Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Инфитар» сүресінің тәпсірі
        «Инфитар» сүресінің тәпсірі

        «Инфитар» сүресінің тәпсірі

        «Инфитар» сүресі

        Меккелік сүрелер қатарына жататын «Инфитарда» да өзінен алдыңғы сүредегідей қиямет күні ғаламда болатын қорқынышты да алпауыт өзгерістер баян етіледі. Сонымен бірге, ізгілер мен бұзылғандар күйі айтылады. Және де қайта тірілу жайлы әңгімеленеді.

        Сүреде аспанның жарылуы, жұлдыздардың төгілуі, теңіздердің тасуы, қабірдегі жандардың шығуы сияқты ғаламдағы құбылыстар және оның артынан болатын есеп-қисап баяндалады.

        Іле Алла Тағала берген нығметтерін мойындамай адамның күпірлік етуі айтылады. Адам Жаратқанның қисапсыз нығметтеріне кенелуде, алайда ол нығметтердің қадірін білмейді. Раббысының қадіріне жете бермейді. Өзіне берілген кеңшілік, нығмет пен құрметке шүкіршілік ете алмайды.

        Сүренің жалғасында адамзаттың бұл әрекетінің себебі айтылады. Бұған қоса, Алла Тағала әрбір пендеге оның амалын тіркеп жазып отыратын және іс-әрекеттерін бақылап жүретін періште тағайындағанын ашық айтуда.

        Ақырет күні адамзаттың: ізгілер мен бұзықтар болып екіге бөлінетіндігі. Сонымен қатар, осы екі топтың барар жері баян етіледі.

        Сүре соңында қиямет күнінің алапат құбылыстары, адамның ол күні барлық күш пен әрекеттен қолы үзілетіндігі баяндалады.

        Абдулла ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (r):

        من سرّه أنْ ينظر إلى القيامة رأي العين فليقرأْ: 

        إِذَا الشَّمْسُ كُوِّرَتْ, إِذَا السَّمَاءُ انْفَطَرَتْ, إِذَا السَّمَاءُ انْشَقَّتْ

        «Кімде-кім өз көзімен қияметті көргісі келсе «Күн бүктелген сәтте», «Көк жарылған сәтте» және «Аспан жарылған сәттені» оқысын»[1], – деген сөздерін риуаят етеді.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        إِذَا السَّمَاءُ انْفَطَرَتْ

        1.    Көк аспан жарылған сәтте,

        وَإِذَا الْكَوَاكِبُ انْتَثَرَتْ

        2.    Жұлдыздар төгілген сәтте,

        Аспанның төбесі сөгіліп, жұздыздар шашырай төгілгенде

        وَإِذَا الْبِحَارُ فُجِّرَتْ

        3.    Теңіздер тасыған сәтте,

        وَإِذَا الْقُبُورُ بُعْثِرَتْ

        4.    Қабірлер қопарылған сәтте,

        Теңіздердің жиектері жарылып, араларындағы бөгеттер кетіп, барлық теңіз бір теңізге айналған сәтте. Қабірлердің топырағы сыртқа тасталып, ішіндегі барлық мәйіт жер бетіне шыққан кезде.

        عَلِمَتْ نَفْسٌ مَا قَدَّمَتْ وَأَخَّرَتْ

        5.    Әркім ілгері не жіберілгенін, артына не қалдырғанын біледі.

        Міне, сол қиямет күні әрбір жан өзінің жасаған істері мен жалқаулық себепті орындамаған ісін біледі.

        يَا أَيُّهَا الْإِنْسَانُ مَا غَرَّكَ بِرَبِّكَ الْكَرِيمِ

        6.    Әй, адамзат! Әл-Карим (Ардақты, аса Жомарт) Раббың туралы сені не алдады?

        الَّذِي خَلَقَكَ فَسَوَّاكَ فَعَدَلَكَ

        7.    Ол (Алла) сені жаратты және теңестіріп, түзуледі.

        Әй, адамзат! Раббыңа қарсы батылдануыңа және осыншама алдануыңа не нәрсе түрткі болды? Раббың сені жоқтан бар етті, дене-мүшеңді сау-саламат етті, тұла-бойыңды тең және жаратылысыңды үйлесімді етті.

        فِي أَيِّ صُورَةٍ مَا شَاءَ رَكَّبَكَ

        8.    Ол сені қалаған бейнеде құрастырды.

