Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Алақ» сүресінің тәпсірі
        «Алақ» сүресінің тәпсірі

        «Алақ» сүресінің тәпсірі

        «Алақ» сүресі

        Сүренің әуелгі бес аяты ең алғаш түскен уахи аяттар. Ал, қалған аяттары Құрайыш арасында дін насихаттала бастап, мүшріктер мұсылмандарға қысым көрсеткенде түсті.

        «Алақ» сүресі «Иқра» сүресі деп те аталады. Бұл меккелік сүре, онда келесі жайттар баяндалады:

        Бірінші: Пайғамбарлар соңғысы Мұхаммедке (r) уахи түсуінің басталуы;

        Екінші: Адам баласы мал-дүниесі себепті шектен шығуы және Алла Тағала әміріне қарсы келуі;

        Үшінші: Сормаңдай Әбу Жаһилдің қиссасы. Және оның пайғамбарды (r) намаздан тыймақ болған әрекеті.

        Сүре Алла Тағаланың қадірлі елшісіне (r) мәңгілік мұғзижа Құран түсірумен құрмет көрсеткені жайлы әңгімемен басталады. Мұхаммед (r) пайғамбар Хира үңгірінде құлшылық етіп отырғанда, осы бақытты сәт орын алды. Міне, осы үңгірде Құранның ең алғашқы аяттары түсті.

        Сосын адам баласының күш-қуат пен байлық себепті астамшылыққа баратындығы және байлығы себепті Алла Тағала әмірлерін мойындамай кетуі айтылады. Алайда, адамның міндеті берілген бұл жақсылықты мойындамай кету емес. Керісінше, шүкіршілік етуге тиіс еді. Сондай-ақ, әр ісінің есебін беру үшін Раббысының жанына қайтатынын есіне салуда.

        Келесі аяттарда бұл үмбеттің перғауыны Әбу Жаһилдің оқиғасы айтылады. Ол пайғамбарды қорқытпақ болып, намазына бөгет жасағысы келді. Мұның барлығын өзі құлшылық ететін пұттар мен тастарды қолдау үшін жасады.

        Сүре соңында сол бақытсыз кәпірге өзінің адасушылығы мен астамшылығынан тыйылмаса, ауыр азап күтіп тұрғаны ескертіледі. Және Өз елшісін (r) күнәһар бейбақтың сөзін тыңдамауға шақырады.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ

        1.    Оқы, жаратқан Раббыңның атымен. 

        Мұхаммед! Құранды Раббың атымен бастап оқы! Ол барлық нәрсені Жаратушы. Адам баласына берілген ең бірінші нығмет оның жаратылуы. Адам ұйыған қаннан жаратылған.

        Бұл пайғамбарға (r) бағытталған ең алғашқы иләһи үн еді. Уахиде оқу мен жазуға және білімге шақыру бар. Өйткені білім іздеу Исламның талабы. Уа, Мұхаммед! Ұлық Раббыңның атымен бастап һәм жәрдем сұрап оқы. Ол күллі жаратылыстың Иесі, барлық әлемді жоқтан Жаратушы.

        خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ

        2.    (Ол) адамды ұйыған қаннан жаратқан.

        Ол адамды көркем бейнеде жаратқан Алла. Алла Тағала барлық тіршілік атаулының төресі адам баласын ұйыған қаннан жаратты.

        اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ

        3.    Оқы! Сенің Раббың аса Жомарт.

        Ей, Мұхаммед, оқы! Сенің Раббың ешкім тең келмейтін жомарт. Раббың ең жомарт екеніне сеніп оқы! Сен хат танымасаң да оқуды үйретуі Оның жомарттығының бір көрінісі ғана.

        الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ

        4.    (Ол) қалам арқылы үйретті.

        Ол адам баласына қаламмен жазуды үйретті. Бұл Алла Тағаланың ұлық нығметі. Қалам – білім мен ғылымның құралы. Қаламды айта отырып, адамзатқа білмеген дүниесін үйреткенін жеткізуде.

        عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ

        5.    Адамға білмеген нәрсесін үйретті.

        Құртуби: «Алла Тағала жазу ілімінің артықшылығын ескертуде. Оның адам білмейтін пайдалары көп. Біздің күнімізге ілімдер мен даналықтар, тарих пен деректер және иләһи кітаптар хатқа түсіру арқылы жеткені мәлім. Жазусыз дүние мен дін істері толық емес, тіпті шолақ болар еді»,-дейді.

        Бұл ең алғаш түскен бес аят. Сахих хадисте: «Пайғамбар (r) Хира үңгірінде құлшылық етіп отырғанда періште түседі. Періште: «Оқы», – деді. Пайғамбар (r): «Мен оқу білмеймін», – дейді...

        Ибн Касир: «Құраннан ең алғаш түскен осы құтты аяттар. Бұл Алла Тағаланың пенделеріне жіберген ең алғашқы мейірімділігі және нығметі еді. Бұл аяттарда адамның жаратылуы ұйыған қаннан екендігі, Алла Тағаланың кеңшілігі адам баласына ілім үйретуі, ілім адамды періштеден де биік ететін қасиет», – дейді.

