Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әйел
        3. Ер әйелден басым ба?
        Ер әйелден басым ба?

        Ер әйелден басым ба?

        С: Ер әйелден басым ба?

        Ж: Ердің әйелден басымдылығы туралы.

        Ислам діні әйел затына қаржылық, экономикалық істерде бұрын-соңды болмаған хұқықтар берді. Бір жағынан әйелге экономикалық дербестік сыйласа, екінші жағынан ер адамның әйелдің мал-мүлкі мен шаруасына қол сұғуына тыйым салды. Ежелгі әлем жұртында және жиырмасыншы ғасырдың бас кезіне дейін Европаның өзінде де әйелдің мал-мүлкі, ісі тек ердің ғана қолында болатын. Ақиқатында Ислам діні заңнамалық негіздерін бекіткенде әйелдің мүддесін ерге қарсы қоюды немесе керісінше, ердің мүддесін әйелге қарсы қоюды көздеген жоқ. Сондай-ақ бір тараптың мүддесін жоғары көтеру үшін екінші тараптың ақысын кеміткен де жоқ. Ең бастысы, ердің де, әйелдің де бақытын һәм олардан өрбитін ұрпақтың мүддесін алға қояды.

        Сол ұлы мақсаттың орындалуы жолында ер мен әйелдегі жаратылыстық ажырамас қасиеттер мен Жаратушының Өзі белгілеген табиғи заңдылықтарды ескермеу мүмкін емес. Сондай-ақ, ер мен әйелді де жаратқан Алла Тағала екендігін һәм екеуінің де Раббысы екендігін естен шығаруға болмайды. Ұлы бақытқа жету үшін бірін екіншісіне қарсы қойып, біреуіне қиянат жасау да мүмкін емес дүние. Ислам заңнамасы шариғаттың түпкі Иесі Алла ондай қиянат пен олқылықтардан, әділетсіздіктен ада.

        Ислам дініне жағылған осы бір жаланы екі жақтан алып қарастыруға болады.

        Біріншіден: Жанұя алдындағы қаржылық жауапкершілік.

        Алла Тағала түсірген шариғат негіздеріне көз жүгіртіп, осы мәселе туралы зерттеген жан мұнда әйел баласының әйелдік нәзіктігінің, ар-абыройының басы бүтін сақталуына толықтай кепілдік беретіндігін табар еді. Расында да бұл заңнамалар әйелдің жаратылыстық, табиғи қажеттіліктерін түгелдей қамтыған. Мұнда ең бастысы, әйел тұлымшағы желбіреген қыз кезінен бастап, жасамыс әжеге айналғанға дейін сол әйел қалпында қалады. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿أَوَمَن يُنَشَّأُ فِي الْحِلْيَةِ وَهُوَ فِي الْخِصَامِ غَيْرُ مُبِينٍ

        «Әлде жастайынан әшекейдің ортасында өсіп, дау-дамайда анық сөз айта алмайтын (әйел) ме?» (Зухруф, 18).

        Әйел баласының болмысындағы өзіне тән әдемілігі, әрекетшіл-сергектігі және кірпияздығы көп жайлылықты, аз қиындықтарды һәм жүйке тыныштығын талап етеді. Яғни, әйелдің тумыстық қасиеті оның жағдайының әрдайым бірқалыпты, алаңсыз болуын қажетсінеді. Ал егер әйел ер адам сияқты ризық табу үшін үлкен қайрат-күшті керек ететін ауыр да қажырлы еңбекке баруға мәжбүр болып, түздегі тынымсыз тірлікке бел шешіп кірісіп кетсе не болар еді? Ондай жағдайда әйелдің тумыстық қасиеттеріне сызат түсіп, бетіне әдетте ерлерде ғана болатын ауыр жұмыстың белгісі түсер еді.

        Расында әйелдің жанының жай табуы, аман-есендікте, сергектікте болуы оның мінез-құлқының қалыпты болуының, жанұяның бақытты болуының һәм оның айналасындағы ортаның жарқын болуының бірден-бір кепілі. Бәлкім, ер адамның ұзақ уақыт бойы ауыр іспен айналысып, кейін одан түскен пайданы қаласа да, қаламаса да жанұясына, үй ішіндегі қажеттіліктерге жұмсауы үшін әйеліне ұсынуының басты сыры осы бір мәселеде жатқан болар.

