Сүрелердің абзалдығы мен артықшылықтары туралы ижтихад жасауға болады ма?
Сүрелердің абзалдығы мен артықшылықтары
туралы ижтихад жасауға болады ма?
Кейбір сүрелердің артықшылықтары мен ерекшеліктері
туралы ижтиһад жасап, өз пікірін білдіретін
тақырыптарға жатпайды. Себебі Алланың сөзі болып
табылатын сүрелердің артықшылықтарына ізденіс
арқылы қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бұл
тақырыпта тек Алла елшісінен (ﷺ) жеткен хадистерге арқа сүйейміз.
Артықшылықтары мен ерекшеліктері айтылған сүрелер
ерекшелігі мен артықшылығы айтылмаған сүрелерден аз.
Адамдарды Құран оқуға қызықтыру,
үгіттеу үшін сүренің абзалдығын ойдан құрастыруға
мүлдем болмайды. Өйткені сүрелердің абзалдығы
туралы тек Алла елшісі (ﷺ)
ғана біледі. Орта ғасырларда адамдар Құран
оқуға қарағанда фиқһ, сира және
басқа да ғылымдарға көбірек көңіл
бөліп кеткенде, "Нух әл-Жамиғ" деген атпен
танымал болған Нух ибн Әбу Мәриям (173 һ.ж.
қайтыс болған) деген адам сүрелердің абзалдығы
туралы ойдан хадистер шығара бастаған. Оның бұл ісін
байқаған ғалымдар оған тыйым салған және
адамдарды мұндай іске барудан сақтандырған және барша
адамдарға Нух әл-Жамиғтің ойдан шығарған
хадистерін баяндап, оларды негізге алуға болмайтындығын ескерткен.
Осы сияқты бірлі-жарым оқиғалар орын алғанмен,
ғалымдар олардың қателіктерін халыққа жеткізіп
отырған. Сондықтан кез келген сүренің абзалдығы
не ерешкелігі туралы сөз қозғалғанда оның
дәлелін білу керек. Мысалы, "Фатиха", "Ықылас",
"Кәһф", "Табарак" (Мулк),
"ЙәСин", "Бақара" сүрелерінің абзалдығы
туралы хадистерде келген. Имам әл-Бұхаридің, Муслимнің
және басқа да ғалымдардың хадис жинақтарында
сүрелердің абзалдығына арнайы тараулар арналған.
Мысалы,
Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын). Бір
кісі (басқа) кісінің:«Ол Алла жалғыз», – деп айт» (деп
басталатын сүрені) қайта-қайта оқып жатқанын
естіп, таңертең оны Алла елшісіне(ﷺ) айтады және оны азырқанғандай
сыңай танытады. Сонда Алла елшісі(ﷺ): «Жаным қолында болған (Алла) мен ант етейін, расында, ол (сүре) Құранның
үштен біріне тең»[1],
– деген.[2]
Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын). Ол: «Пайғамбар (ﷺ)(бір күні) сахабаларынан: «Сендерден
біреу бір түнде Құранның үштен бір бөлігін
оқи ала ма?» – деп (сұрады). Бұл
оларға қиын көрініп: «Бұған
қайсымыздың шамасы келеді, уа, Алланың елшісі?!» – деді.
Сонда (Пайғамбар(ﷺ)): «Алла Жалғыз,
әс-Самад[3] –
Құранның үштен бірі», – деп айтты», –
деген.[4]
Айшадан (Алла оған разы болсын). Пайғамбар(ﷺ) әр түні
төсегіне жатарда екі алақанын біріктіріп, дем ұрып,
оның ішіне: «Ол Алла жалғыз», – деп айт»[5], «Таңның
Раббынан пана сұраймын»[6] және «Адамдардың
Раббынан пана сұраймын»[7] (деп
басталатын сүрелерді) оқитын. Содан кейін екі (алақанымен)
басынан бастап, бетін және денесінің алдыңғы
жағын, қолы жететін жерлерді сипап шығатын және
мұны үш рет істейтін.[8]
Имам әл-Бұхари риуаят еткен тағы бір хадисте
сахабалардың "Фатиха" сүресін емдік мақсатта
оқығандығы және Алла елшісінің (ﷺ) олардың
бұл ісін құптағандығы айтылған.
[1]Яғни
«Ықылас» сүресі. Ғұламалар тақырыптық
тұрғыдан Құранды үшке бөлуге болатынын
айтады: бұйрықтар мен тыйымдарды қамтыған
сүрелер, әңгіме-қиссалар мен нақыл-өсиеттер
келген сүрелер және таухид жайлы айтылған сүрелер.
«Ықылас» сүресін Құранның үштен біріне
тең деп бағалаудың себебі, осы сүреде таухидтың
мән-мағынасы өте тамаша баяндалған.
[2]Имам
әл-Бұхари риуаят еткен.
[3]«Ас-Самад»
– Алла Тағаланың көркем есімдерінің
бірі Мұнсыз, ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж емес,
бүкіл жаратылыс бар Оған мұқтаж.
[4]Имам
әл-Бұхари риуаят еткен.
[5]Яғни
«Ықылас» сүресі.
[6]«Фалақ»
сүресі.
[7]«Нас»
сүресі.
[8]Имам
әл-Бұхари риуаят еткен.