі саналды. Құран Кәрім мәһрді нақтылағанда нақ осы жаратылыстық заңды тегеурінді түрде нақтылай түсті. Алла Тағала мұсылмандарға былай бұырды:

        ﴿وَآتُواْ النَّسَاء صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً فَإِن طِبْنَ لَكُمْ عَن شَيْءٍ مِّنْهُ نَفْساً فَكُلُوهُ هَنِيئاً مَّرِيئاً 

        «Әйелдердің мәһрлерін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге мәһрдің бір бөлігін берсе, одан сіңімді түрде жеңдер» (Ниса, 4).

         

        Әйелдің адамдық қасиетінің сатылап көтерілуі

        Аталған аят бізге бірнеше ақиқаттың бетін ашып береді. Олардың ең біріншісі – мәһрдің әйелдің әкесінің немесе шешесінің емес, тек жеке өзінің хағы екендігі туралы хабар. Сондықтан да осы аяттағы «мәһрлерін» сөзін білдіріп тұрған арабша «садуқатиһиннә» деген сөз тек әйелдер жағына қатысты етіліп айтылған.

        1. Мұндағы «мәһр» мағынасын білдіріп тұрған «садуқа» сөзінің асылы «сидқ», яғни «шыншылдық» деген сөзбен түбірлес. Яғни, мәһр қос жұбайдың арасындағы басты негіз иманның шынайылығын һәм ердің айттырған әйелге деген ықыласының шынайылығын білдіреді.

        2. Аяттағы «садуқа» сөзіндегі «дәл» әрпінің үстінде тұрған харакат қысқа у дыбысын білдіретін дамма болып келген. Дамма деген сөздің мағынасы жақындау деген мағынаны білдіреді. Яғни, мәһрдің екі жақтың рухы мен жүрегінің, ақыл-сезімдерінің жақындығын, бірлігін білдіретін жоралғы екендігін айқындап тұрғандай.

        3. Аталған дамма харакаты а дыбысын білдіретін фатха харакатынан гөрі айтылуы қиындау дыбыс. Мұның өзі ердің сүйгеніне қол жеткізуі үшін мәһрді іздеп біраз қиындықтарға кездесіп, адал еңбекпен тер төгуі тиістігін білдірсе керек.

        4. «Садуқатиһиннә» деген сөзден соң «нихла» деген сөз келіп тұр. Бұл сөздің мағынасы «шын ықыласпен, шынайы ниетпен» дегенді білдіреді.

        5. Араб тіліндегі «нихла» сөзі фатха харакатымен «нахла» деп те келеді. Бұл тұрғыда екі харакаттың ауысып келе беруі мәһрді іздеу үшін сергек қозғалыстың, әрекеттің керектігін білдірсе керек.

        6. «Нәхла» сөзінің «ара» деген сөзді білдіретінін ескерсек, араның тау-тасты, даланы шарлап аралап, бал жинағаны секілді ер жігіт те адал жолмен күндіз-түні еңбек етіп мәһр құнын жинайды. Сосын оны өмірдің ащысын да, тұщысын бірге татуға келіскен ғұмырлық жарына, Аллаға құлшылық қылуда өзіне жәрдемші болатын жарына, дүниенің көркемдігі, қуанышы болып саналатын сүйікті жарына тарту етеді.

        7. Сондай-ақ, аталмыш аят жұбайлық өмірдің қызу тіршілік пен күреске толы болатындығы һәм дүниеде кейде қызық, кейде шыжық сәттер болатындығы туралы да хабар беріп тұрғандай. Сондықтан да жұбайлар бір-біріне сүйеніш болып, тіршіліктің сол бір сындарлы сәттерінен аман-сау өтіп, өздерінің осы дүние тіршілігіндегі басты мақсаттарын абыройлы түрде атқаруға тырысуы керек.

