«Мағун» сүресінің тәпсірі
«Мағун» сүресі
«Мағун» – Меккеде түскен сүре. Бұл сүреде қысқаша екі түрлі топ жайы әңгімеленген. Олар:
1.Алла Тағала нығметін мойындамаушы кәпірлер. Олар қиямет күні болатын есеп-қисапты жалған деушілер;
2.Жасаған амалында Алла Тағала ризашылығын ниет етпеуші екіжүзді мұнафиқтар. Олар әрбір амалын, тіпті намазын көзбаяушылықпен жасайды.
Бірінші топ: Алла Тағала олардың қор мінездерін айтқан. Олар жетімге еш нәрсе бермей, «жоқ» деген жауабын сыпайы айтпай, дөрекілік көрсетеді. Олар жақсылық жасамайды. Тіпті, міскін-кедейлерге жақсылық жасаңдар деп айтуға тілдері бұралмайды. Өздері Раббыларына құлшылық етуді жарытпағаны сияқты, пенделерге де жақсылық етуді білмейді.
Екінші топ: Екіжүзділер. Намаздан бейхабар. Олар намазды өз уақытында орындамайды. Екіжүзділер намазды тек сұлба болып сурет түрінде оқып, бірақ мән-мағынасына көңіл бөлмейді. Мұнафықтар құлшылықты көзбояушылықпен жасайды. Сүреде осы екі топқа азап бары ескертілуде.
بسم الله الرحمن الرحيم
أَرَأَيْتَ الَّذِي يُكَذِّبُ بِالدِّينِ
1. Сен есеп күнін (қайта тірілуді) жоққа санаушыны көрдің бе?
Мұхаммед! Ақыретте Алла Тағала құзырындағы есеп-қисапты өтірік дейтіндерді көрдің бе? Олардың кім екенін және олардың белгілері қандай екенін біле алдың ба?
فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ
2. Міне, ол – жетімді қақпайлайды,
Олар жетімді өте қаталдықпен және дөрекілікпен бетін қайтарушы. Жетімді басынатын және зәбір көрсетіп ақысын бермейтіндер.
وَلَا يَحُضُّ عَلَى طَعَامِ الْمِسْكِينِ
3. Кедей-кепшікті тамақтандыруға ынталандырмайды.
Олар бір-бірін кедей-кепшікке тамақ беруге ешбір үндемейді. Әбу Хайян: «Аяттағы «қызықтырмайды» деген сөз, олардың шамасы келсе де кедейге тамақ бермейтіндігін көрсетеді», – дейді. Өйткені, сараңдығы әрі қаттылығы себепті кедейді тамақтандыруға басқаны ынталандырмайды. Демек, өзі кедейге тіпті тамақ бермейді деген сөз. Жетімнің ақысын жеген залым өз қаражатынан еш уақытта кедейлерді тамақтандырмайды.
فَوَيْلٌ لِلْمُصَلِّينَ
4. Намаз оқушыларға нендей қасірет!
Екіжүзді жаман мінезді намаз оқушылар құрысын.
الَّذِينَ هُمْ عَنْ صَلَاتِهِمْ سَاهُونَ
5. Олар намаздарына немқұрайлы.
Олар намаздың уақытын ұмытып кететіндер. Немқұрайлық танытып, намаз уақытын кешіктіретіндер. Ибн Аббас (р.а.): «Ол намаз оқыса, сауабын үміт етпейтін, намазын тастаса, жазадан қорықпайтын намазхан», – деген. Әбу Алия: «Намазды өз уақытында оқымайтын және рукуғ пен сәждесін толыққанды орындамайтын намаз оқушылар», – деген.
الَّذِينَ هُمْ يُرَاءُونَ
6. Олар (амалдарын) басқаларға көрсету үшін жасайды.
Олар жұрт ізгі екен деп ойлау үшін намазын адамдардың көзінше оқитын, тақуа екен деу үшін қорқып тұрғандай, жомарт десін деп садақа беретін адамдар. Барлық ізгі амалды мақтан және абырой үшін істейтіндер.
وَيَمْنَعُونَ الْمَاعُونَ
7. Сондай-ақ, олар тұтыну заттарын бермейді.
Олар адамдарға тіпті ине, балта, қазан, тұз, су және тағы басқа аса бағалы емес күнделікті тұтынатын заттарды беруге де сараңдық жасайды. Бұл сараңдықтың шегі. Тым сараңдық кісінің адамгершілігіне сын.
ҚМДБ наиб мүфтиі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің
Бас имамы Серікбай ОРАЗ