«Мутаффифин» сүресінің тәпсірі
«Мутаффифин» сүресі
Сүре «Мұтаффифин» (таразыдан алдаушылар) деп басталғандықтан осылай аталады. Таразыдан алдаушылар – өздеріне өлшеп алса артығымен, ал басқа біреуге өлшеп берсе азайтып берушілер еді.
Бұл қасиетті сүре меккелік. Аталмыш сүреде айтылған мақсаттар меккелік сүрелердің мазмұнымен мағыналас. Сүреде имани мәселелерді және Ислам насихаты жайы баян етіледі.
Сүре таразыдан алдаушыларға қарсы күрес жариялаумен басталады. Мұндай күнәһарлар әділ төрелік етуші Алла Тағала құзырындағы ақырет есебінен қорықпайды.
Сосын бақытсыз бұзықтар жайы айтылады. Олардың қиямет күні тартатын жазалары суреттеледі. Бақытсыздар жаһаннамға қорлықпен айдалып барады.
Бұған қоса, тақуа да ізгі жандардың жағдайлары көрсетіледі. Оларға құрмет пен қадір мекені жаннатта сыйланатын мәңгілік те бақи жақсылықтар айтылады. Осылайша, қызықтыру мен қорқытуды қатар айту – Құран Кәрімнің дәстүрі.
Сүре бақытсыз және адасқандардың иманды да жақсы адамдар жайлы көзқарастарын көрсетумен тәмамдалады. Өйткені, адасушылар имандыларды дүниеде мазақ етіп, иманы және тура жолда жүргені үшін кемсітетін.
Сүренің түсу себебі:
Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді:
لما قدم النبيُّ المدينة, كانوا أبخس الناس كيلاً, فأنزل الله: وَيْلٌ لِلْمُطَفِّفِينَ, فأحسنوا الكيل بعد ذلك.
«Алла елшісі (r) Мәдинаға келген кезде, қала халқы таразыдан қатты жейтін. Алла Тағала «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш!» аятын түсірген соң, олар таразыдан жемейтін болды»[1].
Әс-Судди: «Мәдиналық Әбу Жаһина атымен танымал кісі болатын. Оның екі таразысы бар еді. Дұрысымен тартып алса, бұзығымен өлшеп беретін», – дейді. Бұл Меккеде түскен ең соңғы сүре. Ибн Масуд, Даххак және Муқатил бұл сүрені меккелік деп таниды. Ал, әл-Хасан мен Икрима мәдиналық сүрелер қатарына жатқызады. Оған «Пайғамбар (r) Мәдинаға келгенде жұрт таразыдан алдаушы еді, осы сүрені оқып берген соң дұрыс өлшеп беретін болды» деген риуаят негіз ретінде қарастырылады. Міне, осы хадиске сай мәдиналық сүре. Егер, меккелік болған күннің өзінде көшіп келген соң оқып берген. «Мутаффифин» сүресін оқып болған соң пайғамбарымыз (r):
خمس بخمس ,قال ما نقض قوم العهد إلا سُلِّط عليهم عدوهم ، وماحكموا بغير ما أنزل الله إلاَّ فشا فيهم الفقر ، وما ظهرت فيهم الفاحشة إلا فشا فيهم الموت ، ولا طفَّفوا المكيال إلا مُنِعوا النبات وأُخِذُوا بالسنين ، ولامنعوا الزكاة إلا حبس عنهم المطر.
«Бес нәрсенің бес салдары бар. Адамдар уәдесін бұзса, оларға жауы басшы болады. Алла Тағала түсіргенмен төрелік етпесе, орталарында кедейлік жайлайды. Азғындық белең алса, өлім көбейеді. Таразыдан алдайтын болса, өсімдік шықпайды. Ал, зекетін бермейтін болса жаңбыр жаумай қалады»[2], – деген екен.
بسم الله الرحمن الرحيم
وَيْلٌ لِلْمُطَفِّفِينَ
1. Өлшеу-тартуда кеміткендерге нендей өкініш!