        Ер адам сана түкпіріндегі жаратылыстық сезімі арқылы тыныштығы мен жан рахатының арқауына айналуы үшін әйеліне жақсы қараудың қажеттілігін түйсінеді. Алла Тағала былай дейді:

        ﴿هُوَ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَجَعَلَ مِنْهَا زَوْجَهَا لِيَسْكُنَ إِلَيْهَا

        «Ол сендерді бір жаннан жаратып, оның (ердің) тыныштық табуы үшін оның өзінен жұбайын жасады...» (Ағраф, 189).

        Ер адам жұбайына қаншалықты тыныштық жағдайын, жайбарақат тіршілік себептерін жасаған сайын өзіне де бақыттылығын жасайтындығын айқын түсінеді. Сондай-ақ күнделікті тіршілік тәжірибесінде жұбайлардың бірі екіншісінің жан рахатын жасауы үшін азырақ ауырлық тартып, азырақ шаршауы керектігін ұғынады. Осыған орай табиғи ерекшелігі мен дене бітіміне байланысты тіршіліктегі нәпақа табу күресінде басты ауыртпалықты көтеруге ер адамның лайықты болып шықты. Ал әйелге тыныштықтың, рахаттың, махаббат пен мейірімнің көзі болу, дүниенің қиындықтарын жеңілдетіп, тауқымет табын кетіретін, қыспағын қызыққа, тыныштыққа айналдыра білетін айлақ бола білу лайықты болды.

        Осы аздаған ойталқының өзінен Ислам дінінің неліктен әйелге жанұяның ішкі амандығын жүктегендігінің және жанұяның, жеке өзінің мал-мүлікке деген меншік хұқығын, ешкімге кіріптарлықта қалмайтындай экономикалық дербестігін сақтай отырып мал-мүлік, нәпақаны іздеп шаршаудан босатқандығының сырын түсіне аламыз.

        Ислам дінінің әйелге экономикалық бостандығын сыйлағандағы түпкілікті мақсаты иләһи әділдік үкімі негізінде оның адамдық хұқығын сақтау болатын. Капиталистік қоғамдағыдай әйелдің арзан жұмыс күшін пайдаланып, өндіріс ошақтарында аз шығын шығару емес-ті.

        Осы мәселе жайында Шейх Ғазали былайша ой толғайды: «Ислам тарихынан Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) қызы Фатиманың (р.а.) қолы домбыққанша диірмен тартып, иығы жауыр болғанша торсықпен су тасығаны туралы оқығанда осынау асыл текті ханымның ер адамға қызмет етуші жай жұбай ғана емес, жанұяның шаңырағын шайқалтпай, оны иман мен сүйіспеншіліктің отауы ете білген нағыз мүмін әйел болғандығын айқын сезінемін. Ол өзінің жары мен баласына өзін де, қолындағы барын да пида ете алады. Мұнда жарына жуан дауыспен бұйрық беріп тұрған қатыгез күйеу де, оның әмірін екі етпей зыр жүгіріп жүрген бейшара күң іспеттес әйелдің де көрінісі жоқ. Керісінше, екеуі де тіршіліктің ащысын да, тұщысын да бірдей тартқан өмірлік жұбайлар бола білді. Соның арқасында дін талабын орындауда да, жеке өмірлерінде де бақытқа жетті. Зүбейір ибн Аууамның (р.а.) жары Әсма бинт Әбубәкірдің (р.а.) сөздерін де осы мағынада түсінемін. Ол (р.а.) былай деген-ді: «Мен Зүбейірге үй ішіндегі барлық істерде қызмет еттім. Сондай-ақ, оның мініс атын бағып, жем-суын беретінмін. Атына шөп орып, құдықтан шелекпен су тартып әкеп беретінмін. Ол суды иығымдағы құмырамен үш фарсах (шамамен 1,5-2 км) жерден таситынмын».

        Шариғат ғалымдарының пікірі бойынша әйел ерінің барлық қызметін атқара беруге міндетті емес. Солай болғанымен көп жағдайда тіккен отаудың шаңырағының биік, керегесінің берік болуы үшін жұбайлардың екеуі де қиындықты бірге көтерісіп, әрдайым бір-біріне тіреу болады. Нағыз мүміндердің жанұясының сипаты сондай.

        Ер кісі өз отбасының көшбасшысы. Бұл көшбасшылықтың абыройлы сипатымен бірге аса зор жауапкершілік сипаты да бар. Қазіргі мұсылман үмбетінің басты проблемасы жұбайлардың өзара жауапкершіліктерін жеткілікті түрде түсінбеуінде, олардың араларындағы қатынасты тек төсек қатынасымен ғана шектеуінде жатыр. Сондай-ақ, Ислам үмбетінің әлемге жолдауын әйелдер емес, ерлер жеткізетіндігін естен шығармау керек. Кейбіреулер үйленуді тек неке келісімі деп қана түсінеді».

