Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Фәжр» сүресінің тәпсірі
        «Фәжр» сүресінің тәпсірі

        «Фәжр» сүресінің тәпсірі

        «Фәжр» сүресі

        «Фәжр» сүресі меккелік сүрелер қатарына жатады. Бұл сүреде үш маңызды жайт қозғалады, олар:

        1. Алла Тағала елшілерін мойындамаған Ғад, Самуд және перғауын қауымы сияқты халықтардың қиссалары баян етіледі. Шектен шығуының салдарынан олардың бастарына келген пәлекет пен азап айтылады;

        2.  Бұл пәни жалғанда адамдарды жақсылық пен қиындық, байлық пен кедейлік арқылы сынау Алла Тағаланың – сүннеті, иләһи заңы. Және адам табиғатының дүниені қатты жақсы көретіндігі;

        3.  Ақырет, оның үрейі мен қорқыныштары. Қиямет күні адамдардың бақытты және бақытсыз болып бөлінуі. Сонымен қатар, жаман адам мен жақсы адамның барар жері айтылады.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        وَالْفَجْرِ

        1.    Таңғы арайға серт

        وَلَيَالٍ عَشْرٍ

        2.    Және он түнге серт

        Қараңғылықты өз жарығымен қуатын таңға серт және Зул-хиджа, қажылық айының құтты он кешіне серт.

        Бұл қажылық құлшылығымен шұғылданатын күндер. Тәпсіршілер: «Алла Тағала таңғы уақытқа серт етуінің себебі, бұл уақытта пенденің жүрегі Жаратушыдан ерекше қорқады. Таңғы уақыт ой таза сәт. Ал, қажылықтың алғашқы он күндері жылдың ең мүбәрак күндері. Хадисте: «Алла Тағалаға ізгі амал жасаудағы ең ұнамды күндер осы зул-хиджаның он күні. Адамдар: «Алла жолындағы жиһадтан да ма?» – деді. «Иә, Алла жолындағы жиһад та (бұл күннен артық емес). Тек егер бір кісі өзі және мал-дүниесімен шығып, кері оралмаса[1]», – делінген.

        وَالشَّفْعِ وَالْوَتْرِ

        3.    Әрі жұп пен таққа серт

        Әрбір жаратылыстың жұбы және тағына серт.

        وَاللَّيْلِ إِذَا يَسْرِ

        4.    Және өтіп бара жатқан түнге серт.

        Ғажайып қозғалыспен өтіп жатқан түнге серт. Мұның барлығы Жаратушының шексіз құдіретінің айғағы.

        هَلْ فِي ذَلِكَ قَسَمٌ لِذِي حِجْرٍ

        5.    Міне, осылар ақыл иелері үшін (жеткілікті) серт емес пе?

        Осы жаратылыс және құбылыстар ақыл иелері үшін қанағаттанарлық серт емес пе? Бұл ақыл мен парасат иелері үшін маңызды серт. Ақылды да, парасатты жан зер салып қараса, Алла Тағала серт еткен құбылыстардың ғажайып екенін көреді.

        أَلَمْ تَرَ كَيْفَ فَعَلَ رَبُّكَ بِعَادٍ

        6.    (Мұхаммед) Ғад қауымына Раббыңның не істегенін көрмедің бе?

        إِرَمَ ذَاتِ الْعِمَادِ

        7.    Ұзын бағаналы Ирамға (қаласына)?

        Ирам қаласының тұрғындары – Ғад қауымы. Олар Оман мен Хадрамаут арасындағы құмды жоталарды мекендеді.

        الَّتِي لَمْ يُخْلَقْ مِثْلُهَا فِي الْبِلَادِ

        8.    Дәл ондай іс басқа елдерде жасалмаған еді.

