Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Тәпсір
        3. «Тәкуир» сүресінің тәпсірі
        «Тәкуир» сүресінің тәпсірі

        «Тәкуир» сүресінің тәпсірі

          «Тәкуир» сүресі

        «Такуир» де меккелік сүрелердің қатарына кіреді. Бұл сүреде екі маңызды ақиқат айтылады. Ол қиямет күні мен уахи және пайғамбарлық ақиқаты. Бұл екеуі иманшарттың құрамдас бөлігі.

        Қасиетті сүре қиямет күні және сол күндегі ғаламдағы: күн, жұлдыздар, таулар, теңіздер, жер мен аспан, жануарлар мен жабайы аңдарды қамтитын құбылыстарды баян еткен. Сонымен бірге, қияметтегі адамзаттың күйі де сөз етіледі. Әлем үрейлі де ұзақ сілкініске енеді. Бұдан барлық жаратылыс бытырап, қорқыныштан өзгеріп басқа күйге түседі.

        Сосын уахи ақиқаты айтылады. Және уахи түсетін пайғамбардың бейнесі суреттеледі. Сонымен бірге, Аллаға серік қосу һәм адасушылық қараңғылығынан иман мен ілім нұрына үндеуші уахи жіберіліп отырған қауымға үн қатады.

        Сүре соңында мүшріктердің Құран Кәрім төңірегіндегі ойларының түкке тұрғысыз екендігі сөз етіледі. Құранның Алла Тағала тарапынан пенделеріне насихат үшін түсірілген иләһи пәрмен екені жеткізіледі.

        بسم الله الرحمن الرحيم

        Абдулла ибн Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (r):

        من سرّه أنْ ينظر إلى القيامة رأي العين فليقرأْ:
        إِذَا الشَّمْسُ كُوِّرَتْ, إِذَا السَّمَاءُ انْفَطَرَتْ, إِذَا السَّمَاءُ انْشَقَّتْ

        «Кімде-кім өз көзімен қияметті көргісі келсе «Күн бүктелген сәтте», «Көк жарылған сәтте» және «Аспан жарылған сәттені» оқысын»[1], – деген сөздерін риуаят етеді.

        إِذَا الشَّمْسُ كُوِّرَتْ

        1.    Күн бүктелген сәтте

        Күн бүктеліп сәулесі сөніп, нұры өшкен сәтте. Осы аяттарда алғашқы сүр үрленіп, есеп-қисап бітіп үкім (жаза) жарияланғанға дейінгі 12 оқиға бейнеленеді. Ал, кейбірі екінші рет сүр үрленген соң болатын оқиғалар легі. Және қияметтегі қорқынышты да ауыр оқиғалар баяндалады.

        وَإِذَا النُّجُومُ انْكَدَرَتْ

        2.    Жұлдыздар өз орындарынан төгіліп, жан-жаққа шашыраған сәтте.    

        وَإِذَا الْجِبَالُ سُيِّرَتْ

        3.    Таулар (орнынан) жүргізілген сәтте.  

        Ал, таулар болса жер қатты сілкінгендіктен орындарынан суырылып, ауада тозаңдай қалықтайды.

        وَإِذَا الْعِشَارُ عُطِّلَتْ

        4.    Және он айлық буаз іңгендер қараусыз қалған сәтте

        Төлін құрсағында он ай көтерген інген болса, төлдеуіне екі ай қалғанында қараусыз қалады. Буазы інген арабтар үшін ең бағалы жануар. Бұл адамдардың қара басымен әлек болатындығын білдіретін көрініс.

        وَإِذَا الْوُحُوشُ حُشِرَتْ

        5.    Жабайы аңдар жиналған сәтте

        Жабайы аңдар да апандары мен індерінен шығып, қайта тіріліп бір жерге топтала бастайды, бір-бірінің ақысы алынған соң топыраққа айналған сәтте.

        وَإِذَا الْبِحَارُ سُجِّرَتْ

        6.    Теңіздер от болған сәтте

        Ал, теңіз атаулы от болып жанып, жалындай түседі.

        وَإِذَا النُّفُوسُ زُوِّجَتْ

        7.    Жан тәнмен бірлестірілген сәтте.