        Сенің бейнеңді ең ғажап, ең кемел суретте жаратты. Сен бұл бейнені өзің таңдап алған жоқсың.

        كَلَّا بَلْ تُكَذِّبُونَ بِالدِّينِ

        9.    Жоқ! Осылай бола тұра есеп-қисап күнін өтіріксінесіңдер.

        Жоқ, Алла Тағаланың өзіңе жасаған кеңшілігін жоққа шығарма. Сендер ақырет күні амалдарың үшін есеп-қисапты жалған дейсіңдер.

        وَإِنَّ عَلَيْكُمْ لَحَافِظِينَ

        10.  Ал, шындығында, сендердің үстілеріңнен бақылаушылар бар.

        Шын мәнінде, сендердің амалдарыңды бақылап, әрбір іс-әрекеттеріңді парақшаларға тіркеп отырушы періштелер бар.

        كِرَامًا كَاتِبِينَ

        11.  Ардақты жазушылар (періштелер),

        يَعْلَمُونَ مَا تَفْعَلُونَ

        12.  Олар сендердің не істеп жүргендеріңді біледі.

        Ол періштелер Алла Тағаланың құзырында ардақты. Олар әрбір үлкен де, кіші амалды жазуда. Олар барлық іс-әрекеттерден хабардар.

        إِنَّ الْأَبْرَارَ لَفِي نَعِيمٍ

        13.  Шын мәнінде ізгілер, әлбетте нығмет (жаннат) ішінде.

        وَإِنَّ الْفُجَّارَ لَفِي جَحِيمٍ

        14.  Ал, бұзықтар болса міндетті түрде тозақта.

        Имандарында шынайы болған мұсылмандар нығметке тола жаннатта, ал Алла Тағала заңын тәрк еткен кәпірлер жалындаған тозақта.

        يَصْلَوْنَهَا يَوْمَ الدِّينِ

        15.  Олар тозаққа есеп-қисап күні (қияметте) салынады.

        وَمَا هُمْ عَنْهَا بِغَائِبِينَ

        16.  Олар одан құтыла алмайды.

        Кәпірлер ақыретте тозаққа лақтырылып, сол оттың азабын тартады. Әрі тозақтан еш уақыт шықпайды. Өйткені, олар онда мәңгіге тасталады.

        وَمَا أَدْرَاكَ مَا يَوْمُ الدِّينِ

        17.  Есеп (қиямет) күнінің не екенін қайдан білесің?

        ثُمَّ مَا أَدْرَاكَ مَا يَوْمُ الدِّينِ

        18.  Сосын тағы, есеп күннің не екенін саған не білдірді?

        Есеп-қисап күнінің ақиқаты жайлы не білесің? Ол күн туралы не білгенің бар? Бір нәрсені қайталап сұраумен оның аса маңызды екендігін аңғару – Құранның әдісі.

        يَوْمَ لَا تَمْلِكُ نَفْسٌ لِنَفْسٍ شَيْئًا وَالْأَمْرُ يَوْمَئِذٍ لِلَّهِ

        19.  Ол күні біреуге біреу қарайласуға еш нәрсе қолдан келмейді. Әрі ол күні билік – Аллаға тән.

        Ол күні пенденің өзгеге, көмектесуге шамасы келмейді. Қиямет күні барлық іс тек бір Алла Тағаланың иелігінде.

        Хикая

        Халифа Сүлеймен ибн Абдулмалик ғалым Әбу Хазим әл-Музниге: «Шіркін, қиямет күні барар жерімізді білсек қой? Алла құзырында бізді не күтіп тұр екен?» – дейді. Сонда ғұлама: «Амалыңызды Алла Тағала кітабына көрсетіңіз, сонда Алла құзырында не күтіп тұрғанын білесіз», – деді. Халифа: «Оны Алла Тағала кітабының қай жерінен табамын?» – дейді. Ғалым: «Алла Тағаланың: «Шын мәнінде ізгілер, әлбетте нығмет ішінде болады. Негізінен бұзықтар тозақта болады»[2] сөзінде», – дейді. Халифа Сүлеймен: «Онда Алла Тағаланың рақымдылығы қайда?» – дегенде ғалым: «Шын мәнінде Алла Тағала рақымдылығы жақсылық жасаушыларға жақын», – деп жауап берген екен[3]»

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

        [1]    Ахмед, Тирмизи

        [2]    Инфитар сүресі, 13-14 аяттар

        [3]    Ағраф сүресі, 56-аят