        Алла Тағала бұл қауым сияқты күш-қуатты, мықты да алып денелі адам жаратпаған еді. Аятта Алла Тағала Ғад қауымына не істегенін айта отырып меккеліктерді қорқытпақшы. Ғад қауымы ұзақ өмір сүрген халық. Күш-қуаттары меккеліктерден едәуір мықты болса да құрдымға кетті. Ибн Касир: «Бұл алғашқы Ғад қауымы. Бұл қауымға Алла Тағала Өз елшісі Һудті  жіберген болатын. Алайда, олар мойындамай пайғамбарға қарсы шықты. Ғад шектен шыққан, тәкаппар қауым еді. Міне сондықтан, олардың оқиғасын кейінгі ұрпаққа ғибрат етті», – деген.

        وَثَمُودَ الَّذِينَ جَابُوا الصَّخْرَ بِالْوَادِ

        9.    Сондай-ақ, ойпаттарда жартастарды қашаған Сәмүд еліне (не істегенін)

        Сол секілді таудың жартастарын кесіп үй салған Сәмүд елі. Олар Хижаз бен Табук арасында мекен етті. Тәпсіршілер: «Ең алғаш тауды, жартас пен мәрмәрды кесіп қашаған Сәмүд қауымы еді. Олардың күштілігі соншалық тауларды қазып, жартастарды шығарып өздеріне үй салатын. Сәмүд Уадил-қурада тұтастай тастан мың жеті жүз қала тұрғызды», – дейді.

        وَفِرْعَوْنَ ذِي الْأَوْتَادِ

        10.  Және қазықтар қожайыны Перғауынға (не істегенін)

        Сонымен бірге өктем де шектен асқан Перғауын. Патшалығын күшейтіп тұрған әскері мен қалың қолы бар еді. Әбу Сағуд: «Перғауын «қазықшы» деп суреттелуінің себебі әскері мен әскери шатырының көптігінен. Өйткені, шатыр қазықпен қағылады. Һәм қазық азап құралы еді», – дейді.

        الَّذِينَ طَغَوْا فِي الْبِلَادِ

        11.  Олар елдерде шектен шығып.  

        Міне осылар: Ғад, Сәмүд және Перғауын қауымы Алла Тағалаға қарсы шығып, әміріне бойұсынбады. Бұлар астамшылыққа барып зұлымдық етті.

        فَأَكْثَرُوا فِيهَا الْفَسَادَ

        12.  Әрі ол жерде бұзақылықты көбейткен еді.

        Бұл құрып кеткен елдер жер бетінде азғындық, бұзғындық, кісі өлтіру және басқа күнәларды көбейткен еді.

        فَصَبَّ عَلَيْهِمْ رَبُّكَ سَوْطَ عَذَابٍ

        13.  Сондықтан Раббың оларға азап қамшысын жаудырды.

        Осы қылмыстары мен күнәларына жараса Алла Тағала оларға азаптың түр-түрін жаудырды. Тәпсіршілер: «жаудыру» сөзі қолданылуы азаптың жылдам келгендігін ұқтырады. Бұл қауымдардың әрқайсысына ерекше ауыр азап жіберілді. Ғад қауымы жел себепті, Сәмүд елі ащы дауыстан, ал перғауын қауымы суға батып құрыды», – дейді.

        إِنَّ رَبَّكَ لَبِالْمِرْصَادِ

        14.  Негізінде, Раббың әлбетте бақылаушы.

        Уа, Мұхаммед! Сенің Раббың адамдардың барлық амалдарын бақылаушы. Олардың әрбір ісі тіркеулі. Ешбір залым мен өктем етуші жазасыз қалмайды. Бұл Мекке кәпірлері әрекетінің түбі жаман болатындығын айтып қорқыту.

        فَأَمَّا الْإِنْسَانُ إِذَا مَا ابْتَلَاهُ رَبُّهُ فَأَكْرَمَهُ وَنَعَّمَهُ فَيَقُولُ رَبِّي أَكْرَمَنِ

        15.  Ал енді адамды Раббысы сынап, оны құрметтесе және игілікке бөлесе, ол: «Раббым мені сыйлады», – дейді.

