Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Құран кітабындағы аяттардың тәртібі қандай?
        Құран кітабындағы аяттардың тәртібі қандай?

        Құран кітабындағы аяттардың тәртібі қандай?

        Құран кітабындағы аяттардың тәртібі

        Алла елшісіне () сүрелер мен аяттардың Құран кітабындағы тәртіппен түспегендігі белгілі. Жоғарыда Алла елшісінің () түскен аяттардың қай сүренің қай аятынан кейін келетіндігін Құран жазатын сахабаларына айтып отырғандығы айтылды. Сондықтан Құран кітабындағы аяттардың реті Алла тағаланың Жәбірейіл періште арқылы Мұхаммед пайғамбарға бұйырған тәртібі. Аяттарды реттеуге Жәбірейіл періштенің де, Мұхаммед пайғамбардың да қатысы жоқ. Аяттардың реттелуі – Алланың ғана қалауымен болған іс. Мұндай істер шариғатта "тауфиқи" деп аталады. Тауфиқи істерде ешкім өз пікірімен немесе ижтиһадымен әрекет ете алмайды немесе ол істерге өзгерістер енгізе алмайды. Сондықтан Алла елшісі () барлық уақытта Құран аяттарын Алла белгілеп берген тәртіппен оқитын және оған өз қалауымен өзгерістер енгізбейтін. Жәбірейіл періштеге Құран тапсырғанда да аяттарды Құран кітабындағы ретпен тапсыратын. Сол сияқты Құранды толықтай, жартылай жаттаған, тіпті одан бірнеше сүрелер мен аяттарды ғана жатқа білген сахабалардың өздері де оларды Құран кітабындағы ретпен оқыған. Бұл – Мұхаммед пайғамбардан () бүгінге дейін өзгеріссіз жеткен Құран оқудың ең басты шарттарының бірі. Барша ғалымдар осы ретті сақтаудың міндет екендігіне бір ауыздан келіскен және онда ешқандай күмән жоқ.[1] Сахабалар Құранды жинақтаған кезде ешқандай аяттың орнын өзгертпегендігіне төмендегі риуаят дәлел болады. Бірде Ибн әз-Зубәйр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Осман ибн Аффанға (Алла оған разы болсын): ""Сендерден қайтыс болып, артында қалдырған жұбайлары..."[2] деген аяттың үкімін басқа аят жойған. Сонда оны не үшін жазасыңдар?" – деп сұраған. Сонда Осман оған: "Ей, бауырымның баласы! Мен ешнәрсенің орнын өзгертпеймін", – деп жауап берген.[3]Оған қоса, Алла елшісінің () "Бақара" сүресінің соңғы екі аяты", "Кәһф" сүресінің алғашқы он аяты", "Ниса" сүресінің соңындағы жазда түскен аят" деген сияқты сөздері – Құран аяттарының тәртібі сол кезде белгілі болғандығының айқын дәлелі.


        [1]Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани. Манаһил әл-Ирфан фи улум әл-Құран. І том, 412-413-беттер.

        [2]"Бақара" сүресі, 234-аят.

        [3]Имам әл-Бұхари риуаят еткен.