        Адамдардың жаны тәнімен біріккен сәтте. Адамдар өздері секілділермен бір-біріне жақындастырыла түседі. Азғындаған мен азғындаған, ізгі мен ізгі бір-біріне жақындайды. Табари: «Ізгі адам мен ізгі адам жаннатта, ал жаман адаммен жаман адам тозақта бас қосады», – дейді.

        وَإِذَا الْمَوْءُودَةُ سُئِلَتْ

        8.    Тірідей көмілген қыз сұралған сәтте

        بِأَيِّ ذَنْبٍ قُتِلَتْ

        9.    «Қай күнә үшін өлтірілді?» (деп).

        Ал, енді тірідей көмілген қыздан, осы қылмысты істеген қаныпезерді айыптай отырып: «Сені осылайша өлтіретіндей, не күнәң бар еді?» – деп сұралады. Бұл сұрақ бейкүнә сәбиді өлтірген қанды қолға қойылып, оны жазғыру.

        Әт-Тасһил: «Тірідей көму – кейбір арабтар қыз баласын жек көргендіктен немесе намысымыз тапталмасын деген сылтаумен қыздарын тірідей көметін жан түршіктірер әдеттері бар еді», – дейді.

        وَإِذَا الصُّحُفُ نُشِرَتْ

        10.  (Амал) дәптерлер ашылған сәтте

        وَإِذَا السَّمَاءُ كُشِطَتْ

        11.  Аспан сыдырылып сыпырылған сәтте

        Амал дәптерлер ашылып, есеп-қисап үшін жайылған кезде. Және көк аспан койдың терісі сияқты сыпырылған сәтте.

        وَإِذَا الْجَحِيمُ سُعِّرَتْ

        12.  Тозақ қыздырылған сәтте

        وَإِذَا الْجَنَّةُ أُزْلِفَتْ

        13.  Жұмақ жақындатылған сәтте

        Тозақ оты болса Алла Тағала дұшпандары үшін қыздырыла түссе, жаннат болса тақуаларға жақындатыла түссе.

        عَلِمَتْ نَفْسٌ مَا أَحْضَرَتْ

        14.  Әрбір жан (өзі үшін) нені әзірлеп, алып келгенін біледі.

        Міне, сол кезде жан баласы өзіне әзірленген жақсылықты немесе жамандықты көріп біледі. Бұл аят әуелгі аяттардың жауабы. Қияметте жоғарыда аталып өткен қорқынышты құбылыстар болған соң ізгі және жаман адам өзіне дайындалған нәрсені біледі.

        Келесі аяттарда Алла Тағала Құран Кәрімнің ақиқаттығына және Мұхаммед (r) пайғамбарымыздың Алла елшісі екендігіне серт беруде.

        فَلَا أُقْسِمُ بِالْخُنَّسِ

        15.  Жоқ! Күндіз жасырынып, түнде көрінетін (жұлдыздарға) серт

        Күндіз көрінбейтін, түнде жарқырайтын (Қоңырқай, Есекқырған, Шолпан және Балпан[2]) жұлдыздарына серт

        الْجَوَارِ الْكُنَّسِ

        16.  Қозғалушы, жасырынушы (жұлдыздармен) ант.

        Күн және аймен бірге жүретін, күн сәулесінен көрінбейтін жұлдыздарға серт.

         وَاللَّيْلِ إِذَا عَسْعَسَ

        17.  Қараңғылығы түсе бастаған түнге серт

        وَالصُّبْحِ إِذَا تَنَفَّسَ

        18.  Және тыныс алып, ағара бастаған таңға серт

        إِنَّهُ لَقَوْلُ رَسُولٍ كَرِيمٍ

        19.  Расында, Бұл (Құран) – ардақты елшінің Жәбірейілдің сөзі.

        Шын мәнінде, Құран – Алла Тағаланың сөзі. Ол Алла құзырында құрметті Жәбірейіл  періште арқылы түсірілді. Тәпсіршілер: «Елші деп Жәбірейіл   періштені айтып тұр. Құранды «елшінің сөзі» деп оған тиесілі етіп айтуының сыры, иләһи пәрменді алып түсуші періште Жәбірейіл  болғандықтан.

        ذِي قُوَّةٍ عِنْدَ ذِي الْعَرْشِ مَكِينٍ

        20.  Жәбірейіл күшті һәм Ғаршы иесінің қасында беделді

        Жәбірейіл – орасан күш иесі һәм Алла Тағала құзырында жоғары мәртебеге ие.

