Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Қариға» сүресінің тәпсірі
        «Қариға» сүресінің тәпсірі

        «Қариға» сүресінің тәпсірі

        «Қариға» – меккелік сүре. Бұл сүреде қиямет пен оның қорқынышы, ақырет пен оның қиыншылығы баян етіледі. Және сол күні адамдардың қабірден шығуы, бойларын билеген үрей мен қорқыныштан көбелекше шашырай жайылатындығы. Таулар болса, шағылып ауада түтілген жүндей ұшатындығы айтылады. Таулар жердің тепе-теңдігін ұстап тұратын қазық сияқты мықты қағылғаны белгілі. Сүреде адам мен тауды салыстыруда. Қиямет күні жерді ұстап тұрған таудың өзі жұмсақ жүндей боп ұшқанда ет пен сүйектен жаралған әлсіз адамның не күй кешетінін елестету қиын емес.

         

        بسم الله الرحمن الرحيم

        الْقَارِعَةُ

        1.    Қариға (үлкен апат).

        مَا الْقَارِعَةُ

        2.    Үлкен апат ол не нәрсе?

        Қиямет не екенін білесің бе? Ол күні адам баласының ойына келмейтін қорқынышты алапат оқиғалар болады. Оны бейнелеу немесе суреттеу мүмкін емес.

        وَمَا أَدْرَاكَ مَا الْقَارِعَةُ

        3.    Үлкен апаттың не екенін білесің бе?

        Қариға (түнделетіп есік қағушы) деп аталған қиямет күні адамның жүрегіне ғана емес, жер бетіндегі алып тау секілді жаратылысқа да үрей салады. Аспандар жарылып, жер сілкініп, таулар шағылып, жұлдыздар құлайды.

        يَوْمَ يَكُونُ النَّاسُ كَالْفَرَاشِ الْمَبْثُوثِ

        4.    Ол күні адам баласы шашырап ұшқан көбелектей болады.

        Сол күні адамдар шашырап ұшқан көбелектей күй кешеді. Алла Тағала қабірден шыққан адамзатты көбелекке теңеуінің себебі бұл жәндіктер үріккен кезде бір жаққа емес әрқайсысы өз бетінше басы ауған жаққа бытырай ұшады.

        وَتَكُونُ الْجِبَالُ كَالْعِهْنِ الْمَنْفُوشِ

        5.    Таулар түтілген жүндей болады.

        Бұл қиямет күндегі жағдайдың екінші көрінісі. Таулар түтілген жүндей ауада ұшып жүреді. Әс-Сауиде: «Адамзат пен таулардың жағдайын бірге айтуда. Оның сыры қиямет алпауыт тауларға осыншама әсер етуде. Алайда тауларға құлшылық міндет емес. Ендеше, құлшылыққа міндетті, ертеңгі күні әрбір істеген амалына есеп беретін сонымен бірге әлсіз жаратылған адам баласының жағдайы қандай болмақ», – деп тәпсірленген.

        فَأَمَّا مَنْ ثَقُلَتْ مَوَازِينُهُ

        6.    Міне, сонда кімнің таразысы ауыр тартса.

        Кімнің амалдары таразыға тартылған кезде сауабы күнәсінен басым келсе...

        فَهُوَ فِي عِيشَةٍ رَاضِيَةٍ

        7.    Онда ол разы болатын бір тіршілікте болады.

        Міне, солар бақытты өмірге қолы жеткен жандар. Олардың барар жері нығметке тола мәңгілік мекен жаннат болмақ.

        وَأَمَّا مَنْ خَفَّتْ مَوَازِينُهُ

        8.    Ал енді кімнің таразысы жеңіл тартса.          

        Ал, кімнің сауабы күнәсінен аз болып қалса, жақсы амалы жамандығынан басым түспесе... Күнәлары оны ұстап қалса...

        فَأُمُّهُ هَاوِيَةٌ

        9.    Онда оның анасы (барар орны) һауия.          

        Бұл бейбақтың барар жері тозақ оты. Аятта сөзбе-сөз «Оның анасы тозақ түбі» деп айтылған. Оның себебі баланың барар жері ананың құшағы болғандығы секілді, күнәһарлардың барар жері тозақтың түбі болмақ.

        وَمَا أَدْرَاكَ مَا هِيَهْ

        10.  Оның (һауияның) не екенін білесің бе?

        «Һауия» тозақ атауларының бірі. Ол өте терең және оның түбіне кәпірлер мен күнәһарлар ұзақ құлдырайды. Риуаятта тозақилар оттың түбіне дейін жетпіс жыл құлап барады делінген.

        نَارٌ حَامِيَةٌ

        11.  Олжалындаған от.

        Ол өте ыстық от. Ыстықтығы әдеткі қалыптан да күшті. Жер бетіндегі ең ыстық оттың өзін тозақпен теңеуге келмейді.

        Ескерту: Қиямет күніндегі таразы шынайы, оның екі табағы және ортасында тілі бар. Таразыға сауап және күнә амалдар жазылған парақшалар тартылады. Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етіледі«Ізгі амалдар көркем бейнеде, ал жаман амалдар ұсқынсыз бейнеде келтіріліп, таразыға тартылады. Кімнің сауабы басым түссе бақытты болады. Ал, кімнің жамандығы басым түссе сорлайды».

         

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