Шариғаттағы мұрагерлік ұғымында әйелдің құқығы тапталған ба?
Мұра жайындағы жала
Бізге белгілі болғанындай Ислам діні әйелді жанұядағы қаржылық, нәпақалық ауыртпалықтардан құтқаруымен бірге оған азаматтық хұқықтардан алатын тиісті үлесін толықтай берген. Олардың арасында меншіктік, иелік ету, сауда келісім-шарттарын, байланыстарын жүргізу т.б. толып жатқан азаматтық хұқық түрлері бар. Ал Ислам дінінің мұраға қатысты түбегейлі ұстанымы төңірегінде туындаған дау-дамайлардың еш негізі жоқ, олар өтірікті шындай сапыратындардың жапқан жаласы. Олардың қып-қызыл жала екендігін біз Құран аяттарында айтылған айқын үкімдер мен дәлелдердің негізінде анықтайтын боламыз. Сонда ғана қасақана тағылған жала мен жалғандықтың түпкілікті тұрағы жалындаған жәһаннамда екендігі бізге белгілі болады.
Сондай-ақ мұраның ішіндегі әйелдің үлесі туралы туындаған түрлі алып-қашпа сөздер мен қауесеттердің құр байбалам екендігі, мирас мәселесінде мұра бөлісу кезінде мирасқордың ер не әйел болуының басты негіз емес, марқұм болған кісіге жақындығы басты негіз екендігі белгілі болады. Мұра бөлісу жағдайларының кейбірінде әйелдің алатын үлесі ерлердікімен тепе-тең дәрежеде болса, ал кейбірінде, тіпті, ердің үлесінен асып түсетінін көреміз. Бұл мұраны бөлісу туралы мәселенің бір қыры ғана.
Ал екінші қырынан алып қарағанда мұраны бөлісуде әрбір мұрагердің үлесін белгілеуге әсер ететін басты факторлар – мұрагердің мойнындағы жауапкершілік пен мұрагерлердің саны . Ал мұнда мұрагердің ер немесе әйел болуының еш қатысы жоқ.
Бұл тұрғыда мирас мәселесін даналық тәсілмен түсіндіріп берген ғұлама Мұхаммед Рамадан әл-Бутидің сөзін келтіруді жөн көріп отырмыз. Ол былай дейді: «Ал мирасқа келер болсақ, кейбір қасақы надандар бұл мәселеде өздерінің шатпақ ойларымен адамдардың көбісін шатастырады. Олар мұсылман шариғатына жала жауып, ер мен әйелдің мұрагерлігі жайында жаңсақ пікірлер таратады. Надандар Алла Тағаланың «Ерге екі әйелдің үлесіндей» деген сөзін ер мен әйелдің арасында мұраны бөлісудің кез келген жағдайларындағы ең басты, шешуші қағида етіп көрсеткісі келеді. Тіпті, олар Алла Тағаланың Кітабындағы осы бір аяттың үзіндісін қитұрқылықпен адамдар арасында, ер мен әйел арасында алауыздықты қоздыруға, сөйтіп, мұсылман шариғатына күйе жағуға барынша тырысып бағады. Осылайша мұсылман ұстанымындағы әйелдің жағдайын аса мүшкіл, бейшара халде көрсеткісі келеді.
Ал шын мәнінде аталған үзінді бар аят былай басталады: «Алла сендерге балаларың туралы өсиет етеді: ерге екі әйелдің үлесіндей» (Ниса, 11). Демек, бұл Алла Тағаланың ата-аналар мен балалар арасында бұйырған үкімі екен. Ал басқа жағдайдағы мұрагерлердің, ер не әйел болсын бәрібір, әрқайсысының жеке-дара арнайы айқын үкімдері бар. Мирас бөлудегі көп жағдайларда ер мен әйелдің үлестері тең болып келеді. Кейде тіпті, әйелдің үлесі ерлердікінен артық болатын кездері де кездеседі. Төменде сондай жағдайларға бір топ мысал берілді.
