Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Инширах» сүресінің тәпсірі
        «Инширах» сүресінің тәпсірі

        «Инширах» сүресінің тәпсірі

        «Инширах» сүресі

        «Инширах» сүресі меккелік. Сүреде Алла елшісінің ұлық дәрежесі айтылған. Оның Алла құзырындағы орны биік. Сонымен бірге, Алланың құлы әрі елшісі Мұхаммедке (r) берілген бірнеше нығметтері де әңгімеленген. Сол нығметтерінің бірі кеудесін иманға ашуы, жүрегін даналық және іліммен нұрландыруы әрі күнә-қателіктерден тазартуы. Мұның барлығы Алла елшісінің (r) кәпірлер тарапынан көрген жәбірі себепті жұбату үшін еді. Және Алла Тағаланың берген нұрымен ойын тазарту үшін.

        Сүреде тағы, Алла елшісінің (r) дүние мен ақыреттегі дәрежесін көтеруі және оның есімі Алла Тағала есімімен бірге айтылуы сөз етілген.

        Алла елшісінің (r) Меккеде дін насихаттаған шақта мұсылмандармен бірге ол да кәпірлер тарапынан қыспақ пен зорлық көрді. Сондай-ақ, дұшпандардың үстінен таяу күндерге жеңіс табатыны айтылған.

        Соңында, елшілігін жеткізгеннен кейін, Алла Тағала берген нығметтерге шүкіршілік етіп, Мұстафа (r) пайғамбарға барлығын доғарып құлшылық етуді есіне салуда.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        أَلَمْ نَشْرَحْ لَكَ صَدْرَكَ

        1.    (Ей, Мұхаммед) Біз сенің көкірегіңді ашпадық па?

        Уа, Мұхаммед! Сенің жүрегіңді пайғамбарлық, тура жол мен иманды қабылдайтындай кең етіп ашпадық па? Және кеудеңді білім мен даналыққа толтырмадық па? Бұл қуанышты білдіретін сөйлемдер.

        Ибн Касир: «Жүрегін нұрға бөлеп, кең етеміз. Алла Тағала оның жүрегін кеңіткені сияқты шариғатын да кең, жеңіл де жұмсақ, ешбір қиындықсыз және ауыртпашылығы жоқ еткен», – дейді. Әбу Хайян: «Кеудені ашу – оны даналықпен нұрландыру және уахиді қабылдау үшін кеңейтуі. Бұл жұмхур ғұламалар сөзі», – деген. Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілгендей тағы бір мағынасы пайғамбарға бала күнінде Жәбірейіл   келіп, оның кеудесін жару оқиғасын білдіреді.

        Әнастан (р.а.) риуаят: «Алла елшісі (r) кішкентайында балалармен ойнап жүргенінде Жәбірейіл келіп, баланы жерге жатқызып, жүрек тұсын жарады. Жүрегін шығарып, ондағы ұйыған қанды алып: «Бұл сендегі шайтанның үлесі», – деп, алтын ыдыстағы зәмзәммен жуып, орнына салады. Осы кезде, балалар анасына (сүт анасына) жүгіріп келіп, «Мұхаммед өлді», – дейді. Барлығы келіп жеткенде бала (Мұхаммед) түсі бозарып тұрған еді[1]», – дей келе: «Мен оның (пайғамбардың) кеудесіндегі тігісін көруші едім», – деп жеткізген.

        وَوَضَعْنَا عَنْكَ وِزْرَكَ الَّذِي أَنْقَضَ ظَهْرَكَ

        2.    Және сенен жүгіңді (ауыртпалықты) алып тастамадық па?

        3.    Арқаңа салмақ (ауыртпалық) түсірген?

        Сенен иығыңа салмақ боп жүрген еліңді тура жолға салу жайлы ауыр уайымың мен олардың жәбір-жапасынан қорғану ойын алып тастадық. Ол жүк беліңе ауыр келген еді. Тәпсірші ғалымдар: «Ауырлық – пайғамбар жасаған ісі, ал оны алып тастау – оны кешіру. Ал, енді ауырлық дегені күнәлар емес, өйткені пайғамбарлар күнә жасаудан сақталған жандар. Алайда, пайғамбардың (r) өзі шешім қабылдап, соңынан ескерту алған жайттары бар. Мәселен, сылтау айтып сұранған мұнафиқтарға жорыққа шықпауына рұқсат беруі, Бәдр шайқасындағы тұтқындар үшін құн алуы, көзі зағып адамның жүзіне қабақ шытып қарауы», – деп түсіндіреді. Тәсһил кітабында: «Пайғамбарлар қателіктері, кішкентай әрі кешірілетін болса да, ауыртпалық деп бейнеленген. Өйткені, олар Алла Тағаладан қатты қорыққандықтан болмашы жайттың өзі оларға ауыр тиеді. Хадисте:«Мұсылман бір күнәсін өзінің үстіне құлап келе жатқан таудай көреді. Ал, пасық көп күнәларын мұрнының үстінде ұшып жүрген шыбындай көреді[2]», – деген.

