Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Отбасы
        3. Некенің шариғи шарттары қандай?
        Некенің шариғи шарттары қандай?

        Некенің шариғи шарттары қандай?

        Сұрақ: Некенің шариғи шарттары қандай?

        Жауап: Некенің шарғи шарттары

        Неке сөзінің негізі – никах деген араб сөзі. Тілдік мағынасы бірігу, қосылу, яғни төсек жақындығында болу  дегенді білдіреді.

        Шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің төсек жақындығын адал ететін, әрі ортақ өмір кешіп, ортақ ұрпақ жалғастыруларын қамтамасыз ететін  келісім-шарт. Ислам дінінің заңнамасы – шариғатта үйленудің үкімі бекітілген сүннет, яғни Пайғамбар (с.а.с.) істеген іс.

        Некенің өзіндік парызы мен шарттары бар. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің парызы екеу, оны рүкін деп атайды:

        а) Ұсыныс. Ердің не әйелдің аузынан шығатын үйлену сөзі. Мұны шариғатта ижаб дейді.

        ә) Қабыл алу. Біріншісінің үйлену жөніндегі ұсынысын екіншісінің құп алуы. Мұны шариғатта қабул дейді.

        Мысалы, жігіт қызға «маған тұрмысқа шық» десе, бұл алғашқы айтылып тұрғандықтан ұсыныс – ижаб, ал қыз «шығамын» деп разылығын білдірсе екінші айтылып тұрғандықтан қабыл алу – қабул болып саналады.

        Үйленуде екі жақтың разылығы керек, мұнсыз неке жүзеге аспайды. Ал, ұсыныс пен қабыл алу ішкі разылықтың көрінісі.

         Сұрақ: Некенің дұрыс болуының шарттары қандай?

        Жауап: Некенің дұрыс болу шарттары

        Қиылған некеден шариғат үкімдерінің туындауын қамтамасыз ететін шарттар некенің дұрыс болуының шарттары деп аталады. Аталған шарттардың бірі кем болған жағдайда Әбу Ханифа мазһабы бойынша неке дұрыс болып саналмайды. Некенің шариғатқа сай болу шарттары төмендегідей:

        1. Некелесуге рұқсат етілген жандар. Яғни, үйленуге рұқсат етілмейтін туыс, емшектес, біреудің әйелі немесе апалы-сіңлілі екі қызды бірдей алу сияқты жағдайлардың орын алмауы.

        2. Өмірлікке некелесу. Үйленетін жандар өмірлік некені мақсат етулері тиіс. Шариғат бойынша уақытша үйлену, шартты түрде үйлену некеге жатпайды.

        3. Куәгерлік. Қиылған неке дұрыс болу үшін куәгердің болуы шарт. Бұл мәселеде мазһаб имамдары арасында талас жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Өкілсіз және екі әділетті куәгерсіз неке қиылмайды», – деген. Куәгерлікке ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған екі мұсылман ер немесе бір ер, екі әйел кісі жарайды.

        4. Екі жақты разылық. Егер екеуінің бірі зорлықпен үйлендірілсе неке дұрыс болмайды. Бұл жайында Айша анамыздан (р.а.) мынадай бір риуаят жеткізілген: «Бірде маған бір бойжеткен келіп: «Әкем мені жанұяның беделін көтеру үшін өзім ұнатпаған адамға тұрмысқа берді», – деп шағымданды. Мен оған: «Пайғамбар (с.а.с.) келгенше отыра тұр», – дедім. Пайғамбар (с.а.с.) келген соң оған мән-жайды айттық. Ол (с.а.с.) қыздың әкесін шақыртып алды да, таңдау еркін қызға берді. Сонда бойжеткен қыз: «Шынында мен әкемнің ісіне разы едім. Тек әйелдерге әкелердің билігі жүрмейтіндігін анық білгім келіп еді», деді. (Имам Ахмет риуаяты). Демек, бір адамды зорлықпен үйлендіру дұрыс емес.