Аяттарды ажырата алуды үйренудің қандай пайдалары бар?
Аяттарды ажырата алуды үйренудің пайдалары
Кейбір адамдар Құрандағы аяттардың санын, ұзын және қысқасын білудің пайдасы шамалы деп ойлайды. Бірақ Алланың кітабына қатысты білімнің пайдасызы болмайды. Құран аяттарының саны және ұзын не қысқалығын білудің де пайдалары бар. Мысалы:
1. Әрбір қысқа үш аят және қысқа үш аятқа тең ұзын бір аят «муғжиза» деп есептеледі. Оған Алла тағаланың
"Егер Біздің құлымызға түсіргендерімізге күмәнданатын болсаңдар, сол сияқты бір сүрені алып келіңдер. Және (ол іске) Алладан өзге куәгерлеріңді (көмекке) шақырыңдар. Егер шыншыл болсаңдар"[1]деген аяты дәлел болады. Себебі Алла тағала барша адамзатқа Құрандағы бір сүреге ұқсас сөйлемдер жинағын құрастыруды талап еткен. Бірақ ондай сөйлемдер жинағын құрастыру ешкімнің қолынан келмеді және келмейді де. Осы аятта Алла тағала бір сүренің муғжиза екендігін меңзеп тұр. Ал Құрандағы ең қысқа "Кәусар" сүресі үш аяттан тұрады. Сондықтан әрбір қысқа үш аят муғжиза деп есептеледі және қысқа үш аятқа пара-пар ұзын бір аят та «муғжиза» деп есептеледі. [2]
2. Аят аяқталғанда тоқтау үшін, оның басы мен соңын білу қажет. Өйткені кейбір ғалымдар «аят аяқталғанда тоқтау – сүннет» деп есептеген. Оған Умму Сәләмәдан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадис дәлел. Ол хадисте Пайғамбардың (ﷺ) Құран оқыса, оқуын аят-аяттан бөлетіні және "Бисмилләһир-Рахмәнир-Рахим" дейтіні, сосын тоқтайтыны, "Әл-Хамду лилләһи Раббил-ъаләмин" дейтіні, одан кейін тоқтайтыны, "Әр-Рахмәнир-Рахим" дейтіні сосын тоқтайтыны айтылған.[3]
Яғлә ибн Мәлик Умму Сәләмәдан Алла елшісінің (ﷺ) Құран оқуы және намазы жайлы сұрайды. Сонда Умму Сәләмә Алла елшісінің (ﷺ) Құран оқығанда әріптерді анық-анық оқитындығын[4] айтқан. Тағы бір риуаятта Умму Сәләмә Алла елшісінің аяттарды бөліп-бөліп оқығандығын айтқан.[5]
Осы риуаяттардан Құран оқыған кезде адамдарға аяттардың аяқталғандығын білдіру мақсатында әр аяттан кейін, ал адамдарға ол қажет болмаған жағдайда мағына аяқталған жерден тоқтаудың мустахаб екендігін түсінеміз.[6]
3. Шариғат заңдарының кейбірі аяттар санына байланысты болады. Имам әс-Суюти: "Кейбір фиқһи үкімдер аяттарды және олардың сандары мен бөлшектерін білуге байланысты болады", – деген.[7] Мысалы, намазда Құран оқу парыз. Ал осы парызды өтеу үшін кемінде ұзын бір аят немесе қысқа үш аят оқу керек. Егер одан аз болса, намаздың бір парызы өтелмеген болып табылады.
[1]"Бақара" сүресі, 23-аят.
[2]Фақиһ ғалымдар: «Осы себепті намазда Құран оқудың парызын өтеу үшін кемінде ұзын бір аят немесе қысқа үш аят оқу қажет», – деген.
[3]Имам Ахмад, Әбу Дауд және басқалар риуаят еткен. Хаким ән-Нәйсабури хадисті сахих деп есептеген және оның бұл тұжырымымен әз-Зәһәби келіскен.
[4]Яғни тәжуид қағидалары талап еткендей әр әріпті орны-орнымен оқитын.
[5]Имам әт-Тирмизи риуаят еткен.
[6]Қазіргі кезде жарық көріп жатқан Құран кітаптарында аят соңына, тоқтауға болатын, тоқтауға болмайтын жерлерге арнайы белгілер қойылған. Бұл белгілер Құранды дұрыс оқуға көмектеседі.
[7]Имам Жәләлуддин әс-Суюти. Итқан фи улум әл-Құран. Баспаға әзірлеген Мұхаммед Әбу әл-Фадл Ибраһим. Каир, әл-Һәйә әл-мысрия әл-амма лил-китәб. 1974. І-том, 240-бет.