        مُطَاعٍ ثَمَّ أَمِينٍ

        21.  Ықпалды, онда сенімді.

        Аспанда оған игі періштелер түгелдей бойұсынады. Жәбірейілге (r) пайғамбарларға уахи түсіру жүктелген.

        وَمَا صَاحِبُكُمْ بِمَجْنُونٍ

        22.  Сендердің жолдастарың Мұхаммед (r) жынды емес.

        Ей, Құрайыш қауымы! Сендер сенімді, таза және ақыл-парасаты жоғары деп білген жолдастарың Мұхаммед (r) әсте жынды емес. Әл-Хазин: «Алла Тағала серт етіп, Құранды сенімді өкіл Жәбірейіл түсіргенін және меккеліктер ойлағандай Мұхаммед  (r) пайғамбар жынды емес екенін айта отырып Құран пайғамбардың ойынан айтылған сөз екенін жоққа шығаруда».

        وَلَقَدْ رَآَهُ بِالْأُفُقِ الْمُبِينِ

        23.  Расында ол оны (Жәбірейілді) анық көкжиекте көрді.

        Мұхаммед (r) пайғамбар Жәбірейілді Алла Тағала жаратқан шынайы періштелік кейпінде күн шығыс жақтан айқын көрді. Бахрда: «Пайғамбардың (r) Жәбірейілді көруі Хира үңгірі оқиғасынан кейін болды. Жәбірейілді аспан мен жер ортасында күрсіде отырғанын көргенде, алты жүз қанатымен шығыс пен батыс арасын жауып қалды», – делінген.

        وَمَا هُوَ عَلَى الْغَيْبِ بِضَنِينٍ

        24.  Ол (Мұхаммед (r) ғайыптан келген уахи туралы кемшілік істемеді.

        Мұхаммед (r) пайғамбар өзіне түскен уахиды халыққа жеткізуде және оны үйретуде ешбір сараңдық танытпайды. Керісінше, ол Раббысының уахиын бар ынты-шынтысымен аманатшылдықпен және шындықпен жеткізеді.

        وَمَا هُوَ بِقَوْلِ شَيْطَانٍ رَجِيمٍ

        25.  Құран – қуылған шайтанның сөзі емес.

        Құран Кәрім мүшріктер айтып жүргендей Алла Тағала рақымынан қуылған және қарғысқа ұшыраған шайтанның сөзі емес.

        فَأَيْنَ تَذْهَبُونَ

        26.  Ендеше, сендер қайда кетіп барасыңдар?

        Құран Кәрім аяттары айқын және дәлелдері ашық бола тұра оны жалғанға шығармақ болып оған сиқыр, сәуегейлік және өлең деп жала жабумен қайда бет алып барасыңдар? Бұл аят, тура жолды тастап теріс кетіп бара жатқан адамға: «Мына жол тура, ал сен қайда кетіп бара жатырсың?» – деп айтылатын сөз тәрізді.

        إِنْ هُوَ إِلَّا ذِكْرٌ لِلْعَالَمِينَ

        27.  Ол (Құран кәрім) – бүкіл әлемге насихат қана.

        Құран Кәрім жаратылысқа жаппай насихат пен ескерту.

        لِمَنْ شَاءَ مِنْكُمْ أَنْ يَسْتَقِيمَ

        28.  Әрине, сендерден тура жолды қалаған кісілер үшін

        Құран Кәрім – ақиқат жолмен жүруді, Алла Тағаланың шариғатын ұстануды және ізгілер жолымен жүріп өтуді қалаған жандар үшін.

         

        وَمَا تَشَاءُونَ إِلَّا أَنْ يَشَاءَ اللَّهُ رَبُّ الْعَالَمِينَ

        29.  Әлемдердің Раббы Алла қаламайынша тілеулерің жүрмейді.

        Алла Тағала оңғармаса және мейірімділік етпесе еш нәрсеге қауқарларың жетпейді. Сондықтан Алла Тағаладан ең дұрыс жолға салуын тілеңдер.

        ҚМДБ наиб мүфтиі,

        «Әзірет Сұлтан» мешітінің

        Бас имамы Серікбай ОРАЗ

         

        [1]    Ахмед, Тирмизи

        [2]    Сатурн, Юпитер, Меркурий