Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Ләйл» сүресінің тәпсірі
        «Ләйл» сүресінің тәпсірі

        «Ләйл» сүресінің тәпсірі

        «Ләйл» сүресі

        «Ләйл» – меккелік сүре. Сүре адамның талпынысы мен іс-әрекеті жайлы. Оның өмірдегі күресі мен тай-таласы. Сосын адамның ақыры нығметке бөлеуші нәғим-жаннат немесе лаулаған от жәһим-тозақ па? Осы баян етіледі.

        Сүре жер бетін қараңғылықпен қаптайтын түнгі уақыт және айналаны нұрландырып жарық ететін күндізге серт етіп басталған. Және ер мен әйелді жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушыға серт етеді. Серт мақсаты, адамдардың қам-қарекеті және олардың жолдары әртүрлі екенін айту.

        Келесі кезекте бақыт жолы мен бақытсыздық соқпағын түсіндіруде. Құтылу жолын сызып беріп, ізгілер мен бұзылғандар, жаннат пен тозақ иелерінің болмысын суреттейді.

        Кейбір адамдар тірнектеп жинаған дүниесіне арқа сүйейтіні, бірақ ол қиямет күні ешбір пайда бермейтіндігі. Алла Тағала пенделеріне тура және адасушылық жолын көрсету хикметі естеріне салуда.

        Бұдан кейін, Алла Тағала аяттары мен елшісін жалған деген меккеліктерге Жаратушының азабы бар екендігі ескертілген. Ол ыстықтығынан лаулап жанатын, оған тек бейбақ кәпір және Алла көрсеткен тура жолдан теріс айналған адам ғана түсетін тозақ оты.

        Сүре соңында, ізгі мұсылман үлгісі көрсетіледі. Жақсылық жолында дүниесін аямайтын. Сонымен жанын тазалап, Алла азабынан өзін сақтайтын адам. Бұл аяттар Алла жолында Біләлді құлдықтан сатып алып, азат екен Әбу Бәкір (Алла Тағала екеуінен де разы болғай) туралы.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَى

        1.    Қараңғылық басқан сәтте түнге серт.

        وَالنَّهَارِ إِذَا تَجَلَّى

        2.    Жарқыраған сәтте күндізге серт.

        Алла Тағала әр нәрсені өз қараңғылығымен бүркейтін түнге және түн пердесін түріп айналаға жарық пен сәуле шашатын күндізге серт етуде. Тәпсіршілер: «Алла Тағала түнмен серт етуі бұл мезгіл жаппай тіршілік тынығатын, адамзат та, жануарлар да өз баспанасына қайтатын уақыт. Түн жаратылыстың рақат алатын уақыты. Күндізбен серт етуі күллі жаратылыс қам-қарекетке кірісіп, ризық-несибесін табатын тәулік бөлігі. Түн мен күндіз бірін-бірі ауыстырып, тіршілікке қисапсыз жақсылықтарын алып келуші құбылыс», – дейді.

        وَمَا خَلَقَ الذَّكَرَ وَالْأُنْثَى

        3.    Және ер мен әйелді жаратқанға серт.

        إِنَّ سَعْيَكُمْ لَشَتَّى

        4.    Расында, сендердің талпыныстарың әртүрлі.

        Ол адамзат пен жануар және өсімдіктерді жұп етіп жаратқан барлық нәрсеге Құдіреті жетуші. Ей, адамзат! Сендердің әрекеттерің мен амалдарың әртүрлі. Әрекеттеріңнің ішінде жаннатқа лайық амал да, тозаққа түсіретін амал да бар. Бұл – серттің жауабы.

        فَأَمَّا مَنْ أَعْطَى وَاتَّقَى

        5.    Ал, енді кім берсе әрі тақуалық етсе.

        Кімде-кім дүниесін жақсылыққа жұмсаса, зекетін берсе, Алла әмірлерін ұдайы орындап, тиымдардан аулақ жүрсе. Аталмыш аят Әбу Бәкірге (р.а.) қатысты түскен. Ол иман еткен әйелдер мен қарттарды құлдықтан сатып алып, бастарына бостандық беретін. Сонда әкесі «Мен сенің әлсіздерді ғана құлдықтан азат еткеніңді байқап жүрмін», – деп сатып алынған құлдарың түкке жарамайтындығын айтпақ болады. Әбу Бәкір (р.а.) әкесіне: «Мен тек Алла құзырындағыны қалаймын», – дейді. Сонда осы аят уахи етілген екен.

        وَصَدَّقَ بِالْحُسْنَى

        6.    Жақсылықты дұрыс деп білсе.

        Алла Тағала жақсыларға әзірлеген жаннатын рас деп білсе. Ол ең жақсы сөзді растайды. Жақсы сөз – таухид сенімі, Алла елшілерін растау және Алла Тағала құлшылыққа сауап уәде еткеніне сену.

        فَسَنُيَسِّرُهُ لِلْيُسْرَى

        7.    Сонда оның жолын оңайластырамыз.           

        Оны жеңіл жолға оңайлатып, ісін оңынан етеміз. Оған Алла Тағалаға құлшылық ету және жақсылыққа алып баратын себептерге жол сілтейміз.