        Ислам дінінің қалыңдыққа беретін мәһр туралы философиясы қысқаша айтқанда осындай. Шындығында ол кейбіреулер ойлағандай адамның құны немесе ақысы емес, керісінше, ерлердің әйелдерге деген мұқтаждығының көрінісі, шынайы сезімдерінің айқын дәлелі болып табылады. Дүние жаратылғаннан бері қандай заңнамада, қандай шариғатта әйелге дәл осындай сый-құрмет көрсетіліп еді? Әрине, болған жоқ. Тек Ислам дінінің шариғаты ғана әйелдің мәһр хұқығын нақтылап берді.

        Біріншіден; жұбайлық рөлі.

        Дүниенің шығысында да, батысында да бұрын-соңды болмаған, заңдастырылмаған тек Ислам дінінде ғана сондай мәртебеге ие болған қалыңдыққа мәһр беру мәселесі туралы әңгімеден кейін Пайғамбардың (с.а.с.) әйелдің құрмет-қошеметі, оған деген қамқорлық туралы айтқан хадистеріне, берген үкімдеріне тоқталамыз. Өзінің туған үйі ата-анасының құшағынан шығып, өзі білмейтін өзге жұрттың есігін аттау шын мәнінде әйелдің қолынан ғана келетін көзсіз батырлық десе болғандай. Нәзік жан бейтаныс ортада үлкен қамқорлыққа, жылы қарым-қатынасқа мұқтаж. Осы қамқорлықты Алланың елшісі (с.а.с.) Ислам дінінің басты құндылықтарының бірі ретінде бекітіп кеткен. Ол (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің ең жақсыларың өзінің жанұясына жақсы болғандарың. Мен жанұяма жақсы қараймын. Әйелдерді ардақтылар ғана ардақтайды, нашарлар ғана нашарлатады». Ибн Асакир риуаят еткен хадис.

        Иманның толықтығы әйелге деген құрметпен, сыйластықпен өлшенетін болса, әйелге деген бұдан артық қошемет бар ма? Басқа хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) кемел мұсылманның белгісін жанұясына, жарына жақсылық қылумен байланыстырып былай дейді: «Иман келтіргендердің иманы кәмілі мінез-құлықтары жақсы болып, жанұяларына мейірімді болғандары». Термези, Нәсәи риуаят еткен хадис.

        Демек, жанұя, жұбайлар отауы айтыс-тартыстың, дау-дамайдың ордасы емес, керісінше, Исламның шаттыққа толы райхан бақшаларының бірі. Онда әйелдің де, ердің де мүдделері, хұқықтары арнайы белгіленген бағыт, мораль арқылы толықтай қорғалынған. Жұбайлар арасындағы басты байланыс хақ жолы, шынайы иман, ыстық ықылас, Жаратқанның жазып берген жолынан ауытқымау һәм сол жолда бір-біріне жәрдемші бола білу ұстанымдарына құрылған. Бұл жол керім бекзаттықтың, ардақтылықтың белгісі. Жұбайлар бір-бірінің хұқықтарын толықтай, мүлтіксіз өтеуге тырысқанда ең бірінші мұны Алла Тағала тарапынан міндет етілген пәрмен екендігін, Жаратқанға мойынсұнудың бір жолы екендігіне кәміл сенімде болады. Содан кейін бұл екі тарап арасындағы ықыласты сезімге, шынайы махаббатқа ұласып, бір-біріне мәңгі қызмет ететін жұмақтық жұпқа айналады.

        Ғұлама ғалым, шейх Мұхаммед әл-Ғазали бұл тұрғыда былай дейді: «Құран Кәрімдегі ардақты аяттардың мағыналарына терең зер салып, пікір еткен жан ер мен әйел жұбынан тұратын адамзаттың арасында жалпы теңдіктің бар екендігіне көзі жеткізеді. Ер адамның хұқықтары, міндеттері жетіп артылады. Сондай-ақ ердің жанұяға басшылық жасауы теңдіктің бұзылуы дегенді білдірмейді. Бұл бұхара халықтың әміршінің әміріне мойынсұнуының бейшаралық болып саналмайтындығы сияқты жағдай. Расында әлеуметтік жүйенің табиғи-жаратылыстық талаптары бар, оларды назардан тыс қалдыруға, басқаша бұрмалауға болмайды. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاء بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللّهَ وَرَسُولَهُ أُوْلَـئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللّهُ إِنَّ اللّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ﴾

        «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-бірлеріне көмекші. Олар жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыяды, намаз оқиды, зекет береді, Аллаға, Оның елшісіне мойынсұнады. Міне, соларды Алла рахымына бөлейді. Расында Алла үстем әрі дана» (Тәубе, 71).