Біреуге өлшеп берсе біраз кемітіп, ал өздеріне тартып алса біраз көбейтіп жататындарға азап пен құрдым болсын!
الَّذِينَ إِذَا اكْتَالُوا عَلَى النَّاسِ يَسْتَوْفُونَ
2. Олар қашан өлшеп алса, толық (өлшеп)
алады да
Олар адамдардан өздеріне өлшетіп алатын болса, толық етіп алады. Бұл аят әрбір таразыдан алдайтын адамға қатаң ескерту. Алла Тағала Шұғайып пайғамбардың қауымын таразыдан ұрлағаны үшін жойып жіберген еді.
وَإِذَا كَالُوهُمْ أَوْ وَزَنُوهُمْ يُخْسِرُونَ
3. Ал, өздері өлшеп немесе тартып беретін
болса, кемітеді.
Ал, адамдарға тартып беретін болса, таразыдан азайтып, кемітіп береді.
أَلَا يَظُنُّ أُولَئِكَ أَنَّهُمْ مَبْعُوثُونَ
4. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма?
Таразыдан алдайтындар өздері ертең тірілетіндігін, амалдары үшін есеп беретіндігін ойламай ма екен? Бұл іс-әрекетінің соңы немен тынарын ойламай ма?
لِيَوْمٍ عَظِيمٍ
5. Ауыр күн (қиямет) үшін
يَوْمَ يَقُومُ النَّاسُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَ
6. Ол күні адамдар бүкіл әлемнің Раббысының алдында тұрады.
Олар өте қорқынышты ұлық күні, қияметте қайта тіріледі. Адамдар қабірлерінен шығып, есеп-қисап беру үшін Раббыларының құзырында тұрады.
كَلَّا إِنَّ كِتَابَ الْفُجَّارِ لَفِي سِجِّينٍ
7. Жоқ, олай емес! Негізінен бұзықтардың амал дәптері сижжинде
Жоқ, кәпірлердің жазылған кітабы тозақ иелерінің тіркеуінде болмақ!
وَمَا أَدْرَاكَ مَا سِجِّينٌ
8. «Сижжин» не екенін қайдан білесің?
«Сижжин» не екенін білесің бе? Олардың амалдары жаман кітапқа тіркелген. Ал, тозақилар кітабы «сижжинде» (сижжин – тар қапас). Иә, кәпірлер тозақтың түбінде тар және төменгі қабатта болады.
كِتَابٌ مَرْقُومٌ
9. Ол – жазулы бір кітап.
Ол жазуы айқын кітап, онда барлық күнәһарлардың есімі жазылған. Онда шайтандарды, кәпірлердің және пасықтардың істейтін амалдары қамтылған. Көрген адам оның ешбір жақсылығы жоқ екені білінетіндей белгісі бар кітап. Міне, осы кітап «сижжин» деп аталады. Бұл үлкен кітапта әрбір күнәһардың амал дәптері бар.
وَيْلٌ يَوْمَئِذٍ لِلْمُكَذِّبِينَ
10. Сол күні өтірікке шығарушыларға нендей өкініш!
Құранды және қайта тірілуді жалған деушілерге азап болсын!
الَّذِينَ يُكَذِّبُونَ بِيَوْمِ الدِّينِ
11. Олар – есеп (қиямет) күнін өтіріксінгендер.
Олар есеп-қисап болатын қиямет күнін жалғанға шығарады.
وَمَا يُكَذِّبُ بِهِ إِلَّا كُلُّ مُعْتَدٍ أَثِيمٍ
12. Оны тек шектен шығушы күнәһар ғана өтірік дейді.
Қиямет күнін шариғат, ой-сана және ақыл шегінен шыққан кәпір және көп күнә жасайтын әрі нәпсіқұмарлыққа салынып кеткен адам ғана өтірік дейді.
