Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Құран
        3. Мусхафтың бөліктері қандай?
        Мусхафтың бөліктері қандай?

        Мусхафтың бөліктері қандай?

        Мусхафтың бөліктері қандай?

        Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) заманында ірі Ислам қалаларына таратылған Құран Кәрім кітаптарында харакаттар мен нүктелер болмағаны сияқты, ол кітаптарда Құран сүрелері мен аяттары параларға бөлінбеген болатын. Оқуға және шаршаған сәтте тоқтауға жеңіл болу үшін Алла тағаланың тылсым даналығымен Құран Кәрім сүрелерден, ал сүрелер аяттардан құралған. Адамдар Алланың сөзін әрдайым оқып жүру және сүннетке сай айына бір рет хатм жасау[1] үшін ғалымдар Құран Кәрім кітабын отыз бөлікке бөлген және оны"пара"[2]деп атаған."Пара" термині адамдар арасында кеңінен тараған термин. Егер бір адам: "Бір пара Құран оқыдым", – десе, оның Құранның отыздан бір бөлігін оқығандығын Құран оқудан хабары бар адамдардың бәрі түсінеді. Ал әр пара отыз хизбтан[3]тұрады. Яғни Құран Кәрім кітабы алпыс хизбтан тұрады. Әр хизб төрт бөлікке бөлінеді. Олар "рубғ" (төрттен бір) деп аталады. Әр рубғ екі сумннен (сегізден бір бөлік) тұрады. Құран кітабын бөліктерге бөлу оны жаттауға және есте сақтауға көмектеседі. Құранды бөліктерге бөліп оқу – Алла елшісінің () заманынан бергі үрдіс. Оған Алла елшісінің () Абдуллаһ ибн Амар ибн Асқа (Алла әкесі екеуіне разы болсын) айтқан өсиеті дәлел болады. Имам Муслим риуаят еткен хадисте Алла елшісі () "Құранды күніне бір рет толық оқып шығамын", – деген Абдуллаһ ибн Амар ибн Асқа: "Құранды айына бір рет толық оқы", – деп бұйрық берген. Абдуллаһ ибн Амар ибн Ас: "Уа, Алланың пайғамбары! Менің шамам одан да көпке жетеді", – дейді. Пайғамбар (): "Олай болса, жиырма күнде толық бір рет оқып шық", – дейді. Абдуллаһ ибн Амар ибн Ас: "Уа, Алланың пайғамбары! Менің шамам одан да көпке жетеді", – дейді. Пайғамбар (): "Олай болса, он күнде толық бір рет оқып шық", – дейді. Абдуллаһ ибн Амар ибн Ас: "Уа, Алланың пайғамбары! Менің шамам одан да көпке жетеді", – деген де Пайғамбар (): "Олай болса, жеті күнде толық бір рет оқып шық және одан асырма. Өйткені сенің жұбайыңның сенде ақысы бар, сені зиярат етіп келгеннің сенде ақысы бар, сенің дене мүшеңнің сенде ақысы бар", – деген.[4]

        Құранды белгілі бөліктерге бөлу үрдісі сахабалардан да (Алла оларға разы болсын) жеткен. Мысалы, бір адамдар сахабалардан Құранның бөліктері жайлы: "Құранды қалай бөліктерге бөлетін едіңдер?" – деп сұрайды. Сонда сахабалар: "Үш, бес, жеті, тоғыз, он бір, он үш және муфассал топқа бөлетінбіз", – деп жауап берген.[5]

        Құран Кәрімді осы риуаятқа сәйкесжетіге бөлу мынадай болады:

        1. Үш сүре. Олар: "Бақара", "Әлі Имран" және "Ниса" сүрелері.

        2.Бес сүре. Олар: "Мәидә", "Анғам", "Ағраф", Әнфәл" және "Тәубе" сүрелері.

        3. Жеті сүре. Олар: "Юнус", "Һуд", "Юсуф", "Рағд", "Ибраһим" және "Хижр", "Нахл" сүрелері.

        4. Тоғыз сүре. Олар: "Исра", "Кәһф", "Мариям", "Таһа", "Әнбия", "Хаж", "Муминун", "Нур" және "Фурқан" сүрелері.

        5. Он бір сүре. Олар: "Шуғара", "Нәмл", "Қисас", "Анкабут", "Рум", "Луқман", "Сәждә", "Ахзаб", "Сәбә", "Фатир" және "ЙәСин" сүрелері.

        6. Он үш сүре. Олар: "Саффат", "Сад", "Зумар", "Ғафир", "Фуссилат", "Шура", "Зухруф", "Духан", "Жәсия", "Ахқаф", "Мұхаммед", "Фатх" және "Хужурат" сүрелері.