         Екіншіден: басшылық.

        Бұл басшылықтың негізі мына аятта жатыр.

        ﴿الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاء بِمَا فَضَّلَ اللّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ

        «Ерлер әйелдерді басқарушы. Алланың олардың бірін екіншісінен артық қылғаны арқылы...» (Ниса, 34).

        Ислам дінінде жанұяның, әйел мен бала-шағаның нәпақасын табу ер адамға жүктелінген. Мұндағы басшылық әйелге, жанұяға мал-мүлік сияқты меншік, иелік ретінде қарау емес, оларды дұрыс басқарып, тиісінше қамқорлық жасау түрінде болады. Ер кісінің бұл жауапкершілікке ие болуына аталған аяттың келесі сөйлемі дәлел болады.

        ﴿وَبِمَا أَنفَقُواْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ

        «...Және олардың жұмсаған мал-мүліктері арқылы...» (Ниса, 34).

        Әлемдік қатынастарды реттейтін халықаралық заңның өзінде «Кім қаражат жұмсаса, билік соныкі» деген қағида бар. Олай болса, Ислам діні Алла Тағаланың ерлерге берген басшылық жауапкершілігі расында жанұя ісін меңгеріп, отбасыға лайықты қамқорлық жасау деп түсіндіргенде әйелдің хұқығын бұзған боп есептеле ме?!

        Шындығында Алла Тағала жанұяны білек күшіне негізделген қатыгездіктің басқаратындығын теріске шығарып, қазіргі күнге дейін адамдар ойлап тапқан алуан түрлі заңдарда айтылмаған теңдікті нақтылап айтты.

        ﴿وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاء بَعْضٍ﴾

        «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-бірлеріне көмекші, өкіл» (Тәубе, 71).

        Иләһи баян ердің әйелге деген өкілдігін осындай айдан анық аятпен шектеген болса, алдыңғы аятта айтылған ер адамның әйелге жасайтын басшылығын басқаша қалай түсінуге болады? Демек, ердің әйелге, жанұясына жасайтын басшылығы шексіз үстемдік, қожалық ету емес, отбасы істерін дұрыс жүргізу, қамқорлық жасау деп қана түсіну керек. Бұл басшылық шаш ал десе бас алатын биліктің белгісі емес, ортақ жауапкершілікті тең дәрежеде көтеретін теңдіктің көрінісі. Алла Тағаланың Өз жаратылысындағы даналық-хикметі жанұядағы ердің де, әйелдің де тең дәрежеде бақытты тіршілік кешуін қалайды. Әйелдің ер адамның қамқорлығында болуын, ердің әйелге масыл болмауын қалайды. Дүниедегі күллі жаратылыс, айқын ақиқат осы үкімнің дұрыс екендігін дәлелдейді».

        Үшіншіден: қарым-қатынастардың теңдігі.

        Кей жағдайларда ер адам өзінің қиындықпен нәпақа тауып, оның бәрін жанұя үшін жұмсап жатқандығын айтуы ықтимал. Осы бір жағдай оның бойын мақтаныш сезімі кернеп, еңсесін асқақ ұстауына себеп болуы да мүмкін. Сосын осы бір сезім зорайып, өзінің қол астындағы жанұясы үшін қатал мырза болуы тиіс екендігін есіне салуы да кәдік. Жанұяның жауапкері, көшбасшысы өзі емес пе? Отбасындағы барлық жанның да, малдың да жалғыз қожайыны бір өзі емес пе? Қаржыландырушы да, қамқор болушы да өзі емес пе? Өйткені оған осы мәртебені Алла Тағаланың Өзі: «Ерлер әйелдерді басқарушы. Алланың олардың бірін екіншісінен артық қылғаны арқылы...», – деген сөзі арқылы бермеп пе еді?

        Алайда Құран Кәрім – Алланың сөзі өте керемет һәм әділ. Онда ер адамның бойында осындай есерлеу сезімнің болуы мүмкін екендігі алдын ала айқындалып, мәселесінің басы ашылған. Ардақты аят ер адамның жауапкершілігі мен жанұяның көшбасшысы екендігін нақтылаумен бірге оған қарымта ретінде отбасындағы әйелдің рөлі мен мәртебесін назардан тыс қалдырмайды. Әйелдің де ер секілді жанұя алдындағы жауапкершіліктері толып жатыр. Егер нәзік жыныс өкілі сол жауапкершіліктерді лайықты атқармаса, жанұя да ыдырайды, жалпы қоғам да бүлініп, ерлердің өзі масқара халге душар болады.

