Исламда бала сүюге асығу дұрыс санала ма?
Сұрақ: Исламда бала сүюге асығу дұрыс санала ма?
Жауап: Ұрпақ сүюге асығу
1. Ұрпақ сүюге ұмтылу – таза адами болмыс. Алла Тағаланың алғашқы жаратылыста адамзаттың бойына дарытқан пендешілік қызығушылық сипаты.
﴿زُيِّنَ لِلنَّاسِ حُبُّ الشَّهَوَاتِ مِنَ النِّسَاءِ وَالْبَنِينَ وَالْقَنَاطِيرِ الْمُقَنْطَرَةِ مِنَ الذَّهَبِ وَالْفِضَّةِ وَالْخَيْلِ الْمُسَوَّمَةِ وَالأَنْعَامِ وَالْحَرْثِ ذَلِكَ مَتَاعُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَاللَّهُ عِنْدَهُ حُسْنُ الْمَآبِ﴾
«Адамдарға әйелдерден, балалардан, алтын-күмістен жиналған қазыналардан, керемет сәйгүліктерден, түліктерден және егіндерден келетін қызықтаулар әдемі көрсетілді. Бұлар – дүние тіршілігінің қызықтары. Ал қайтар орынның ең жақсысы Алланың қасында». (Әли Имран, 14).
2. Ұрпақ сүю – Жаратушы Хақ Тағаланың пендесіне беретін нығметі. Алла Тағала былай деген:
﴿وَمَا بِكُم مِّن نِّعْمَةٍ فَمِنَ اللّهِ﴾
«Сендердегі қандай да бір нығмет – Алладан» (Нахыл, 53).
﴿وَاللّهُ جَعَلَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجاً وَجَعَلَ لَكُم مِّنْ أَزْوَاجِكُم بَنِينَ وَحَفَدَةً وَرَزَقَكُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ أَفَبِالْبَاطِلِ يُؤْمِنُونَ وَبِنِعْمَتِ اللّهِ هُمْ يَكْفُرُونَ ﴾
«Алла сендерге өздеріңнен жұбайлар жасады, сол жұбайларыңнан балалар, немерелер берді һәм таза нәрселермен ризықтандырды. Солай болса да олар жалғанға сеніп, Алланың нығметін теріске шығара ма?» (Нахыл, 72).
﴿هُوَ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَجَعَلَ مِنْهَا زَوْجَهَا لِيَسْكُنَ إِلَيْهَا فَلَمَّا تَغَشَّاهَا حَمَلَتْ حَمْلاً خَفِيفاً فَمَرَّتْ بِهِ فَلَمَّا أَثْقَلَت دَّعَوَا اللّهَ رَبَّهُمَا لَئِنْ آتَيْتَنَا صَالِحاً لَّنَكُونَنَّ مِنَ الشَّاكِرِينَ﴾
«Ол сендерді бір жаннан жаратып, оның тыныштық табуы үшін оның өзінен жұбайын жасады. Ол жұбайына жақындасқанда жұбайы жеңіл түрде жүкті болды. Ал, қашан ол (жұбайы) ауырлаған кезде екеуі Раббылары – Аллаға: «Егер бізге ізгі бала берсең, әлбетте, шүкір етушілерден болар едік», – деп жалбарынады» (Ағраф, 189).
3. Ұрпақ беру – бір Алла Тағаланың ғана бұйрығымен болатын жазмыш. Басқаша айтқанда, ұрпақ сыйлау жаратылған нәрсенің қолынан келмейтін, тек Құдайға ғана тән қасиет.
﴿لِلَّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ يَهَبُ لِمَنْ يَشَاءُ إِنَاثاً وَيَهَبُ لِمَن يَشَاءُ الذُّكُورَ * أَوْ يُزَوِّجُهُمْ ذُكْرَاناً وَإِنَاثاً وَيَجْعَلُ مَن يَشَاءُ عَقِيماً إِنَّهُ عَلِيمٌ قَدِيرٌ﴾
«Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол толық білуші әрі аса құдіретті» (Шура, 49, 50);
﴿ هُوَ الَّذِي يُصَوِّرُكُمْ فِي الأَرْحَامِ كَيْفَ يَشَاءُ لاَ إِلَـهَ إِلاَّ هُوَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ ﴾
«Ол сондай (Алла) сендерді жатырларда қалауынша бейнелейді. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Аса даңқты әрі өте дана» (Әли Имран, 6).
