Мусхаф қандай әліпбимен жазылған?
Құранның
жазылуы
Қазіргі
Құран кітаптарында, яғни мусхафта аяттардың
асты-үстіне, алды артына қойылған көптеген
қосымша белгілер бар. Бұл белгілердің барлығы да
белгілі бір мақсаттармен қойылған. Құранды
дұрыс оқу үшін осы белгілерді білудің маңызы зор.
Ғалымдар
Құран Кәрім кітабының жазылуына аса
ыждағаттылықпен мән берген. Құранды
үйренуде және үйретуде бұл белгілердің
маңыздылығы жоғары.
Алла
елшісі Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Құран Кәрімді алғаш
түскеннен-ақ араб әліпбиімен жаздырған және осы
күнге дейін сол әліпбиде жазылады. Уақыт өте
ғылым-білімнің дамуымен араб әліпбиі де дамып,
жаңартылып отырған. Құран оқуды адамдарға
жеңілдету үшін ғалымдар Құран Кәрім
кітабына қосымша белгілер қосып отырған. Бірақ
бұдан Құранның өзіне, яғни сүрелер
мен аяттарға қосымшалар қосылған деген ұғым
тумайды.
Алла
елшісі (ﷺ) заманына
оралсақ, ол кезде араб әліпбиіндегі әріптерді бір-бірінен
ажыратып тұратын әріп асты және үсті нүктелері
мен қысқа дауыстыларды білдіретін харакаттар болмаған.
Адамдар оларды сөйлемнің сарынына (контекст) қарай ажырататын
болған. Ал Құран аяттарын жүректерде жатталған
оқылу мақамы негізінде мусхафтағы оқылуын
ажырататын. Сахабалар Құранды ауызша жаттауға арқа
сүйейтіндіктен оның жазылуында әріптерді ажырататын
нүктелер мен харакаттардың жазылмауы оларға ешқандай қиындық
тудырмаған.