        Отбасының жетекшісі ер адам жанұя алдындағы өзінің жауапкершілігін, тапқан нәпақасын, жұмсаған қаражатын һәм жиған малын, жалпы айтқанда, материалдық жағдай жасағанын айтып міндетсінер болса, әйелге, керісінше, өзінің бойындағы Алла берген мағынауи құндылықтары мен ерекшеліктерін, ерлер үшін аса қымбат саналатын абыройының асқақтығын алға тартуына әбден болады.

        Осы тұста аталмыш аятта, иләһи баянда ердің мәртебесіне қарымта ретінде мүмін әйелдердің биік сипаттары былайша келтірілген.

        ﴿فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللّهُ﴾

        «...Иманды ізгі әйелдер ерлеріне мойынсұнып, олар жоқта Алланың қамқорының арқасында сақталуы міндеттелінген нәрселерді сақтайды...» (Ниса, 34).

        Бұдан артық қандай мәртебе керек? Ерлердің жанұяда жетекші болуымен қатар әйелдердің өз міндеттері, өзіндік ерекшеліктері бар екен. Және мұның бәрі бір аят желісінде назардан тыс қалдырылмай, оралымды түрде баян етілген. Ардақты аяттың мағынасы жанұяның жаймашуақ тіршілік кешуі тек ердің қатал басқаруымен болмайтындығын дәлелдеп тұр. Осыдан кейін Ислам дінінде ерге ғана басымдылық беріліп, әйелдердің хұқығы қорғалмаған деген дақпыртта не мән қалады?

        Сондай-ақ, біз Ислам дінінің жанұя мен жаңа ұрпақтың хұқықтарының толықтай қорғалуын кепілдігіне алып, қырағы қамқорлық назарында ұстайтындығын естен шығармауымыз керек. Асыл дініміз осы мәселені қоғамдағы өте маңызды, үмбеттің болашағымен тікелей байланысты мәселе деп есептеп аса сақтықпен қараған.

        Әйел өзінің жұбайлық һәм аналық сипаты арқылы жаңа ұрпақпен көп бірге болады. Сондықтан да ол өскелең өркеннің балалық шағындағы ақыл-ойының, ар-ожданының және тағы да басқа құндылықтардың алғышарттарының қалыптасуына бірден-бір әсер етуші тұлға. Баланың тәрбиесін зерттеуші кез келген маман осы бір кезеңнің баланың болашақ өміріне көп әсер ететіндігін жоққа шығармайды. Осы бір ұлы жауапкершілікке байланысты әйелге көп ауыртпалық салынбауы, жанұяда көбірек отыруы міндетті іс болды. Қазіргі және келешек мүдделерді бірдей қамтыған келелі көзқарасының арқасында Ислам діні жанұя шаңырағының шайқалмауына кесімді кепілдік берді. Соның арқасында мұнда Батыс қоғамындағыдай отбасы шаңырағының ортасына түсіп күйреюі, өскелең ұрпақтың азуы сияқты қасіретті құбылыстар өте аз кездеседі.

        Аталған себептерге байланысты Ислам діні әйелді сыртта жұмыс істеп, жанұяның нәпақасын іздеу міндетінен босатты. Алайда тіршілігін жақсарта түсу ниетімен жұмыс істегісі келген жағдайда оған еш тосқауыл жасамады. Мұсылман әйелінің жұмысы нәзік жыныстыға лайықты һәм оның дініне, тіршілігіне, жанұясына кері әсерлі болмауы шарт.

        Осыдан кейін Алла Тағаланың «Ерлер әйелдерді басқарушы...» деген аятының мағынасының міндетті парыздан гөрі шынайы жайт туралы хабарға сай келетіндігін байқаймыз. Сондай-ақ Ислам дінінің кемел көзқарасы мен уахи мәтіндерінің негізінде мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің бір-бірілерімен достығы, ынтымақтастығы ізгілік жасау, намаз оқу, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю сияқты шалқар шеңберді қамтитындығын көреміз. Осы шеңбердің керегесі берік, қазығы мықты болған жағдайда отбасындағы мүмін ер мен мүмін әйелдің арасы да нығаяды, жанұядағы ер мен әйелдің хұқықтары толық қорғалады, олардың арасындағы жауапкершілік пен міндеттер жыныстық табиғаттарына, күш-құдіреттеріне, қабілеттеріне сай үйлесімді түрде таратылады. Міне, осының өзі Ислам дінінің бағыт-бағдарының бірегейлігіне, танымының тұғырлығына айқын дәлел. Ол үшін қазіргі Батыс қоғамындағы жанұяда қалыптасқан жағдайлар мен келеңсіз құбылыстарды салыстырып, сараптап қараудың өзі жеткілікті.