        7. Муфассал сүрелер. Олар: "Қаф" сүресінен "Нас" сүресіне дейінгі, яғни Құранның соңына дейінгі сүрелер.

        Құранды бұлайша бөліп оқудан сахабалардың Құран оқығанда сүрені екіге бөлмей, аяғына дейін жеткізе оқығандықтарын байқауға болады.

        Ескертулер:

        1. "Мәдина муннауара мусхафы" деген атпен танымал Сауд Арабия Корольдігінен шығатын Құран Кәрім кітабында әрбір пара жиырма беттен тұрады. Әрбір бет аяттың аяқталуымен бітеді де, келесі бет жаңа аяттан басталады. Әр параны күнделікті бес уақыт намазға бөлетін болсақ, әр намазға төрт беттен тиесілі болады. Ендеше, күнделікті бес уақыт намаздың әрқайсысында төрт бет Құран оқитын болсақ, айына бір рет Құранды хатм жасауға болады екен.

        2.  "Тәж кәмбәки" деген атпен белгілі Үндістанда, Пакистанда және Бангладеште кең тараған Құран Кәрім кітабында Құранды рукуғке сай бөлу үрдісі сақталған. Онда намазда Құран оқығанда мағынаны толық аяқтайтындай тұста тоқтатып, рукуғ жасауға ыңғайлы болу үшін тоқтайтын аяттың нөмірінің үстіне айн әрпі (ع) белгіленеді. Бұл тәсілде Құран бөлігініңұзын не қысқалығына қарай емес, мағынаның аяқталғанына қарай іске асады. Құранды рукуғтерге сай бөлу намаз оқығанда өте қолайлы.

        3. Сахабалар мен табиғиндер Құранды он-он аяттан үйрену тәсілін ұстанған. Абдуллаһ ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): "Егер Пайғамбардан () Құранның он аятын үйренсек, онда барды[6] үйренгенше одан кейін түскен он аятты үйренбейтін едік", – деген.[7]

        Құран Кәрім кітабын әртүрлі бөліктерге бөлудегі басты мақсат – оны жаттауға және әрдайым қайталап жүруге жеңілдік жасау. Бүгінгі ғылым мен білімнің, техниканың жетістіктерін ғалымдар Құран кітаптарын шығаруда кеңінен пайдалануда. Мысалы, тәжуид қағидаларын әртүрлі түстермен беру арқылы Құран Кәрім аяттарын дұрыс оқу жолын жеңілдету, алып жүруге ыңғайлы болу үшін Құран Кәрімді бес-бес парадан немесе әр параны жеке-жеке басып шығару. Сонымен қатар дискілер мен сан-алуан компьютерлік бағдарламалар және интернет саиттар арқылы тарату да жақсы жолға қойылған.


        [1]Хатм жасау (хатм түсіру) – Құранды толық бір рет оқып шығу.

        [2]"Пара" сөзі араб тілінде "жуз" деп аталады. "Жуз" сөзі қазақ тілінде "бөлік" деген мағынаны береді

        [3]"Хизб" сөзі араб тілінде "жамағат", "топ" деген мағыналарды береді.  Ол діни термин ретінде "Құранның алпыстан бір бөлігі" деген мағынаны береді.

        [4]Бұл хадисте Алла елшісі () Құранды әр күнге бөліп, белгілі бір мезгілде толық хатм жасау туралы өсиет еткен және Құранды жеті күннен кем уақыттың ішінде толық хатм түсіруді қаламаған. Басқа бір хадисте "Үш күннен кем уақыт ішінде Құранды толық оқып шығуға тыйым салған". Себебі одан аз уақыттың ішінде Құранды тажуид қағидарына сай, мазмұнына мән бере оқу мүмкін емес. Ал Құранды оқығанда ең алдымен оның оқылу ережерін сақтау керек.

        [5]Имам Әбу Бәкр Ахмад әл-Бәйһақи. Шуғаб әл-иман. Баспаға әзірлеген Мұхаммед әс-Сағид Басиуни Зағлул. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1410 һ.ж. 2 том, 396-бет.

        [6]Яғни сахабалар сол он аяттың оқылуы мен онда қамтылған барлық шарғи үкімдерді толық үйренгенше одан кейін түскен он аяттағы үкімдерді үйренбейтін еді. Бұл Құран жаттағанда және басқа да ғылымдарды үйренгенде сатылай үйрену сахабалардан жеткен сүннет амал екендігіне дәлел болады.

        [7]Имам Хаким мен әл-Бәйһақи риуаят еткен.