Османның халифаттығы тұсында жазылған бұл Құран кітаптары қазір бар ма?
Османның халифаттығы тұсында жазылған бұл Құран кітаптары қазір бар ма?
Ибн Кәсир (һижра жыл санауы бойынша 774 жылы дүниеден өткен) "Фадаил әл-Құран" кітабында Осман мусхафтарының бірін Шамдағы Дамаск қаласының мешітінде көргендігін айтады. Оның ойынша, ол түйенің терісінен жасалған. Кейбір дерек көздерінде бұл мусхаф алдымен Орыс патшалығы тұсында Санкт-Петербург қаласында, одан кейін Англияда сақталған. Ал басқа дерек көздерінде ол кітап һижраның 131 жылы Дамаск қаласындағы мешіттердің бірінде өртеліп кеткен.[1]
Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың пікірінше, Ташкент қаласында сақтаулы тұрған Құран кітабы – Османның әмірімен жазылған мусхафтардың бірі. Себебі ол кітапта да харакаттар мен әріп асты және үсті белгілері қойылмаған, сүрелердің аттары жазылмаған. Кейбір деректерде ол кітапты Ақсақ Темір ел басқарып отырған тұсында Самарханд шаһарына араб мемлекеттерінен арнайы алдырған.
Ал Станбул мен Каир қалаларында сақтаулы тұрған Құран кітабы Османның халифаттығы тұсында жазылған Құран кітаптары емес. Себебі ол кітаптарда әріп асты және үсті нүктелері бар. Ал Осман мусхафтарында ол нүктелердің болмағандығы белгілі. Дегенмен ол Құран кітаптары да өте ерте жазылғандығы анық.
[1]Маннағ әл-Қаттан. Мабахис фи улум әл-Құран. 129-бет.