Хижаб мәселесі жайында
Хижаб мәселесі жайында
Тақырыпқа кірместен бұрын хижаб деген сөздің әйелді тығып қою, үйден сыртқа шығуына тыйым салу дегенді білдірмейтіндігі туралы, сондай-ақ сыртқа шығу дегеннің жалаңаштану, ашық жүру дегенді білдірмейтіндігі туралы жақсылап ұғынып, келісіп алайық.
Әйел хұқықтары деген тақырыптың қазіргідей түгел жер жүзінің бір ауылға айналғандай жаһандану дәуіріндегі көкейтесті әрі аса нәзік тақырыптардың бірі екендігін ескеретін болсақ, бұл тұрғыда ислами көзқарасты білдіріп отырған біздер әйелдің адамдығын ескере бермейтін батыстық қасаң пікірге бой алдырмаумыз қажет. Бұл пікір әйелдің тәни хұқықтары туралы қасаң, қиянпұрыс ойлармен шектеліп, адами хұқықтары мен қоғамдағы рөлі жайында ұмытады. Сондықтан да осы пікірге бой алдырған қарсылас екі топ та тек ашық жүру мен хижаб туралы пікірталаспен шектеліп қалады.
«Расында ер мен әйел Ислам көзқарасы бойынша ғарышта айналып жүрген қос жұлдыз іспетті. Олардың бойындағы жаратылыс табиғаты, рөлі, міндеті өздерімен бірге айналып жүреді. Олардың айналу траекториясы екі түрлі, бірақ бір-бірінсіз айнала да алмайды. Қос жұлдызды өз траекторияларынан шығаруға болмайды. Бұл жағдай Құранда айтылған мына аяттағыдай.
﴿لَا الشَّمْسُ يَنبَغِي لَهَا أَن تُدْرِكَ الْقَمَرَ وَلَا اللَّيْلُ سَابِقُ النَّهَارِ وَكُلٌّ فِي فَلَكٍ يَسْبَحُونَ﴾
«Күнге айды қуып жетуге болмайды, айға да күннен озуға болмайды. Әрқайсысы өз шеңберінде жүзеді» (Ясин, 40).
Демек, ең басты шарт – ердің де, әйелдің де бақытты болуы. Барлық адамзат қоғамы үшін ортақ ақиқат үкім – әрбір жыныс өкілінің өз шеңберінде жүзіп жүруі, яғни өз табиғатына сай өмір сүруі. Сонда ғана әрбір жыныс өкілі өз шеңберінен шықпайды һәм еркіндік пен теңдіктен пайда алады. Адамзат қоғамында ерге де, әйелге де, балаға да түрлі бас қатыратын мәселелер мен тауқыметтерді әкелген жайт жаратылыстық, табиғи істерге қарсы шығып, бұрмалаудан басқа ештеңе де емес.
Осы мәселені зерттеуші ғалым, мұсылман әйелі Һиба Рауф Иззат былай дейді: «Қордаланған мәселелердің шеңбері кең екендігін және жалпымыздың міндетіміз мәселенің мән-жайына терең бойлау екендігін ескерсек, шариғатымызға сын айтпастан бұрын алдымен бостандық шеңберінің шекарасын айқындап, белгілеп алайық. Алайда бостандық мәселесін тек тәнді жалаңаштаумен шектеп қоймайық. Сосын қалайша бостандықтың аумағын бостандықпен, әуелде әділ түзілген жаратылыс заңына қарсылықпен белгілей аламыз?! Мұхаммед Ғазали айтқандай: «Өйткені белгілі бір заңды немесе белгілі бір мемлекеттің болуын үздіксіз талап ете беру қоғамда үлкен әсер тудырып, бостандық ұғымын қоғамның барлық деңгейлері үшін сырттан таңуға әкеп соқтырады».
