Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Кәфирун» сүресінің тәпсірі
        «Кәфирун» сүресінің тәпсірі

        «Кәфирун» сүресінің тәпсірі

        «Кәфирун» сүресі

        Жәбир (р.а.): «Алла елшісі осы сүрені және «құл һуа Аллаһу Ахадты» тауафтың екі ракағатында оқыды[1]», – деп риуаят етеді.

        Әбу Хұрайра (р.а.): «Алла елшісі (r) осы сүрені таң намазында оқыды», – дейді.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        قُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ

        1.    Айт: «Әй, кәпірлер!

        Ей, Мұхаммед! Тас пен пұтқа табынушы мына кәпірлерге айт! Тәпсіршілер: «Құрайыш Алла елшісіне (r) бір жыл олардың құдайларына табынуды, бір жыл оның Құдайына құлшылық етуді ұсынды. Пайғамбар (r): «Алла Тағалаға бір нәрсені ортақ қосудан, Алланың Өзі сақтасын»,-деді. Құрайыш: «Біздің құдайларымыздың біріне қол тигізсең болғаны, сені пайғамбар деп мойындап Құдайыңа құлшылық етеміз»,-деді. Сонда осы сүре уахи етілді. Алла елшісі (r) әл-Харам мешітіне барып Құрайыштың қақ ортасына тұрып, осы сүрені оқып берді. Осы сәтте, олардың пайғамбарды көндіруден толықтай үміттері үзілді »,-дейді. Бұдан кейін Құрайыш Пайғамбарға (r) және оның серіктеріне зәбір көрсете бастады.

        Аяттағы «Айт!» деген сөз Пайғамбар (r) Алла Тағала құзырынан айтуға әмір етілгендігін білдіреді. Ал, Құрайыштың өзіне ашуланатынын біле тұра, оларға «Әй, кәпірлер!» деп үн қатуы, Пайғамбардың (r) Алла Тағала тарапынан қорғаулы екенін аңғартады.

        لَا أَعْبُدُ مَا تَعْبُدُونَ

        2.    Сендердің табынғандарыңа мен құлшылық етпеймін.

        Мен сендер құлшылық етіп жүрген ешбір пайда бермейтін, зиян да тигізе алмайтын пұт құдайларыңа ешуақытта сиынбаймын.

        وَلَا أَنْتُمْ عَابِدُونَ مَا أَعْبُدُ

        3.    Әрі сендер де менің құлшылық еткеніме құлшылық жасамайсыңдар.

        Ей, мүшріктер! Сендер де мен құлшылық ететін Хақ Құдайға құлшылық етпейсіңдер. Мен әлемдер Раббысы Хақ Аллаға құлшылық етемін. Ал, сендер болса тастар мен пұттарға табынасыңдар. Рахман Аллаға құлшылық ету мен пұттарға табыну екеуі екі бөлек нәрсе.

        وَلَا أَنَا عَابِدٌ مَا عَبَدْتُمْ

        4.    Сірә, мен сендердің табынған нәрселеріңе құлшылық жасаушы емеспін.

        Және де мен сендер шоқынған пұттарға әуелде және қазір де сиынбаймын. Мен сендердің жалған құлшылықтарыңды жасамаймын.

        وَلَا أَنْتُمْ عَابِدُونَ مَا أَعْبُدُ

        5.    Сондай-ақ, сендер де менің құлшылық еткеніме құлшылық қылушы емессіңдер.

        Сендер де мен құлшылық етіп тұрған Жаратушыға ғибадат етпейсіңдер. Сендер менің дұрыс құлшылығымды жасамайсыңдар.

        لَكُمْ دِينُكُمْ وَلِيَ دِينِ

        6.    Сендерге – өз діндерің, маған – менің дінім», – де.

        Сендердің өздеріңе тән Аллаға серік қосу діндерің бар. Ал, менің Ислам және Алла Тағаланы Жалғыз дейтін дінім бар. Бұдан бас тартпаймын.

        Сендер мен біздің құдайымыз бір емес. Және құлшылықтарымыз да басқа-басқа. Сендердің өздерің жауап беретін діндерің бар. Менің де өзім жауапты дінім бар.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Мүслим