- Егер марқұмның артында балалары және ата-анасы қалса, ата-анасы олардың ер-әйел болуына қарамастан бірдей үлес – әрқайсысы мирастың алтыдан бірін алады. Өйткені Алла Тағала былай деп бұйырған: «Ата-ананың әрқайсысына алтыдан бір үлес берілсін».
- Егер қайтыс болған кісінің артында бір анадан туған бауыры немесе апасы не қарындасы қалып, олардың үлес алуына тоқсауыл болатын басқа жақыны болмаса, олардың қайсысы да мұраның алтыдан бір бөлігіне ие болады. Мұнда мынау ер, мынау әйел деп бөлу жоқ. Өйткені Алла Тағала былай деп бұйырған: «Егер оның (марқұмның) бауыры не апасы не қарындасы болса, олардың әрқайсысына алтыдан бір үлес тиеді» (Ниса, 12).
- Егер марқұмның артында бір анадан туған екеуден көп бауырлары мен екеуден көп апа-қарындастары қалса, бауырларына мұраның үштен бірі, апа-қарындастарына да тиісінше үштен бірі тиесілі болады. Мұнда да мынау ер, мынау әйел деп бөле-жаруға орын берілмейді. Өйткені Алла Тағала былай деп бұйырған: «Егер олар (бауырлар не апа-қарындастар) одан (екеуден) көп болса, олар үштен біріне ортақтасады» (Ниса, 12).
- Егер бір әйел қайтыс болып, оның артында күйеуі мен бір қызы ғана қалса, қызы оның мұрасының жартысына ие болады да, ері төрттен бірін ғана алады. Демек, мұнда әйел заты ер кісіден, өзінің әкесінен екі есе көп үлеске ие болып тұр.
- Егер қайтыс болған ер адамның артында әйелі, екі қызы және бауыры қалса, әйеліне мұрасының сегізден бірі, екі қызына екі үштен бірі, ал қалғаны бауырына беріледі. Бұл жағдайда екі қыз өздерінің көкелерінен көп үлес алып тұр. Бұл Пайғамбардың (с.а.с.) үкімі.
Аталған мысалдардың қорыта келгенде Алла Тағаланың «Ерге екі әйелдің үлесіндей» деген сөзі надандар немесе Ислам дұшпандары айтып жүргендей ер мен әйелдің арасында мұра бөлудің шешуші қағидасы емес екен. Керісінше, бұл сол аятта айтылған жағдайдағы үкім ғана болып шықты».
Аталған мирас мәселесі туралы осылайша кеңірек түсіндіруімізге әйел затының Исламнан басқа қоғамдарда татқан азабы мен әділетсіздіктерін түсіндіру үшін қажет болды. Әйел баласы көптеген қоғамдарда тек қана материалдық жағынан ғана емес, сонымен қатар тәни, рухани, жыныстық, экономикалық, әлеуметтік, тіпті саяси жақтан түрлі теперіштерге тап болып, дәйім езгіде болды. Сөйтіп, әйелдің өмірі барлық тараптан тауқыметке толы еді. Бұл тұрғыда оған әйелдік әлсіздігі де, табиғатының нәзіктігі де еш көмектесе алмады. Керісінше, ондай өзіндік табиғи қасиеттері оның қайғы-қасіретке душар болуының басты себебіне айналды. Әйел жұбай ретінде де, ана ретінде де өзінің лайықты мәртебесін ала алмады. Ал Ислам діні келіп, азаттық таңы атқан соң әйел үшін өмірдің қызығы енді басталды. Жаңа дін оған екі дүниенің жұмағын: дүние бақыты мен ақырет бақытын тарту етті. Оны бұрын тартып келген тауқыметтерден азат етіп, түрлі қиындықтардан құтқарды. Оны толыққанды азамат етіп қана қоймай, сонымен бірге оған экономикалық дербестік беріп, адамдық, әйелдік қасиеттерінің қорғалуына кепілдік берді. Әйел заты Ислам діні келместен бұрын мұндай мәртебеге ешқашан да ие болмаған-ды.