        كَلَّا إِنَّ الْإِنْسَانَ لَيَطْغَى

        6.    Жоқ, олай емес. Күмәнсіз адам баласы шектен шығады.

        Жоқ, расында көбінесе адам баласы күнә жасап шектен асады. Бұл аят Әбу Жәһилге қатысты түскен. Ол: «Мұхаммедтің намаз оқып жатқанын көрсем, мойнын аяғыммен жаншып, бетін топыраққа көмемін», – дейді. Сонда осы және кейінгі аяттар түскен.

        أَنْ رَآَهُ اسْتَغْنَى

        7.    Өзін мұқтажсыз санағандықтан.

        Адам бай-дәулетті болса шектен шығып, өзін ешкімге тәуелді еместей сезіне бастайды.

        إِنَّ إِلَى رَبِّكَ الرُّجْعَى

        8.    Ақиқатында, сенің қайтар жерің – Раббың құзыры.

        Ей, адам! Қайтар орның Алла құзыры. Бұл аятта шектен шығудың салдары жайлы адамға қатаң ескерту бар.

        أَرَأَيْتَ الَّذِي يَنْهَى

        9.    Кедергі жасағанды көрдің бе?

        Ол – Әбу Жәһіл еді. Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі (r) намаз оқып тұрғанда Әбу Жәһіл келіп тыймақ болды[1]», – дейді.

        عَبْدًا إِذَا صَلَّى

        10.  Намаз оқып тұрған құлға (кедергі етті)

        Құл – Мұхаммед (r) пайғамбар еді. Әбу Жәһіл осылай етуіне ақысы бар ма? Ол бұдан кейін жазадан қалайша жанын аман алып қалмақ?

        أَرَأَيْتَ إِنْ كَانَ عَلَى الْهُدَى

        11.  Егер ол тура жолда болған болса ше?

        Ей, құлақ түріп отырған жан! Әлігі адамның жағдайы жайлы хабар бер, ол тура және ақиқат жолда ма?

        أَوْ أَمَرَ بِالتَّقْوَى

        12.  Яки болмаса, тақуалықты бұйырып тұрса ше?

        Ол Алла Тағалаға құлшылық етуден тыйған сәтте тақуалыққа және Алладан қорқуға бұйыруда ма?

        Жоқ, ол тура жолда емес және тақуалыққа шақырып та тұрған жоқ.

        أَرَأَيْتَ إِنْ كَذَّبَ وَتَوَلَّى

        13.  Оның жалған деп әрі қисық кеткенін көрдің бе?

        Уа, пайғамбар! Сенің елші екендігіңді жалған деп, иманнан теріс айналған сол адамның күйін айт. Ол Біздің жазадан құтылып кетемін дей ме? Жоқ, олай болмайды.

        أَلَمْ يَعْلَمْ بِأَنَّ اللَّهَ يَرَى

        14.  Сонда ол Алланың (барлығын) көріп тұрғанынан хабарсыз ба?

        Жалғаншы әрі теріс айналушының Алла Тағала әрбір ісінен хабардар екенін білмей ме? Оның әрбір ісін Алла Тағала көріп тұрушы екенін білгені жөн.

        كَلَّا لَئِنْ لَمْ يَنْتَهِ لَنَسْفَعَنْ بِالنَّاصِيَةِ

        15.  Жоқ, олай емес! Егер осылай етуін доғармаса, сөз жоқ Біз оның кекілінен ұстаймыз.          

        نَاصِيَةٍ كَاذِبَةٍ خَاطِئَةٍ

        16.  Өтірікші, әдейі қателесуші (адамның) кекілінен.

        Аллаға серт, Біздің елшіміз Мұхаммедке кесір тигізуін қоймаса, кекілінен ұстап тозаққа тастаймыз.

        فَلْيَدْعُ نَادِيَهُ

        17.  Ал, өз жақтастарын шақырып көрсін.          

        Міне, сол кезде Әбу Жәһіл өзінің әулеті мен руластарын көмекке шақыруына болады. Ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбар (r) намаз оқып тұрғанда Әбу Жәһіл келіп: «Мен оған бұл әрекетіңді доғар демедім бе?» – деді. Пайғамбар (r) оған кейіді. Сонда Әбу Жәһіл: «Менен одақтасы көп ешкім жоқ екенін сен білесің ғой», – деп тәкаппарланады.

        سَنَدْعُ الزَّبَانِيَةَ

        18.  Біз де қатал періштелерді шақырамыз.

        Ибн Аббас (р.а.): «Егер Әбу Жәһіл одақтастарын шақырса, сол сәтте оны азап періштелері алып кетер еді[2]», – деген.

        كَلَّا لَا تُطِعْهُ وَاسْجُدْ وَاقْتَرِبْ

        19.  Жоқ, олай емес. Сен оған құлақ салма! Сәжде ет әрі жақындай түс.

        Алла разылығы үшін намаз оқып, Оған жақындай түс.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Ибн Жарир

         [2]    Құртуби тәпсірі