Халифа Османның бұйрығымен қанша Құран кітабы көшірілді?
Халифа Османның бұйрығымен қанша Құран кітабы көшірілді?
Бұл жөнінде ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Осман ибн Аффан Ислам дәулетінің әр аймақтағы үлкен қалаларына бір-бір кітаптан жіберген-ді. Сондықтан ол көшіруді бұйырған Құран кітаптарының саны сол қалалардың санына сәйкес болғаны анық.
1. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, Османның бұйрығымен төрт Құран кітабы көшірілген. Олар: Шамға, Куфаға, Басраға жіберілген және біреуі Мәдинада қалдырылған.[1]
2. Имам әс-Суютидің және тағы бірнеше ғалымдарың пікірінше, көшірілген кітаптардың саны бесеу. Жоғарыда аталған мусхафтарға Мекке қаласына жіберілген Құран кітабын қосқан.[2]
3. Ибн Ашурдың, әз-Зурқанидің пікірінше, көшірілген кітаптардың саны алтау. Оған жоғарыда аталған бес кітапқа Осман ибн Аффанның өзіне алып қалған бір мусхафты қосқан. Яғни Мәдина қаласында екі нұсқасы қалған. Олардың бірі – Мәдина халқы үшін, екіншісі – Османның өзі үшін көшірткізген Құран кітабы.[3]
4. Субхи Салих және басқа да ғалымдардың пікірінше, көшірілген кітаптардың саны жетеу. Олар: Мекке, Мәдина, Шам, Басра, Куфа, Йәмән және Бахрейн қалаларына жіберілген Құран кітаптары.[4]
Осман ибн Аффан көшірткен Құран кітаптары санының қанша болғандығына қарамастан, олардың барлығы жүз он төрт сүреден тұрады және харакаттар мен әріп асты және үсті белгілері қойылмағандығы, сүре аттары жазылмағандығы анық. Сонымен қатар ол Құран кітаптары барлық қырағатты қамтыған болатын.[5]
[1]Субхи әс-Салих. Мабахис фи улум әл-Құран. 84-бет.
[2]Имам Жәләлуддин әс-Суюти. Итқан фи улум әл-Құран. Баспаға әзірлеген Мұхаммед Әбу әл-Фадл Ибраһим. Каир, әл-Һәйә әл-мысрия әл-амма лил-китәб. 1974. 1 том, 211-бет.
[3]Османның өзі үшін алып қалған немесе Мәдина қаласында қалған Құран кітабы "имам" деп аталады.
[4]Субхи әс-Салих. Мабахис фи улум әл-Құран. 84-бет.
[5]Субхи әс-Салих. Мабахис фи улум әл-Құран. 84-85-беттер.