Құран Кәрім әйел хұқықтарын жаңғыртқанда әйелдің әйелдігін, ердің еркектігін назардан тыс қалдырмаған. Ал әйелдің адамдық қасиеттерін қалпына келтіріп, ермен бірге осы адамдық ұғымына ортақтастырғанда адам хұқықтарын назардан тыс қалдырмады. Яғни, Құран Кәрім әйелге оның болмыстық, табиғи, жаратылыстық қасиеттерін ескере отырып қараған. Сондықтан да біз Құран үкімдері мен табиғат заңдылықтарының әрдайым бір жерден шығып, үндесіп жататындығына куә боламыз. Құран Кәрімдегі әйел заты табиғаттағы әйел затымен бір. Табиғатты болмыстың сөйлемейтін, үнсіз Кітабы деп есептесек, Құран Кәрім болмыстың жазылған, сөйлейтін Кітабы. Екеуі де бір қалауды тәржімалаушы. Ол қалау – Алла Тағаланың қалауы. Ол қалау екі бөліктен тұрады, біріншісі жүктеуші бөлік – Құран Кәрім. Екіншісі жаратылыстық бөлік – табиғат. Сондықтан да бұл екеуін бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Себебі екеуі де Алланың жаратқан нәрселері, біріншісі, Құран Кәрім – Оның Сөзі, ал екіншісі, табиғат – Оның Ісі. Ол екеуі бір-бірімен үйлесімді, үндес һәм бір-біріне ешқашан да қарама-қайшы келмейді.
Ендеше ер мен әйел де сол табиғаттың құрамдас бөлшектері. Тіршілік заңы олардың бірге ынтымақтаса өмір сүрулерін талап етеді. Ол бірігіп өмір сүру үрдісі екі түрлі салада жүзеге асады.
Біріншісі: тіршілік саласы
Жалпы тіршілік майданы. Бұл салада әйел өзінің табиғатына сәйкес, адамдық ерекшеліктеріне лайықты түрде өзінің үлесін қосуға толықтай хұқылы. Өркениет пен қоғамды құру үшін идеялық, іс-әрекет ынтымақтастығы талап етілетіндіктен бұл тұрғыдағы ер мен әйелдің үлестері бірдей. Осы ынтымақтастық қоғамдық, ғылыми, мәдени және тағы басқа белсенділік түрлері дамуына ықпал етеді. Ер мен әйелдің арасындағы бұл ынтымақтастық екі саланы бір-бірімен шатастырмауды талап етеді. Алайда көп қоғамдарда әйелдің өркениетті өркендету үрдісіндегі, қоғам мен ұлтты құрудағы маңызды рөлі туралы көп бұрмалаушылық орын алып келді. Мұндай жайт өз кезегінде қоғам құрылысы мен даму саласында ермен бірге қоян-қолтық қызмет атқаратын әйел үшін оған тек жыныстық нысан ретінде қарамай, толыққанды адам ретінде қарайтын қолайлы ортаның болуын талап етеді. Бұл тұрғыда екі әйел үшін екі саладағы қам-қарекетін ажыратып тұратын белгілі бір шарт қажет. Ол шарт әйелдің алғашқы, қоғамдық орындағы тіршілік саласында қадір-қасиеттерін қорғайды, ермен бірге ынтымақтаса еңбек етуі үшін басты негіз.
Хижаб кию тығылу емес
Бұл шарт әйелдің ермен бірге жұмыс істеген кезінде тек жалпы адамзатқа ортақ пікірлік, ақыли, мәдениеттілік қасиеттерін ғана көрсетіп, жыныстық ерекшелігін паш ететін қасиеттерін көрсетпеуі болып табылады. Егер әйел басқа ерлермен бірге жұмыс істегенінде аталған жыныстық ерекшеліктерін, әйелдік нәзік, тартымды қасиеттерін көрсететін болса, азғындыққа жол ашылады. Ондай жағдайда ер адам әріптес әйелдің кәсіби қадір-қасиеттіне мән бермей, тек оның жыныстық ерекшеліктеріне ғана көз тігетін болады.