        وَأَمَّا مَنْ بَخِلَ وَاسْتَغْنَى

        8.    Ал, кім сараңдық істесе, елемесе.

        Ал, жақсылық жолында мал-дүниесін сарп етуге сараңдық еткен. Және Алла Тағала сауабынан дүние құмарлығын артық санап, құлшылықтық тәрк етіп... Ибн Аббас: «Бұл аят Үмаия ибн Халаф жөнінде түсті», – деген.

        وَكَذَّبَ بِالْحُسْنَى

        9.    Жақсылықты өтірікке шығарса.

        Алла Тағаланың ақыретте мұсылмандарға уәде еткен сауабын өтірікке шығарса.

        فَسَنُيَسِّرُهُ لِلْعُسْرَى

        10.  Сонда оның ауырлыққа ұшырауын оңайластырамыз

        Онда, оны қиын да ауыр жолға саламыз. Оның істеген ісі тек жамандық, тозаққа алып баратын әрекеттен тұратын болады.

        Тәпсіршілер: «Жақсылық жолын жеңіл деп атауы оның соңы жақсылық, нығмет мекені жаннатқа кіру болғандықтан. Ал, жамандық жолын қиыншылық деп атауы, оның соңы қиындыққа тола, тозаққа кіру себепті», – деген.

        وَمَا يُغْنِي عَنْهُ مَالُهُ إِذَا تَرَدَّى

        11.  Ол жығылған кезде дүниесі оған пайда бермейді.

        Ол құрдымға кетіп, тозаққа түссе мал-дүниесінен пайда болмайды. Тіпті, дүниесі оны құтқарып қалмайды.

        إِنَّ عَلَيْنَا لَلْهُدَى

        12.  Ақиқатында, тура жол көрсету – Бізге тән.

        Әділет пен даналық көрсету үшін тура жол мен адасу жолы бағытын Біз түсіндіреміз.

        وَإِنَّ لَنَا لَلْآَخِرَةَ وَالْأُولَى

        13.  Сөз жоқ, ақырет те, дүние де Біздікі.

        Екі дүние және оның ішіндегі барлық нәрсе Алла иелігінде. Екі дүние де Алла Тағала қалауының құзырында. Кімде-кім қажетін Алладан басқа біреуден сұраса, сөз жоқ ол қателеседі.

         

        فَأَنْذَرْتُكُمْ نَارًا تَلَظَّى

        14.  Және Мен сендерді жалындаған оттан сақтандырдым.    

        Ей, Мекке тұрғындары, лаулап жанған оттан сақ болыңдар!,- деп ескертемін.

        لَا يَصْلَاهَا إِلَّا الْأَشْقَى

        15.  Оған ең сормаңдай ғана кіреді. 

        Бұл мәңгі отқа бақытсыз кәпір тасталады.

        Ей, адам баласы! Менің әміріме қарсы шыққанды лаулап жанып тұрған тозақ отымен қорқытып, ескертемін. Ол отта мәңгі қалу және өртену Әбу Жәһіл және Үмайя ибн Халаф сияқты бақытсыз кәпірлерге жазылған. Ал, пасық күнәһар тозаққа түссе де, ол отта мәңгі қалмайды.

        الَّذِي كَذَّبَ وَتَوَلَّى

        16.  Ол өтірік деп жалтарған.           

        Сондай-ақ, Құранды өтірік деп, Раббысына және елшілерге иман етуден теріс айналған әрі құлшылықтан бас тартқан ең бақытсыз адам.

        وَسَيُجَنَّبُهَا الْأَتْقَى

        17.  Ал, аса тақуалық еткендер одан (тозақтан) алыстатылады.       

        Тозақ отынан Алла Тағаладан қорқатын тақуа және күнә істерден аулақ адамды алшақ етеміз. Ибн Әбу Хатим Уруадан риуаят етеді: «Әбу Бәкір жеті адамды азат етті. Олардың барлығы да Алла жолында азап шегуде еді. Осы және кейінгі аяттар сол жайлы түсті», – деген.

        الَّذِي يُؤْتِي مَالَهُ يَتَزَكَّى

        18.  (Ол тақуа) мал-дүниесін сарп етіп тазарған.

        Ол ешбір көзбояушылықсыз Алла жолында малын жұмсап бойын сараңдықтан тазартады.

        وَمَا لِأَحَدٍ عِنْدَهُ مِنْ نِعْمَةٍ تُجْزَى

        19.  Біреуге беруге міндетті болмаса да

        إِلَّا ابْتِغَاءَ وَجْهِ رَبِّهِ الْأَعْلَى

        20.  (Ол) тек Ұлы Раббысының ризалығын ғана іздейді.

        Ол бұл жақсылығы үшін ешкімнен қарымын сұрамайды.

        وَلَسَوْفَ يَرْضَى

        21.  Және сөзсіз, таяуда разы болады.        

        Ол мұның барлығын Алла Тағала ризашылығын көздеп, мол сауапқа қол жеткізу үшін жасады. Ол жаннатта өзіне берілетін жақсылықпен ризашылыққа бөленеді.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