4. Ұрпақ сүю – дүниелік рахат, қызық, көз қуаныш.
﴿الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَالْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَاباً وَخَيْرٌ أَمَلاً﴾
«Мал-мүлік және балалар – дүние тіршілігінің көркемдігі. Ал мәңгілік ізгіліктер – Раббыңның алдында сауап пен үміттің ең қайырлысы» (Кәһф, 46).
﴿رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَاماً﴾
«Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдарын бер! Әрі бізді тақуалардың алды қыл!» (Фұрқан сүресі, 74-аят).
5. Бала – жауапкершілік әрі сынақ.
﴿وَاعْلَمُواْ أَنَّمَا أَمْوَالُكُمْ وَأَوْلاَدُكُمْ فِتْنَةٌ وَأَنَّ اللّهَ عِندَهُ أَجْرٌ عَظِيمٌ﴾
«Біліңдер! Шындығында мал-мүліктерің және балаларың бір сынақ, ал Алланың алдында – үлкен сый бар» (Әнфал, 28).
6. Мұсылман нәрестенің дүниеге келуімен үмбеттің саны көбейеді, Пайғамбар (с.а.с.) қуанады. Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Сүйкімді әрі көп бала туатын әйелге үйленіңдер! Қиямет күні пайғамбарларға сендердің сандарыңның көптігімен мақтанатын болайын». (Ахмет риуаяты).
7. Жаратқаннан жақсы ұрпақ сұрау, балалы болу – пайғамбарлардың сүннеті.
﴿رَبِّ هَبْ لِي مِنَ الصَّالِحِينَ﴾
«(Ибраһим айтты) «Раббым, маған ізгі ұрпақ сыйла!» (Саффат, 100).
﴿هُنَالِكَ دَعَا زَكَرِيَّا رَبَّهُ قَالَ رَبِّ هَبْ لِي مِن لَّدُنْكَ ذُرِّيَّةً طَيِّبَةً إِنَّكَ سَمِيعُ الدُّعَاء﴾
«Сонда Зәкәрия Раббысына: «Раббым! Маған Өз қасыңнан ізгі ұрпақ сыйла! Расында Сен тілекті естушісің!» – деді» (Әли Имран, 38).
﴿وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلاً مِّن قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجاً وَذُرِّيَّةً﴾
«(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз әрі оларға да жұбайлар мен ұрпақтар бергенбіз» (Рағыд, 38).
Соңғы пайғамбар, сүйікті пайғамбарымыз, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.с.) үмбетіне айтқан өсиетінде былай дейді: «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме амал етпесе, ол менен емес. Сондықтан да үйленіңдер, мен Қиямет күні басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтанатын боламын». (Ахмет риуаяты). Барлық пайғамбарлардың дерлік балалары болды. Сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.с.) да Алла үш ұл, төрт қыз сыйлады.
8. Ізгі ұрпақ – пенденің артында қалдыратын жақсылығы, амалының жалғасы. Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды».
9. Ізгі ұрпақпен ата-ананың абыройы асады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» – дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен», – дейді».
10. Жастай шетінеген нәресте – шапағатшы. Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Мен Алланың елшісінің (с.а.с.): «Үмбетімнен кімнің екі сәбиі шетінеген болса ол жәннатқа кіреді», – дегенін естідім. Сонда Айша (р.а.): «Ата-анам жолыңда құрбан болсын, кімнің бір сәбиі шетінеген болса ше?» – деп сұрады. Пайғамбар (с.а.с.): «Кімнің бір сәбиі шетінесе де солай, бақытты әйел», – деді.