        Алла Тағала қаһарына ұшыраған қауымдар хабарынан соң, күпірлік етуші адамның табиғаты, болмысы жайлы әңгіме етілуде. Мұндай адам молшылықта тәкаппарланып, ал қиыншылықта үмітсіздікке түседі.

        Алла Тағала оған сынақ үшін молшылық берсе, бай-дәулетті етіп, дүниеде көп бала-шаға, билік және атақ-абырой берсе ол: «Алла Тағала мен лайық болған нығметті берді», – дейді. Ол мұның барлығы оның шүкіршілік етеді ме, әлде күпірлік етеді ме? деп сынау екенін түсінбейді.

        وَأَمَّا إِذَا مَا ابْتَلَاهُ فَقَدَرَ عَلَيْهِ رِزْقَهُ فَيَقُولُ رَبِّي أَهَانَنِ

        16.  Ал, қашан оны сынап, несібесін тарылтса, ол: «Раббым мені қорлады», – дейді.

        Ал, енді сынап кедейлік беріп, несібесін тарылтса, мұның барлығының сырынан бейқам күйде: «Несібемнен қағып Алла Тағала мені қор етті», – дейді. Құртуби: «Бұл қайта тірілуге сенбейтін кәпірдің бейнесі. Өйткені, кәпір үшін дүниеде құрмет мал-дүниенің көптігі немесе аздығымен есептеледі. Ал, мұсылман үшін құрмет Алла Тағалаға бойұсыну. Ал, Алла Тағалаға құлшылық ету ақырет олжасына жетелейді. Егер мұсылманға дүниедегі несібесі мол және берекетті етіп берілсе, шүкіршілік пен мақтау айтады», – деген.

        كَلَّا بَل لَا تُكْرِمُونَ الْيَتِيمَ

        17.  Жоқ, олай емес! Сендер жетімге қамқорлық етпейсіңдер.

        Сендер ойлағандай қадірлі ету бай-дәулетті етумен, ал қорлау кедей етіп қоюмен емес. Қадірлеу мен қорлау Алла Тағалаға құлшылық ету немесе күнә етумен болады. Алайда, сендер мұны білмейсіңдер. Мұнан да сорақы нәрсе бар екенін білесіңдер ме? Алла Тағала сендерге мол мал-дүние берсе де, сендер жетімді қадірлемейсіңдер.

        وَلَا تَحَاضُّونَ عَلَى طَعَامِ الْمِسْكِينِ

        18.  Әрі кедей-кепшікті тамақтандыруға бір-біріңді ынталандырып, түрткі болмайсыңдар.

        Және біріңді-бірің кедей мен мұқтаж жандарға тамақ беруге ешбір қызықтырмайсыңдар және үндемейсіңдер.

        وَتَأْكُلُونَ التُّرَاثَ أَكْلًا لَمًّا

        19.  Және мирасты бөлмей, тұтас өздерің жейсіңдер.

        Ал, мұра боп келген мал-дүниені жейсіңдер, оның адал немесе арам екенін тіпті сұрамайсыңдар. Тасһилде: «Бұл – мұрадан өз үлесімен қоса, басқаның үлесін алуды білдіреді. Өйткені, арабтар әйел мен жас балаға мұрадан үлес бермейтін. Тек еркек кіндіктілер ғана мұра алатын», – деп айтылған.

        وَتُحِبُّونَ الْمَالَ حُبًّا جَمًّا

        20.  Сондай-ақ, дүниені қатты жақсы көресіңдер.

        Сендер дүниені қатты жақсы көресіңдер. Бұл олардың дүниеге итше таласатындығын және сараңдығын көрсетеді.

        كَلَّا إِذَا دُكَّتِ الْأَرْضُ دَكًّا دَكًّا

        21.  Жоқ, олай емес! Жер (сілкініп) теп-тегіс болған кезде.

