Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Кәусар» сүресінің тәпсірі
        «Кәусар» сүресінің тәпсірі

        «Кәусар» сүресінің тәпсірі

        «Кәусар» сүресі

        «Кәусар» Меккеде түскен сүре. Сүреде екі дүние сұлтаны пайғамбарымызға (r) Алла Тағаланың берген артықшылықтары баян етіледі. Бұл дүние және ақыретте берілген үлкен жақсылықтар және ұлық нығметтер айтылады. Солардың бірі Кәусар өзені. Бұдан қоса, басқа да көптеген жақсылықтар тарту етілген. Сүре Алла елшісін осы нығметтерге шүкіршілік ретінде намаз оқуға және құрбан шалуға шақыруда.

        Сүре соңында пайғамбар дұшпандарының оңбайтыны және ашуына тигендер қорлық көретіндігі айтылады. Олар дүние және ақыретте жақсылық атау-лыдан мақұрым қалады. Ал, Алла пайғамбарының аты биік мұнаралар мен мінберлерде жар салып айтылады. Және қиямет қайымға дейін адамдардың аузынан түспейтіндігі баяндалады.

        Әнас ибн Малик (р.а.): «Пайғамбардың (r) көзі шамалы уақытқа ілініп кетті де, сосын жүзіне күлкі ұялады. Сөйтсек осы сүре түскен екен. Кәусарды: «Раббым жаннатта берген өзен. Оның көп жақсылығы бар. Үмбетім қиямет күні сол өзенге барады», – деп түсіндірген».[1]

        بسم الله الرحمن الرحيم

        إِنَّا أَعْطَيْنَاكَ الْكَوْثَرَ

        1.    (Мұхаммед) шын мәнінде, Біз саған Кәусарды бердік.

        Уа, елшім! Саған дүние және ақыретте пайғамбарлық, Құран, даналық, білім, шапағат, мақтаулы дәреже, үмбетіңнің көптігі, жауларыңнан үстем болу мен жеңіс және де басқа мол жақсылық бердік. Соның бірі – Кәусар. Кәусар – молшылықтың шегіне жеткен жақсылық. Ол Ахмед және Мүслим риуаяттарында айтылғандай жаннаттағы өзен. Хадисте: «Ол жаннаттағы өзен. Қос жағасы алтын, суы маржан және жақұт үстінен ағады, топырағы мисктен де қош иісті, суы балдан тәтті, қардан ақ. Кімде-кім одан бір рет ішсе, мәңгілік шөлдемейді», – делінген.

        فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

        2.    Раббың үшін (айт) намаз оқы және құрбандық шал.

        Ендеше, нығметке шүкіршілік етіп парыз намазыңды Алла ризашылығы үшін жалғастыр. Сондай-ақ айт намазын оқы. Және тек Алла атына және разылығы үшін құрбан шал. Жаһилиетте арабтар құлшылығы мен құрбандығын Алладан басқа әлдекімдер үшін жасайтын.

        إِنَّ شَانِئَكَ هُوَ الْأَبْتَرُ

        3.    Ақиқатында, сені жеккөрушінің өзі ұрпақсыз.

        Пайғамбарымыздың (r) Қасым есімді ұлы шетінейді. Мүшріктердің мықтыларынан Ас ибн Уаил: «Жә, оны қойыңдар, енді оның ұрпағы жоқ. Егер қайтыс болса, аты өшеді», – дейді. Сонда осы сүре түскен. Алла Тағала әлігі кәпірдің өзі көп балалары бола тұра ұрпақсыз екендігін айтуда. Өйткені, ол Алла Тағала рақымынан мақұрым қалған бейбақ.

        Уа, елші! Сені ренжіткен адам дүние және ақырет жақсылығынан құр қалады. Тіпті, артынан жақсы аты да қалмайды. Қала берсе, олардың жаман аты тозақта да өздерімен бірге болады. Ал, сенің (пайғамбардың) жақсы есімің және жақсылығың ел аузында қиямет күніне дейін және ақырет өмірде де жалғаса береді.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Ахмед