        Қос жыныс өкілдері арасындағы хақты қолдап, жалғанды жою жолындағы ынтымақтастықтың, келелі келісімнің Құрандағы шынайы көрінісі, міне, осындай. Мұндай ынтымақтастық күллі қоғамды бейбітшілік пен татулықтың ордасына, ізгіліктің, жақсылықтың отанына айналдырады. Бұл аяттағы мағына қос жұбайдың арасындағы қатынастың имани бауырмалдық, өмірлік жолдас, бір мақсатты көздеген сүйген жандардың берік байланысы екендігін паш етеді. Расында тек хақ жолынан адасып, рухани құндылықтарынан айрылған қоғам ғана жұбайлар арасындағы байланысты төсек қатынасына тәуелді етеді. Азғын ойлы адамдар ғана үйленуді ақшамен саналатын сауда келісім-шарты деп есептейді. Бәзбіреулер жанұядағы ерді генерал, әйелді полковник деп көреді. Сонда аятта айтылған ынтымақтастық, сүйіспеншілік, ардақтылық, сенім-құрмет, сыйластық қайда қалды?!».

         Екіншіден; хор қыздары арасында.

        Әйелдің Ислам дініндегі мәртебесі туралы әңгімені оның ақыреттегі ардақтылығы туралы тараумен жалғастырамыз. Ислам діні әйелге осы дүние тіршілігімен бірге ақыретте де үлкен қошеметке, қадір-қасиетке лайықты етіп, сыйын молынан берді. Иманды әйел, адал жар ақыретте жұмаққа лайықты болып, хор қыздарымен бірдей, ал кейде тіпті, олардан артық болады.

        Риуаят бойынша бірде иман келтіргендерің анасы, Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы Умму Сәләма (р.а.): «Уа, Расулалла! Дүние әйелдері артық па, әлде хор қыздары артық па?» – деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Дүниенің әйелдері хор қыздарынан киімнің сыртының ішінен артық болғанындай артық», – деп жауап береді. Умму Сәләма (р.а.): «Уа, Расулалла! Олар немен артық болады?» – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.а.с.): «Дүние әйелдері намаздарымен, оразаларымен, Аллаға құлшылық қылуларымен артық болады. Сонда Алла олардың жүздерін нұрлы, тәндерін жібектей жұмсақ қылады. Денелері аппақ, киімдері жасыл, тағынған әшекейлері сары, әшекейлерін салатын қобдишалары дүрден, тарақтары алтыннан. Олар: «Біз мәңгілікпіз, ешқашан өлмейміз. Біз мақпалдай жұмсақпыз, ешқашан қатаймаймыз. Біз осында (жұмақта) мәңгі тұрамыз, ешқашан кетпейміз. Біз мәңгі разылықтамыз, ешқашан кейімейміз. Бізді алған, бізге болған жандарға қандай рахат», – деседі», – деп жауап береді. Умму Сәләма (р.а.): «Уа, Расулалла! Біздің арамызда екі рет, үш рет, төрт рет тұрмысқа шыққан әйелдер бар. Олар қайтыс болғанда қайсы жұбайымен бірге болады?» – деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Уа, Умму Сәләма! Әйел олардың біреуін, мінез-құлқы ең жақсы болғанын таңдайды да: «Уа, Раббым! Осы жармы дүниеде менімен жақсы мінезбен қарым-қатынас жасаған. Мені осыған үйлендір», – дейді. Уа, Умму Сәләма! Жақсы мінез-құлық дүниенің де, ақыреттің де жақсылығының бәріне ие болады», – деп жауап береді. Табарани риуаят еткен хадис.