        Ей, ғапыл адам! Сені алда ауыр күн күтіп тұр. Зілзәлә болып жердің бетіндегі қылтиып тұрған әрбір нәрсе жермен жексен болады.

        وَجَاءَ رَبُّكَ وَالْمَلَكُ صَفًّا صَفًّا

        22.  Әрі Раббың және сап-сап болып періштелер келген кезде.

        Уа, Мұхаммед! Міне, сол кезде Раббыңның әмірі мен періштелер пенделерге төрелік етуге келеді. Тасһил: «Мунзир ибн Сағид: «Раббың келеді» сөзінің және осы сияқты аяттарға ешбір ұқсатусыз және теңеусіз иман ету мұсылманға міндет», – деген.

        وَجِيءَ يَوْمَئِذٍ بِجَهَنَّمَ يَوْمَئِذٍ يَتَذَكَّرُ الْإِنْسَانُ وَأَنَّى لَهُ الذِّكْرَى

        23.  Сол күні тозақ келтірілген кезде міне, сол күні адамзат еске түсіреді. Бірақ, еске түсіруден оған не пайда?

        Кәпірлер көру үшін тозақ көз алдыларына келтіріледі. Абдулла ибн Масуд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Сол күні тозақ келтіріледі. Тозақтың жетпіс мың тізгіні болады. Әрбір тізгінді жетпіс мың періште сүйреп келеді[2]», – делінген.

        Міне, сол ауыр да қиын күні адам өзінің амалдарын есіне түсіреді. Жасаған күнәларына қатты өкініп, тәубе еткісі келеді. Бірақ, кеш өкінгеннен не пайда?

         

        يَقُولُ يَا لَيْتَنِي قَدَّمْتُ لِحَيَاتِي

        24.  «Ол: «Әттең! Өмірім үшін (жақсы іс) жасаған болсам еді», – дейді.

        Өкінген күйде: «Әттеген-ай, бақилық өміріме пайдасын тигізетін ізгі амал жасасам ғой», – дейді.

        فَيَوْمَئِذٍ لَا يُعَذِّبُ عَذَابَهُ أَحَدٌ

        25.  Сол күні Оның азабындай ешкім де азаптай алмайды.

        Бұл күні Алла Тағалаға күнә жасаған адамнан ауыр азап тартатын пенде болмайды.

        وَلَا يُوثِقُ وَثَاقَهُ أَحَدٌ

        26.  Және де, Оның байлағанындай ешкім байлай алмайды.

        Және кәпір күнәһар адамдай ешкімді Алла Тағала шынжырға матамайды.

        يَا أَيَّتُهَا النَّفْسُ الْمُطْمَئِنَّةُ

        27.  Әй, жаны жай тапқан нәпсі!

        Әй, тыныштық тапқан жан! Алла Тағаланың берген уәдесінен жаны рақат тауып ешбір қорқыныш пен қауіп болмаған жан!

        ارْجِعِي إِلَى رَبِّكِ رَاضِيَةً مَرْضِيَّةً

        28.  Раббыңа Ол сенен, сен Одан разы болған күйде қайт!

        Алла Тағаланың өзіңе берген нығметіне дән риза болып, және жасаған ізгі амалдарыңмен Алла Тағаланы разы еткен күйде Раббыңның разылығы мен жаннатына қайт. Тәпсіршілер: «Бұл сөз және үнқату өлім сәтінде айтылады. Мұсылман жантәсілім етер сәтте осы сөз айтылады», – дейді.

        فَادْخُلِي فِي عِبَادِي

        29.  Енді құлдарымның қатарына кір!

        Әй, нәпсі! Менің ізгі құлдарымның қатарына кір.

        وَادْخُلِي جَنَّتِي

        30.  Және Менің жаннатыма кір!

        Сонымен бірге, ізгілердің мекені жаннатыма кір.

         ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ


        [1]    Бұхари

         [2]    Мүслим