        وَرَفَعْنَا لَكَ ذِكْرَكَ

        4.    Және сенің есіміңді жоғарылатпадық па?

        Сенің есіміңді бұл дүние мен ақыретте пайғамбарлықпен биік еттік. Сонымен бірге, ташаһһуд (иман келтіру) сөзінде, азан және қамат айтуда Алла Тағала есімімен бірге қоса пайғамбар есімінің айтылуы.

        Мәртебеңді көтердік. Дүние мен ақыретте дәрежеңді биік еттік. Атыңды Өз есімімен бірге айтылатын еттік. Мұжаһид: «Менің есімім аталса, сенікі бірге айтылады», десе Қатада: «Алла Тағала оның есімін дүние мен ақыретте асқақ етті. Ешбір сөз бастаушы, куәлік калимасын айтушы, азаншы: «Мен Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Алла елшісі», – демей сөз бастамайды, – деген.

        Хадисте: «Маған Жәбірейіл  келіп: «Уа, Мұхаммед! Сенің Раббың: «Есіміңді қалай көтергенімді білесің бе?», – деп сұрап жатыр. Мен: «Алла Тағала білуші», – дедім. Сонда: «Менің есімім айтылғанда сенің атың да айтылады», – делінген.

        فَإِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا

        5.    Шындығында, қиыншылықпен бірге жеңілдік болады.

        Расында, әрбір қиыншылықтан соң тез арада қуаныш келеді. Мүшріктердің пайғамбарымызға (r) көрсеткен қыспағынан кейін жеңілдігі мен жеңісі келуі. Бұл мүшріктер мұсылмандарды кедейлікпен мазақ еткен соң түсті. Осы аят түскенде пайғамбарымыз (r): «Сүйінші, сендерге жеңілдік келді. Бір қиындық екі жеңілдікті ешуақытта жеңе алмайды[3]», – деп айтқан. Демек, әрбір қиыншылықтан соң екі жеңілдік беріледі.

        إِنَّ مَعَ الْعُسْرِ يُسْرًا

        6.    Анығында, қиыншылықпен бірге жеңілдік бар.

        Қиыншылықтан кейін қуаныш бар. Тәпсіршілер: «Алла елшісі (r) сахабаларымен бірге Меккеде мүшріктердің зиян беру салдарынан қиыншылық пен қыспақта еді. Алла Тағала елшісіне жеңілдікті уәде етті. Алайда, бұдан бұрын сүре басында жұбату үшін нығметтерін айтып өтті. Бұл пайғамбар жанын тыныштандырып, үмітін күшейтті. Бейне бір Алла Тағала өз елшісіне: «Саған осы нығметтерді берген Раббың, сені оларға үстем етеді. Ісіңді паш етеді, таяу арада қиыншылығыңды жеңілдікке айналдырады», – деп тұрғандай. Сондықтан да, бұл уәдесін екі қайтара айтуда. Ал, хадисте: «Екі жеңілдікті бір ауыртпалық еш уақытта жеңбейді[4]», – деп келеді.

        فَإِذَا فَرَغْتَ فَانْصَبْ

        7.    Ал, енді қолың босаса, тырысып талпын.

        Уа, Алла елшісі! Егер дінді жеткізу және елшілік міндетінен қолың босаса дұға және құлшылық жасаумен және тоқтаусыз ғибадат етумен бол.

        Адамдарды ақиқат дініне шақыруды бітірсең Жаратушыға құлшылық етуде күшіңді аяма. Дүние ісін бітірсең, ақырет амалын жасаумен өзіңді шаршат.

        وَإِلَى رَبِّكَ فَارْغَبْ

        8.    Және Раббыңа ұмтыл.

        Дұға мен мінәжатыңда тек Раббыңа бет бұр. Қалауыңды Раббыңнан басқадан тілеме, Ол барлығына құдіреті жетуші және тілекке жауап беруші.

        Ойың мен қалауың Алла Тағала құзырындағы сыйлық болсын. Ойыңда бұл пәни дүние болмасын. Ибн Касир: «Дүниенің ісі мен жұмысынан, оған қатысты жайттардан қолың босаса, құлшылыққа ден қой. Ғибадатқа ынталы, ойың таза, ниетің мен қалауыңды Алла разылығы үшін деп тұр», – деп тәпсірлеген.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Мүслим

         [2]    Тирмизи, Ахмед

         [3]    Ибн Жарир, Хасан Басри

         [4]    Хаким, Байһақи