        Келтірілген дәлелдерді нақтылау үшін «бостандық» деген желеумен Батыс әйелінің адамдық және әйелдік қасиеттеріне жасалып жатқан қиянаттар туралы дәйектер келтіреміз. Мысалы, «Нью Зиланд Геральд» басылымының 2005 жылдың 15 ақпан күні таратқан мынадай масқара хабарына қараңыз. Хабарда бір жүкті әйелдің өзінің қампиған ішін жарнаманың тақтасы ретінде 161 миллион долларға сатқандығы айтылады. Америкалық ханым ішінде жеті айлық нәрестесі бар ішін интернет арқылы аукционға қойыпты. Ең үлкен баға ұсынған «Пошташы әрқашан дер кезінде жетеді» деген ұстаныммен жүретін бір кеден өкілі болған екен. Жүкті әйел өзіне сын айтқандарға: «Бұл ақша туылған кезінде сәбиімнің бағып-қағуына жұмсалады», – деп жауап беріпті.

        Араб жазушысы Шағбан Абдуррахман бұл хабарға мынадай пікірін жазыпты: «Осы хабарды әйел хұқықтарының қай сатысына қоюға болатындығын білмеймін. Әйел затының кейде «абсолюттік бостандық» деген желеумен, кейде пайда табу үшін, ал енді бірде өз тұлғасын нақтылау мақсатында өзін-өзі осындай төмен дәрежеге, қорлыққа лайықты етуі расында сол «бостандықтың» да, пайда табудың да, тұлғасын тұғырлаудың да шегінен шығып кететін бассыздық деуге болар.

        Әйел хұқығы мен бостандығы туралы мәселедегі біздің қарсы болатын нәрсеміз, ол әйелді тәни жақтан азғын еліктіру, адами сипаты жақтан қанау. Мұның бәрі әлеуметтік форма мен әдеттерге, саяси ортаға негізделіп жасалынып, қанау мен азғырудың осы бір түріне жаңа орта түзудің қамы жасалады. Осының бәрі, өкінішке орай, сол әйелдің келісімімен жүзеге асады.

        Расында әйелді қорлап, хұқықтарын аяққа таптайтын тараптар – үкімет, не ұйым, не жеке тұлғалар болсын, баршылық. Аз-кем сол әйелге теңдессіз бостандық берілген, әйел хұқықтары мен теңдігін ту етіп көтерген ұйымдар мен тұлғалардың отаны – Батыстағы әйелдің көрінісіне назар аударайықшы. Сол жақтағы әлеуметтік зерттеу орталықтары және ресми тараптардың келірген статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртіп көрейікші. Алайда олар осы дәйектерді келтіре отырып, «әйел хұқығының дұшпандары» деп ешкімді кінәламайды.

        АҚШ-та халыққа қызмет көрсету саласындағы әйел қызметкерлердің 70%-ы жыныстық кемсітушілікке, бопсалауға ұшыраған. Бұл америкалық Корфилл университетінің мәліметі.

        Жыныстық тәрбие туралы зерттеулер жүргізетін америкалық атақты үш ғалым: Кензи, Джонсон және Мастер мынадай дәйек келтірген: «Зерттеу жүргізілген америкалық ерлердің 50%-ы біржыныстық қатынаста болған».

        Сондай-ақ, басқа зерттеулердің нәтижелері бойынша америкалық әйелдердің 1,5 миллионы біржыныстық қатынасқа барған, қалалық әйелдердің 21-23%-ы зорлауға душар болған. Онымен қоса, әйелдердің 3,3%-ы некесіз қарым-қатынаста болған. Зерттеулердің 80%-ы соңғы отыз жылда АҚШ-та «бұғаусыз бостандықтың, ессіз еркіндіктің» етек жайып, жанұялық, адами құндылықтардың төмен құлдилап кеткендігін көрсетеді.

