Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Һумәзә» сүресінің тәпсірі
        «Һумәзә» сүресінің тәпсірі

        «Һумәзә» сүресінің тәпсірі

        «Һумәзә» сүресі

        «Һумәзә» меккелік сүре. Сүре адамдардың кемшілігін сөз ететін, ар-намысына ешбір шімірікпей қол салатын, ақымақтарша мазақ етіп, мінейтіндер жайын әңгімелейді.

        Сондай-ақ, дүние жинаған, байлығын мал тезегіндей етіп қаптаған адамдар жайын сөз етуде. Олар мына жалғанда мәңгі қалатындай күйде. Тым надандығы мен асқан ғапылдығы оларды мал-дүниесі пәни дүниеде мәңгі қалдыратындай ойда жүретіндігін айтуда.

        Сүре соңында, сол бақытсыз бейбақтардың ешқашан сөнбейтін отқа тасталғандағы жағдайы көрсетіледі. Ол от Алла Тағалаға қылмыс жасаған адамдарды парша-парша ететіндігі айтылады. Өйткені, тозақ оты тым қорқынышты.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        وَيْلٌ لِكُلِّ هُمَزَةٍ لُمَزَةٍ

        1.    Әрбір айып тағушы және тілдеушіге қасірет!

        Әрбір тоқтаусыз тілдейтін және үнемі жамандайтын адамға ауыр азап бар. Ол адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізеді. Мысқылдаушыға да ауыр азап. Ол жасырын түрде тілімен, көзімен, қолымен тіпті ымдап адамдардың бойындағы мінді көрсетуші.

        الَّذِي جَمَعَ مَالًا وَعَدَّدَهُ

        2.    Олар мал жиып, оны санаушы.           

        Ол мал-дүние жинаумен әлек. Дүниесін қайта-қайта санаумен әбігер. Соның салдарынан адамдарды жақтырмай, оларды өзінен төмен көреді.

        يَحْسَبُ أَنَّ مَالَهُ أَخْلَدَهُ

        3.    (Ол) Мал-дүниесі өзін мәңгі қалдырады деп ойлайды.

        Жиған-тергені оны өлмейтін мәңгі тірі адамға айналдырады деген ойда. Ол бейне бір өлімді ойына да алмайтын адамның күйін кешуде.

        كَلَّا لَيُنْبَذَنَّ فِي الْحُطَمَةِ

        4.    Жоқ, олай емес! Әлбетте, ол Хұтамаға тасталады.

        Осы іс-әрекеттерге тоқтау айтуда. Шын мәнінде, Алла Тағала мұндай адамды әрбір нәрсені күйрететін тозаққа тастайды.

        وَمَا أَدْرَاكَ مَا الْحُطَمَةُ

        5.    Хұтаманың не екенін қайдан білесің?

        «Хұтама» тозағы не екенін білесің бе? Ол ақыл жетпейтін қорқыныш.

        نَارُ اللَّهِ الْمُوقَدَةُ

        6.    Ол – Алланың жағылған оты. 

        Ол лаулап жанған, еш уақытта сөнбейтін тозақ оты.

        Әбу Хұрайра (р.а.) риуаяты: «Тозақ оты мың жыл жағылып қып-қызыл болды. Сосын тағы мың жыл жағылып аппақ болды. Және мың жыл жағылып қап-қараға айналды. Тозақ оты қазір зұлымат басқан қараңғы»[1]

        الَّتِي تَطَّلِعُ عَلَى الْأَفْئِدَةِ

        7.    (Ол от) жүректерді шарпиды.

        Ол жүректің, жалпы барлық заттың, ортасына дейін жетіп, тұтастай отқа орайды. Адам бойындағы қате және бұрмаланған сенімнің тұрақтайтын орны жүрек болғандықтан әдейі жүректі айтуда.

        إِنَّهَا عَلَيْهِمْ مُؤْصَدَةٌ

        8.    Ақиқатында, ол от олардың үстерінен жауып тұрады.

        فِي عَمَدٍ مُمَدَّدَةٍ

        9.    Ұзын (созылған) бағаналарға байланады.

        Ол тозақ оты ұзын діңгек ішінде қамалған адамдарды шарпиды. Бұл аят онда түскен адамның барлық тараптан үміті үзілетіндігін және одан қашып құтылу мүмкін емес екендігін аңғартуда. Тозақ есіктері жабылған соң, аяқ-қолдары шынжырланады.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Тирмизи