إِذَا تُتْلَى عَلَيْهِ آَيَاتُنَا قَالَ أَسَاطِيرُ الْأَوَّلِينَ
13. Оған аяттарымыз оқылса: «Бұрынғылар-дың ертегісі» дейтін
Бұл жалғанға шығарушыға Құран аяттары оқылса «ол ертегі, әңгімелер һәм көненің аңызы» дейді. Міне, осы үш аятта қиямет күнін мойындамайтын адамның үш белгісі көрсетілуде:
1.Ақиқат жолынан тайып, шектен шығу;
2.Күнә іске белшесінен бату;
3.Құран оқылса: «әуелгілер ертегісі, жалған өтірік сөздер» деген ойда болу.
كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَى قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ
14. Жоқ, керісінше, олардың жүректерін істеген қылықтарының (күнәларының) таты
басты.
Бірақ Құран көне ертегі емес. Алайда олар көп күнә жасағандықтан жүректері қарайып, саналары тұмшаланып ақиқат пен жалғанды ажырата алмай қалған. Олардың көп күнә жасауы, қателік етулері жүректерінің Құранға деген жолын көрсетпей қойды.
Әбу Хұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Егер пенде бір күнә жасаса, оның жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер тәубе етіп Алла Тағаладан кешірім сұраса, жүрегі тазаланады. Қайта күнә істесе нүкте көбейіп, жүрегін орап тастайды. Міне, Құранда айтылған тат осы»[3], – делінген.
كَلَّا إِنَّهُمْ عَنْ رَبِّهِمْ يَوْمَئِذٍ لَمَحْجُوبُونَ
15. Жоқ, олай емес. Олар ақырет күні өздерінің Раббысынан тосылушылар
Керісінше, кәпірлер қиямет күні Раббысын көруден мақұрым қалады. Олар дәл мұсылмандардай көріп тамашалай алмайды. Дүниеде өздерінің жаман амалы себепті таухидтен құр алақан қалғанындай, қиямет күні де Алла Тағаланы көруге рұқсат етілмейді.
ثُمَّ إِنَّهُمْ لَصَالُو الْجَحِيمِ
16. Сосын олар сөзсіз тозаққа кіреді.
Сосын кәпірлер жанып тұрған тозаққа тасталып, сонда қалады. Әрбір істелген жақсы да, жаман іс Алла Тағала құзырында жазылып, бекітілген. Құранды «Бұрын өткен адамдардың сөзі ғана, ол Алла Тағала құзырынан келген уахи емес» деп мойындамауының бірден-бір себебі, олар күнәға белшесінен батып, ақ пен қараны ажырата алмайтын дәрежеге жеткендіктен. Соңынан олар Алла Тағала рақымынан алыстатылып тозаққа тасталады.
Ал, әл-Хасан әл-Басри «тат» жайлы: «ол жүрек көзі көрмей қалғанша күнә үстін күнәмен қаптау. Осылайша жүрек күнәлармен қарайып кетеді. Ал, мөр басу таттан ауыр», – деп тәпсірлеген.
ثُمَّ يُقَالُ هَذَا الَّذِي كُنْتُمْ بِهِ تُكَذِّبُونَ
17. Бұдан кейін (оларға): «Міне, сендердің өтірік дегендерің осы!» – делінеді.
Оларға тозақ сақшылары, азаптаушы періштелер: «Дүниеде жалған деп есептеген тозақ оты осы, ал қараңдар және азабын тартыңдар», – дейді.
كَلَّا إِنَّ كِتَابَ الْأَبْرَارِ لَفِي عِلِّيِّينَ
18. Жоқ, олай емес. Негізінен ізгілердің амал дәптері – Иллиунде.
Айқын етіп жазылған, ол жаннаттың ең биігінде. Өздерінің де барар жері жаннат. Ақиқатында ол – иманды, ықыласты, амал етуші және бойұсынушы ізгілер амал дәптері.
وَمَا أَدْرَاكَ مَا عِلِّيُّونَ
19. «Иллиун» не екенін қайдан білесің?