        Адамзат тарихында әйел затының дәл осындай құрметке бөленіп, дәл осындай игілікпен сүйіншіленген кезі болды ма екен, сірә?! Қандай өркениетте ханымдардың мәртебесі дәл осындай мәртебеге жеткен еді?

        Үшіншіден; аналық кезеңі.

         Замана диірмені табиғи жүрісімен айналып, әйел өзінің табиғи жаратылыстық, болмыстық қасиетімен аналық міндетін мүлтіксіз орындап, сол жолда кездескен небір қиындыққа мойымай, көтерген сайын Ислам дінінің оған деген сый-құрметі құнарлы топыраққа тамырын терең жайған алып бәйтеректей биіктеп, еселеніп өсе береді, өсе береді. Сосын Алла Тағала оған Өзінің белгілеген хақ жолы бойынша дәмі тіл үйірер тәтті жемісін тарту етеді. Осылайша Ислам дінінде әйелге деген құрмет-ізет, қамқорлық түрлері әрі қарай жалғаса береді. Әйелдің анаға айналуы арқылы мәртебесі жоғарылап, ізгілік жасауға, жақсы жолдас болуға ең лайықты болады.

        Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсы жолдас болуыма кім лайықтырақ?» – деп сұрады. Алланың елшісі (с.а.с.): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (с.а.с.): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (с.а.с.): «Анаң», – деді. Кісі: «Сосын кім?» – деді. Ол (с.а.с.): «Әкең», – деді». Бұхари, Мүслім риуаят еткен хадис. Хадистің мағынасын түсіндіруші ғалымдар мұндағы «жақсы жолдастың» мағынасын адамдардың ішіндегі жақсылық қылуға, жақсы мінез-құлықпен, ілтипатпен қарауға, ыстық ықыласпен араласуға ең лайықты адам деп тұжырымдаған.

        Ислам діні ата-ананы қадірлеуді ең ізгі амалдардың қатарына санап, оны әрбір адамға міндетті іс етті. Әсіресе, анаға қызмет қылып, айтқанын екі етпеу Алла жолындағы жиһадтан да артық сауапты іс етіп бекіткен.

        Абдулла ибн Амр (р.а.) басқа бір риуаятта былай деген: «Бір кісі Алланың Пайғамбарына (с.а.с.) келіп: «Саған һижра мен жиһад жасауға серт беремін. Алладан мол сауап қалаймын», – деді. Сонда Алланың елшісі (с.а.с.): «Ата-анаңның біреуі тірі ме?» – деп сұрады. Кісі: «Иә, екеуі де», – деді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Алладан мол сауап қалайсың ба?» – деді. Кісі: «Иә», – деді. Алланың елшісі (с.а.с.): «Олай болса, ата-анаңа бар да, ол екеуімен жақсы қарым-қатынаста бол», – деді». Мүслім риуаят еткен хадис.

         Бұхари және басқа да хадисші имамдар риуаят еткен хадисте: «Ақиқатында Алла сендерге ата-анаға бойсұнбауға тыйым салды», – делінген.

        Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (с.а.с.): «Танауын шаң қапты, танауын шаң қапты, сосын танауын шаң қапты!», – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (с.а.с.): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Мүслім риуаят еткен. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.

        Әлемдердің Иесі Хақ Тағаланың адамзат пен жынға түсірген ең соңғы діні – Ислам дінінде әйелге осындай құрмет, ізет көрсетілген, мәртебесі биіктетілген, мүддесі мен хұқықтарының толықтай қорғалынуы кепіл етілген. Ал қазіргі жиырмасыншы ғасырдағы Батыстағы дамыған елдердегі әйелдің жағдайы осындай ма?

        Төртіншіден; теңдік жағдайында.

