Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Асыр» сүресінің тәпсірі
        «Асыр» сүресінің тәпсірі

        «Асыр» сүресінің тәпсірі

        «Асыр» сүресі

        «Асыр» – Меккеде түскен сүре. Бұл сүреде өте қысқа түрде адамды бақытты және бақытсыз ететін себепті және дүниеде жетістікке жету мен шығынға ұшырау салдары баян етілген.

        Алла Тағала ғасырмен серт етуде. Ғасыр адам ғұмыры, бұл иләһи құдіретті көрсететін түрлі ғажайыптар мен ғибраттар орын алатын уақыт кеңістігі. Серт ете отырып, адамзат зиян шегуде екенін баяндайды. Бұл зияннан төрт қасиет: иман, ізгі амал, ақиқатқа шақыру және сабырлыққа үндеу ғана құтқарады. Аталған қасиеттер жақсылықтың бастауы және діннің негізі. Сондықтан да имам Шафиғи: «Алла Тағала осы сүреден басқа сүре түсірмесе де адамзатқа жеткілікті болар еді», – деген.

        Убайдулла ибн Хафс (р.а.): «Алла елшісі (r) сахабаларынан екі кісі жолығып қалар болса, бірі екіншісіне Асыр сүресін оқып бермейінше, сосын бір-біріне амандық тілемейінше қош айтыспайтын[1]», – деген.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        وَالْعَصْرِ

        1.    Ғасырға серт.

         إِنَّ الْإِنْسَانَ لَفِي خُسْرٍ

        2.    Ақиқатында, адам баласы зиянда.

        Тәпсіршілер: «Ғасыр – жүз жылдық және сол аралықтағы ғажайыпты қамтитын уақыт, күн батар шақтағы уақыт және асыр намазы», – деп түсіндірген. Адам баласы шайтанмен саудаласып, дүниені артық санап шығын көруде. Ал, Алла Тағаламен саудаласса адамның пайдасы мәңгі болар еді. Бұл сауда Жаратушыға мойынсұну және ақыретті басқадан биік көру. Міне, бұл серттің жауабы.

        إِلَّا الَّذِينَ آَمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا
         بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ

        3.    Бірақ иман келтірген, ізгі амал жасаған, бір-біріне шындықты үгіттеген және бір-біріне сабырды насихаттағандар зиянға ұшырамайды.

        Адамзат Аллаға және елшісіне иман етсе, Алла Тағала әмір еткен ізгі амалдарды орындап, бірін-бірі ақиқатқа шақырса зияннан құтылар еді. Ақиқат – Алла әмірін орындау, иман етіп жақсылық жасап, жамандықтан қашу. Және бірін-бірі құлшылықта, күнәдан тыйылуда сабырлы және қиыншылыққа төзімді болуға шақыру.

        Сүреде осы төрт қасиетті бойына сіңірмеген адамның барлығы да зиян көретіні айтылып тұр. Адам өзін иман және ізгі амалмен кемелдендірсе, басқаны насихат және тура жол көрсетумен кемел етсе, жамандық атаулыдан құтылары анық. Мұндай адам Алла Тағала ақысы мен пенделер ақысына мән беруші мұсылман.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Табарани, Байһақи Әбу Хузайфадан риуаят етеді