كِتَابٌ مَرْقُومٌ
20. Ол – жазулы бір кітап.
Уа, Мұхаммед! «Иллиун» не екенін білесің бе? Ол тіркелген кітап, онда ізгілердің есімдері мен амалдары жазылған үлкен кітап.
يَشْهَدُهُ الْمُقَرَّبُونَ
21. Оны Аллаға жақын періштелер бақылайды
Періштелер оны лаухул-махфузды қорғағандай қорғайды.
إِنَّ الْأَبْرَارَ لَفِي نَعِيمٍ
22. Негізінен ізгілер, әрине нығмет ішінде.
عَلَى الْأَرَائِكِ يَنْظُرُونَ
23. Олар жұмсақ сәкілер үстінен қарайды.
Бойұсынушылар қиямет күні үлкен нығметте болмақ. Мәңгі жаннатта. Олар Алла Тағала өздеріне жаннатта әзірлеп қойған нығметтерді тамашалайды. Оларға материалдық және мағнауи нығметтер беріледі. Материалдық нығметтер: түрлі дәмді тағамдар, алуан дәмді сусындар, ғажайып көліктер, керемет үйлер. Ал, мағнауи нығмет: Алла Тағаланы көру, ризашылығын сезіну, өздерін қауіпсіздікте және мәңгілік бақытта сезінуі.
تَعْرِفُ فِي وُجُوهِهِمْ نَضْرَةَ النَّعِيمِ
24. Олардың бақытқа бөленгендіктерін шырайларынан танисың.
Оларға берілген қисапсыз нығметтің белгісін шаттыққа бөленген нұрлы жүздерінен көресің. Алла Тағала жаннаттықтардың жүзін көркем етіп, суреттеуге тіл дәрменсіз болатындай етіп жаратады.
يُسْقَوْنَ مِنْ رَحِيقٍ مَخْتُومٍ
25. Олар мөрленген шәрбаттан сусындайды.
Олар миск исі аңқып тұрған ыдыстармен мас етпейтін шарап ішеді. Бұл сусынның соңғы дәмі миск.
خِتَامُهُ مِسْكٌ وَفِي ذَلِكَ فَلْيَتَنَافَسِ الْمُتَنَافِسُونَ
26. Оның сарқыны жұпар аңқиды. Ұмтылушылар міне осыған талпынсын.
Міне, адамдар осыған қызығып, қол жеткізу үшін жарысыңыздар. Жаннат шарабы мас етпейді. Рахиқ шарабының 4 қасиеті:
1. Мөрленген шарап. Әдетте, қадірлі де бағалы затты сақтау үшін мөрлеп бекітіп қояды;
2. Шараптың ең соңы миск болады. Шарапты ішіп болғанда адамнан миск жұпар исі шығып тұрады;
3. Рахиқ ерекше жақсы және жоғары болғандықтан қызығатын және таласатын шарап;
4. Бұл шарап тасним бұлағынан алынады. Тасним – жаннаттың жоғары жағынан төменге қарай ағатын бұлақ. Абдулла ибн Масуд (р.а.): «Тасним – жаннат бұлағы, оны тек қана Алла Тағалаға жақын адамдар ішеді...», – деген.
وَمِزَاجُهُ مِنْ تَسْنِيمٍ
27. Оның қоры – Тәсним бастауынан.
عَيْنًا يَشْرَبُ بِهَا الْمُقَرَّبُونَ
28. Ол – Аллаға жақын болғандар ішетін бастау (бұлақ).
إِنَّ الَّذِينَ أَجْرَمُوا كَانُوا مِنَ الَّذِينَ آَمَنُوا يَضْحَكُونَ
29. Расында қылмыскерлер (күнәһарлар) иман келтіргендерге күлетін.