        Исламды зерттеп көрген жан бұл діннің әйел затын шынайы адамзаттық мағынасында ердің серігі деп көретіндігіне көзі жетеді. Өйткені ол екеуінің де жаратылыстағы негізі, адамдық болмысы бірдей. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُواْ رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالاً كَثِيراً وَنِسَاء وَاتَّقُواْ اللّهَ الَّذِي تَسَاءلُونَ بِهِ وَالأَرْحَامَ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيباً﴾

        «Уа, адамдар! Сендерді бір жаннан жаратып, одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көп ерлер мен әйелдерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Бір-біріңнен Оның атымен сұрасатын Алладан және туыстық байланысты үзуден қорқыңдар! Расында Алла сендерді Бақылаушы» (Ниса, 1);

        ﴿وَهُوَ الَّذِيَ أَنشَأَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ فَمُسْتَقَرٌّ وَمُسْتَوْدَعٌ قَدْ فَصَّلْنَا الآيَاتِ لِقَوْمٍ يَفْقَهُونَ﴾ 

        «Ол сендерді бір жаннан жаратты. Сендерге тұрақты тұратын және сақталатын орындар бар. Біз аяттарымызды түсінетін адамдарға ашықтап береміз» (Әнғам, 98);

        ﴿هُوَ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَجَعَلَ مِنْهَا زَوْجَهَا لِيَسْكُنَ إِلَيْهَا﴾

        «Ол сендерді бір жаннан жаратып, оның тыныштық табуы үшін өзінен жұбайын жасады...» (Ағраф, 189). Демек, екеуінің де түп-негізі бір, жыныстық тек жағынан әртүрлі болғанмен, адамзаттық тек жағынан бірдей тең. Жаратушы Тәңірі былай дейді:

        ﴿وَأَنَّهُ خَلَقَ الزَّوْجَيْنِ الذَّكَرَ وَالْأُنثَى﴾

        «Екі жұпты: ер мен әйелді жаратқан да Сол» (Нәжім, 45);

        ﴿فَجَعَلَ مِنْهُ الزَّوْجَيْنِ الذَّكَرَ وَالْأُنثَى

        «Ол одан екі жұпты: ер мен әйелді жасады» (Қиямет, 39).

        Сондықтан да әйел заты ермен бірдей шариғаттық міндеттерді орындауға тиісті. Олардың сол міндеттерді орындау мөлшері әркелкі болғанымен, яғни, кейбір жайларға байланысты әйел адам намаз оқымайтындығына қарамастан олардың сауап-сыйлары ерлердікінен еш кем болмайды. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿فَاسْتَجَابَ لَهُمْ رَبُّهُمْ أَنِّي لاَ أُضِيعُ عَمَلَ عَامِلٍ مِّنكُم مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى بَعْضُكُم مِّن بَعْضٍ فَالَّذِينَ هَاجَرُواْ وَأُخْرِجُواْ مِن دِيَارِهِمْ وَأُوذُواْ فِي سَبِيلِي وَقَاتَلُواْ وَقُتِلُواْ لأُكَفِّرَنَّ عَنْهُمْ سَيِّئَاتِهِمْ وَلأُدْخِلَنَّهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ ثَوَاباً مِّن عِندِ اللّهِ وَاللّهُ عِندَهُ حُسْنُ الثَّوَابِ﴾ 

        «Раббылары оларға: «Мен сендердің ешқайсыларыңның, ол ер не әйел болсын, амалын жоймаймын. Бірің біріңнен шыққансыңдар. Ал Менің жолымда қоныс аударып, үйлерінен шығарылғандар, жәбір тартқандар, соғысқандар және өлтірілгендердің, жамандықтарын кетіріп, астарынан өзендер ағатын жұмақ бақтарына кіргіземін. Алланың дәргейінен бір сый осындай. Ең көркем сый Алланың дәргейінде» (Әли Имран, 195);

        ﴿وَمَن يَعْمَلْ مِنَ الصَّالِحَاتَ مِن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُوْلَـئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ وَلاَ يُظْلَمُونَ نَقِيراً﴾

         «Ерлер мен әйелдерден кімде-кім мүмін болып ізгі амалдар жасаса, міне, солар жұмаққа кіргізіледі де, ешқандай қиянат көрмейді» (Ниса, 124);

        ﴿مَنْ عَمِلَ سَيِّئَةً فَلَا يُجْزَى إِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحاً مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُوْلَئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ يُرْزَقُونَ فِيهَا بِغَيْرِ حِسَابٍ﴾

        «Қандай да бір жамандық қылған жан соған лайық қана жазасын тартады. Ал ерлер мен әйелдерден кімде-кім мүмін болып ізгі амалдар жасаса, міне, солар жұмаққа кіргізіледі де, сонда есепсіз түрде ризық алады» (Ғафыр, 40).