        Канаданың әйел істері жөніндегі министрінің екі жыл бұрын келтірген дәйектері бойынша бұл елдегі қызметкер әйелдердің 40%-ы ұрып-соғуға немесе зорлауға ұшыраған.

        Германияда жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бұл елде жыл сайын 7 мың сәбидің некесіз туылатындығын көрсетті.

        Осы сандар мен дәйектерді келтіргендегі менің мақсатым әйелді мәртебесін тым төмендетіп, зорлық пен зұлымдықтың зынданына салып қою емес, керісінше, әйел бостандығының мән-мағынасы мен механизмдерін қайта қарастыру, адамдық қасиеттің асылдығын ту етіп көтеретін ұрандардың түпкілікті мақсатына көз жүгірту. Қазірде Батыста қалыптасқан ащы шындық, ақиқат жағдай технологиялық төңкеріс кезеңінде әйел бостандығы туралы мәселе көтерілген тұстан бастап қазіргі кезге дейін аталмыш мәселенің сондай киелі еместігін, керісінше, сөз пен істің арасының тым алшақ екендігін дәлелдеп береді.

        Егер шынайы дәйектер бостандық, теңдік деген ұғымдардың ұран етіп көтерілген кезден бастап екі ғасырдан бері әйелдің тек теперіш көріп, хұқықтарының аяққа тапталып келгендігін айтып тұрса, онда осы тығырықтан шығатын басқа жол іздеу, басқаша бағыт-бағдар таңдау ақылды жан үшін дұрыс шешім емес пе? Әлде әйел бостандығы атты түсініктің зорлық-зомбылықпен, жыныстық бопсалаумен, жанұялардың ойран болуымен, некесіз туылған нәрестелермен қатар жүруі шарт па? Әлде әйелдің жұмысының қанауға айналуы оған бостандық әпергеннен гөрі оны бостырып жібергенге ұқсамай ма? Біріккен Ұлттар Ұйымында аборт пен жыныстық жүгенсіздікке қарсы қилы-қилы конференция-жиындар өткізіп қаржыны босқа шығындағанша, әйелі осы ұғымдардың басын ашып алуға болмас па?

        Әйел бостандығын ту етіп көтеріп жүрген елдер мен жеке тұлғалардың өздерінде көрініс табатын әйел затын сауда-саттық, саяси мақсаттарда пайдалану сияқты сұрқия әрекеттердің өзі бостандық атты ұлы ұғымды қайда жалт-жұлт еткен жалаң жарнамаға айналдырып жіберген жоқ па?».

        Расында Уол Дюрант бұл жағдайд туралы былайша дөп айтқан: «...Сол уақыттан бастап қазірге дейін пайданың жаңа жолдарын іздеу әрекеті әйелді үйдегі азаптан құтқарып, оның орнын дүкендер мен зауыттардағы азапқа ауыстырды». Яғни, «Батыс жұрты әйелді қол-аяғындағы бұғаулардың кейбірінен босатуымен бірге басқа бұғаулармен байлап қойды. Қанау жағынан соңғысы алдыңғысынан асып түспесе кем түспейді».

        Осыдан кейін Ислам дінін әйелге қиянат жасайды, хұқығын аяққа таптайды деп айыптап, жала жабудың мағынасын қалай түсінуге болады. Шынайы жағдай айтылған сөздің мүлде керісінше екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?

        Сонда әлгі Батыста айтылатын, өзіне қарсы келген көзқарасты жоққа шығаратын «әділдік» атты түсінік қайда қалды?

        Әйел мәселесі Ислам діні тұрғысынан ғылыми түрде қаралып, нақтылы бағасы берілген сайын сол баяғы қасақы қате түсінік пен арам ниет әділдіктің өлшемі болып қала бере ме?

        Батыс қоғамдарындағыдай әйел баласы жанұяға да, нәпақаға да жалғыз жауапкер болса, әрі қарай жағдай не болмақшы?

        Батыста қалыптасқан жағдайда, сондай ортада әйелге өзіне лайықты, келісті кәсіп, қолайлы қызметтер табыла сала ма?

        Осы тұрғыда Ислам дінінің әйел затына оның табиғатына лайықты түрде жасаған қамқорлығын Батыс жұрты жоққа шығарып, ризық табу машақатын нәзік жандылардың өздеріне жүктеген десек дұрыс емес пе?

        Ислам дінінің мұраттарын қасақы түрде бұрмалап, тек келіспеуге бейілді кертартпа ортада ақиқатты іздеудің өзі үлкен машақат емес пе?