Әбу Жаһл, Уалид ибн Мұғира және Ас ибн Уаил Саһми сияқты мүшріктердің азулылары Аммар, Суһайб және Біләл сияқты кедей мұсылмандарды мазақ етіп, олардың үстінен күлуші еді. Келесі аяттарда Алла Тағала мүшріктер көсемдерінің қарым-қатынастағы ең жаман 4 белгісін паш етуде:
1. Құрайыш кәпірлері және олармен ойы бір адамдар мұсылмандарды мазақ ететін. Әр заманда күшті және бай-дәулеттілер намаз оқитын мұсылманға немесе Құраннан өнеге алған кедейлерге осылай мәміле жасайды. Әдетте, өз күштеріне, байлықтарына арқа сүйеп дінмен жүрген кедейлерді мазақ етеді.
وَإِذَا مَرُّوا بِهِمْ يَتَغَامَزُونَ
30. Олар (иман еткендер) жандарынан өтсе, бір-біріне көз қысып ымдасатын.
2. Мұсылмандардың жанынан өтсе көздерімен және қабақтарымен мазақ етіп қарайды да: «Мына, өздерін шаршатқандарға қараңдаршы, өздерін ләззаттан мақұрым етуде, сауап табамыз деп жанын аямай жатыр», – дейді.
وَإِذَا انْقَلَبُوا إِلَى أَهْلِهِمُ انْقَلَبُوا فَكِهِينَ
31. Ал, үйлеріне қайтып барған кезде, күңкілдесетін.
3. Кәпірлер көшеден үйіне отбасына қайтып келсе, өздеріне дән риза болып қайтады. Істеріне рахаттанып, мұсылмандарға жасаған арамдықтарына масайрауда. Өздерінің мұсылмандарды мазақ етіп, келемеждеп иман еткендерді ойлары дәрменсіз һәм ақылы аз деп мәз болады.
وَإِذَا رَأَوْهُمْ قَالُوا إِنَّ هَؤُلَاءِ لَضَالُّونَ
32. Және егер оларды (мұсылмандарды) көрсе: «Сөз жоқ, анығында бұлар – адасқандар» дейтін еді.
4. Жаратқанға серік қосушылар мұсылмандарды көрсе адасқан деп баға береді. Өйткені, мұсылмандар мүшріктердің дінінде емес. Сондықтан, олар сияқты сенімде болмағандықтан Мұхаммед (r) пайғамбарға ілескені үшін ақыреттің сауабын дүниенің ләззатынан жоғары қойғанын көріп, «бұлар сөз жоқ, адасқандар» дейді.
وَمَا أُرْسِلُوا عَلَيْهِمْ حَافِظِينَ
33. Олар (мұсылмандарға) бақылаушы ретінде жіберілмеді.
Бұл күнәһарлар Алла Тағала тарапынан мұсылмандардың ісіне, сөзіне бақылаушы болып жіберілмеген. Мойындарында ондай міндет жоқ. Керісінше, олар өз жағдайына қарауға жауапты.
فَالْيَوْمَ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنَ الْكُفَّارِ يَضْحَكُونَ
34. Ал енді бүгін (қияметте) мүміндер кәпірлердің үстінен күледі.
Ал, қиямет күні кәпірлер өздері адасқанын, екі дүниесін жоғалтқанын, нағыз ақымақ өздері екеніне көз жеткізеді.
عَلَى الْأَرَائِكِ يَنْظُرُونَ
35. Сәнді жұмсақ сәкілердің үстінен қарап
Мұсылмандар болса, биік көрпешелерде отырып өткінші пәниден әлденеше жоғары жаннаттың мәңгілік рақатын көреді.
هَلْ ثُوِّبَ الْكُفَّارُ مَا كَانُوا يَفْعَلُونَ
36. Кәпірлер істегендерінің қайтарымын (жазасын) көрді ме?
Алла Тағала имандыларға: «Кәпірлер өздерінің сөзі мен ісіне лайықты жазасын тартып жатыр ма? Сендер де жасаған ізгі амалдарыңның қарымын алдыңдар ма?» – деп, еселеп қуанта түседі.
ҚМДБ наиб мүфтиі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің
Бас имамы Серікбай ОРАЗ