Мұндай жағдайда әйелдің ғылыми, мәдени, кәсіби тұлғалық ерекшеліктерін көзге ілмей таптау орын алады да, адамның адамшылығынан гөрі жыныстық ерекшелігіне маңыз беріледі. Сөйтіп, ер адам оның тек ер адамды баурап алатын әйелдік, тәни ерекшеліктерін ғана көретін болады. Әйел үшін бұдан артық қорлау, бұдан артық хұқығын таптау бар ма екен?!
Алла Тағала әйелді осындай қыспақтан, қорлаудан сақтау үшін, қадір-қасиеті қорған болуы үшін хижабты парыз етті. Сонда ғана ол өркениетті қоғам құру жолында ермен адами хұқықтары толыққанды қорғалған серік бола алады.
Хижаб – көмекші құрал
Хижабтың парыз болуындағы хикмет әйелге сырттан көз тігіп қараушы ерлерден жыныстық қозу әсерлерін, инстинктік сезімдерді жасыру болып табылады. Сонда ғана тулаған азғыру сезімдері де, әйелге қарсы қиянат та орын алмайды. Алла Тағаланың хижаб туралы түсірген қасиетті аятының да мақсаты, міне, осындай.
﴿يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ قُل لِّأَزْوَاجِكَ وَبَنَاتِكَ وَنِسَاء الْمُؤْمِنِينَ يُدْنِينَ عَلَيْهِنَّ مِن جَلَابِيبِهِنَّ ذَلِكَ أَدْنَى أَن يُعْرَفْنَ فَلَا يُؤْذَيْنَ وَكَانَ اللَّهُ غَفُوراً رَّحِيماً﴾
«Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін. Осылай ету арқылы олар (күңдерден ажыратылып) оңай танылады һәм еш қиянат та шекпейді. Алла бәрін кешіруші һәм аса рахымды» (Ахзаб, 59).
Демек, хижабтың хикметі ол арқылы әйелдің бекзаттық ахлақты сақтауына көмектесу емес, бәлки, оған қараушы ерлердің бекзаттық ахлақты сақтауларына көмектесу болып шығады. Сонда ғана ерлер әйелді өздері секілді адами, азаматтық, мәдени қасиеттердің, тұлғалық, қоғамдық қабілеттің иесі екендігін танып білетін болады да, оған жыныстық сезімдерді қоздырушы нысан ретінде қарауларын доғарады. Бұл алғашқы салада, яғни тіршілік майданында әйелге адами қасиеттері қорғалынған, қадірлі тұлға ретінде қарым-қатынас қылудың қолайлы ортасын жасаудың логикалық тұжырымдамасы.
Екінші сала: рахат-қызықтау ортасы.
Бұл орта – жұбайлық отау. Мұндағы логикалық түйін алғашқы салаға қарама-қайшы. Өйткені әйелдің мұндағы орны алдыңғы саладағы орнынан мүлде өзгеше.
Алғашқы саладағы әйелдің рөлі Алла сыйлаған барлық қадір-қасиеті мен ерекшеліктері, хұқықтары сақталынған адами тұлға болатын. Келесі салада ол енді киелі шариғат үкімі бойынша ермен бірге кейбір жауапкершіліктерге ортақтасу үшін бас қосады. Ол – қасиетті жұбайлық отау, ер мен әйелдің жеке мемлекеті. Бұл отау Алланың есімімен құрылып, Аллаға мойынсұну негізінде бой көтереді. Шаңырақтың негізі сүйіспеншілік пен мейірімділік, ал ондағы қарым-қатынас ерекшеліктерге орай құрылады. Отаудағы әрбір тарап келесі тарапқа қызмет қылу, разы ету жолында талай құрбандыққа барады. Осындай тығыз қарым-қатынастарға байланысты бұл ортада хижабтың қызметі аяқталады. Шариғат заңдарының Иесі Жаратушы Хақ Тағала жұбайлық отауында жарымен бірге халал жолмен бақытты һәм рахат тіршілік кешуі үшін әйелді зейнеттерін, әйелдік қасиеттерін көрсетуге шақырады.
Осы қысқа түсініктемеден хижабтың мән-мағынасын, сырын айқын ұғуға болмай ма?