        Әйел заты ерлермен ой өрісі, зеректігі жағынан да, денелік қабілеті жағынан да, әлеуметтік, ой-сана саласындағы белсенділік тұрғысынан да бірдей. Пайғамбар (с.а.с.): «Расында әйелдер ерлердің серіктері», – деген. Әбу Дәуіт риуаят еткен хадис. Ер мен әйел арасындағы анықтама осындай.

        Жыныстық түрлер арасындағы айырмашылықтар.

        Шын мәнінде ер мен әйелдің сезімдері бірдей емес. Жаратушы әуел баста әйелдің бойына әдемілікті, тәкаппарлықты, беймұқтаждықты дарытқан. Ал ердің бойына әйелге деген мұқтаждықты, ғашықтықты сіңірген. Сондай-ақ әйелге нәзіктік пен әлсіздік сипатын берсе, ерге, керісінше, күштілікті тарту еткен.

        Сондықтан да жігітке үйлену үшін бойжеткенге барып, айттыру міндеті жүктелінді. Мұнда ер түрі іздеушінің рөлін, ал әйел заты ізделінушінің рөлін атқарады. Әйел мен ер бір-бірінен әсер ету, ықпал жасау жағынан да әртүрлі. Әйелдің ерге тигізетін әсері күштірек. Ер адам өзінің батылдығы мен айбарлығында, тұлғалық қасиеттерінде әйелдің алдында қарыздар. Әйелдің тартыншақтық қасиеті ұяты мен арына тікелей байланысты. Әйел заты осындай қаймағы бұзылмаған табиғи қасиеттері арқылы ерлерді сүйсіндіріп, ғашық қылуына лайықты болады. Ерлер лайықты әйелдерді әрдайым елді шарлап, тарту-таралғысын артынып-тартынып, шарқ ұрып, арнайы сый-сияпатын әзірлеп, іздеп жүреді. Негізінде ерлерді ер ететін әйелдер. Жақсы әйел жаман ерден жақсы азамат шығарады, ал жаман әйел жақсы ерді ұятқа қалдырады. Ал азаматтар қоғамды дұрыстап, әділдіктің сақталуына қызмет етеді. Осылардың барлығы бір-бірімен іркес-тіркес байланысты. Ал егер осы істердің артында үлкен рөл атқарып жүрген әйелдер бұзылса, бүтіндей қоғам бұзылып, бәрі бүлінеді.

        Бесіншіден; экономикалық дербестік.

        Адам баласы денсаулықтың қадірін ауырғанда, жарықтың қадірін қараңғылықта қалғанда, тәттінің қадірін ащы дәмді татқанда біледі. Бұл туралы «әрбір нәрсе қарсыласы арқылы танылады» деген нақыл да бар.

        Осы орайда Ислам дініне күйе жағып, жала жабуды мақсат еткендердің таратып жүрген қойыртпақ пікірлеріне кіріспестен бұрын әйелдің бұрынғы өркениеттердегі экономикалық, меншіктік жағдайы туралы айтып өтуді жөн санадым. Сонда ғана Алла жайында ешқандай дәйексіз сөз айтып, Оның дініне тіл тигізіп жүрген күнәһарлардың ақиқаты ашылып, Исламның шынайы бет-бейнесі айқындалар деп ойлаймын.

        Шын мәнінде Ислам діні әйел затына арнайы экономикалық дербестік сыйлаған. Шариғат бойынша әйелдің ешбір адамға тәуелсіз түрде сауда жасауға, келісім-шарттарды жүргізуге толық хұқығы бар.